Электр энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын бекемдеуден көрініс табуда
Жаһандық қаржы дағдарысы бірсыпыра елдердің бұған дейін пайдаланылмай келген мүмкіндіктерді іздестіруге түрткі болғаны анық. Осы тұрғыдан келгенде экономикалық әлеуеті өте-мөте ілкімді саналатын Қазақстанның екінші тынысы ашылатындығына еш таңдануға да болмас еді. Ендеше, елде 2020 жылға дейінгі дамудың Стратегиялық жоспары, Индустриялық-инновациялық қарқынды дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылдануы бұл орайдағы нақты қадам болып табылды. Әлбетте, экономиканың негізгі салаларын көтеруге қосымша, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға мән беріліп, оған үлкен көңіл бөлініп отырғандығы өте маңызды. Осы арада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауында да “қарқынды индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу” жөнінде тапсырма бергендігін атап көрсеткеніміз орынды.
Айтар болсақ, электр энергетикасы саласында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры дәстүрлі энергетиканы одан әрі өрістетуді көздеп отыр. Ал, бұл саладағы бәсекелі артықшылықтардың бірі көмірдің, мұнай мен газдың елеулі қоры түріндегі энергетикалық және минералдық ресурстардың арзан көздерін игеріп, игілікке жарату болмақ.
Бұл реттегі жұмыстар орын-орнымен жолға қойылуда деп айта аламыз. Электр энергиясын өндіру жөніндегі жаңа қуаттарды құру ірі шетелдік компаниялармен тығыз әріптестік ынтымақтастықпен жүргізіліп келеді. Мысалы, Samsung компаниясы Балқаш жылу-энергетикалық орталығының құрылысы жобасы бойынша Қордың әріптесі болып табылады. Сонымен бірге “Самұрық-Қазына” “Интер РАО ЕЭС”-пен және “Сыртқы Экономикалық Банкпен” бірлесе отырып Екібастұз ГРЭС-2-ні жаңалауды іске асыруда. Нақ осы арада Қордың басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің: “Қандай да бір ірі жобаға қызмет көрсетуші сала да соның айналасында жанданады. Демек, инвестиция, біздің Қордың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар экономикамызға жан-жақты тиімді болмақ” деген сөздерін еске салған артық болмас.
Бір атап айтарлық жай, сонымен қатар “Самұрық-Қазына” қоры Индустриялық-инновациялық қарқынды даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бір басым бөлігі болып табылатын қайта жаңғыртылған электр энергетикасын өркендетуге белсенді қатысып отыр. Атап айтқанда, Шарын өзеніндегі Мойнақ гидроэлектр стансасының құрылысы мен Шардара гидроэлектр стансасын жаңаландыру жобалары халықаралық қаржы институттарымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған, бірлескен жемісті ынтымақтастықта іске асырылуда.
Жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2015 жылға қарай өндірілетін электр энергиясының жалпы өсім көлемі 28 млрд. кВт-сағаттан астам болады деп күтілуде. Оның үстіне жаңғыртылған көздерде жұмыс істейтін стансалардың белгіленген қуаттылығының 15 пайызға арттырылуы жоспарланған. Сөйтіп, жалпы энергетика саласында индустриялық-инновациялық қарқынды дамудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 9 жобаны қолға алып отырған “Самұрық-Қазына” елдің энергетикалық әлеуетінің нығая түсуіне айтарлықтай сүбелі үлес қоспақ.
Ел экономикасын өркендетуге септесетін тағы бір ұстын – көлік инфрақұрылымы. Қазақстанның стратегиялық жағрапиялық жағдайы экспорттық мүмкіндіктер мен транзиттік әлеуетті жақсарту мақсатында көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттігін алға тартады. Осы орайда қазіргі уақытта “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ екі үлкен жобаны іске асырып, “Жетіген-Қорғас” темір жол желісін және Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара жаңа темір жол желісін тарту жөніндегі құрылыс жұмыстарын атқаруда. Аталмыш жобалар елдің “Солтүстік-Оңтүстік” бағытындағы, сондай-ақ Батыс Қытайдан Ресейге және Батыс Еуропа елдеріне қарай транзиттік мүмкіндіктерін айтарлықтай жақсартпақ. Желінің өткізу қабілеттілігі экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдар көлемін жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Бұдан басқа, осынау жобаларды іске асыру Қазақстанның сауда тұрғысындағы әріптестерімен бұрынғы көлік байланыстарын едәуір оңтайландыруға және жаңаларын түзілдіруге жақсы алғышарттар жасайды. Мысалы, Жетіген-Қорғас темір жол желісі қазір жұмыс істеп тұрған Достық өткел-бекетімен қатар, көршілес елмен арадағы екінші шекаралық өткелді дамыту арқылы ҚХР мен Қазақстанның оңтүстік өңірлері және Орталық Азия елдерімен арақашықтықты қысқартуға септігін тигізбек. Өз кезегінде Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара темір жол желісі отандық жүк жөнелтушілерді Ресей мен Қазақстанды Иранмен, Түркіменстанмен, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерімен жалғастыратын баламалы жол бағытымен қамтамасыз етуді қарастырған.
Мінеки, осы айтылған темір жол желілері пайдалануға берілген кезде соның ықпалымен өңірлердің өркендеп дамыған сурет-келбетін кәдімгідей көзге елестетуге болады. Құрылыс барысында да, нысандарды қатарға қосу сатыларында да қаншама жұмыс орындары жасақталады. Екі жоба бойынша да қазақстандық мазмұн үлесі 80 пайыздан асып түспекші.
Көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ынтымақтастықты жолға қою аясында “Қазақстан темір жолы” мен Alstom және “Трансмашхолдинг” компаниялары арасында Қазақстан аумағында заманауи магистралдық электровоздар шығару жөнінде, сондай-ақ Talgo компаниясымен жолаушылар вагондарын шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде Меморандумдарға қол қойылды.
Бүгін таңда Қазақстандағы электровоздар паркі 574 бірлікті құрайды екен. Ал олардың тозу деңгейі 75 пайыздың үстіне шыққан. Сол себептен де “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-тың жаңаландыру бағдарламасына сәйкес таяу жылдарда ұлттық компанияның 602 электровоз алуы көзделген. Ал ҚТЖ-ның вагондар паркі 5900 бірлікті құрайды. Олардың да тозу деңгейі жоғары. Бүгінде ағымдағы жетіспеушілік 7000 вагон шамасында. Тек 2013 жылға дейін ғана тағы 14228 вагон бірлігі қатардан шығады деп жоспарланған. Міне, дәл осы жағдайда “Самұрық-Қазынаның” көлік саласындағы мәшине жасау жобалары көмекке келіп, түйткілді жайдың шешімін тауып қана қоймай, сонымен қатар темір жол тасымалындағы қауіпсіздік пен сапаны да қамтамасыз етпек.
Осылайша “Самұрық-Қазына” ұлттық қорының электр энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытатын жобалардағы ауқымды үлесі барынша тиімділікке бастап, өркендеу мүмкіндігімізді молайта бермек.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.