• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Халал және харам

3564 рет
көрсетілді

Толғандырар тақырып ___________________________________________ Соңғы кездері дүкен сөрелерінен “халал” деген белгіні ет өнімдерімен қоса, су және тағы басқа да өнімдерден жиі көретін болдық. Көретін болдық та ойға қалдық. Адамзат баласына исламда рұқсат етілмеген харам нәрсе қатарына доңыз бен харам малдың етінен өзге не кіреді? Бұл жөнінде түсінігіміз қазақы мал сою мен жоғарыда келтірген дәлеліміз харам малдың етін жемеуден әрі аса қоймайды. Сондықтан бұл жөніндегі мағына мен түсінікті кеңейтуге барынша күш салуға бел будық. Оның сәті жуырда ғана Астана қаласында өткен халал тағамдар көрмесі қарсаңында түсті. Дегенмен, арам және адал мағы­налары әу бастағы қазақы түсінігі­мізден алшақ емес екен. Тіпті осы бір қарапайым қазақы пайымдар­дың астарында үлкен, тұтас бір дүние жатыр. Көрмені аралау бары­сында халал су мен жұмыртқаның, майдың, сақтан­дырудың, тіпті халал дәрі-дәрмек­тің, қыз-келін­шектер бояуының бар екендігінен де хабардар бол­дық. Сөйтсек, біз білетін “халал” түсінігінің қолда­ныс аясы өте кең екен. Тұтас ин­дус­трияның өзегіне айналған адалға байланысты өндіріс секторларын білгіңіз келсе, саусағыңызды бүгіп санай беріңіз. Оның алғашқысы – ислам банкі. Шариғат бойынша мұсылман қар­жысына үстеме, өсім­ақы сұрауға болмайды. Ислам банкі­нде де со­лай, айырмашылығы сіз ашқыңыз келетін кәсіпорын немесе өн­діріс­тің белгілі бір бөлі­гіне сізбен әріптес болады. Екінші – тағам саласы. Оған ас атасы нан, су-суаныңыз, сүт, айран өнімдері, сонымен қатар тәттілер жатады. Үшінші – киім өнеркәсібі, парфю­мерия. Мұсылман әйелінің киімі бір текті, еш сән жоқ деген­дер қатты қателеседі. Мұсылман әйелі сәнді әрі әдемі киіне біледі деген түсінік әлемді мойындатып отыр. Одан әрі денсаулық сақтау саласы, фармакология. Сіз, мәсе­лен күнде­лікті ішіп жүрген кейбір антибио­тик дәрілер құрамына доңыздың асқазанынан алынатын “пепсин” деген гормон қосылаты­нын біле бермейсіз. Осы орайда, ғылыми тұр­ғы­да адамға қауіпсіз өсімдіктер­ден алынатын дәрі-дәр­мек арқылы халал дәрілер сатыла­ды. Келесі ке­зек қызмет көрсету немесе сервис­тік салаға қатысты. Яғни, дәмхана­лар, туризм, қонақ үйлер, тағы басқалар. Осыдан-ақ халалды қажет етпейтін экономика секторы жоқ екенін сезіп отырған боларсыз. Ең бастысы, сіз сенім білдіре аласыз, сеніміңізді жоғалт­пайсыз. Адам баласы үшін қарым-қатынаста, ең алдымен, маңыз бері­летін қасиет осы сенім екені айт­пасақ та түсі­нік­т­і болар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, халал немесе қазақшаласақ адал сөзі етке қатысты алғанда пенде­сінің ақ-адал малын Алла тағала­ның атына бағыштап, біссіміллә­мен сойылған малдың еті екендігін айттық. Оның негізі Құран Кәрім­нің “Бақара” сүресіндегі “Сендер­ге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Аллаһтан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды” делінетін 173-аятта жатыр. Дайын өнімді сыртындағы тауар белгісіне, жап­сырма қағазына қарамастан сатып алатындар жоқ емес. Өйткені, күні кеше ғана базардан ет сатып алмай-ақ қойын құрттап, айранын ішіп жүрген қазақ бүгінгі күні дайын өнімдерді ғана сатып алуға үйреніп алды. Оның қа­тарын­да “жесең тісіңе кіретін, жеме­сең түсі­ңе енетін”, қазақ дас­тар­қанының басты тағамдарының бірі ет те бар. Дат! Сіз сатып алған етіңіздің қай­дан келгенін, қалай сойылған­дығын сұрайсыз ба? Өйт­кені, сіз оның адал түрде пышақ жүзіне іліккенін көр­ген емессіз. Әрине, жеке сатып алып, оны сойдыруға қала тұрғын­дары­ның қалтасы көтере бермес. Айта­йын деп отырған ақпаратымыз – дүкен сөрелеріне бауыздалмаған, қаны шығарылмаған мал етінің қойылу мүмкіндігі. Өйткені, біз базарлар мен дүкен сөрелеріндегі тізі­ліп тұр­ған неше түрлі еттің қалай со­йыл­­ғандығын білмейміз. Сойылу бары­сын көрген жоқпыз. Осы орай­­да адал ас туралы көптен мә­се­ле қоз­ғап жүрген бір азама­тымыз Марат Сәрсенбаев Ақтау қала­сында сиырдың қалай сойы­ла­тындығын дәлелдейтін бейне­баян­ды көрсетті. Дәлірек айтсақ, сойы­латындығы емес, ұрып өлті­рілген­дігі жөнінде. Дене түршігетін бей­не­роликте сиырды қасапшы­лардың пышақпен бауыздап емес, зор кувалдамен басынан ұру ар­қылы өлтіретіні көрініп тұр. Демек мұн­дай жағдай­лар кез кел­ген жерде орын алуы мүм­кін еке­нін ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Сонымен сойылған мал мен өлек­се еттің айырма­шы­лығы неде? Ең алдымен, қарапайым ғана дәлел. Біссіміллә­мен сойылған малдың еті қан-жыннан таза, тіпті пісірген кезде де сорпа бетіне қан-жыны онша шыға қоймайды. Ал кейде еттің тым көбіктеніп, қан-жыны сорпаға тарап кетіп жататын кездері бола­ды. Тіпті кейбір ет шикі күйінде де қаны сорғытыл­ғандай тап-таза, ақшыл-қызыл түсті болады. Қаны сорғалап тұр­ған етке қарағанда үлкен айырма­шылық бар. Екі түрлі әдіспен алын­ған еттердің өзгеше болатын­дығы ғылымда да дәлел­ден­ген. Ұру немесе электр тогы арқылы өлті­ріл­ген мал етін тағамға пайда­лану өте қауіпті. Өйткені, сою бары­сын­да алынған малдың қаны сыртқа шығарыл­мағандық­тан денесінде ұйып, қалып қояды. Ке­йін сойған кезде де оның бойынан қан шыға қоймайды. 85-90 пайызы судан тұратын денеден қан шық­пауы қисынға салсақ ақылға сый­майтын дүние. Мұндай әдістермен өлтіріл­ген малдың денесінде ұру бары­сын­да бойын билеген қорқы­ныш пен үрей салдарынан “қор­қыныш” гор­мондары пайда бола­ды. Оған гормондар бөлетін адре­налин бездеріне ұрып-соғу немесе көзіне көрсетіп тұрып өл­тіру әсер етеді. Ата-бабалары­мыздың сойған малдың жерден қазылған шұңқыр­ға қанын ағы­зып, оның бетін көміп тастауында, сойыс малын бір-бірі­не көрсетпей бауыздауында осын­дай үлкен тәрбиелік мән жа­тыр. Ал ұйыған қанда өте жоға­ры немесе өте төмен темпера­тура­да да жойы­ла қоймайтын вирус­тың пайда болып, етпен бірге адам ағзасына өтуі мүмкін екендігін де ескерген жөн. Мұның соңы түрлі ауруларға апа­рып соқтырады. Нә­жас дегені­міз, халал стандартын­дағы арам нәр­сенің халықаралық атауы. Оның 3 түрі бар деп есеп­теледі. Оның ең ауырларының бірі доңыз бен қашыр етін жеу болып табы­лады. Бұлардың етін жеу не­ме­се оларға байланысты нәрсе­лер­ді пай­далану үлкен харам болып саналады. Елімізде 500-ден аса халал өнім өндіретін кәсіпорындар жұмыс жасау­да. Сол кәсіпорындар негі­зінде өткен жылы халал қоғам­дас­тығы құрылып, түрлі бағытта жұ­мыс­тар жүргізуде. Оның басшы­сы Марат Сәрсенбаев ағамыз біз қан­шалықты адал ас ішсек, сон­шалық­ты таза боламыз, айнала­мызға ша­шар мейіріміміз бен тигі­зер шапа­ғатымыз көбірек бола­ды, дейді. Ол өзінің Малай­зияға бар­ғанда куә болған оқиға­сын айтып берді. Малайзияда халал өнімін өндіретін кәсіпорын­ды көру­ге барғанда келі­се алмай тұр­ған екі адамға назар аударады. Жанын­дағы аудармашы­дан ауда­рып беруін өтінеді. Сөйтсе, жұмы­сына ашулы келген әйел адам­ның күндік жалақысын сақтау-сақтамау туралы әңгімелесіп тұр екен. Мұ­ның жөні қалай деген сұраққа кә­сіп­орын басшысы әлгі ашулы