• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2010

Апта айшықтары

469 рет
көрсетілді

АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТТЫҚ ТОП ӨҢІРДЕ БОЛДЫ Елбасының “Жаңа он жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауының алғашқы қорытындыларын жұртшылыққа жеткізуге арналған республикалық ақпараттық насихат тобы өндірістік өңірде болып қайтты. Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және  жаңа техно­ло­гиялар министрі  Әсет Исекешов бастаған топтың құрамындағы Ден­саулық сақтау министрі  Салидат Қайырбекова, Президент Әкім­ші­лігі  әлеуметтік-экономикалық мониторингі бөлімінің меңгерушісі Серік Нөнербеков,  Мемлекеттік қызмет істері  жөніндегі агенттігінің төр­ағасы  Қайрат Нұрпейісов, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес жөніндегі  агенттігінің департамент бастығы  Қасым­тай Нұржанов, Сыртқы істер министрлігінің комитет төрғасы  Талғат Қалиев, Білім және  ғылым министрлігінің басқарма бастығы Жанат Самуратова Қарағанды, Теміртау, Қаражал қалалары тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, Жолдауда алға қойылған міндеттердің іске асырылуы жайлы әңгімелер өткізді. Сонымен қатар, ақпараттық топ мүшелері Бұқар жырау, Осакаров, Абай аудандарында болды. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. * * * ӘКІМНІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЫ Өңір басшысы Бергей Рысқалиев айына бір рет қоғамдық қабылдау өткізіп, жұртшылықтың талап-тілегін тыңдауды үрдіске айналдырды. Өткен аптада әкімнің қабылдауына жазылған 15 тұрғын әртүрлі әлеуметтік проблемаларын айтып, өңір басшысынан қолдау күтетінін жасырмады. Мәселен, Ұлдай Танашева баласын шетелдік компанияның мердігер кәсіпорнында жұмыс істегенін қалайды. Ал Хауазия Әбдешова мен Гүлбану Айтжанова туысқандарының емес, өздерінің жұмысқа орналасуына көмек сұрады. Әрине, бұл жолы да баспаналы болудан үмітті екендігін, мәселенің шешілуі тек өңір басшысының арнайы тапсырма беруіне тірелетінін алға тартқандар кездесті. Олардың арасында колледж оқытушысы да, жоғары оқу орнының жас ғалымы да, тіпті зейнеткер де бар. Меншікті жер телімі жоқтығынан жайлы баспана сала алмай жүргендер де қоғамдық қабылдаудан арқаланып шықты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * Қайраткерге құрмет көрсетілді Өткен жұмада Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің 80 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда аталып өтті. Салтанатты шара Е.Әуелбеков тұрған үйге қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойып, ардақты азамат жайлы естеліктер айтудан бастау алды. Жұртшылық алдында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов қоғам қайраткерінің еңбектері жайлы егжей-тегжейлі баян етті.Мұнан соң қоғам қайраткері туралы жазылған “Дара тұлға” кітабының тұсаукесер рәсімі болып, сөз сөйлеген С.Шаухаманов, А.Дәулетов,Ә.Бәкіров, Ы.Қалиев тағы басқалар Еркін Нұржанұлының іскерлік қабілетіне жоғары баға беріп, оның атына жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Есімі ел есінен кетпес жанға құран бағышталып, ас берілді. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда. * * * ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ ДӘРІСХАНАСЫ Семейдегі қаржы-экономикалық колледжі,  ұзақ жылдан бері кешегі майдангер министр Рымбек Байсейітовтің атымен аталады. Аталған оқу орнында тамаша бір дәстүр бар. Яғни, мұнда Абай, Шәкәрім және Мұхтар сынды ұлылардың дәрісханалары ашылған. Енді жуырда осында халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың дәрісханасы ашылды. Өйткені, Әзағаң майдангер министрмен соғыста бірге қан кешіп қана қоймай, ол туралы кеңінен қалам да тербеген-ді. Жаңадан ашылған дәрісханада халық жазушысы туралы мағлұмат молынан жинақталған. Өткенде оның ашылу салтанатына Әзағаңның өзі де келіп, қатысып қайтты. Соның бәрі жас ұрпақ үшін ұлағатты шара болды деп ойлаймыз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * Семинар тақырыбы – жемқорлықпен күрес Атырау қаласында арақ-шарап сататын дүкендер саңырауқұлақтай қаптағанмен, тұтынушыға ұлттық тағам түрлерін ұсынатындай сауда орны болған емес. Міне, осы олқылықтың орнын жеке кәсіпкер Раушан Сағиева “Шұбатхана” дүкенін ашумен толтырды. Атынан байқалып тұрғандай, мұнда келушілерге алдымен шұбат, оған қоса бауырсақ, құрт, ірімшік, балқаймақ, жент, тары, талқан, қуырдақ секілді қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылады. “Шұбатхананың” ұлттық нақышпен безен­ді­ріл­ген залында ұлттық киім киген даяшы қыздар қызмет көрсетеді. Өмір ЕСҚАЛИ. Атырау. * * * КЕЛІНДЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ Ш. Құсайынов атындағы Қазақ драма театрында Президент жанын­да­ғы әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссияның, облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасының ұйым­дастыруымен “Қазақтың келіндері” атты аймақтық байқау өткізілді. Бұл шараға іріктеу сайыстарында жеңімпаз атанған 14 келін қатысты. Екі күнге созылған байқаудың тәлімдік мәні жоғары екендігі атап көрсетілді. Нәзік жандылар билікте, саясатта, ғылымда, өнер мен мәдениетте, спортта белсенділік танытып, ел дамуына сүбелі үлес қосуда. Келіндер сыны неке және отбасы құндылықтарын насихаттап, халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, рухани байлығын әспеттеумен ерекшеленді. Байқау қорытындысында Бурабай ауданының өкілі Баян Бекетай жеңімпаз атанып, желтоқсан айында өтетін республикалық “Қазақтың келіні” байқауына жолдама алды. Жүлдегерлер мен байқауға қатысушыларға алғыс хаттар мен “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының сый-сияпаттары тапсырылды. Бақберген  АМАЛБЕК. Ақмола облысы. * * * “ҚАУІПСІЗ ЖОЛ” ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ Соңғы кезде үлкен автомагистральдарда Шымкент автобус жүргізушілерінің кінәсінен жол ережесінің бұзылып, үлкен апаттардың орын алуы жиілеп кетті. Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстікте жолға шығатын жолаушылар көп. Автобустардың да жосып жүретіндігі сондықтан. Осыған орай облыста “Қауіпсіз жол”  шарасы басталып, алғашқы күннің өзінде халықаралық бағыттарға қатынайтын 90 автокөлік тексерілді. Жол полициясы көптеген келеңсіздіктерді анықтап, хаттама толтырып жатыр. Көліктерінің техникалық жағдайы нашарлары жолға шығарылмайды. Талап күшей­тілуде. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент.