Абысын асы
“Абысын асы” (салт). “Абысын тату болса ас көп” (мақал). Бұрын біp ауылдың әйелдері яғни абысындар күнделікті өміp күйбеңімен ертелі-кеш үй шаруасында жүреді. Олар ата-ене, күйеуінің рұхсатынсыз ешқайда шыға алмайды. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен-кішісі аттанып кетеді де ауылда тағы да сол әйелдер қалады. Абысындардың еркіндеп қалатын кезі міне, осы сәт.
Олар мұндайда өздері біp үйге бас қосып жылы-жұмсағын қазанға салып, шәй қойып өздері біp кеш сауық жасайды, өлең айтады, бой көтереді, сырласады. Дастарқанды кең жайып дәм татады. Mінe, осы бас қосу, осындағы дәм “абысын асы” деп аталады. Бұл да қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағының көpініcі болатын.
Ағайын татулығы
Туыстық жақындықты білдіретін ұғым; рулас, аталас, бауырлас адамдар. Ежелгі дәстүр бойынша ағайынның жұмған жұдырықтай тату болуы, қуаныш пен қайғыны бір кісідей бөлісуі қатаң ескеріліп отырған. Қонысы мен өрісі, тыныс-тіршілігі бір ағайын ішіндегі сыйлы қариялар әр істің бас-қасында болған, жөнін айтқан. Ағайынға ұят келтіретін жөнсіз іс, ұрлық-қарлық жазаланған. Өмірде жаңылыс басқан ұлына немесе қызына айтылатын “ағайынға қай бетіммен қараймын” деген сөз жан күйзелісінің аса бір ауыр сәтінде айтылған.
Ант мезгіл
Өмір бар жерде өлім де бар екені ақиқат. Халқымыз адам туғанда қандай қуанып “сүйіншілеп” жан-жаққа ат шаптырса, қазалы хабарды да жеткізудің жөн-жосығы бар. Дүниеден өтер адамды қазақ қасында отырып, ақырғы сапарға аттандырар алдында қарап, бақылап отырады. Науқас жан тәсілім етер алдында былайша айтқанда, екі дүние алдында фәни мен бақи алдында жатады, ес-түсінен айырылады. Соңғы демінің аяқталар сәті жетеді. Мұны “ант мезгіл” деп айтады. Данышпан атамыз мұны былай деп жазған екен.
Жұрт айқан сол ант мезгіл келсең керек,
Мен де пенде амалсыз көнсем керек.
Қызығы зор қайран дос, қайран тату,
Сендер өлдің мен-дағы өлсем керек
(Абай)
Ала жіп аттамау
Қазақ дүниетанымында ала жіп туралы әртүрлі ұғымдар мен түсініктер бар. Мысалы баланың тұсауын кескенде, адамдар қатты ренжіскенде, тағы басқа әдет-ғұрып қағидаларында “ала жіп” бейнесі қолданылады. Соның бірі – ала жіп аттамау деп аталады. Ол адалдыққа, адамгершілікке сай қолданылатын теңеудің бір саласы десе де болады. Бұл теңеу ешкімге “қиянат жасама, біреудің мал-мүлкін ұрлама” деген терең мағынаны білдіреді. “Біреудің мен ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын” деген сөзі оның ақ-адалдығын сездіреді.
Бата
1. Бата (бата беру, бата алу), (дәстүр). “Батаменен ер көгерер” (мақал). Ақ тілеудің бeлгіcі – бата. Ол кез келген жерде айтыла бермейтін қасиетті рухани ұғым. Ең жақсы батаны халық “ақ бата” деп қастерлейді, айта жүреді, үлгі етеді, жаттап алады.
Батаның бірнеше түpлepі бар.
1. Жас талапкерге бата. “Сырым батыр жас кезінде батасын алайын... деп Бөкен биге барыпты”. Бұл ерлік, өнер, өміp жолына, ұзақ сапарға аттанар алдында әдейі барып тілейтін бата. Қошқарұлы Жәнібек жас кезінде Қаракерей Соқыр Абыздан бата сұрай барғанда ол кіcі былай депті.
Бедеуің белдеуіңде байлаулы болсын,
Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын.
Eсігің, ашық болсын,
Қабағың жазық болсын.
Сонда ағайының кетпес қасыңнан,
Жақыныңа бұрмай төрені түзу бер,
Сонда қаумалаған халық кетпес қасыңнан.
2. Дастарқанға бата. “Дастарқаның мол болсын, Абыройың зор болсын” (“Ақ бата”). Батаның екінші түpі дастарқанға ризашылықпен беріледі. Дұрыс мүшелі қонақасы берілмесе шешен, өткір тілді адамдар бата арасында сол үйдің сараңдығын да қосып айтып жіберетіндер болған.
3. Алғыс батасы. “Бақ берсін, бас бepcін. Өміріңе ұзақ жас берсін” (“Ақ бата”). Үлкен кіcілep немесе кез келген адам біpeyдің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата береді. Батаның тәрбиелік мәні зор.
“Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер” деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Ендеше бата да сол ұлы қасиеттерге бастаушы әpі тудырушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, шешендік тілмен, әсерімен, қол жайып айтылады.
Батаны құрмeтті, елге өте сыйлы адамдар береді.
Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ, жазушы.