әйел өзінің бар негативін, яғни теріс әсерін жасағалы тұрған таға­мына береді. Ал бұл агрессиялы тағамды жеген адамға да у секілді теріс әсер етеді, деп жауап қай­тарыпты. Халал-харам мәселесі атам за­ман­­нан бері келе жатыр. Мынау адал ас, адал азамат, адал ұл, ана сүтін арда емген ұл-қыз, мынау асыл­дың сынығы деген тіркес­тер­дің барлығы адалдыққа меңзей­ді. Сондай-ақ мынау арам, лас, харам деу арқылы адал емес лас нәрседен жирендіреді. Адалға өзіміз жақсы білетін төрт түлік мал – сиыр, түйе, қой, жылқы жата­ды. Құстарға келсек, оған тауық-қаз, үйрек кіре­ді. Оларды бізге асқа пайда­лану­ға, жеуге болады. Ал енді тіпті сол адал етті жануар­лардың өзі өліп қалатын болса, ұрып немесе электр тогымен өлті­ре­тін болсақ, оның еті адалға жатпайды. Ол өлексе. “Бисмилла, аллау акпар” айтылмай бауыздал­ған мал еті де өлексе саналады. Міне, Алланың атымен сойылма­ған деп осыны айтамыз. Бауыз­даған кезде малдың мойнын­дағы тамыр­дан аққан қан харам болып есеп­телінеді. Ал бауыздау ар­қылы со­йыл­ған малдың денесін­де, қабырға­сының астында қалып қоятын қандар болса ол харамға жатпайды. Харамға мұнан өзге жыртқыш құс­тар, бүркіт, қаршыға, аңдар ішінде арыстан, жолбарыс, қасқыр сияқты жырт­қыштар жата­ды. Өйткені, олар бір-бірін ұстап жейді. Үй жануар­лары­ның ішінен ит, қашыр (мул), есек арамға жатады. Сондай-ақ, адал мен арам араласып кетсе оны 7 қайтара жуып тазаламайын­ша харам сана­ла­ды. Қазір сауда дүкен­деріндегі сөре­лерде бәрі араласып кеткен. Көп жерлерде өзінің ассортимен­тін көбей­тем деп халал мен харамды араластырып жібереді. Етке байла­нысты мұндай аралас­тық харам болады. Колбаса, түрлі шұ­жық­тар, сыртында ыдыстары бар жартылай фабрикаттарды сыртын жуып барып жеген дұрыс. Сыртын жумайынша ол харам болып тұра береді. Пайғамбары­мыз доңыздың сілекейі немесе т.б жұғып кететін болса денеңізді жеті рет жуып, бір рет тұзды топы­рақпен ысқылаңыз деген екен. Бір қызығы, бұны ғы­лым да қуаттап отыр. Мұхит зерт­теу­шілері, сон­дай-ақ Нобель сый­лығы лауреат­тары мұхиттың тұзды суы өзінің тұздылығы арқылы өт­кен ақпарат­тан құлан-таза таза­лап шығатын­дығы туралы жаңалық ашты. Егер бір жерде доңыз жатса оны қандай да бір тазалағыш құ­рал­дармен жуғаныңызбен ол тазар­майды, оның болғандығы туралы ақпарат қала беретін көрінеді. Оған қоса пайғам­барымыз харам нәрсе асы­ңызға түсіп кетсе немесе жесе­ңіз қырық күн дұғаңыз қабыл бол­май­ды деген екен. Қазіргі уақытта ғылымның “толқынды генетика” дейтін түрі бар. Оны зерттеген Канада, Ресей ғалымдары ыдысқа кез келген доңыз генін салып тәжірибе өткіз­ген. Бір уақыттардан соң генді алып тастап, ыдысты қараған мезгілде оның әлі де тол­қын шығарып тұр­ғаны анықтал­ған. Оның қаншалық­ты толқын шығара беретіндігін күткен ғалымдар оның 40 күннен кейін толық тоқтаған­дығын ашқан. Бұл үлкен жаңалық. Сонда Құран Кәрімде айтылған нәрселер бүгінгі ғылыми тұрғыда да айнымай дәл келетіндігі, неліктен доңыз етін жеген немесе харам нәр­сені жеген адамның оқыған дұғасы 40 күн қабыл болмайтын­дығы тура келіп отыр. Алланың қарғыс атқан нәрсе­сі денеңізден шық­қанымен оның толқыны 40 күнге дейін кетпей, дұғаңызды қабыл етпейді. Қазақта ит ұстаған үй ішіне періште кір­мейді дейді. Ғылымда три­ханеллез деп аталатын жаман вирус осы ит пен доңыздан табылады. Халал кәсіпорындар Қазақ­стан­да кең таралып келе жатыр. Шығыс Қазақстанда ғана сәл кенжелеу. Оңтүстік Қазақстан, Астана, Қоста­най, Петропавл өңірлерінде халал кәсіпорындар айтарлықтай дамы­ған. Қостанай облысы халал өнім­дерін жақсы өндіреді. Бірақ олар­дың негізгі тұтынушылары Ресей. Өйткені, өнімдері Ресейге экспорт­талады. Өтімі жақсы болғандықтан, өндірушілер жергілікті жерге көп тұрақтатпай сыртқа сатуды жөн көреді. Қазақстанның халал стан­дарты ТМД көлемінде жоғары дәрежеде мойындалады. Елімізде өндірілетін халал өнім­дерге сертификат беруші мамандар туралы айтар болсақ, ТМД ел­дерін­де мойындалатын, тіпті өндірісінің 95 пайызы халал Малайзияңызды таңдандырып келген еліміздің мамандары серти­фикат беруге өте мұқият қарайды. Өйткені, халал атауының өзі үлкен жауапкершілік жүктейді. Жақында ғана Қазақстан­ның халал индус­трия­сы қауымдас­тығы өзге де мүдделі мекемелермен бірі­ге оты­рып елімізде халал тағам­дар мен Қаз Фуд көрмесін өткізді. Көрмеге 11 мемлекеттен кел­ген 70-тен астам компания қатыс­ты. Олар әкелген тауарлар мен ұсына­тын қызметтер аясы өте кең. Азық-түлік өнімдері мен сусын­дар, ас қос­па­лары, орамалар, ыдыс-аяқ, халал косметика, дәрі дәрмек, қо­нақ үйлер мен туристік агенттіктер, исламдық қаржылан­дыру, халал сақтандыру, мұсылман киімін өндірушілер болды. Көр­меге халал су мен жұмырт­қалар да қойылды. Су мен жұмыртқа да халал, не арам болып бөліне ме дерсіз? Біз айта­йық. Дамыған елдерде жұмыртқа өндіруші ком­панияларда өлексе­лерді ұнтақтап немесе басқадай жолдармен тауық­тарға арам ас береді. Немесе гендік модифика­ция­ны алайық. Күріш, бидай секіл­ді азық-түлік өнімдері тұқымдары­на тірі ағза­ның генін қосу арқылы өнімділікті күшейту. Мысалы, бидайға мысық гені қосылса, тышқан жоламай­ды. Күрішке адам гені қосылады. Гендік модифика­ция немесе текті өзгерту арқылы алын­ған өнім уа­қыт өте келе тұқым бер­мейді екен. Яғни, оны жеген адамға да солай әсер ететіні даусыз. Ал суға байла­нысты халал түсінігіне келер бол­сақ, судың ыдысындағы тәңір­шіл­дік, яғни күпіршілік болып сана­ла­тын Рим су құдайларының суре­ті салы­нуы­нан оның халал еместігі анық­талады. Еліміз 2005 жылы әлем тәжірибелерін ескере отырып халал стандарты ереже­лерін жа­сақтап, бекітті. 135305 атты Қазақ­­станның мем­лекеттік стан­дар­­ты 2005 жыл­дың қараша айында бекітілді. Соны­мен қатар бұрынғы Ин­дустрия және сауда министр­лігінің құра­мында әр сала бойын­ша құрылған 49 қоми­теттің бірі ретінде №57 халал стан­дарттау тех­ни­калық комитеті құрыл­ды. Бүкіл әлем жүгініп отыр­ған, халық­аралық халал стандарты­ның лидері Малайзия болып табы­лады. Ислам дүниесіндегі 4 мәзһаб та Ма­лайзия стандартына келісім берген. * * * ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК – Халал стандартын әлемнің ислам дінін ұстайтын 148 елде өмір сүретін 1,6 млрд. халық тұтынады; – 2005 жылдың өзінде-ақ жаһандық халал индустриясы 500 млрд.АҚШ долларынан асып кеткен; – Халал өнімдерді өндіруде, тұтынуда Еуропа елдері мен өзге де мұсылман емес мемлекеттер алда екен. – Халал корпорациялары Латын Америкасында, Аргентина, Бразилия, Қытай, Канада, Тай­ланд, Үндістан, Ұлыбритания және басқаларда жиі орналасқан; – Халал өнімдерін тұтынушы өзге дін өкілдерінің барлығы оны тазалығы әрі адам ағзасына пайда­лылығы үшін қолданатын­дық­тарын айтады; – Халал ашық маркасының әлемдік әлеуеті 6,6 млрд. адамға жетеді; – Малайзияның “Halal Journal” басылымының мәліметін­ше, әлемдік рыноктың азық-түлік саласының 16%-ы халал белгісімен өндірілетін өнімдер; Дүние жүзінде халал стан­дарты­на сәйкес қой етімен қам­тама­сыз ететін №1 ел Жаңа Зеландия. Венера ТҮГЕЛБАЙ.