• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2010

Ұйқыдағы ауыл

924 рет
көрсетілді

Масқара! Жаңаарқа өңірінде Түгіскен деген ауыл бар. Кезінде Жамбыл облысы Са­рысу ауданының орталығы болған жер. Одан бертінде 50-60 мың қой өсіріліп, шаруашылық шалқып, атақ алысқа жаңғырған уақытты кешті. Қазір ол сол істі жалғастырушы “Жеңіс” акционерлік қоғамы еңбеккерлерінің мекені. Ел ортасына жұмыс сапарында әдет­те алдымен ауылдық әкімдікке соғасың. Сол дағды бойынша жергілікті мемле­кеттік мекеме табалдырығын аттай беріп, қалт тұрып қалдық. Сыртынан-ақ си­ық­сыздау көрінгенде іші одан да көзге қо­раш екен. Өткен ғасырдың сонау елуінші жылдарғы алқа-салқа бөлімше кеңселері еске түсті. Қабырғалары сылағы құлап, еде­ні сықырлап, есігі топсаға әзер ілік­кен ғимараттың мұндай сиқын мынау за­манда көреміз деген кімнің ойына кіріпті. Бұлай болған соң мамандар отыра­тын бөлмелерде не сән болсын. Қалтыл­даған үстел үстіндегі компьютер бұдан 10-15 жыл бұрын қолданысқа ене бас­таған үлгілерін елестетті. Екі-үшеуінің жұмыс істеуінен, тұрысы жиі көрінеді. Келушілер назары да еріксіз ауда­ры­латын шығар, жаңбыр тамшысынан сар­ғал­данған төбе, бұрыш-бұрышта торлан­ған сүңгі аңғарылмай қалмады. Дәліздің дәл төріндегі жылуы шамалы пеш ау­зынан көтерілетін көк түтіннің қыс бой­ғы азабы алда екені сезіледі. Шындығын айтқанда, әлеуметтік-эко­номикалық әлеуеті жағынан көп ілгері Жа­ңаарқа ауданына жарасты емес осы­нау әбден тозған, кеңсе дерліктей он екі­де бір нұсқасы жоқ әкімдік үйінің ұшы­ра­с­уы бірінші еді. Қараағаш, Байдалы би, Бидайық, Қызылжар ауылдық ок­руг­тері орын тепкен ғимараттар көз сүй­сін­терлігін білеміз. Ал бұлардан Түгіскеннің несі кем? Әлде жөндеуге, күтімді ұстауға, мамандар қызметіне қолайлы жағдай жасауға қаражат жеткіліксіз бе? Бұлай дейін десеңіз, бәрінде мүмкіндік бірдей. “Жол картасы” бағдарла­масы аясында бөлінген қаржының бір бөлігі аталған мақсатқа арналып жатса, одан Түгіскен ауылдық округі де құралақан еместігі ан­ық. Бірақ мәселе қалай ұқса­тылуына тірелетіндей. Ұсынықты етілсе өзге жерлердегідей жарқыратып, жайна­тып қоюға шама жетер еді-ау. Біз біраздан білетіндей ауыл әкімі Сүлеймен Балдаев тәжірибелі мемле­кет­тік қызметкер. Бұл міндетті атқарып келе жатқанына 15 жылдан асып қалған. Зей­нет­керлік жастан асса да ат үстінде. Осы уақытта басқасын айтпағанда әкімдік ғи­маратын ауылдың көркі етуге қабілет танытпауы соншама жылғы ісінің қалай өткенін байқатады. Соған шыдап, мән бермей келген аудан басшылығының көз­жұм­байлығына таңқаласың. Үн-түн­сіздік түсі­ніксіз. Дегенмен бірін-бірі ау­ыс­тырған әкім­дердің біреуі де ауыл кең­­­сесі есігін аш­ып көрмесе солай болма­ғанда қайтеді. Ал ауыл тұрғындарының серпілісті, өзгерістерді күткені қашан. Ашық тұ­руынан жабық күні көп мәдениет үйі де тартымсыз. Мәдени шаралар ұмыт бо­лып­ты. Күл-қоқыстан аяқ алып жүргісіз көшелер, аулалар көз ұялдырады. Жан-жақ­тан қау­малаған кеніштерден кө­те­рілген шаң-тозаң тұрғындар денсаулы­ғына, мал жайылым­да­рына залалын ти­гізбей жатқан жоқ. Соның зардабын же­ңілдету үшін өндірісшілерді тәртіпке ша­қыру, қоршаған ортаның бұзылуына айып-пұл талап ету сияқты істердің қолға алынбауына жұрт өкпесі қара қазандай болғанымен, пиғыл түзелмеген. Қазір айналасындағы ауылдардағы өмір түбірінен өзгерген кезінде түгіс­кендіктерге көш соңында қалу батады. Қазан айында осында өткізілгелі отырған мал тұқымын асылдандырудың облыс­тық семинар-кеңесіне қатысушылар ал­дында ұятқа қаламыз ба деп қапаланады. Алайда бір жағынан жай-күйді үлкен әкім­нің де айналып өтпей, өзі тікелей көрсе деген ой тіленеді. Бәлки, Түгіскен сон­да ғана ұзақ ұйқыдан оянып қалар. Айт­ты-айтпады, ауылға бір серпіліс әке­лер күнді күте беру енді кештік етері хақ. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы.