• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2010

Еуропаның есігі Бельгиядан ашылады

598 рет
көрсетілді

Еліміздің “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында Кәрі құрлыққа жақындасудың, мүмкіндіктер болса кірігудің түрлі амалдары мен тетіктері қолға алынғаны белгілі. Осыған орай Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Одағының басшы құрылымдары орналасқан Бельгия Корольдігінің астанасы Брюссельге сапармен келіп, Корольдік пен Еуроодақтың басшыларымен кездесулер өткізді. Жоқ, әңгімеміздің “әлқиссасын” осынау оқшау ойдан бастағанда, біз жаң­сақ айтып, жазатайым жаңылып отырған жоқпыз. Шынында да Кәрі құрлықты құрсауында ұстайтын тегеурінді тетік­тер­дің біразы шоғырланған бұл елде. Дәлі­ре­гі, сол қуатты құралдардың кілті бү­кіл Бельгияның өзінде емес, оның ас­та­насы Брюссельде жатыр. Бұл үшін ауызға алдымен Еуропа Одағының бас кеңсесі осы қалада орналасқанын алсақ та жет­кі­лікті. Оның қабатындағы Еуропа Ко­миссиясы мен Еуропа Парламентінің орталықтары да осында. Еуропа Инвес­тициялық банкінің шенеуніктері де осы шаһардан шүлен таратады. Сондықтан Еуропаның есігі Брюссельден ашылаты­ны­на еш күмән болмаса керек. Мұның сыртында әлемнің талай бұрышына әмірі жүретін Солтүстік Атлант блогының, яғни НАТО-ның бас штабы да сол альянс құрылғалы бері осы қаланы мекен етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 24 қазанда, жексенбінің талма түсіне қарай Бельгия Корольдігіне жол сызған ресми сапары жоспарын осы қабырғалы халық­ара­лық ұйымдардың барлығының жетек­шілерімен, сондай-ақ аталмыш елдің бі­рін­ші басшылары – Король Альберт Екіншімен және Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ив Летерммен кез­десулер түзді. Елбасы Еуроодақтың жүрегі іспеттес бұл қалаға сонымен қатар Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші елдің Мемлекет басшысы ретінде келіп отыр. Бірақ, Президенттің бұл ежелгі белг кельттерінің атымен аталған мемлекетке бірінші рет жолы түсуі де емес. Осы жерде сөздің ретінде айта кетейік, Бельгия кезінде біздің тәуелсіздігімізді әлемде алғашқылардың қатарында таны­ған мемлекеттердің құрамына кіреді. Сол мойындау 1991 жылдың 31 желтоқсанына дөп келсе, екі ел арасындағы диплома­тия­лық қатынас 1992 жылғы 25 тамызда ке­реге керді. Содан бергі уақыт аралығын­да­ғы Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси байланыстар сындарлы үнқатысу сипатында өтіп келеді. Егер жаңылмасақ, Нұр­сұлтан Әбішұлы осыған дейін Бельгия Корольдігіне үш мәрте ресми сапармен барып қайтқан. Соның ілкісі 1993 жыл­дың 1 ақпанынан арна тартады. Оның ба­рысында Елбасы Король Бодуэн Бірін­ші­мен және Премьер-министр Ж.-Л.Деанмен кездесіп, нәтижесінде екі ел ара­сындағы Өзара қатынастар негізі тура­лы декларация дүниеге келді. Содан кейін­гі сапардың сәті 2000 жылы маусым айында түсті. Соңғы үшінші реткісі 2006 жылғы 3-6 желтоқсан аралығында өтті. Тап осы жолғыда Президентіміз қазіргі Король Альберт Екіншімен кездесіп, оның қолынан Бельгияның аса көрнекті отандық және шетелдік қайраткерлерге тапсырылатын ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – Үлкен әжілі төсбелгісі бар Леопольд Біріншінің Үлкен лента Орденін алды. Сапар барысында Н.