“Жайық Пресс” ЖШС-нің бас директоры Шыңғыс Мұқанның айтуынша, заманауи техниканың мүмкіндіктерін пайдаланып, алыс-жақын шетелдегі бауырларымызға дейін енді еліміздегі аты танымал қаламгерлердің шығармаларымен таныса алады. Алғашқы бетінде әліпби тізбегімен берілген кез келген әріпті басып, сол әріптен басталатын ақын, жазушының ата-тегін табуға болады. Одан әрі оның қысқаша өмірбаяндық дерегі мен шығармалар атауының тізбегі берілген. Ұлы Абайдан бастау алып, Махамбеттей батырдың жалын жырын оқырманға жеткізген бұл бағдарламада қарымды қаламгерлердің біршама өлең-дастаны мен повесть, т.б. еңбектері енгізілген.
Бұлармен қатар Ақ Жайықтан шыққан ақын-жазушылардың туындыларын оқырмандар осы порталдан оқи алады. Балаларға арналған бөлімде олар Алдар көсе мен Ер Төстік, басқа да ертегі-аңыз кейіпкерлерімен жүздесе алады.
Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов қолдау көрсеткен “Әдеби әлем” жобасы жаңа бастама болғанына қарамастан, облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған байқауда тың идеяларымен озып шығып, жеңімпаз деп танылды. Енді халайық ғаламтордағы “www.adebіet.kz” сайты арқылы ана тілінде әдебиет әлеміндегі тың дүниелермен таныса алады.
Темір ҚҰСАЙЫН.