• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2010

Елім деп соққан жүрегі

1093 рет
көрсетілді

Әнұран авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 75 толуы салтанатпен аталып өтті СОРҒА БАСЫЛҒАН ІЗ. Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық таланты жас­тайы­нан кеңінен танылған. Оның туған жерге арналған өлеңдерінен қоңыр мұң се­зіледі. Атасы Нәжімеден қарттың тәр­бие­сін көп көргеннен, бәлкім, әңгімесін көп тыңдағаннан болар, бала күнінен те­рең ойға беріледі екен. Өйткені, әкесі Са­быр екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, майдан даласынан оралмай қалған. Сол Сабыр соғысқа аттанарда Нәжімеден қарт ауыл шетіндегі сорға баласының табан ізін бастырып, үстіне қара қазан төңкеріп қойыпты. Сабыр баласына: “Сені сағын­ғанда ізіңді көріп, мауқымды басармын. Өзіңді көргендей болармын, балам”, депті даланың данагөй қариясы. Әкесінің сорға басылған табан ізін бала Жұмекен ата­­сына еріп келіп, талай көрген болар-ау. Бәлкім, әкесінің майдан шебіне түсерден бұрын сағынышты жазған өлеңдерін Жұмекен де оқыған, қоңыр мұңға толы сыршыл жүрегіне мықтап тоқыған шығар. Бізге жеткен әңгімелерге қарағанда, Нә­жімеден қария сол ізге күн сайын келіп, қа­занды көтеріп, баласының ізіне ұзақ қа­рап отырады екен. Жұмекеннің артынан ерген қарындасының бірі Сәбила: “Бала кезімде әкемнің қалың дәптерге жазып, атама жолдаған өлеңдерін оқып отырушы едік. Әкем алты ай әскери дайындықта жүр­генде ауылға сағынышын өлеңмен жазатын болған ғой. Майданға түскеннен кейін хат-хабар келмеген. Әкемнің сол өлең дәптерін жоғалтып алдық. Жұмекен­­­нің өлең жазуына әкемнің әсері болды-ау деймін. Ол тіпті бала болып ойна­мау­шы еді. Үнемі қолынан домбырасын тас­та­май, баяу тартылатын күйлерді шер­те­тін. Үнемі терең ойға батып жүретін. Сол кезде не ойлайтынын қайдан білейік, мүмкін, Жұмекеннің жүрек түкпірінде поэзияның алғашқы шумақтары жазылған болар”, дейді. Сәбила апай әкесінің біраз өлеңін жатқа біледі екен. Бірнешеуін оқып берді. Мектеп бітіргенге дейін ауылдан ал­ыс­қа аттап шықпаған Жұмекенді атасы қат­ты жақсы көргені айдан анық. Со­ғыс­қа кеткен Сабыр баласының көзі, тұяғы са­­налған Жұмекенді бертінде әскерге ша­қырғанда Нәжімеден қария аудан орта­лы­ғына шығарып салмаққа барыпты. Әс­кер­ге шақырылушылар әне-міне аттанады деген сәтте Нәжімеден қария құлап қа­лып­ты. Сірә, өз жанынан да артық көретін Жұмекен немересін ата жүрегі әскерге жіберуге қимаған болуы керек. “Атамыздың көңіліне қараған болуы керек, әскери комиссариаттың жауапты қызметкерлері сол сәт Жұмекенді әскерге барудан босатып, ауылға жіберіпті. Өйт­кені, Нәжімеден атамыздың жүрегі баласы Сабырды соғысқа шығарып салып, орал­­мағасын әбден зәрезап болып қалған ғой. Жұмекен ағамыз әскерге аттанарда ата жүрегінің шиыршық атқандай бұл­қынуы содан болар деймін. Немеремді әскерге алмаңдар деп айта алмайды. Бірақ жібер­гі­сі келмейді. Сол кездің адамдары Нә­жі­меден атамыздың жан қиналысын түсіне білген-ау”, дейді Жұмекеннің немере бауыры Қибатолла Қайырмеденов. Жұмекен бірден әдеби ортаға топ ете түскен жоқ. Әрине, ұлттық универси­тет­­тен білім алуға ұмтылды. Алайда, алғашқы жылы оқу түсе алмауына