Жақында Астанда “Шығармашылық билет” қоғамдық бірлестігі сарапшылар кеңесінің үшінші отырысы өтті. “Нұр Медиа” ЖШС бас директоры Қайсар Жанахановтың төрағалығымен өткен кеңестің жиынында еліміздегі денсаулық сақтау және дене тәрбиесі мен спорттың болашағы туралы мәселелер талқыланды.
Отырыстағы пікір алмасуды аша отырып, “Шығармашылық билеттің” президенті Жарқынбек Әлімбетов денсаулық сақтауға тоқталып, оны қай ведомствоға тапсыру керектігін анықтап алуға шақырды. Оның айтуынша, қазір медицина, әсіресе ақылы және сақтандырушы медицина, халықтың денсаулығының нығая түскеніне мүдделі емес. Осылай барлық жерде, барлық уақытта болған. Сонымен бірге біз емдеу, бақылау, қадағалау, алдын алу, дене тәрбиесі, кәсіпқой спорт, туризмнің ара жігін аша алмай отырмыз. Қазір әр нәрсеге жеке талап қою үшін санитарлық қадағалауды өз алдына бөліп шығаратын, дене тәрбиесі мен денсаулық сақтауды агенттікке тапсыратын, медицина, туризм мен кәсіпқой спортты жеке жіберетін кез келді. Сонда ғана олардан нәтиже күтуге болады.
Аталмыш бірлестік басшысының бұл ойы отырысқа қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды. Кеңес төрағасы Қайсар Жанаханов әр нәрсені бірігіп істеу керектігін, мәселен бұқаралық спортты дамыту үшін министрлік әкімдермен бірігіп, шараларды анықтауды айтып, сөз кезегін Қызылорда облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары Бағдат Қаленовке ұсынып, оның қолына шығармашылық билет ұстатты. Өз кезегінде ол облыста бұқаралық спортты дамыту үшін “Алтын белбеу” сияқты Президент жүлдесі үшін қазақ күресінен жарыстардың өткізіліп келе жатқанын, оның іріктеу ойындары әуелі ауылдан басталып, аудандық, одан кейін облыстық жарысқа ұласатынын, соны жеңіп алған чемпион атанатынын айтты. Содан кейін облыс чемпионы атанған балуан Астана мен Алматы, шетел балуандарымен “Қазақтың бас балуаны” атағын, “Алтын белбеуді” және Президент қолынан “алтын тайтұяқты” алу абыройына ие болатынын атап өтті.
Отырыста Б.Қаленовтің сөзін Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті, Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың директоры Серік Төкеев жалғастырды. Ол қазақ күресінің қазіргі жағдайы мен оны дамытуда істелініп жатқан жұмыстарды айтты.
Келесі кезекте сөз алған жазушы-драматург Рақымжан Отарбай саламатты өмір салты мен денсаулық сақтау қоршаған ортаны қорғаумен тығыз байланысты екеніне назар аудартты. Осыған байланысты кеңес төрағасы Денсаулық сақтау және дене тәрбиесін дамыту жөніндегі қоғамдық қор құру керектігін айтты. Кеңес мүшелері Журналистер одағының Астана қаласы бөлімшесінің жетекшісі Мағжан Садыхан, белгілі қаламгер Несіп Жүнісбайұлы, “Казахстанская правда” республикалық газеті” АҚ президенті Владимир Тараков, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитеті Бұқаралық спортты дамыту басқармасының бастығы Бекболат Байжанов осы ұсынысты қолдайтындарын айтып, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға байланысты өз пікірлерін білдірді. Ал Сарапшылар кеңесінің мүшесі “Астана” журналының бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат мынадай ұсыныс енгізді: “Қор құрылатын болса, оның кеңесінің мүшелері ақшалай немесе басқалай ақысыз қоғамдық негізде жұмыс істеуі керек. Екіншіден, қор спорттық лоторея ойындарын өткізу құқығына ие болсын. Мәскеу Олимпиадасы негізінен “Спортлото” ойынынан түскен қаржыға өткізілген”.
Сарапшылар кеңесінің төрағасы “Шығармашылық билетке” Үндеуді толық рәсімдеп, адресатқа жіберуді, айтылған ұсыныстар мен ойларды Үкімет пен тиісті ведомстволарға жеткізуді тапсырды.
Дастан КЕНЖАЛИН.