• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2010

Тебіренбес тауы тебіренер

990 рет
көрсетілді

Журналист жолда жүргенде

Аралқұм Аралқұм аумағын аралаудамыз. Аралқұм десе, Аралқұм. Айнала-төңірек түгел құм. Асфальт жолыңыздың бойы. Қарауыта қатарласқан, қос-қостана жарысқан рельс­тердің қапталдары. Бәрі-бәрі бұйра құм. Аралқұм ауылы – округтің орталығы. Бір жағынан байырғы, бұйығылау станса. Орта мектебі, кішірек клубы, кітапханасы, емха­на­сы жұмыс істеп тұрыпты. Аралқұмыңызға шағын-шағын Шөміш пен Мойнақ ауыл­дары қарайды. Бұрыннан-ақ хабардармыз ғой, Шөміште қазақтың қайтпас-қайсар қаламгерлерінің бірі, әсіресе, ән мәтін­дерінің “мәстірі” Шөмішбай Сариев дүниеге келген. Ал Мойнақ қыстағы – айтыс ақыны Жадыра Қазиеваның кіндік кескен, туып-өскен мекені. Қазақстанның құрметті теміржолшысы Жанай Серәлиев, станса басқарған соғыс ардагері Мәжен Ысқақов, орман жағының білгірі болған майдангер Отар Жаңабаев, жарты ғасырға жуық ұстаздық еткен Оңда­сын Жолмырзаев сынды ел ағалары­ның ауылы атанған Аралқұмда жүрміз. Темір жолыңыз ауылды қақ жарып өтеді. Жұрт­шылық негізінен құмы басымырақ батыс бөліктен жылжыңқырап, қырлауыттау келе­тін шығыс беткейге көбірек қоныс аударуда. Осыған орай жаңа мектеп те оң жақтан са­лынып жатыпты. Қызғылтқошқыл шаты­ры жақұттай жайнап үлгеріпті. Қыз-келін­шектер қызыға көз тастап өтіп барады. Кір­піштен өрілген көркем мектепке. Күнде дерлік бірталай зейнеткерлер биіктеу дөңес­ке жайғасып алып, болашақ білім ұясына қуанып қарап отырады. Әсіресе, Меңдіғали Сансызбаев пен Серікбай Күнтубаев сияқты ақсақалдар жиі келеді. “Шірке-е-ен, баяғы бал дәурен шағымыз қайта оралып, мынадай ғажайып мектепте оқысақ қой!” – дейді Мең­кең кеңк-кеңк күліп. “Қайдағыны қиялдайсың-ау, бірақ әлі бізден гөрі жассың ғой”, – дейді Серікбай ақсақал. Қызды-қыз­ды­мен зейнеткерлеріңіз қыз-қыз қай­наған құрылысқа қызу араласып кетеді. Кірпіш әперісіп, тақтай тасысып, белсене қимылдайды. Құрылысшылар қатты риза боп, әзер тоқтатады. “Ықылас-ниеттеріңізге, қуана білгендеріңізге рахмет!” – деседі. Аралқұмның адамдары негізінен қара­пайым, қараша үйлерде тұратындай. Тұрғын үйлердің төңіректері де есілген құм. Ішінара жаңа жайлардың бой көтере бастағанын байқап жадырайсыз. Тірліктерін аяғынан тік тұрғызып, шаруа қожалықтарын құрып алғандар аз емес. Сиыр мен қой-ешкі, түйе көбейген. Түйеңіздің өзі де, шұбаты да жоғары бағаланады. Сиыр сүтін, ірі қара мен қой-ешкінің етін қабылдайтын комбинат бар. Ондай орындар қатары бара-бара арта берер. Неғыпты сонша. Аралқұмыңызда Ақыл Санақұлов сияқты шаруалар ақыл-санамен істің көзін тауып, шауып жүріп, сиыр санын 500-ден, түйелерін 60-тан асырып, уақ малын мыңғыртып үлгерген. Әрине, бес саусағыңыз бірдей емес. Әлі де әлжуаз, малы аз, тірлігі мардымсыз, жұ­мысы жарытымсыз боп жүргендер жетерлік. Бір жақсысы, көпбалалы отбасылар арта түсуде. Аралқұмыңызда бұрыннан-ақ бар­шаға белгілі он екі Батыр ана аман-есен жүріп жатыр. Таяу аралықта 86 ана Күміс алқа мен Алтын алқа алмақшы. “Аралқұм­ның келіндері үлкендердің алдын кесіп өтпейді, иіліп сәлем салады”, – деген сөз тарап кеткен. Ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі ауылдағы тәртіпке, тәлім-тәрбиеге бас-көз бола біледі. Беделдері биік, абырой­лары жоғары. Шілдехана, бесік той, тұсау­кесер, сүндет тойларға дейін тамашадан гөрі тағылымға негізделеді. Деседі. Телі-тентек­теріне тыйым салып, тезге түсіретін де сол ардагер ағалар мен апалар. Деседі. Аралқұм ауылының әкімі Шегебай Жаңабаев бұрын көп жыл мұғалім болыпты. Осында туып-өскен. Қызылорда пединс­титутын тәмамдаған. Төрт қызы, бір ұлы есен-сау. Бәрі жұмыс істейді. Аралқұмдағы жас отбасылардың әрқайсысында төрт-бес перзенттен өсіп келеді. Ауыл әкімінің келіні Нұргүл де төртінші баласын босанғалы отыр. Шәкеңнің зайыбы Күләйім талай жылдан бері жергілікті мектепте орыс тілі мен әдебиетінен дәріс береді. Біз барғанда ол кісі Түркістанға кетіпті. Жаңа оқу жылының қарсаңында базар қарыштамақ қой. Немерелеріне. Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі тұп-тура осы Аралқұмыңыздың жанынан өт­пекші. Оны салып жүрген жолшылар стан­сада сонау 1905 жылы бой көтерген үйлерді жөндеп, икемдеп, сонда тұра бастапты. Аралқұм ауылдық округінің болашағы жаман болмас. Шөмішіңіз һәм шабан-шардақ күйден арылар. Мойнақтың малы молаяр. Митың тірлік азаяр. Аралтұз Арал аймағының Сыр жағынан Қыр жағына қарай сапарлап, Жақсықылыш дейтұғын қыратына тірелгенбіз. Қылыш тәріздес ұзын төбенің баурайында Жақ­сықылыш кенті кең жайылып жатыр. Бұрын Аральсульфат жұмысшы поселкесі аталған. Анау заманда. Кеңес кезеңінде. Тәуел­сіз­дікке тәубе дегелі кент. Жақ­сықылыш кен­тін көбінесе Аралтұз ауылы деседі. Аралтұз десе, Аралтұз. Жақсықылыш қыратының төмендеу тепсеңі қат-қабат тұз кені. Тұтас­қан тұз. Мұндай тұзды ешқандай аймақтар мен аумақтардан таппайсыз. Таба алмайсыз. Атағы жер жарған “Аралтұзыңыз” КСРО тұсында осынау тұз кеніне орай пайда бол­ған ғой. Қазіргі “Аралтұз” акционерлік қоғамы алып кәсіпорын емес. Өлеусіреп барып, өшпей қалған шамдай ғана шама-шарықта. Президенті Алматыда. Деседі. Атқарушы директоры Ғани Сейсекенов жап-жас жігіт екен. Араладық. “Аралтұздың”, баяғы беделді, бірегей саналған алыбыңыз­дың жансыз жабдықтары жабығады. Қал­дықтары қамығады. Идеологиялық жұмыс­тар мен коммунистік тәрбиенің тірегіндей болған Мәдениет үйі мөлиеді. Қаңқа-қаңқалары ғана қалған құрал-саймандарды тот басқан. Ескі кеңселердің еңсесі түскен. Жаңа заманның тамыр бүлкілін таны­тардай жаңа цехтар мен жаңа жабдықтарды кейінірек көрдік-ау. Әлі де әлсіздеу. Биыл Жақсықылыш жотасының жарлауыттанған тұсындағы тегістіктен 300 мың тонна тұз қазылмақшы. Жаңа жабдықтар орнатылған цехтардың жұмысы жаман емес. Жалпы, 250 тонна ас тұзы, үш вагондай йодталмаған тұз, біраз-біраз мөлшерде емдік тұз өндірілмек. “Технология бірте-бірте нығайтылып жатыр, – дейді атқарушы директор. – Сұраныс жақсы. Қазақстанның барлық облыстарына, қалаларына, Қырғызстанға жөнелтеміз. Қазір бізде 712 адам жұмыс істейді”. Бержан Рсымбетов тұз өңдеу фабрика­сын басқарады екен. Қалталанып жатқан тұзды көрсетті. Тауарлық түрі жап-жақсы. Бә­рі­міздің тұтынып жүрген тұзымыз. Фаб­рикада 300 адам еңбек етеді. Айына 6 мың тонна