өз қолымен жа­зыл­ған шығармаға төгілген сияның кесірі тиген. Жұмекентанушы, ғалым Қадір Жүсіптің айтуынша, оқуға түсе алмаға­ны­на налып, арық жанында отырған Жұ­ме­кенді Ғұбайдолла деген қазақ офицері үйіне ертіп апарған екен. Кейін Қара­ған­ды шахтасына жолдама алуына осы Ғұ­бай­долла есімді офицер мұрындық бол­ған. Қарағанды шахтасында жұмыс істеп жүргенде Жұмекен көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, күй тартады. Оның домбыраны шебер шерткенін көрген об­лыс басшыларының бірі консерваторияға түсуіне кеңес беріпті. Кейін өзі қалаған оқу­ға түсіп, содан соң ғана әдеби ортаға таныла бастайды. Оның жүрегі елім деп соқты. Оны ақынның шығармаларынан анық аңғару қиын емес. Қазақ ақын-жазушыларының абызы Әбділда Тәжібаев Жұмекеннің болмысына былайша баға берген: “Жұмекен – сөз жоқ, ешкімге ұқ­самайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқи­тын, көп ізденетін ақын.” “ДАЛА ДЕГЕН ДОКТОРҒА КӨРІ­НЕЙ­ІН”. Шындығын айтқанда, Жұмекен жаратылысынан жұмбақ ой кешкен тә­різ­­­ді. Мұны қарындасы Сәбиланың “Жұме­­кен үнемі ой үстінде жүретін” дегені де рас­­тайтындай. Тіпті Жұмекенді ақын аға­лары да жұмбақ ақынға балаған. Әрине, поэзиясына байланысты. Мәселен, қа­зақтың ақиық-қыран ақыны Мұқағали Мақатаевтың мына бір пікіріне назар аударылып көрелік. “Жұмекен – жұмбақ ақын. Тамырын терең салған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақындарға тән шал­қу, тебіреніс-толғаныстың өзі де құпия, жасырын. Оқушысының қолына тереңде жатқан ойының бір ұшын ұстатады да, арғы жағын өзің тап дегендей жайлап шы­­ғарып салады”, депті кезінде Ала­тау­дың ақбас шыңындай тұлғалы ақын. Бұл – таланттың талантты тануы. Жұмекен өлеңдерінде мұң да басымдау. Бірақ, кө­ңіл жабырқатардай емес, керісінше, жүрек қылын шертетін сағынышты да тәтті мұң. Әсіресе, туған жерін, өскен ортасын, қо­ңыр домбырасымен күй шертуге жал­ық­­­пай үйретіп, термелетіп отыратын Нә­жі­меден атасын, етегіне сүрініп-қабынып жүретін асыл әжесін, жолына әлсін-әлсін қарағыштаған аяулы анасын сағынған сәттерінде ақынның жыр-жүрегіне қоңыр мұң көбірек ұялағандай. Сол себептен шығар, “Қоңыр дәптерге” сырын айтып, ақтарылады. Жұмекен жүрегіне қонақ­та­ған қоңыр мұң “Қоңыр түс” деген өле­ңін­де де айқын байқалады. Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып, Көзін сулап қалып еді қамығып. Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп, Қоңырқай ой маза берер емес түк. Қоңырайып жатыр алда жол әлі, Кеудем кейде қоңыр жырға толады. Қазақ қоңыр әнмен бесік тербетіп, Өргізіпті-ау, қоңыр-қоңыр баланы. Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн... Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім, Қоңыр күзде қоңыр шаруа күйбеңмен, Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем. Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда, Шешем қалды қоңыр төбе басында. Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде, Қоңырайып отырамын үстелге. Қазақ поэзиясына тән қоңыр мұңмен осылай сырласқан ақын өзге де түстердің астарын ашуға ұмтылған. Жұмекен­та­нушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Қадір Жүсіп “Асылы, түстер сыры ақынды қатты қызықтырады. Оның поэтикалық қиялы жеті түстің әрбіреуінен ғажап құпиялар ашқан. Бұл кез келген адамның ойына орала бермейтін нәрсе. Ақын қиялына еріп, ойлап қарасақ, түстердің өзінде де біз білмейтін мәндер көп. Ақын топшылауынша, қара түсте контрастылық мағына бар, сұр түс –жағымпаздықтың белгісіндей, көк түсте қарама-қарсылық сезіледі, ақынға ең ұнамды түстер: қызыл, қоңыр, ақ, сары түстер. “Қоңыр түс” деген шағын өле­ңін­де “қоңыр” деген сөз 21 рет қайталанады. Б­ә­рі де эпитеттің қызметін атқарып, оқыр­­­манға эстетикалық ләззат береді. Бір сөз қанша қайталанса да, өлең көркем­ді­лі­гіне нұқсан келіп тұрған жоқ. Осы “қо­ңыр” деген сөз шығармаға ұлттық нәр, на­­қышты өрнек беретін тәрізді” дейді. Ақын­ның жеті түстің әрқайсысына “мі­нез­­деме” берген өлеңдері енген кітабы жайында “Жеті бояудың” авторы қазақ поэ­зиясында бұрын-соңды өткен алуан ақ­ындардың қай-қайсысына да ұқса­­­май­ды”, – дейді қазақ поэзиясының ерекше бір құбылысы Қадыр Мырза-Әлі. Жұмекеннің аңсары – дала. Табиғат сырларын, құбылыстарын суреттей оты­рып, далаға деген сағынышын өрнектейді. Оның табиғат жайлы өлеңдерін оқыса­ңыз, табиғаттың тылсымын өзіңіз қалт жі­бер­мей, бақылап тұрғандай әсерге бөле­несіз. Туған жердің қаншалықты ыстық боларын өлең жолдарын оқығанда түсі­не­сіз. Даланың жұпар ауасы дертіне шипа бо­ларын “Дала деген докторға көрінейін, Про­­фессор емдесін шұбат деген” деп бей­нелейді. Осы бір екі жолда қазақтың ұлттық сусыны – шұбаттың бойға қуат беретін дәруменін бейнелі түрде әсерлеп жеткізудегі шеберлігі тәнті етеді. Жалпы ақынның қай шығармасын оқысаңыз да, шым-шымдап жүрегіңе тараған өлең қуаты терең сырларға батырады. Ұлттық өнерді дәріптеудің үлгісін “Күй кіта­бы­нан” табуға болады. “Ұлым, саған айтам” жинағында баласына “Жақсы болсаң, Еліңді, Мақ­­тайды жұрт ұқтың ба?” деп үлкен міндет артады. Бір адамның мінез-құлқы, алған тәрбиесіне қарап-ақ жұрт оның елі туралы пікір қалыптасты­раты­нын астарлап жет­­кі­зеді. “Қатал болдым жүз рет, Өскенде елің, Маңдайыңнан сипасын бір рет деп” бей­нелеуінің аста­рын­да бала тәрбиесіне асқан жауап­­кер­шілікпен қарауды, осалдық та­нытпауды ұғындырып тұр емес пе? Жұмекеннің поэзияда өнікті еңбек­тен­геніне жылына бір кітаптан шығарғаны дәлел. Мәселен, оның бірнеше өлеңі ал­ғаш рет 1959 жылы жас ақындардың “Жас қанат” жинағына енеді. Өзінің бірінші кі­табы – “Балаусасы” 1961 жылы жарыққа шығады. Міне, осыдан кейін жыл арала­тып бір кітап шығарып отырған. “Сыбыз­ғы сыры” (1962), “Өз көзіммен” (1963), “Жарық пен жылу” (1964), “Жоқ, ұмытуға болмайды” (1965), “Күй кітабы” (1967), “Мез­гіл әуендері” (1968), “Қызғалдақ жай­лы баллада” (1969), “Ұлым, саған ай­там” (1970), “Мен туған күн” (1972) кі­тап­тары оқырманынан жақсы баға алды. Жұ­мекен тек өлең жазумен шектелген жоқ. 70-жылдардың басында орамды ой, бей­нелі сөз тіркестерімен соғыстан кейінгі ауыл тіршілігін сомдаған сүйекті дүниелер – “Ақ шағыл”, “Кішкентай”, “Даңқ пен дақпырт” романдары мен “Бетпе-бет”, “Дом­­быра мен көсеу” повестерін жазды. Осы шығармаларымен жаңа қырынан та­ныл­ған Жұмекен поэзияға қайта оралып, “Жеті бояу”, “Шуақ”, “Ашық аспан”, “Қы­ран қия”, “Менің Қазақстаным” жыр кітаптарымен оқырманын