• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2010

Басқа басылымдардан

464 рет
көрсетілді

ҚАТЫСАТЫНЫН НАҚТЫЛАДЫ Қазақстанға стратегиялық әріптес ел болып табылатын Ресей өзінің бұл ұстанымға беріктігін тағы да қуаттап берді. Осы ел президенті Дмитрий Медведев үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қатысатынын нақтылады, деген ақпарат таратты Ресей президентінің көмекшісі Сергей Приходько. Ол сондай-ақ қазіргі кезде өз елінің саммитте қабылдануы тиіс деп саналатын құжаттармен белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. “Ресей әуел бастан-ақ осынау бізге достас елдің халықаралық беделін қаперге ала отырып, оның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын белсенді түрде қолдады”, деді С.Приходько. Осы орайда ол Мәскеудің Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жоғары бағалайтынын да атап көрсетті. С.Приходьконың айтуынша, Кремль Астананың Ұйым Саммитін өткізу туралы бастамасына алғашқы кезекте қолдау көрсеткен елдердің қатарында тұрды. “Сондықтан Еуропадағы жетекші әріптестерімізбен бірлесіп, құжаттар дайындау жұмыстарымен белсенді айналысудамыз. Ресей президенті Дмитрий Медведев 1-2 желтоқсанда саммит өткі­зі­летіні туралы шешім қабылданысымен-ақ оған қатысатыны туралы нақ­ты шешім қабылдаған болатын”, деді Ресей басшысының кө­мекшісі. Кремльдегі дерек көзі, сонымен бірге, Д.Медведевтің аталған саммитке өзге тараптар қандай деңгейде келетініне қарамастан қатысуға шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлады Ресейдің “Жаңалықтар” ақпарат агенттігі. ӘЗІРБАЙЖАНДАҒЫ САЙЛАУДЫ БАҚЫЛАЙДЫ Әзірбайжанда 7 қарашада парламенттік сайлау өтетіні белгілі. Осыған орай жақында ел астанасы – Баку қаласына ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді байқаушылары келді. Бұл туралы Әзірбайжан орталық сайлау комиссиясының (ОКС) төрағасы Мазахир Панаховпен кездесуі кезінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Байқаушылар миссиясының басшысы Одри Гловер жария етті. Сөйтіп, Бакуге 22 адамнан тұратын ұзақ мерзімді байқаушы миссиясы келіп орналасты. Ал қысқа мерзімді байқаушылар Әзірбайжан астанасына дәл сайлау қарсаңында, яғни 3 қарашада жететін болады. М.Панахов ОКС сайлауға дайындық кезеңінде және оны өткізуде жариялылық қағидаттарын сақтауға үлкен маңыз беретінін атап өтті. Бұл сайлау үдерісінің, сондай-ақ сайлау комиссиялары қызметінің мөлдірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек, деп хабарлады Fіneko/abc.az. РЕСЕЙ ШЕКАРАШЫЛАРЫНЫҢ ШЕШІМІ Ресей федералды қауіпсіздік қызметі (РФҚҚ) шекара әскерлерінің жедел тобы жақын арада Қырғызстанның оңтүстік астанасы болып саналатын Ош қаласына келіп орналаспақ. Аталған шаһарда өткен маусым айында этностық негізде кең ауқымды қақтығыстар орын алғаны мәлім. Сөйтіп, Ресейдің әскери миссиясы Қырғызстанның оңтүстігіне тек осы айдың соңына таман әкелінеді деп жоспарланып отырған ЕҚЫҰ полициялары миссиясынан бұрын жетпек, деп жазады “Коммерсант” газеті. Шекарашыларды жөнелту жөніндегі шешім Ресейдің федералды шекара қызметінің (ФШҚ) директоры Владимир Проничевтің Қырғызстанға екі күндік сапары барысында жария етілді. Оның сөзіне қарағанда, соңғы кездері трансұлттық қылмыстық топтардың елдің шекара  аудандарындағы белсенділіктері өсе түсіп отыр және бұл жәйт белгілі бір деңгейде алаңдаушылық туғызады. Қылмыскерлерге қарсы іс-әрекет ету мақсатында Ошқа 40 ресейлік шакарашы аттандырылмақ. Сөз реті келгенде айта кететін бір жәйт – Ош облысына ресейлік әскери қызметшілер енгізу туралы өтініш Қырғызстанның уақытша үкіметі тарапынан  Мәскеуге өзбектер мен қырғыздар арасындағы қарулы қақтығыс бұрқ ете қалған маусым айында-ақ түскен екен. Алайда Ресей бұл өтінішті ҰҚШҰ-ға бағыттап, мәселе сол кезде ауа қармап қалса керек. Енді Мәскеу өз ұстанымын қайта қарағанға ұқсайды. Ал мандатқа сәйкес, ЕҚЫҰ-ның 52 қарусыз полициясы Қырғызстан милициясына консультативтік кеңес беру үшін, жоғарыда атап көрсетілгеніндей, елге осы қазан айының ортасынан ауа бере келеді деп күтілуде. ТМД институтының Орталық Азия және Қазақстан бойынша бөлім бастығы Андрей Грозин парламенттік сайлау қарсаңында Қырғызстандағы жағдай тағы да ушыға бастағанын