ас тұзын шығарады. Оның төрт мыңы қалталанады, екі мыңы қапталады. “Біздегі жұмысшылар негізінен жастар, – дейді бас инженер Октябрь Ахметов. – Жақында Ре­сейден жаңа жабдықтар алдық. Бұрын Қы­тайдың қалталайтын автоматтарынан екеуі бартұғын”. Тұз қаптау, қалталау жағын қамдас­ты­рып, қолдары тимей жүрген қыз-келін­шектердің түр-тұрпаттарына қайта-қайта қадалып қараңқыраймыз-ай. Жүздерінде сәл-пәл салқындық жоқ емес. Сөйтсек, ай­лық жалақылары тым төмендеу екен. Ашып айта бермейді. “Ой, ағай, жұмыссыз қалғы­мыз келмейді”, – деседі мұңая күлімсіреп. Бірте-бірте көбейер. Неғыпты сонша. Жақсықылыш ауылдық округінің әкімі Нағашыбай Әуесханов әзілкештеу кісі екен. Жұмбақтап, тұспалдап, бейнелеп сөйлемекке жуығырақ. “Ойбай, бұл “Аралтұз” дейтін алыбыңыздың арқасында алшаятын едік қой баяғыда, – дейді миығына мысқыл үйіріп. – Ауруханалардың да, мектептердің де, мә­дениет мекемелерінің де, бәрінің де мақсат-міндеті “Аралтұздың” иығында еді. Мой­нына мініп алып, түспейтінбіз. Енді ондай арқа да, мойын да жоқ қой. Жоқ. Болуы да мүмкін емес. Кейбіріміз кешегіні көксеуден, әлгін­дейін арқа мен мойын аңсаудан арыла алмаймыз...” Осыны айтқан Нәкең өзін-өзі кекете ме, әлде өзгелерді келемеждей ме, айыру оңай емес. “Абайлаңыз, қалжыңы қиындау, – дейді қасымыздағы Көлбай мырза. – Құ­дай­берген Сұлтанбаевтың өзін сүріндірген сабаз”. Сөйтсек, Сұлтанбаевыңыз Әуес­хановы­ңызды мойындап: “Сенің ауылда қап қойғаныңа құрсанмын, әйтпесе біз жұмыс­сыз сандалып кететін екенбіз-ау, масқара-ай”, – деп, бетінің ұшын шымшыған. Деседі. Кәдуілгі кемпірлерге ұқсап. Емхана мен аурухана орналасқан жаңа жайдың ғимараты жаман емес. Алайда, айна­ла-төңірегі, ішкі-тысқы тазалығы жан жабыр­қатарлықтай. Емхана меңгерушісі Аманболат Исаевтың да, аурухана меңгеру­шісі Ералы Махановтың да көңіл-күйлері төмен секілді сезілді. “Екі педиатр, екі тера­певт, бір тіс дәрігері жетіспейді”, – деп күр­сі­­неді Исаев. “Екеуміз бір-бірімізге бағын­бай­мыз, тікелей ауданға қараймыз. Рефор­ма­ңыз ауылдық жерлерге аса ауыр тиіп тұр. Бұрын 25 орын­дық аурухана едік, он орын ғана қалдырды. Бізде жатып емделу үшін сырқаттанған адамдар аудан арқылы өтіп келуі керек. Жақында АҚШ-қа арнайы ба­рып, оқып қайттық қой. Олардағы жағ­даймен біздегі ахуалды салыстырудың өзі күлкілі”, – деп күледі Маханов мырза. Ал жап-жаңа ғимараттың алды-арты құлазыған күйде... Жаңа мектепке жақындағанда ғана көңілсіздіктен сейілгендей күй кештік. Мұғалім қыз-келіншектердің бәрі дерлік жұмысқа жұмылып, мектеп маңайын тап-тұйнақтай тазартып жатыр. Гүлмен көм­керіпті. Көктемде. Жап-жас ұстаз келіндер сызыла тізіліп, иіле сәлем салады-ай. Алтын Тоқтамысова байырғы, тәжірибелі директор­лар сапынан саналады екен. “Бәрі жақсы. Бірақ бұрынғы компьютерлер ескірген, жетіспей жатыр”, – деп күлімсірейді. “Айттым емес пе, баяғы алып “Аралтұз” болса, мойнына бәріміз ырғып мініп ала қояр едік”, – деп әзілдейді ауыл әкімі. Аралбекет Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырының бойымен жосылып жатқан жолдың басым бөлігіне әлі асфальт төселе қоймаған. Сонда да тақтайдай тегіс. “Джиптің” иесі Сәтбай