Өткен аптада Семей мемлекеттік педагогика институтында “Абай және Гете Еуразиялық тұжырымдама контексінде” деген тақырыппен халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Хакім Абайдың 165 жылдығы мен Германияның Қазақстандағы биылғы жылының құрметіне орайластырып өткізілген бұл шараға салалық министрлік пен Қазақстан халқы ассамблеясы, облыстық әкімшілік, аталған жоғары оқу орны мен облыстық “Возрождение” неміс бірлестігі ұйытқы болды.
Ауқымды шара барысында “Абай және Гете мәдениетаралық қатынастарда”, “Абай мен Гетенің жалпы ұлттық әдеби тілдердің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі”, “Абай шығармашылығындағы әлемнің көркем-философиялық тұжырымдамасы”, “Неміс әдебиеті және филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі” және басқа тақырыптардағы материалдар кеңінен талқыланды. Аталған тақырыптар бойынша өз елімізбен бірге Германия, Ресей, Қытай және Моңғолия елдерінің ғалымдарынан екі жүзден астам ғылыми мақалалар келіп түсіпті.
Конференция жұмысын институт ректоры Мейір Ескендіров кіріспе сөзбен ашты. Бұдан кейін жер-жерден келген ғалымдар күн тәртібіндегі мәселелерге орай кеңінен сөз қозғады. Олардың ішінде есімі елімізге белгілі ғалымдармен бірге, алыс-жақыннан келген шет жұрттық оқымыстылар да көп болды. Конференция қонақтары ұлыларға қатысты тарихи орындарда болып, өлке тынысымен де кеңінен танысты.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.