және бір тәнті етті. Бір таңданарлығы, Жұмекеннің поэзиялықта, прозалық та жинақтары араға жыл аралатып шығып тұрған. Бұл енді Жұмекеннің жұмбақ талантының жемісі екені даусыз. ҚАРАШАДА ҚАЗДАР ҚАЙТҚАНДА... Жұмекен ақын қараша айында Құрман­ғазы ауданындағы Қошалақ деп аталатын топырақта дүниеге келген. Әлі де ортада жүргенде биылғы 28 қарашада 75-ке толар еді. Тағдырға не шара, 21 жасында “Ме­нің Қазақстанымның”, бүгінде еліміздің Әнұранына айналған айшықты өлеңнің алғашқы нұсқасын жазған ақын қарашада дүниеден озған. Жұмекендей ақынның қа­рашада, қаздар қайтқанда дүниеге келіп, туған күнінен 6 күн бұрын дүние­ден озуы сәйкестік пе, әлде тағдырдың жа­зуы ма екен? Қалай дегенде де, Жұ­мекен артына мол мұра қалдырған талантты қаламгер. Оның таланты әр кезеңде орынды бағасын алған. Ал биыл оның “Менің Қазақ­станым” өлеңдер мен дастандар жинағына әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекет­тік сыйлық берілді. Бұған әркім әрқалай пікір айтады. Кім қа­лай айтса да, бұл – Жұмекен Нәжі­ме­денов шығармашылы­ғына берілген лай­ықты баға. “Жұмекеннің шығармашы­лы­ғы­на Мемлекеттік сыйлық­тың берілгенін өзім қуана қабылдадым. Өйткені, мен Жұ­мекен шығармашылығын зерттеп жүр­ген ғалыммын. Кейде әлі де кеш емес-ау деп ойлаушы едім. Сол қуа­нышты ха­бар­ды естіген бойда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа Атырау жұртшы­лығы атынан алғысымды білдірген же­дел­хатымды жол­дадым”, дейді жұмекен­танушы ғалым Қадір Жүсіп. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ән­­ұран авторларының бірі Жұмекен Нә­­жімеденовтің 75 жылдығы Атырауда ке­ңі­нен аталып өтілуде. Өтілуде дейтін се­бе­біміз, мерейтой аясындағы мәдени-әде­би шаралар бір айға созылады. Әуелі, 26 қазанда облыстық тарихи-өлкетану мұ­ра­жайында Жұмекен Нәжімеденов шығар­машылығына арналған көрме өтті. Одан кейін М. Өтемісов атындағы драма теат­­рын­да “Байтақ Отан, бақытты аймақ, кең ме­кен, Сені осынау жырларыммен тер­бе­­­тем”, деп Жұмекен ақынның өзі жыр­лағандай, оның мерейтойына арнал­­ған театрландырылған қойылым көрсетілді. Мерейтойлық шараның ең бастысы Жұмекен ауылында және Ганюшкин ауы­лында өтуімен ерекшеленді. Екі ауыл да Жұ­мекеннің кіндік қаны тамған Құрман­ғазы ауданында орналасқан. Алғашқысы – Еңбекші ауылдық округінің, соңғысы – Құрманғазы ауданының орталығы. Сонау бір жылдары, яғни, 15 жыл бұрын Жұмекеннің туған жері – Қошалақта ес­керткіш тақта орнатылғанын білуші едік. Енді сондай ескерткіш ақынның аты бе­ріл­ген Жұмекен ауылында да бой көтерді. Мұны аудан жұртшылығы өтініш етіпті. Аудан әкімі Аманжан Тәкешовтің ай­ту­ынша, ескерткішті орнатуға ауданның іс­кер азаматтары қолғабыс жасапты. Ес­керт­­­кіштің ашылу салтанатына қатыс­қан об­лыстық мәдениет басқармасының бас­тығы Бақыт Иманғалиевтің айтуына қарағанда, алдағы жылдарда Жұмекенге арналған шаралар республикалық ауқым­­да өткізілмек. Жұмекен ауылындағы ескерткіштің ашы­луын жұртшылықтың асыға күткені бай­қалды. “Бұл – жұртшылықтың Жұ­ме­кен аруағына тағзым ететін қасиетті ор­ны­на айналмақ. Бұрын Қошалақтың қа­шық­тығына байланысты халық бара ал­мау­­шы еді”, – дейді аудан әкімі Аманжан Тәкешов. Жұмекен ескерткішінің