Назарбаев Бельгияның Премьер-министрі Ги Вер­ховстадт­пен кездесіп, екі жақты ынты­мақ­тас­тықтың мәселелерін талқылады. Кез­десудің ақырында халықаралық авто­кө­лік­терді тасымалдау және кеден істеріндегі әкімшілік көмек жөнінде үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Ал таяуда Корольдің үлкен ұлы – Филипп ханзада біздің елімізде арнайы болып қайтты. Бұл елге осы жолғы ресми сапар бағдарламасының ертеңіне басталатынын тиімді пайдалана білген Елбасы “Валь Дюшес” резиденциясына орналасып, аздап аяқ суытып алғаннан кейін, кешке қа­рай Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Жан-Клод Юнкермен кездесті. Бұл жылы рәуішті жүздесудің соңы екі мәртебелі тұлғаның кешкі асты бірге ішуіне жалғасты. Осымен Бельгия жеріне жеткен күнгі шаралар аяқталды. Бұрын Бельгия аты ауызға алынғанда, біздің есімізге әуелі әйгілі Тиль Уленшпи­гель­дің есімі, Брюссель капустасы, Морис Метерлинктің “Көк құсы”, шаптырып тұр­ған бала бейнесіндегі әуіз, таң­қу­рай­дың ызыңы, көз қарықтырар бриллиант тастар және... РСДРП-ның ІІ съезі түсуші еді. “Бельгия” дегенде, осы елдің атын ай­дай әлем­ге танытқан фламанд тілді Брейгель, Рубенс және Антуан ван Дейк ныспылары да еріксіз жадымызда жаң­ғы­ра­ды. Орта ға­сырлардағы Ренессанс дәуірінің толым­ды тұлғаларының бірі Рубенстің туған қа­ла­сы Антверпенді бельгиялықтар әлі күнге дейін ертедегі есімімен “Рубенс” деп атайды екен. Біздің білуімізше, Бель­гияның осы Рубенстен кейінгі ең атақты суретшісі сюрреализмнің көрнекті өкіл­де­рінің бірі саналатын Рене Магритт болса керек-ті. Ал бұл елдің ақындары арасынан ең тұшымдысы ретінде фламанд тілді Гвидо Газелле есімін біршама білетін едік. Кезінде ол бұл елде француз тілінің ғана үстемдік етуіне емес, Нидерландыда қабылданған нидерланд тілінің нұсқасына да қарсы болған. Өзі фламанд тілінің ба­тыс үлгісінде жыр жазған. Онысын қазіргі фламанд тілділер толық түсіне бермейді. Біз мұның бәрін неге тәптіштеп айтып отырмыз? Себебі, осыларды сөз етуге түрт­кі болған Бельгия – тілдік жағынан да, географиялық жағынан да барынша қа­рама-қарсы бояуы қалың мемлекет. “Табиғатында бельгиялық деген ұлт жоқ” делінеді екен мұндағы қанатты сөздердің бірі. Расында да ондай нәсіл ешқашан болмаған. Ал мемлекеттің атауы осы жер­лер­ді біздің дәуіріміздің басында қоныс етіп жайлаған тайпа атынан алынған. Қазір олардың ізі мұндағы қай ұлт ұсты­нын­да қалғанын ешкім білмейді. Тари­хы­ның алуан түрлі аумалы-төкпелі кезең­де­рінде Рим империясының, Испанияның, Нидерландының, Франция мен Герма­ния­ның құзырына қарап, солардың жібін ескен бұл өлке өзінің тұңғыш тәуелсіз­ді­гі­не 1830 жылы қол жеткізді. Осы тұрғы­дан қарағанда, ол кәрі Еуропадағы ең жас мемлекет болып табылады. Біртұтас ұлты түзілмеген аймақтың бұлайша жеке отау тігіп кетуіне оны XІX ғасырдың басында Францияның басып алуы тікелей әсер етті. Ал Наполеон жеңілгеннен кейін өткен Вена конгресінің шешімі Нидер­лан­ды мен Бельгияның басын қайта бірік­тірді. Алайда, бұл жердегілердің көпшілігі бұл бірігуге жан-тәндерімен қарсы болды. Қарсылық ең алдымен нидерланд тілі мен протестант діні қайта үстемдік алып кетуі­нен қорыққан мұндағы француз тілді тұр­ғындар мен католик ғибадатшыларынан шықты. Cол қарсылық ұзамай револю­ция­ға ұласып, ол аймақтың ада-күде Ни­дерланды құрамынан шығып, өз тәуел­сіздігін жариялауымен аяқталды. Осындай саяси текетірестердің нәтижесінде бұл елде үш тіл – фламанд, француз және не­міс тілдері мемлекеттік болып қалыптас­ты. Қазір Бельгия халқының 58 пайызын нидерланд тілінің бір нұсқасында сөй­лей­тін елдің солтүстік бөлігіндегі фламандтар толтырса, 32 пайызын оңтүстік қаптал­да­ғы француз тілді валлондар құрайды. Бұлардан басқа шығыс кантондарда 70 мыңға жуық немістер тұрады. Бельгия жұрты корольдер әулетін тап осы алман­дардың арғы тегі – сакс-кобургтерден таңдап келеді. 1980 жылдан бері бір жағы фе­дералды мемлекет болып жариялан­ғаны­мен, өзінің тұма бастауынан конс­титуциялық монархия болып жарияланған Бельгияны король билейді. Қазіргі мемлекет басшысы Альберт Екіншінің жасы 76-да, ол 1993 жылдың 9 тамызынан бері тақта отырып келеді. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасыл төбелері тегіс жазық далаларға, орманды алқаптары құмды пейзаждарға ұласа кететін ландшафты керемет керім­сал елге ресми сапарының басы кеше, 25 қа­зан күні түске таман басталды. Алғаш­қы жол Еуропа Кеңесінің ғимаратына табан төсетті. Онда Нұрсұлтан Назар­баев­ты Кеңес президенті Херман ван Ромпей құшақ жая күтіп алды. Қазақстан бас­шысы мен Еуропа Кеңесінің президенті бетпе-бет жолығысқаннан кейін, ғимарат холлында ескерткіш суретке түсіп, бесінші қабаттағы ЕК президенті кабинетіне көтерілді. Осы жерде Елбасы Еуроодақ­тың басшысына ресми түрде Астана Сам­митіне шақыруын табыс етті. Сосын екеуінің жабық есік жағдайындағы әңгі­месі өрбіді. Кездесу соңында Херман ван Ромпей Елбасы құрметіне ресми ер­теңгілік ас берді. Оған сонымен қатар Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев, Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Нұрлан Ермекбаев және Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Ерік Өтембаев қатысты. Азанғы астан соң ЕК президенті мен Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына келіп, кездесудің нәти­жесі жөнінде айтып берді. Әуелгі кезекті Херман ван Ромпей алды. Оның сөзінен Қазақстан Мемлекетінің бас­шы­сын қатты құрмет тұтатыны салған жер­ден байқалып тұрды. Ол біздің Елбасымен биылғы сәуірде кездескенін айта келіп, бұл жолғы дидарласудың сол кезде орнық­қан сыйластықты тереңдете түсе­тінін баян етті. ЕК президентінің айтуын­ша, соңғы он жылда екі жақты байланыс едәуір нығайған. Мұнда саудадан бастап, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау­ға, ғылыми зерттеулерге дейінгі аралықта көптеген тиімді қарым-қатынас қолға алынған. Ол екі арадағы ынтымақтастық келісімінің 2009 жылы жаңарғанына тоқтала тұрып, қазіргі күннің толғандырар халықаралық мәселелері жөнінде де Нұрсұлтан Назарбаевпен оралымды әңгі­менің орныққанын ойға салды. Со­ның ішінде Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына өту жөніндегі талабына қызу келісім білдіріп, бұған Кеңес тара­пынан қолдау болатынына сендірді. Оның аузымен Қазақстанның Орталық Азия ай­мағындағы іргелі мемлекет екені айты­лып, оның осы өңірдегі ахуалға да жауап­ты екені жеткізілді. Ал Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде бұл жауапкершілік жүгі еселеп артады. Әңгімелеуде Иран­ның ядролық бағдарламасы тура­сын­да да екі жақтың түсіністікті сөз қозға­ғаны белгілі болды. Сөз кезегі келгенде Нұрсұлтан Назар­баев оны Херман ван Ромпей мырзаға меймандостығы үшін алғыс сезімін жет­кізуден бастады. Содан кейін кездесудің өнікті келісімдер жасасуға мүмкіндік бергеніне разылық танытты. – Осы жерде біздің өзара қарым-қатынасымыздың стратегиялық сипаты бар екенін, оның кең ауқымды және ай­мақ­тық қауіпсіздік, экономика, энер­ге­ти­ка, сауда және инвестиция саласындағы ортақ мүдделерді анықтап беретінін атап өткім келеді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы бұдан әрі. – Еуропа Одағы Қазақстанның басты сауда әріптесі болып табылады. 2009 жылы біздің тауар айналымымыз 30 миллиард дерлік долларды құрады. Үсті­міз­дегі жылдың сегіз айында ол 25 мил­лиард доллар шамасына жетті. Қазақстан экономикасындағы шетелдік инвестиция­ның 40 пайыздан астамы – бұл 50 милл­иард доллар болады – Еуропа Одағы елдері­нің еншісіне тиеді. Қазақстан лидері келесі кезекте біздің еліміздің ОПЕК-ке мүше емес елдердің арасындағы Еуропаға энергия жеткізуші үшінші ірі ел болып табылатынын ауыз­ға алды. Біздің беретініміз Еуропа Ода­ғы елдеріне жеткізілуші жалпы энер­гия көлемінің 20 пайызын құрайды. Келіс­сөздер барысында екі жақ өзара ынтымақтастықтың келісімдік-құқықтық негізін жетілдіре түсудің маңызды екені жөнінде бір пікірге келген. Осы орайда олар Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестікті жалғастырудың жаңа келісімін бекіту туралы келіссөзді жеделдету жөніндегі уағдаластыққа қол жет­кізген. Қазақстанда жүзеге асып жат­қан “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдар­ламасы