• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Бағдарлама білім сапасын халықаралық стандартқа негіздейді

869 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің тапсырмасына байла­нысты Білім және ғылым ми­нистрлігі “Ұлттық сараптау орталығы” акцио­нерлік қоғамы­мен бірге Елбасының 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген “Қазақстан Республи­ка­сында 2020 жылға дейінгі стра­­­тегиялық даму жоспарына” сәй­кес “Қазақстан Республи­ка­сында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жобасын жасады. Осы жобаның негізгі бағыт­та­рын түсіндіру мақсатында Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бірқатар кәсіби ма­ман­дармен жасақталған сарапшы топ құрылған. Оңтүстік Қа­зақстан облысы Шымкент қаласындағы №2 кәсіптік лицейдің директоры Еркін Сатқанбаев аталған сарапшы топтың мүшесі. Біз жақында Еркін Тұрниязұлына жолығып, сауалдарымызға жауап алған едік. – Еркін Тұрниязұлы, сіздің ойыңызша, 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасауға не себеп болды? Біздің білуімізше, “Қазақстан Республикасындағы тех­никалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасы” әлі де өзінің көкей­кес­тілігін жоғалт­қан жоқ қой. – Иә, сіз өте дұрыс сұрақ қой­ып отырсыз және оған бір жағынан өзіңіз жауап та беріп отырсыз. Сіз айтып отырған бағдарлама ол таза техникалық және кәсіптік білім берудің 2008-2012 жылдарға арнал­ған даму бағдарламасы. Ол бағ­дарлама да Қазақстан Республи­ка­сының 2020 жылға дейінгі стра­те­гиялық даму жоспарына сәйкес орындалады. Ал бүгінгі ұсынылып отырған жоба ол Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2010 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған “Оқу ұйым­дарының толыққанды әрекет ету үшін, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Үкіметке тиісті заң жо­басын жасап, Парламентке енгізуді тапсырамын” деп айтқан тап­сыр­масына байланысты жасалған “Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы”. Бұл бағдарламаға сәйкес Қазақстанда 2020 жылға қарай білім беру жүйесінің барлық деңгейлері – мектепке дейінгі бі­ліммен жоғары білімге дейін тү­бе­гейлі жаңғыртылатын болады. Білім берудің әрбір денгейінде білім алу, сондай-ақ кәсіби біліктілікті арттыру, адамның бүкіл өмір бойы тұрақты түрде жаңа білім мен дағдыларды алу мүмкіндіктері ұсынылады. Бұл бағдарлама екі кезеңде іске асырылады: Атап айтқанда, бірінші кезеңде 2011 – 2015 жылдар жекелеген бағыттар бойынша білім беруді дамытудың модельдерін әзірлеу­мен, оларды сынақтан өткізумен, сондай-ақ ауқымды қайта құрулар жүргізу көзделіп, нәтижесінде 2015 жылға дейін өтпелі кезең аяқта­лады. Қазақстанның білім беру жүйесі құрылымы, мазмұны, бас­қару тетіктері мен қаржыландыру дамыған елдер моделіне сәйкес келетін болады. Сондай-ақ, екінші кезеңде 2016 – 2020 жылдар құрал-жабдықтарды сатып алуды, инвестицияларды көз­­дейтін іс-шараларды жүзеге асы­­руға бағытталады. Бағдарла­ма­ның білім беру жүйесін дамыту міндеттерін шешуге бағытталған іс-шараларын әдістемелік, кадрлық ақпараттық қамтамасыз етуге ба­сымдық беріледі. Әрбір кезеңде жылдар бойынша Бағдарламаның іске асырылуын және бағдарламаның, іс-шара­лар­дың білім беру жүйесінің, жай-күйіне әсерін сипаттайтын көр­сет­кіштерді өзгерту жоспарланған. Нәтижесінде, 2020 жылға дейін бі­лім беру жүйесі жоғары білім са­па­сы мен халықаралық индикатор­лар­мен расталған адами капитал­дық даму деңгейінде нәтиже бере­тін болады. Осының барлығы Қа­зақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму жоспарына сай жасалынып отырған жұмыстар. – Ереке, сіз кәсіптік білім беру саласының маманысыз, осы бағдар­лама кәсіптік білім беру саласына не береді? – Сұрағыңыз өте орынды. Қа­зақстан Республикасы Президен­ті­нің үстіміздегі жылғы