мырза риза. Жолдың сапасына. Құбыр таяқ тастам дейтіндей тұста. Екі жүз километр келетіндей жерде Аралбекет бар екен. Арал­бекет деп қысқартып айтады. Әйтпесе, “Арал” апатты қалпына келтіру тірек бекеті” деп аталар. “Қазтрансойлға” қарайды. Айда­лада. Айналадағы екі жүз шақырымдық ау­ма­­ғыңызда ауыл жоқ. Қыстақ та жоқ. Тек Тебі­­ренбес тауы көрінер. Сұп-сұр дейсіз бе? Күлгін түсті дейсіз бе? Күл кейіптес дейсіз бе? Әйтеуір сұрықсыздығы сұмдық. Тау десе­ді. Тебіренбесті. Шынтуайтында тауға онша келіңкіремес. Биіктеу бұйрат. Ойдым-ойдым, жарлауыттанған, төбелері тегістеу көрінер қырлауыттанған қыраттары көп. Бәрібір. Барлық жері, бүкіл бой-болмысы біртүрлі. Түксіз. Түссіз. Қай түске қо­сарыңды білмейсің. Түсінбейсің. Тебіренбес десе, Тебіренбес. “Неге Тебі­рен­бес тауы деп атаған?” – деген сұра­ғыңызға ешкім ештеңе айта алмайды. Тау алыстамайды да. Жақындамайды да. Тебіренбес түрімен, күлгіндене, сұрқайлана созылып, көз алдыңыздан кетпейді. Айдаладағы Аралбекетіңізді ұжмақ дер­сіз. Қалың қоршауы – биік-биік тор­темір. Тор қоршаудан ешкім де, ештеңе де өтпес. Өте алмас. Тек арнайы тексеру ар­қылы, ар­найы кіреберіс арқылы, арнайы рұқсатнама бойынша кіруіңіз мүмкін. Әзер кірдік-ау. Қоршаудың іші – кішігірім қалашық. Бұл бекет – Кеңқияқтан Құм­көл­ге тартылған құбырдың 424-ші кило­метрі. Шалқарға де­йін 193 километр, Құмкөлге дейін 178 кило­метр қашықтық қалып тұрыпты. Бекетіңізде 87 адам жұмыс істесе, оның 41-і жергілікті жігіттер. Бұған да шүкіршілік. Мінекиіңіз, Мақсұт Махановтайын шымыр, шыныққан, кинодан ғана көретіндей көркем інімізбен сөйлесіп отырмыз. “Мұнайшылық маман­дық­ты Ақтөбеде алғанмын. Техника мен технология түп-түгел заманауи, жап-жаңа. Жүргізушілер, электршілер, құбыршылар – бәрі вахталық әдіспен жұмыс істейді. Бар­лық жағдай жасалған. Апаттың алдын алуға міндеттіміз. Айтқан жерден аулақ, апат болған жағдайда тез түзетуге сақадай-сай тұруға тиіспіз”, – дейді Мақсұт мырзаңыз. Жап-жаңа, түрлі-түрлі техника тізіліп тұр. Әр вахтада құбыр жөніндегі екі бас шебер, электр жабдықтары жөніндегі бір бас шебер, автотехника механигі, арнайы техни­калық инженер болады. Қалашықта өндірістік цех, өрт сөндіру техникасының депосы, автомәшинелер жөндеу шебер­ханасы жұмыс істейді. Өрт сөндірушілердің “Семсер” атты командасы бар. Күзет коман­дасы да “Семсер” деп аталады. Елу сегіз орын­дық жатақханаға, жуынып-шайы­натын орындарға, демалыс бөлмелеріне, асханаға, қызмет бөлмелеріне қызықпауы­ңыз мүмкін емес. Айлық еңбекақыларының қанша еке­нін ешқайсысы айтпайды. Аз емес-ау. Егер жұмысқа алар болса, осында біржолата қа­лып қойғыңыз келер. Өрт сөндіру бөлімі­нің бастығы Сақыбай Садуақасовыңыз сартыл­дай сөйлеп, сақ қимылдайды. Сергек адым­дайды. Сардарлары да сайыпқырандар. Далаңыздағы ыстығыңыз қырық бір градустан асып тұрған-ды. Офистердің іші сап-салқын. Рахат. Ал қыста ше? Отыз гра­дус­тан асатын аяз бен үскірік ысқырған бо­рандарда бұл қалашықтың үй-жай­ларын­дағылар көйлекшең отыратын көрі­неді. Жы­лыту жабдықтары һәм түгелдей авто­мат­тандырылған және компьютер­лендірілген. Беу, сіздің мұнайыңыздың күшін-ай! Деп