айтады. Сондықтан  елдің барлық құқық қорғау органдары қызметтерін күшейтілген режімде атқаруға көшіріліпті. Ал кешегі күннен ІІМ-нің бөлімшелері мен шекара әскерлері әскери дайындық жағдайына келтірілсе, 10 қазаннан бастап Қытай Қырғызстанмен арадағы барлық бақылау-өткізу бекеттерін жаппақ, деп хабарлады newsru дерек көзі. ҚАЗАҚСТАН ҰЙЫМНЫҢ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУШЫСЫ Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 1992 жылғы қаңтардың 30-ында мүшелікке өтті. Осы жылғы шілденің 8-інде  республика ЕҚЫК-нің Хельсинки Қорытынды актісіне, ал қыркүйектің 23-інде Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына қол қойды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан әлемдік державалар мен беделді халықаралық ұйымдардың, соның ішінде  ЕҚЫҰ-ның қолдауын қажет етті. Бұл кезде дүниежүзілік қоғамдастық та  тарихтың еркімен қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналға ие жас мемлекетпен сындарлы сыртқы саясат жүргізуге мүдделі болды. Осыны ескере отырып, еліміз сыртқы және ішкі саясатта  теңдестірілген амал-көзқарастар пайдасына саналы түрде таңдау жасады. Көпжақты әріптестік, экономика мен қоғамды ырықтандыру стратегиясы сол амалдардың өзегіне айналды. Батыстың жетекші елдерінің Ұйымға кіруге шақыруы Қазақстанда еуропалық қауіпсіздіктің тең құқылы және бөліну сызықтары жоқ жағдайлардағы жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталған  қадам ретінде қабылданды. Жалпыеуропалық кеңестің толыққанды мүшесіне айналған Қазақстан ЕҚЫҰ-ны одан әрі дамыту, сонымен бірге, оның халықаралық ұйым болып қайта құрылуы үдерісіне белсене қатысты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Хельсинкиде (1992 ж.), Будапештте (1994 ж.), Лиссабонда (1996 ж.) және Ыстамбұлда (1999 ж.) өткен саммиттерінің жұмысына қатысты. ЕҚЫҰ Министрлер Кеңесінің жыл сайынғы отырыстарына Қазақстан атынан сыртқы саясат ведомствосының басшысы өкілдік етеді. Қазақстандық парламентшілер Ұйымның Парламенттік Ассамблеясының жұмысына белсенді қатысуда. 1994 жылы Будапешт саммитінің қорытындысы бойынша Ұйымды  одан әрі институттандыру мақсатында Кеңес Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы болып қайта құрылды. 1995 жылы  еліміздің ЕҚЫҰ-ға тікелей қатысуын қамтамасыз еткен Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар  жанындағы Тұрақты өкілдігінің іргетасы қаланды. Ал 2008 жылдан бастап төрағалыққа байланысты елші Қайрат Әбдірахманов басқаратын Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі жұмыс істеуде. 1995 жылы ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы өңірлік бюросы ашылды. Оның офисі Ташкентте орналасты. 1999 жылы ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы Орталығы ашылды, сосын ол 2007 жылы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы болып қайта құрылды. Орталықты қазір елші Александр Кельчевски (Франция) басқарады. АЛДЫН-АЛА КЕЗДЕСКЕНІН ҚАЛАЙДЫ Ресей-Грузия қарым-қатынасы ЕҚЫҰ-ның Астанада өтетін желтоқсан саммитінде аса маңызды мәселелердің бірі болуы ықтимал. Сондықтан Грузия оппозицияшылары Қазақстандағы форумға дейін аталған проблема бойынша алқалы халықаралық мәслихат өткізуді ұсынып отыр. Бұл бастама авторларының бірі – 42 жастағы Грузия республикалық партиясының төрағасы Давид Усупашвилидің айтуынша, әлемдік қоғамдастық осылайша Мәскеу мен Тбилисидің арасында байланыс орнауына ықпал ете алады. – Ресей-Грузия қарым-қатынасы тақырыбы ЕҚЫҰ саммитінде басқа барлық мәселелерді көлеңкесінде қалдырады. Сондықтан аталған мәселені талқылау өзара кінәласуларға ұласып, нәтижесіз болмауы үшін тараптар алдын ала кездесіп, келіссөз жүргізгені жөн. Оған барлық мүдделі және ықпалды тараптарды тарту қажет, – дейді Д.Усупашвили. Соңғы бірнеше ай бедерінде көптеген грузиялық оппозицияшылар Мәскеуде болып, оларды Ресей басшылары қабылдады. Сіз мұндай байланыстарға қалай қарайсыз деген сауалға Д.Усупашвили былай деп жауап берген: Оппозиция өзге елдер үкіметтерімен қарым-қатынас жасауға құқылы. Бірақ Ресей мен Грузия қарым-қатынасының қазіргі жағ­дайында мен Мәскеуге мұндай сапарларды аса теріс бағалаймын. Бұл хабарды “Время” ақпарат апталығы таратты.