Санкт-Петербургтің Таврия сарайында үстіміздегі жылдың 28 қазанында еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығына арналған “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” атты халықаралық парламенттік конференция өтеді. Оған дайындық барысы туралы және Палермо қаласында (Италия) өткен ЕҚЫҰ ПА күзгі сессиясының қорытындылары жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ә.Жолшыбеков баяндап берді.
Комитет төрағасының айтуынша, еліміздің Ұйымға төрағалығы шеңберінде Қазақстан Парламенті ТМД Парламентаралық ұйымымен бірлесіп, аталған іс-шараны өткізеді. Оның жұмысына ТМД-ға мүше елдер парламенттік делегациялары, ЕҚЫҰ ПА, Парламентаралық одақ, Еуропа кеңесі ПА, Түркітілдес елдер ПА өкілдері, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдар басшылары және басқалар қатысады деп күтілуде. Бүгінгі таңда қатысуға ниет білдіргендердің ұзын саны 300-ге жеткен. Сөз сөйлеуге тапсырыс бергендердің өзі 30-ға жетіпті. Солардың арасында Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов та бар. Көптеген елдер басшылары өз құттықтауларын жолдайтыны белгілі болса, Тұңғыш Президент, ұлт лидері Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің құттықтауын жіберері белгілі болып отыр.
Тағы бір белгілі болғаны, конференция негізгі пленарлық отырыспен қатар, үш секциядағы талқылау түрінде жүргізіледі деп күтілуде. Бірінші секция “Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік” деп аталып, онда Еуропа қауіпсіздігінің келісім-шарты, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдай, посткеңестік кеңістіктегі созылмалы кикілжіңдер, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелері талқыға түседі. Осы мәселелер бойынша парламентшілер, ғалымдар және сарапшылар сөз сөйлеуі көзделіп отыр. Екінші секция “Экономика әлем тәртібінің жаңа архитектурасы” деп аталып, мұнда әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс, посткеңестік кеңістіктегі интеграция, Кеден одағы барысы, ЕҚЫҰ-ның жаңа Бонн құжаты, климаттың өзгеруі, соның ішінде Арал проблемасы, көлік және энергетикалық саясат талқыдан өтетін болады. Үшінші секцияда ЕҚЫҰ жұмысындағы бағыттың біріне саналатын “Адамдық өлшемі” секциясында толеранттылық, сайлау стандарттары, барыс-келіс еркіндігі мен визалық режімді либералдандыру, гендерлік тендік және еңбек миграциясы көпшілік талқысына түседі.
Осы ретте Ә.Жолшыбеков Италияның Палермо қаласында өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының кезекті күзгі сессиясы барысын да тілге тиек ете кетті. Оның айтуынша, сессияның бір күні Жерорта теңізі аймағына кіретін алты елдің: Алжир, Египет, Израиль, Иордания, Марокко және Тунис мәселелеріне арналған. Сондай-ақ ЕҚЫҰ ПА күзгі сессиясына Палестина автономиясы делегациясы бірінші рет қатысып, израильдік әріптестерімен кездескені көпшілік тарапынан құптарлық түсіністік тапқан. Алдағы Санкт-Петербургте өтетін конференция жұмысына қойылған сұрақтарға жауап берген депутат сайлау стандарттары, адам құқы және демократиялық үрдістерді дамыту мәселелері бойынша көптеген пікірлер де ортаға салынатынын жеткізді. Бұл мәселелерге арналған конференция Венада өтсе, Астанада өтетін саммит алдында үкіметтік емес ұйымдардың жиыны болады деп күтілуде. Одан кейін тағы бір конференция ұйымдастырылып, оған 2 мыңнан астам адам қатысары белгілі болып отыр. Оның барлығы саммиттің алдында күрделенген мәселелер бойынша пікірталас ретінде көзқарастарды қалыптастыру мәселесімен байланысты, дейді Әмзебек Рысбекұлы.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.