• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2010

Нұротандықтар бюджет жобасын талқылады

385 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы “Нұр Отан” ХДП-ның кеңсесінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының өкілдері қатысқан кеңейтілген отырыс болып өтті. Онда алдағы 3 жылға жасақталған республикалық бюджет жобасы талқыланды. Елбасы ха­лыққа Жолдауында еліміз­дің 2020 жылға дейін даму бағытын ай­қындаған болатын. Пре­зидент әлемдік эко­номикалық даму­дың қазіргі заманғы трендтерін ескере отырып, бізге дағ­да­рыс­тан кейінгі сауығу мен жаңа тұр­пат­ты экономи­ка­лық дамуды міндеттеді деді Үкімет басшысы. Осы­ған сәйкес Үкі­мет ал­дағы 5 жылға есеп­телген ин­дус­трия­лық-инновация­лық даму бағдар­ла­масын ұсынып, ол Елбасы қолдауына ие болды. Нә­тижесінде 7,26 трлн. тең­ге­ні құрайтын “Индустрияландыру картасына” рес­публикалық және ай­мақ­тық маңызы бар 237 инвести­ция­лық жо­ба кірді. Алғашқы жартыжыл­дықтың өзінде көптеген іс атқарылып, оның 72-сі іске қосылды. Жыл аяғына дейін 150 жоба өз мәресіне жететін болады. Пре­мьер-Министрдің ай­туын­ша, өткен 9 ай­дың қорытындысы бойынша ІЖӨ 7,5 пайызды құраған. Бұл ТМД бойынша ең үздік көр­сеткіштердің бірі. Қарашадағы мә­лі­меттер бойынша өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға өссе, қайта өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз өсімді көрсеткен. Химия өнер­кәсібі 76,5 пайызға артқан. Мемлекеттік азық-түліктік бидай қоры 500 мың тонна екен. Ал ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемі соңғы 9 ай ішінде 1 трлн.теңгені құрапты. Кәрім Мәсімовтің айтуынша, Үкімет азық-түлік рыногын­да­ғы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Сондай-ақ жылдық инфляция – 6-% бо­ла­ды деген Үкімет болжамы дұрыс кел­ген­­дей. Ағымдағы 9 ай ішінде инфляция 5,2 пайызды көрсетті. Елбасы тапсырған тағы бір мәселе — әлеуметтік міндеттеме­лер. Олардың орындалу барысы қандай екендігі халықтың көз алдында. Осыған дейін күрмеулі мәселе боп келген балалар бақшасы, мектепке дейінгі балалар мекемесі тек биылғы жыл ішінде 457-ге көбейген. Еліміздің 3 ірі банкі, БТА, Альянс және Темір банктердің берешегін қайта құрылым­дау секілді қиын үдеріс сәтті аяқталды. Осы шара нәтижесінде қаржы және бюджет жүйелерінде тұрақтылық байқалып отыр. Банктердің депозиттік базасы да өсуде. 2008 жылы 5,4 трлн.теңге болса, биылғы жылдың еншісіндегі көрсеткіш – 7,3 трлн. теңге. Бұл ха­лық­тың жинаған қаржысының өскендігін білдіреді. 2011-2013 жылдарға арналған жаңа 3 жылдық бюджет нақты әрі ашық әлеу­меттік сипатқа ие. Онда Үкімет негізгі на­зарды экономикалық даму мен әлеу­меттік даму­дың сапасына аударып отыр. Бұл ең бі­рінші үдемелі индустриялан­ды­руға қатысты. Жобаның жүзеге асыры­луына жоспарланған бюджеттен 2,3 трлн. теңге, ал келесі жылы 800 млрд. теңге қа­растырылған. Еліміздің экс­порттық әлеуеті мол саласының бірі агро­өнеркәсіптік кешен болып табылады. Сон­дық­тан оның биылғы қаржыландырылуы 487 млрд. теңгені құрап, ал келесі жылы 170 млрд. теңгедей болмақ. Көлік инфрақұры­лы­мының 2011 жылғы дамуына бюджеттен 345 млрд. теңге қарастырылып отыр, ал 3 жыл ішінде барлығы 1 трлн. теңгеден астам қар­жы бөлінбек. Бұл ретте тек ха­лық­аралық ма­ңы­зы бар жолдар ғана емес, елімізге, эко­но­микамызға пайда әкелер жолдар да салын­бақ­шы. Кәрім Мәсімов 2011 жылы “Өзен-Түр­кіменстан шекара­сы” темір жол учаскесі аяқ­талатынын мәлімдеді. Жаңа бағыт арқы­лы ел бизнесі Парсы шығанағы елдерінің рыногына тура шығуға мүмкіндік алады, бұл 600 км. жол қысқаратын болады деген сөз. Бюджетте бұл мақсатқа 10 млрд. теңге қарас­тырылған. Жоспарланған 3 жылдық бюджетте әлеу­мет­тік нысандар маңызды рөлге ие. Мысалы, білім беруді дамытуға байланыс­ты жасақ­тал­ған бағдарламаның жүзеге асуына 151 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр, оның 50,6 млрд.теңгесі 2011 жылы бөлінетін болады. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу де назардан тыс қалған жоқ. “Балапан” бағдар­ла­масына биыл 3 жылдық бюджеттің 21,3 млрд. теңгесі берілсе, осы сома 3 жылда 52,7 млрд. теңгеге жететін болады. Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ламасына 2011 жылы 65 млрд. теңге жос­пар­ланып отыр, ал 3 жыл ішінде барлығы 209,4 млрд. теңге қарастырылады. Тілдерді да­мыту мем­лекеттік бағдарлама­сына бюджет жобасы­нан 19,1 млрд. теңге бөлініп, оның 5,8 млрд. теңгесі 2011 жылы беріледі. Бюджет жобасында тағы бір ма­ңызды мәселе – ауыз су. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін су құралдарына бө­лінетін қаржы – 178,6 млрд. теңге. “Нұр Отан” ХДП-ның Парламент Мә­жі­лісіндегі фракциясының кеңейтілген оты­ры­сына ұсынылған 3 жылдық бюджет жоба­сы осы­ған дейін “Нұр Отан” фракциясына мүше депутат­тардың қатысуымен әлденеше рет зерттелді. Премьер-Министр өз баяндамасының соңында республикалық бюджет тапшылығы біртіндеп азайтылатындығын мәлімдеді. Мы­салы, 2011 жылы ол 2,8% ІЖӨ көрсеткіші­нен 2013 жылы 1,5%-ға азаймақ. Биылғы жоспарланған республикалық бюджет ІЖӨ-нің 4,6 %-на тең тапшылықпен бекітіліп отыр. Жаңа республикалық бюджет жобасы дұрыс әрі теңгермелі жасақталған, деді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов. Венера ТҮГЕЛБАЙ.