Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық Заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес, ағымдағы жылдың 31 қазанында республиканың 13 өңірінде шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау 63 сайлау округінде өтеді.
Барлығы, облыстық мәслихаттардың 6, қалалық мәслихаттардың 5 және аудандық мәслихаттардың 52 депутаты сайланатын болады.
Сайлау науқаны барысында 167 кандидат ұсынылған. Ұсыну аяқталғаннан кейін 3 кандидат жеке қалауы бойынша өз кандидатураларын алып тастады, “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 104-бабы 6-тармағының 3-ші тармақшасына сәйкес 18 кандидатты тіркеуден бас тартылды және 1 кандидат тіркеу аяқталғаннан кейін өз кандидатурасын алып тастады.
Қазіргі кезде кандидаттарды тіркеу аяқталды. Мәслихаттар депутаттығына кандидат ретінде 145 адам тіркелген.
Олардың ішінде 62 кандидат саяси партиялармен, 1 кандидат қоғам бірлестігімен және 82 кандидат өзін-өзі ұсыну жолы арқылы ұсынылған.
Тіркелген үміткерлердің 117-і – ер адам және 28-і – әйел.
113 кандидаттың жоғары білімі, 20 кандидаттың орта арнайы және 12 кандидаттың орта білімі бар.
Қазіргі уақытта барлық тіркелген кандидаттар сайлауалды үгіт жұмысын бастады, ол 29 қазан күнгі сағат 24.00-ге дейін жүреді. Сайлау заңнамасына сәйкес сайлау қарсаңындағы күні сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынған.
Дауыс беру 2010 жылғы 31 қазан күні 248 сайлау учаскесінде өтеді.
Сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтуде. Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен өтініштер мен шағымдар жоқ, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.