Қазақстан хал­қына арналған Жолдауында кә­сіптік және техникалық білім беру туралы “Кәсіптік және техникалық білім­ кәсіптік стандарттарға негіз­деліп, міндетті түрде экономи­ка­ның талаптарымен тығыз бай­ла­нысты болуы қажет” деп айтқан болатын. Соған байланысты осы бағдарламада техникалық және кәсіптік білім беру туралы тарауда, осы саладағы кейбір кемішіліктерді ескере отырып оның шешу жол­дарын қарастырған . Атап айтқанда, мамандарға қойылатын ескірген біліктілік та­лап­тары бойынша кадрларды да­ярлау мазмұны индустрия және жұ­мыс берушілер сұраныстарын қа­на­ғаттандыра алмайды. Қолданыстағы инфрақұрылым және материалдық-техникалық жарақтандыру техни­ка­лық және кәсіптік білім жүйесінде сұранысқа ие кадрлар даярлауды қамтамасыз ете алмайды. Инженер-педагогикалық қыз­меткерлердің мәртебесінің төмен болуы жоғары білікті кадрларды тартуға мүмкіндік бермейді. Қаржыландыру көлемінің тө­мендігі мен тиімсіз басқару сақ­талып отыр. Осы мәселелерді ескере отырып бағдарламаны әзірлеушілер Бағ­дар­ламаның басты мақсаттарын ан­ықтаған. Ол: қаржыландыруды же­тілдіру. Білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекеттік қолдауды кү­шейту және педагогикалық жұ­мыс­­­­керлердің еңбегін ынталандыру. Білім беру саясатының барлық субъектілерінің рөлін және олар­дың өзара байланысын арттыру. Ин­дустриялық-инновациялық даму талаптарына сәйкес техникалық жә­­не кәсіптік білім жүйесін же­тіл­діру сияқты міндеттерді көздейді. – Дұрыс екен. Осы жерден бір сұрақ туады. Бағдарлама қарапайым халыққа не ұсынады? – Қарапайым халықтың бұл бағдарламадан ұтары көп. Ол үшін негізгі бағыттарды айта кеткені жөн болар. Біріншіден: 2013 жылдан бастап мектепке дейінгі және орта білім берудің педагог қызметкерлеріне біліктілік санаты үшін төленетін қосымша ақшаның мөлшері артты­рылатын болады. Педагог қызметкерлердің орта­ша жалақысы 2015 жылы эко­но­микадағы орташа республиканың жалақысының деңгейіне жеткі­зіледі. 2016 жылдан бастап азаматтық қызметшілер лауазымдарының ті­зіміне өзгерістер енгізу арқылы өн­дірістік оқыту шеберлерінің жа­ла­қыларын арттыру қарастырылады. Қазіргі қосымша ақылар мен үс­теме ақылардың мөлшері қайта қа­ралады. Жыл сайынғы еңбек де­малысына берілетін сауықтыру жәр­демақысы бір лауазымдық жа­лақыдан екі лауазымдық жалақыға көбейеді. Жылдар бойы еңбегі үшін зей­неткерлікке шығу мүмкіндігі қарас­тырылады. Мемлекеттік бюджеттен және жұмыс берушілер қаражаттарымен төлемдерді қоса қаржыландыру бө­лі­гінде зейнетақы қорын қалыптас­тыру тетігі жетілдіріледі. Екіншіден: Білім беру ме­неджменті енгізіледі. Ол үшін: білім берудің басқару жүйесін жетілдіру; білім беруді дамытудың мо­ни­то­ринг жүйесін жетілдіру; элек­тронды оқыту; қажетті нормативтік негізді құру; қажетті инфроқұ­ры­лымды құру; оқу процесін автомат­тан­дыру. Халыққа тұрақты, тұрғылықты, жоғары төлемді жұмыс орындары ашылады. Кіші және орта бизнесті дамыту арқылы жеке кәсіпкер­лік­пен айналысуға мүмкіншілік ту­ындайды. Әр жеке тұлға әлеуметтік жағынан толық қорғалуы, отандық және шетелдік компанияларға жұ­мысқа еркін орналасуына кепілдік жасалады. Жастарға өзінің тұрақты мекен-жайында білім алу арқылы, жол тө­лемақысы қысқартылып, жалда­ма­лы пәтер ақысы тоқтатылады. Әсі­ресе, бұл мәселе ауылда тұратын жастарға қатысты. Сондықтан өзі­нің саналы таңдауымен техникалық және кә­сіптік білім алуға жастар­дың қы­зы­ғушылығы артады деп ойлаймыз. Міне, осы аталған мәселелердің барлығы бұл бағдарламада қамты­­лып, халыққа білім беруде ха­лық­аралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызылады. – Әңгімеңізге рахмет. Бағдар­ламаның өрісі кең болып, жаста­ры­мыздың кәсіптік білім алуына ба­рынша жағдай жасасын деп тілейік. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.