мен Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі стратегиясы шеңберінде Еуроодақпен өзара үйлескен іс-қимыл жасасудың мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл ынтымақтастықтың басым бағыт­та­ры ретінде аймақ қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету, жалпы қауіп-қатерлерге байла­ныс­ты бірлесе әрекет жасасу төңірегінен түрен тартуға тиіс. Сауда және инвес­ти­ция, энергетика және көлік, білім және ғылым, қоршаған ортаны қорғау сала­ла­рында өзара ынтымақтастықтың үлкен әлеуеттері бар. – Шикізат емес салаларды дамыту мен Қазақстанның инфрақұрылымын мо­дернизациялау аясында Еуропа Одағымен ынтымақтастық жасасуға айрықша көңіл бөлінді, – деді Елбасы енді бір сәт. – Біз Еуропа инвестициялық банкімен қызмет­тестікті қалпына келтіру Қазақстанда бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыруға жол ашып береді деп үміттенеміз. Келіссөзде халықаралық саясат мәселесіне қатты назар аударылды. Біз кең ауқымды және аймақтық саясаттың өзекті мәселе­лері жөнінде де пікір алмастық. Олардың қатарында халықаралық қауіпсіздік та­қы­ры­бы, Ауғанстан проблемасы, Қырғыз­стандағы оқиғаларға байланысты Орталық Азиядағы жағдайдың өріс алуы, сондай-ақ жаһандық қаржы-экономика­лық дағдарыстың зардаптарын жою мәселелері мен басқа да маңызды жәйттер қамтылды. Елбасының шетелдерге шыққан сапарының қай-қайсысы да қауырт оқиғаларға толып өтуші еді. Бұл күні де бағдарлама өте тығыз болды. Мемлекет бас­шысы алдыңғы кездесу рәсімі толық біткен бойда НАТО-ның штаб-пәтері орналасқан ауданға қарай бет түзеді. Мұнда оны аталмыш альянстың Бас хат­шысы Андерс Фог Расмуссен қарсы алып, хаттамаға сәйкес екеуі суретке түсті. Ал келіссөз екінші қабатта өтті. Оған біздің делегация жағынан Елбасыдан басқа Қанат Саудабаев, Нұрлан Ермекбаев, Ерік Өтембаев және Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қатысты. Жалпы, Солтүстік Атлант келісім ұйы­мымен қызметтестік біздің еліміздің сырт­қы саясаттағы маңызды бағыттарының бірі болып есептеледі. Тек биылғы 2010 жылдың өзінде ғана бұл альянспен саяси үнқатысу мен тәжірибелік ынты­мақ­тастықты жоғары деңгейге көтерудің бірнеше пәрменді қадамдары жасалды. Айталық, 28 қаңтарда Брюссельде Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев НАТО-ның Бас хат­шысы Андерс Фог Расмуссенмен келіссөз жүргізіп, оның барысында тараптар ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегін таразы басында бағамдап көрді. Ақпан айында ҚР Үкіметі мен Солтүстік Атлант альянсы арасында келісім-шарт жасалып, онда Ауғанстанға жүк жеткізу үшін Қазақстан темір жолын пайдалану мәселесі қарастырылды. НАТО басшысымен кездесудегі әңгі­меге негізінен осылардың жайы арқау болды. Мұны жүздесу біткен бойы бұ­қара­лық ақпарат құралдары өкілдері алдына шығып, спич-мінбеден тіл қатқан Бас хатшы мен Елбасы біршама тарқатып айтып берді. Бастапқы сөзді алған А.Ф.Расмуссен бүгінгі кездесудің көп уақыт­тан бергі байланыстың жалғасы іспет­тес болып табылатынын тілге тиек ете отырып, оның алдағы уақытта да жемісті бола бермегіне сенім білдірді. – Қазір ғана менің НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен кездесуім аяқталды, – деп бастады өзінің сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. – Кездесу ба­рысында біз Қазақстан мен НАТО арасындағы қызметтестіктің жайы мен келешегі туралы сөз қозғап, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мә­селелерінің өзегіне көз жүгірттік. Осыған орай біздің Солтүстік Атлант альянсымен арадағы қарым-қатынасымыздың жемісті дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Ал “Бейбітшілік үшін әріптестік” бағ­дар­ламасының аясындағы 16 жылдық қыз­мет­тестігіміз тек қана әскери саламен шек­теліп қалмай, ол өзара ынтымақ­тастығымызға айтарлықтай әлеует жинап үлгерді. Парламенттік Ассамблея мен НАТО-ның жұмысына Қазақстан бақы­лаушы ретінде қатысуда. Өткен жылғы маусымда біз Астанада кеңестік кеңістікте бірінші болып НАТО форумын – Еуропа-Атлант әріптестігінің министрлік кездесулерін өткіздік. Қазақстан аума­ғын­да НАТО бөлімшелерінің қатысуымен “Дала қыраны” атты халықаралық оқу-жаттығу жиыны жүріп тұрады. Қазір ын­тымақтастығымызды жаңа деңгейге жет­кізген әріптестік қызмет жеке жоспары­ның екінші кезеңі жүзеге асуда. Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның НАТО жанындағы Әскери өкілі тағайындалғанын мағлұм ете келіп, еліміз­дің қорғаныс және қауіпсіздік, Қарулы Күштерді модернизациялау мен жарақ­тан­дыру, құтқару және шекара қызметі са­лалары бойынша НАТО-мен қызметтес болуға мүдделі екенін еске салды. Бас хат­шымен келіссөз барысында да Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайлар талқыла­ныпты. 1-2 желтоқсанда өтетін Астана Саммитіне айрықша мән берілген. Ол Қазақстанның жалпыға ортақ қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық ынты­мақ­тастықты күшейтуге қосқан айрықша үлесі ретінде қарастырылады. Осы ретте Мемлекет басшысы біздің еліміздің Ауғанстандағы халықаралық күштерге жүк жеткізу үшін әуе және темір жол дәлізін ұсына алатынын білдіргенін айтты. Қазақ­станның халықаралық күштер штабына оқып-үйрену үшін бірнеше әскери қызметкер жіберуге шешім қабылдауы да осы ынтымақтастықты жаңа қырынан жал­ғастырудың бір жолы болып табы­ла­ды. Сөзінің соңында Елбасы НАТО-ның Лиссабонда өткізетін саммитіне Қазақ­станнан делегация қатыстыру жөнінде ұйғарым болғанын мәлімдеді. Бесін белден өтіп, ақшамға қарай ауған шақта Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір маңызды кездесу өткізіп, бұл жолы Еуропа инвестиция банкінің президенті Филипп Майштадтпен емен-жарқын ди­дарласты. Бұл банкпен Қазақстан арасын­дағы байланыс 2008 жылдың күзінде басталған. Ол аталмыш банктің Орталық Азия елдеріне инвестициялық қаржы беру мүмкіндігін қарастырған Еуропа Одағы­ның мандатын алғаннан кейін мүмкін болды. Ал мандатқа сәйкес банк қазіргі кезеңде бұл жаққа 1 млрд. еуро көлемінде ақша бөле алады. Өз кезегінде Қазақстан Еуроодақтың аса ірі қаражат құрылы­мы­мен ынтымақтастықты біздің мемлекеті­міздің инвестициялық саясаттағы түйінді компоненттерінің бірі ретінде бағалап отыр. 2009 жылғы 16 желтоқсанда Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев Люксембургте Еуропа инвес­тициялық банкінің вице-президенті Ева Шрайбермен кездесіп, Еуроодақтың Орталық Азия үшін бөлінген құрамалы грантын Қазақстанға да қолжетімді ететі­ніне көз жеткізді. Ал биылғы жылғы 25 қаңтарда Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев банк президенті Филипп Майштадтпен кездесті. Банк президенті өз кезегінде биылғы 1 шілдеде Астанада өткен эконо­микалық форумға қатысып қайтты. Осы сапары кезінде банкир елордада Мем­лекет басшысымен де кездескен-ді. Оның түйінінде банк Қазақстанға жалпы сомасы 1,5 млрд. еуро болатын кредит беретін, оның 100 миллионын жылдың соңына дейін қамтамасыз ететін уағдаға жығылды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының банк президентімен Еуропаның төріндегі кездесуі аяқ астынан пайда бола салған басқосу емес еді, оның әлгіндегідей әбден пісіп-жетілген алғышарттары болды. Елбасы кешке қарай алдымен Бель­гия­ның Премьер-министрі Ив Летерм­мен, сосын Король Альберт Екіншімен кездесті. Осы кездесулердің алдында ядро­лық сынақ құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Ал кездесулер кештеу аяқталғандықтан, олар жайындағы есепті мақаламыз газеттің келесі нөмірінде жарияланатын болады. Серік ПІРНАЗАР, “Егемен Қазақстан” — Брюссельден. ---------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.