• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Адам еңбегімен ардақты

761 рет
көрсетілді

Қазан айының ақырғы демалыс күнінде атап өтілетін ауыл шаруа­шылығы мерекесі қарсаңында Ақмола облысының ауыл шаруа­шылығын көтеруде еңбегі сіңген азаматтарының бірі Есболат Дүй­сенов туралы мақала жазуды жөн көрдік. Есболат Қасымұлы осы Ақмола облысының Бұланды ауданында, Жаңаталап ауылында 1946 жылы дүниеге келді. Әкесі Дүйсен 1947 жылы қайтыс болады. Анасы Ұм­сын шиеттей алты баламен қалып, балаларын қайтсем де жеткіземін деп кеңшарда, ұжымшарда әртүрлі жұмыс істеп, өмірдің қиыншы­лығын көп тартады. Есболат ағай сол алты баланың кенжесі еді. Өмір тауқыметін көп көрген анасы Ұмсын апай 1958 жылы қайтыс болады. Ата-анасынан ерте айырылған Есболат Қасымұлы кеңшарда жүр­гізуші болып істейтін ағасы Жан­болаттың қолында болды. Жан­болат ағасы өзінің 7 баласы болса да інісінің дұрыс тәрбие алуына қолынан келген көмегін аяған жоқ. Есболат аға жас болса да ерте есейді. Қайтсем оқып білім алам, ел қатарына қосылам деген арманда болды. 1963 жылы Ақкөл ауданының Кеңес орта мектебін ойдағыдай бітіріп шықты. Сол жылы ауылда қой шаруашылығын көтеру – екінші тыңды игеру деген аудандық, облыстық комсомол комитетінің үндеуі жарияланып, жастарды қой бағуға шақырды. Ақкөл ауданының комсомол коми­тетінің қызметкерлері Кеңес орта мектебіне келіп, оныншы қазақ класына үгіт-насихат жүргізді. Содан 13 оқушы қой бағуға бара­тын болып келісті. Мектепті бітірген соң олар Қор­ғал­жын ауданы “Аршалы” кең­шары­на барып, шартқа отырып, екі жыл бойы қой бақты. Екі жыл мектеп бітіргесін жұмыс істеу ол кезде жоғары оқуға түскенде дұрыс бағаланатын. 1965 жылы басқа балалармен бірге Есболат аға да Целиноградқа келіп, Ауыл шаруашылығы инсти­тутының зоотехника факультетіне оқуға түсіп, оны 1970 жылы ой­дағы­дай бітіріп шығып, зоотехник деген мамандық алды. Институтты бітірген соң бөлімше зоотехнигі болып бір жыл істеді. Сосын 1971 жылы Бұланды ауданының Макин мамандан­дырылған ауыл шаруашылығы бірлестігінде 1979 жылға дейін бас зоотехник болып қызмет істеді. Ірі қара мал бордақылауға мамандан­ды­рыл­ған шаруашылықта Есболат аға өте беделді мамандардың бірі болды, шаруашылық басшысының бірінші орынбасарына тағайындал­ды. Ақмола облыстық партия комитетінің мүшесіне сайланды. 1979 жылы жаңа құрылған Сілеті ауданы ауылшаруашылық басқармасының бас зоотехнигі қызметіне жіберілді. Сол Сілеті ауданында 1997 жылға дейін жұмыс істеді және қызмет бабымен, сол ауданның ауылшаруашылық бас­қар­масының бастығына дейін көтерілді. Аудан 1997 жылы жабыл­ды да, Есболат аға Бұланды, Атба­сар, Целиноград аудандарында кең­шар директоры болып, 2009 жылға дейін істеп, зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шықса да Есболат ағай үйде отырмай Астана қалалық ардагерлер ұйымында маман болып жұмыс істейді. Есболат аға қай жерде жұмыс істесе де қызметіне ерекше жауапкер­шілікпен қарайды. Әріптестерінің, халықтың айтуынша, қарапайым­дығымен, өз ісіне берілгендігімен адалдығымен ерекше көзге түсіп, құрметке бөленуде. Бүгінгі күні Есболат аға өзінің өмірлік жары, 40 жыл отасқан Үміт Әлібекқызымен Астана қаласында тұрады, 4 бала 7 немере сүйіп отырған үлкен бір үйдің ақсақалы. Үміт апай да үйде қарап отыр­май, Алматы ауданының ардагер­лер кеңесі бастауыш ұйымының төрайымы, Әжелер тобын құрып қазақтың салт-дәстүрін насихаттап, жастарды тәрбиелеу жөнінде көп қызмет атқарып жүр. Есболат аға мен Үміт апайдың 4 баласы да жоғары оқу орындарын бітіріп, әр салада қызмет атқарып жүр. Үлкені Жанар – медицина маманы. Айгүл – мұғалім, Әлия – экономист, Жеңіс – энергетика маманы. Келе жатқан Ауыл шаруа­шылығы қызметкерлерінің күні қарсаңында Есболат Қасым­ұлын мейрам күнімен құттықтап, зор ден­саулық, ашық аспан, бала­лары­ңыздың, немерелеріңіздің ара­сын­да Үміт апа екеуіңіз қосағыңыз­бен қоса ағарып, балаларыңыз өз­дері­нің істерімен, немерелеріңіз өздері­нің тәтті қылықтарымен қуанта берсін дегіміз келеді. Мәрзия АЯҒАНОВА.