жаны­нан арнайы саябақ та ашылды сол күні. Бұл саябаққа аудан басшылары көктемде 75 жас тал шыбығын егіпті. Қазір сол тал шы­бықтары бой түзеп, едәуір тіктеліп қа­лыпты. Айналасы темір қоршаумен қор­ша­­­лып, алдына “Жұмекен атындағы сая­бақ” деген атау жазылыпты. Саябақтың лен­тасын облыстық мәдениет басқарма­­сы­ның бастығы Бақыт Иманғалиев пен ау­дан әкімі Аманжан Тәкешов қиып, жұ­ме­кентанушы ғалым Қ. Жүсіп ақынның ақындық, ардагер Теміртас Елеусінов азаматтық қырларынан сыр тарқатты. Бұл күні ауыл клубы да ерекше бе­зендірілген екен. Оның сахнасына төрт айтыскер ақын – Серік Қойшығұлов пен Мүтиғолла Ғанидың, Жәнібек Садыров пен Шалқарбай Ізбасаровтың жұбы сахна төрінде Жұмекен рухына сөз сайыстырды. Ал аудан орталығы – Ганюшкин ауы­лындағы мәдениет үйінде “Жыр дүлділі, күй күмбірі – Жұмекен” атты жас ақ­ын­дар мүшәйрасында бір топ жас ақындар сах­­наға шықты. Мүшәйраға қатысқан 14 ақын алдымен Жұмекенге арнаған бір өлеңі мен еркін тақырыптағы және бір өлеңін оқыды. Әр жас таланттың аяқ алысы да, шабысы да әрқилы. Дегенмен, ақын Қойшығұл Жылқышиев бастаған қа­зылар тобы жас ақындардың ешқайсы­сын бірінші айналымнан кейін топтан шығарған жоқ. Бәрін де екінші айналым – Жұмекеннің өмірімен, шығарма­шы­лы­ғымен байланысты тақырыптық өлең шығару додасына жіберді. Бір ерекшелігі, мүшәйраға қатысқан ақындардың барлығы жастар екендігіне қарамастан, ешқайсысы да жүлдесіз бол­ған жоқ. Жүлделі орындарға ілінбегендері ынталандыру сыйлығына ие болса, мү­шәй­­­раның 150 мың теңгелік бас жүлдесі Жұмекен топырағынан нәр алған жас та­лант Бақытгүл Бабашқа берілді. Ал бі­рін­ші жүлде – 100 мың теңге Артур Яһудаға, 75 мың теңге байрағы бар екінші жүлде Қарлығаш Темірғалиға бұйырды. Елу мың теңгеден тағайындалған үшінші жүлдені қос өрен Асантемір Қаршығаұлы мен Шопан Шыңғыс иеленді. Ақындар мүшәйрасы кезінде күйшілер де сахна төрінде қоңыр домбырамен күм­бірлете күй төкті. Республикаға танымал күйшілер Құттыгерей Дүйсеев, Қадыржан Түсіпқалиев, Байболат Ғилажев, Жанұзақ Исабаев және Азамат Сатыбалдиев Жұме­кен Нәжімеденов жақсы көріп шерткен күйлерді орындады. Жұмекеннің өзі Құрманғазы, Тәттімбет, Дина және басқа да қазақ композиторларының баяу орындалатын күйлерін тартқан екен. – Жұмекен шығармашылығын ке­ңінен насихаттайтын шаралар мұнымен шектел­мейді, – деді газет тілшісіне об­лыс­тық мәдениет басқармасының бас­тығы Бақыт Иманғалиев. – Мұндай ша­ралар қара­шаның аяғына дейін жалғасып, мектеп оқушылары арасында көркемсөз оқушылар сайысы өтеді. Сонымен өңір орталығында Жұмекен шығармашы­лы­ғы­на арналған ғылыми-тәжірибелік кон­фе­ренция өткізу ойда бар. Алдағы жылдары Жұмекен атындағы ақындардың респуб­­­ли­­­калық мүшәйрасын өткізуді ойластыр­­мақпыз. Міне, осылайша, әр жыл сайын қара­­­шада Жұмекен рухына арналған мәдени шаралар жалғасын таппақ. Иә, қарашада қаздар қайтқанда... Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы, Құрманғазы ауданы. Суреттерде: Жұмекен ауылында ақын ағаға орнатылған ескерткіштің алдында қарындасы Сәбила балаларымен және немере бауыры Қибатолла (сол жақта); Жұмекен атындағы ақындар мүшәйра­сының бас жүлдегері Бақытгүл Бабаш; шараға қатысушылардың бір тобы.