• RUB:
    5.41
  • USD:
    483.57
  • EUR:
    534.49
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2010

Халықтың әлеуметтік ахуалы қай деңгейде?

548 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілік етуімен Үкімет сағаты өтіп, онда “Әлеуметтік-еңбек саласының жай-күйі мен оны дамытудың негізгі басымдықтары туралы” деген тақырып төңірегінде ой қозғалды. Үкімет сағатында аталған тақырып бойынша Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады. Министр “Жол картасы­ның” жүзеге асуы жөнінде мәлі­меттерді келтірді. Баяндамашының айтуынша, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс әсері жағдайында, Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша алғаш рет қызметкерлердің жаппай босауының алдын алу мен оларды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа бағдарламалары мен әдістерін қамтыған Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы немесе “Жол картасы” әзірленген болатын. Оны қаржы­ландыруға 2009 жылы 191,5 млрд. теңге, 2010 жылы 145, 0 млрд. теңге бағытталды. “Жол картасы” бойынша 2009 жылы 5200-ден астам жоба іске асырылды. Ағымдағы жылдың 1 қаза­нына 2633 жоба (74,3 %) аяқ­тал­ды. Бұл 390 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 145 мыңнан астам адам кадрларды даярлауға және қайта даярлауға жіберіліп, оның ішінде 64,5 мың адам жұмыс­қа орналастырылды. 192 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орын­дары мен жастар тәжірибесі шеңберінде жұмысқа орналасты. Тұтастай алғанда, “Жол картасы” қысқа мерзімді шұғыл шара ретінде өзін ақтап шықты, алайда, бүгінгі күні назарды ортамерзімді және ұзақмерзімді жоспар шараларына аудару қажет. Еңбек рыногының және жұ­мыс­пен қамтудың жай-күйіне тоқталғанда министр әлеуметтік саланы реттеудің өзге де бағыттары сияқты, еңбек рыногы мен жұмыс­пен қамтуды басқарудың жаңа тәсілдері мен шешімдері бүгінгі дамудың ахуалы мен үрдісіне орай белгіленгенін айтты. Ағымдағы жылдың 1 қазанына жұмыспен қамтылған халықтың саны 8 млн. 163 мың адамнан асты (салыс­тыратын болсақ, 2005 жылы – 7 260,9 мың және 2008 жылы – 7 832,1 мың адам). Жұмыссыздық деңгейі де тұрақты түрде төмендеп келеді. Соңғы 5 жылда жұмыс­сыздардың қатары 140 мыңнан астам адамға азайған. Келесі кезекте Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс жағдайын жақсарту және жалақының өсуі туралы айтып берді. “Қазіргі уақытта еңбек сала­сы мен еңбек заңнамасын дамыту: Қазақ­стан Республикасының Еңбек ко­дексі шеңберінде еңбек қатынас­та­рын басқаруды жетілдіру; ұжым­дық-шарттық қатынастар жүйесін дамыту және бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігін арттыру; еңбек қатынас­тары мен еңбекті қорғау­дың зама­науи стандарттарын әзір­леу және енгізу дәстүрлі бағыттары бойынша жүзеге асырылуда, деді министр. Халықты әлеуметтік қамсыздан­дыру мен әлеуметтік қолдауды ұйым­дастыру жайын сөз еткен кез­де әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­сінің тиімділігі көбінесе басымдық­тардың дұрыс іріктелуіне байла­ныс­­ты болатынын мәлім етті. Мем­лекет басшысының тапсырма­сына сәйкес бұл басымдықтар адам­дар­дың лайықты қарттығын қамсыз­дан­дыру, мүгедектер үшін теңдей мүмкіндіктер беру, көп бала­лы отбасыларды әлеуметтік қолдау, аз қамтамасыз етілген аза­маттарға атаулы әлеуметтік көмек беру және әлеуметтік қызмет көр­сету жүйесін дамыту болып қала береді. Үкімет сағатында министр әлеу­меттік көмек пен қолдау көрсету саласы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы да айтты. Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі дамып келеді. Ағым­дағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша бала тууына бай­ланысты берілетін жәрдемақыны 261,5 мың адам алған. Жәрдемақы төлеу шы­ғыс­тары 11,9 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 16,7 пайызға артық. Төртінші немесе одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері (70 мың теңге) 2007 жылмен салыс­тырғанда шамамен 2,5 есеге артты. Аз қамтамасыз етілген отбасы­лардағы 18 жасқа дейінге балаларға берілетін жәрдемақы 791,4 мың балаға тағайындалып, төлемдердің жалпы сомасы 6,5 млрд.теңгені құрады, деді Г.Әбдіқалықова. Үкімет сағатында күн тәртібін­дегі мәселе бойынша депутаттар сұрақтар қойып, өз пікірлері мен ұсы­ныстарын жеткізді. Үкімет саға­тын Парламент Мәжілісі Төр­ағасының орынбасары Жәнібек Кәріб­­жанов қорытындылады. Үкімет сағатының нәтижелері бойынша дайындалған ұсыным­дарға толықтырулар енгізіліп, Үкіметке жолданатын болды. “Егемен-ақпарат”.