Кеше Астанада V KAZENERGY Еузазиялық форумы ашылды. Каспий аймағындағы энергетикалық саладағы беделді де мәртебелі ұйымның осымен бесінші рет өткізіліп отырған екі күндік форумына еліміздің мұнай-газ саласындағы ірі отандық және шетелдік компаниялардың жетекшілері, бірқатар халықаралық энергетикалық ұйымдардың өкілдері, танымал шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысуда.
“Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады” демекші, әлем экономикасы дағдарыс әкелген созылмалы сырқатынан біртіндеп сауыға бастады. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық ішкі жалпы өнімнің таяу болашақтағы өсімі жылына орта есеппен 2-3 пайыз болмақ. Осыған байланысты энергетикалық шикізатқа деген сұраныс та жыл сайын арта бермек. Ендеше, энергетикалық қауіпсіздік жаһандық маңызды мәселелердің күн тәртібінен түспек емес. Міне, сондықтан да қос құрлықтың энергетикалық қауіпсіздігі, Каспий аймағының бұл көкейкесті мәселедегі рөлі, энергетикалық шикізат көздерінің жаңа мүмкіндіктері, өңірдің экологиялық ахуалы, жаһандық жылыну үрдістері “Еуразияның энергетикалық картасы: тәуекелдер тепе-теңдігі және жаңа мүмкіндіктер” тақырыбымен өтіп жатқан V KAZENERGY Еуразиялық форумының негізгі арқауына айналды.
Еуразиялық энергетикалық форумды KAZENERGY ассоциациясының төрағасы Темір Құлыбаев ашып, форум делегаттарын әлемдік энергетикалық салада елеулі орны бар форум жұмысының басталуымен құттықтады. Форум жұмысына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысып, сөз сөйледі. Ол мұнай рыногы саласының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі халықаралық ОПЕК ұйымының шешуші рөлі мен қомақты үлесін, сонымен бірге ұйымға мүше және мүше емес мемлекеттер арасындағы байланыстың маңыздылығына Қазақстанның ерекше мән беретіндігін атап көрсетті. Сонымен бірге, Премьер-Министр бұл форумның дағдарыстан кейінгі энергетикалық салада қалыптасып отырған бір үміт, бір күдік жағдайында өтіп отырғандығына тоқталып, болашақтағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы келелі мәселелерге тоқталды. Үкімет басшысы Мексика шығанағында орын алған апатқа байланысты бүгінгі таңда мұнай секторы саласындағы экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше тоқталды. Қазақстан экологиялық қауіпсіздікті сақтау үшін халықаралық ең жоғары стандарттар бойынша жұмыс істеп келді және алдағы уақытта да жұмыс істей бермек. К.Мәсімов атап көрсеткендей, Үкімет теңіз аймағындағы бұрғылау жұмыстарының қауіпсіздігін орнықтыру мақсатында бірқатар шаралар белгілеген. Мұнай және газ министрлігі Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлесе отырып, Каспий теңізі жағалауларындағы және теңіз аймағындағы бұрғылау қондырғыларының қауіпсіздігін сақтау мақсатында жұмыс тобын құрып, кешенді шаралар белгілеуде, деп атап көрсетті Премьер-Министр. Алдағы уақытта Қазақстан Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттермен экологиялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында үкіметаралық хаттамаларға қол қоймақ.
Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы мұнай өндіру көлемі 81 миллион тонна болады. Оның 68 миллион тоннасы экспортқа шығарылады. Елімізде өндірілетін мұнайдың тек 24 пайызы ғана “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының үлесіне тиеді. Қалғаны жекеменшік кәсіпорындар мен халықаралық компаниялардың иелігінде. Болжам бойынша 2020 жылы еліміз 130 миллион тонна мұнай өндірмек. Бұл алдағы 40-50 жыл көлемінде Қазақстанның экспорттық әлеуетінің жоғары болатындығын көрсетсе керек, деді С.Мыңбаев.
– Мен энергия туралы емес, саясат туралы біршама айтқым келеді, – деп бастады өз сөзін Польша мемлекетінің бұрынғы президенті Александр Квасьневский. – Қазақстанға осымен екінші рет келіп отырмын. Қазақстан шын мәнінде қарқынды экономикалық даму сатысына шыққан. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі де бұл елдің халықаралық зор беделін көрсетеді. Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті энергетикалық қауіпсіздік мақсатында да зор мүмкіндіктер ашады.
Форумда сөз алған Австрияның бұрынғы канцлері, доктор Альфред Гузенбауэр Еуропаның энергетикалық қауіпсіздік мақсатында атқарып отырған жұмыстарына тоқтала келіп, энергетикалық қуаттардың балама көздерін табудың маңыздылығын атап көрсетті. ЕҚЫҰ-ның екпіні Орталық Еуропадан Шығысқа ауысты, деді ол өз сөзінде. Атап айтқанда, 70-80-ші жылдары ЕҚЫҰ-ның негізгі әлеуеті Орталық және Шығыс Еуропада шоғырланған болса, қазіргі кезде бұл басымдық Шығысқа қарай жылжып, қазір Орталық Азияда тұғырланып тұр. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Астанада бас қосуы үлкен тарихи жетістік деп санаймын, деді А.Гузенбауэр.
Сондай-ақ форумның алғашқы күнгі отырысында ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі делегациясының басшысы, елші Норберт Жустен, Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директорының орынбасары Ричард Джонс, Әзірбайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Ровнаг Ибрагимоғлы Абдуллаев, “ҚазМұнайГаз” АҚ президенті Қайыргелді Қабылдин, PetroChіna компаниясының вице-президенті Сунь Бо және басқалар сөйлеп, әлемдік энергетикалық саланың дамуы, энергетикалық шикізат көздерін игерудің жаңа мүмкіндіктері және өңірлерде энергетикалық қауіпсіздік тұғырын қалыптастыру мақсатындағы ойларын ортаға салды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.