қайран қалады сіздің тілшіңіз. Аралшұбат Сексеуіл кентінде үш орта мектеп, ауру­хана, емхана, Мәдениет үйі, жасөспірімдер мен балаларға арналған спорт мектебі бар. Сексеуіліңіз бұрындары үлкен станса болған. Деполар жұмыс істеген. Бертініректе ондай-ондай кәсіпорындар жабылған. Теміржолшылардың басым бөлігі жұмыссыз қалған. Сексеуіл секілді мерейлі мекені­ңізден мәніс кеткендей көрінген. Енді-енді ел ес жинағандай-ау. Иір­қобызданған орталық көшеге қиыршық тас төселіп, тегістеліп жатыпты. Көп ұзамай асфальттанады. “Қанша тозды дегенімізбен, өзге елді мекендерге қарағанда, Сексеуілдің жұрты бақуат, бейнеткеш, – дейді Сәтбай мырза. – Көрдіңіз бе, жаңадан бой көтерген үй-жайлар басымырақ қой”. Күн қайнап кеткен соң көше шетіндегі үйге аялдауға тура келген. Еңселі үйдің ауласы да кең екен. Айнала түп-түгел айшықты құрылыс­тар. Сән-салтанаты жарасқан жайлар. Отағасы Серік Алдамжаров ширек ғасырға жуық уақыттан бері дәрігер екен. Келініміз де, бала-шағалары да инабатты, ибалы. Иман ұялаған үйден шықсаңыз да, қайта кірсеңіз де иіліп, жол көрсетіп, қолыңызға су құйып, жүгіріп жүр. Жасандылық жоқ. Табиғи түрде. Аралшұбат деп әдейі айтып отырмыз. Осы Сексеуілде шұбат өндіріп, шөл­мектерге құйылған емдік сусынды біраздан бері Қызылордаға, Ақтөбеге, тіпті сонау Атырау жаққа дейін жөнелте бастаған шағын зауыт бар. Бардық. Көрдік. Жөнел­тілгелі тұрған шөлмектерді мұқият байқап қарадық. Жап-жақсы. Шұбаттың дәмі тіл үйіреді. Шағын зауыттың дирек­торы Нұрбек Тілеуов бүй дейді: “Әзірше кең көсіліп кете алмай жатырмыз. Күніне бес жүз литр шұбат шы­ға­ра­мыз. Шикізаты­мызды алпыс шақырым жердегі Қосаман ауылынан жеткіземіз. Жарнама жағы да жетіспейді. Жасыратыны жоқ, қазекем шөлмектегі шұбатқа әлі сенімсіз­дікпен, күдіктене қарайды. Алайда, бола­шақта бәрі өзгереді деген ойдамыз”. Шұбат зауытының иесі Нұрбек мырза мүлде жап-жас жігіт. Сенімді сөйлейді. Іс­керлігі көрініп-ақ тұр. Демек, мұндай-мұн­дай кіші кәсіпорындар келешегінің кемелдігі кәміл. Демек, Сексеуіл сынды ежелгі елді мекендеріңіз бірте-бірте тоз­байды. Озады. Осында келерде біз Сексеуіл кентінің теріс­кей тұсындағы Құмсай бөгетіне соққанбыз. Тебіренбес тауының биіктеп барып, кілт кесілер шоқысы жап-жақын екен. Сай-салалардан, жыра-жыралардан ойпаңға әжептәуір су жиналар. Бұрын да бөгет бол­ған екен. Ескірген. Сол бөгет енді жаңар­тылып жатыпты. Облыс бюджетінен 29 миллион теңге бөлініпті. Бірнеше техника жұ­мысқа жегіліп, жер тегістеліп қапты. Шлюз бітуге таяпты. Құмсай су бөгетінің құрылысы аяқталса, бейнеткеш, еңбекқор саналатын Сексеуіл кентінің жұрты бақша егіп, басқа да көкөніс пен көкжелекті көбейтер. Бірте-бірте Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырының бойындағы жол қазіргіден де жақсара түсер. Шұбат өндіру өркен жаяр. Бүкіл ай­мақта. Қосаман ауылында ғана емес, басқа да қыстақтарда түйе молаяр. Бара-бара алысырақтағы Аралыңыздың Кіші теңізі қазіргідей кілдіремей, көгілдір айдынында қуаныш толқындары тебіренер. Міне, сонда ше, түксіз, түссіз көрінетін, суық-сұрқай сезілетін Тебіренбес тауы да тебіренер. Неғыпты сонша... Мархабат БАЙҒҰТ.