• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2010

Еуропа онкологтар қауымдастығы қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде таңдады

665 рет
көрсетілді

Басты байлық Биыл  онкология саласының қарашаңырағы – Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына  50 жыл. Қарашаның 11-13 күндері Алматыға осы мерекелі датаны атап өтуге дүние жүзінен аталмыш саланың 50-ге жуық  көрнекті ғалымдары мен  білгір мамандары  келеді деп күтілуде.  Осы алқалы жиын қарсаңында Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, ҚР Бас онкологы, медицина ғылымының докторы, профессор Жеткерген   АРЗЫҚҰЛОВҚА жолыққан едік. – Жеткерген Әнесұлы, 50 жыл медицинаның ең күрделі саласы үшін аз да, көп те уақыт емес. Де­ген­мен, бүгінде адамзатты алаң­датып отырған қатерлі ісікті емдеуде қазақстандық ғалымдардың өз жеткен биігі, айтар әңгімесі бар шығар деп ойлаймын... – Алдымен онкология сала­сы­ның басында кімдер болды, ғылы­ми орталықтың іргетасын кім­дер қалады дегенге келсек, олар үлкен ға­лым ағаларымыз – Сәкен Нұғы­манов, Сайым Балмұханов, Арғын Сүлейменов, Одақ Қабиев, Ақзат Бей­себаев, Жаңалық Абд­рах­манов­ты айтар едік. Мен осы мекеменің жетінші директорымын. Олардың әрқайсысы ұйымдас­ты­ру­шы ретін­де де, кәсіби маман, ға­лым ретінде де қабілет-қарымы­мен аянбай қызмет етіп, өз үлес­терін қос­ты. Ол кісілерге рахмет айтамыз. Жалпы онкологияның негізгі үш бағытты: ғылым, білім, прак­тика, сондай-ақ осы үлкен саланың адами және кәсіби жолы бар. Елімізде 14 облыста, Алматы мен Астана қаласы мен 2 аймақтық – барлығы 18 онкодиспансер меке­месі жұмыс істеп, бүгінде тыңғы­лықты шаруалар атқаруда. Онко­логия – қай жағынан алсаңыз да өте күрделі сала десек, ендеше, адам­затқа қасірет әкелетін кесел­мен “шайқасатын” мықты маман­дар, ғалымдар “армиясы” қажет. Әрине, бұл салаға да әртүрлі адам­дар келеді. Олардың арасында біраз жұмыс жасап, қиындығына төзбей кететіндер де бар. Ол жөнінде ештеңе айтпаймын. Өйткені, бұл әркімнің өз шаруасы. Ал қазіргі таңда осы күрделі салада жұмыс жа­сап жатқандар өз мамандығын жақсы көретін нағыз кәсіби ма­мандар, ғалымдар мен білікті ұстаздар деп айтқан болар едім. Бірінші бағыт – білімге қа­тысты айтар болсақ, бүгінде елі­міз­дегі медицина университетіндегі сегіз онкология кафедрасында болашақ онкологтар дайындалады. Ал біздің ҒЗИ-да диплом алғаннан кейін басқа мекемелерде біраз уақыт жұмыс жасаған мамандар келіп, білімдерін жетілдіреді. Өйткені, онкология саласында әр екі-бес жыл сайын өзгерістер бо­лып жатады. Мәселен, жаңа дәрі-дәрмектер, аппараттар, препараттар шығып, тың әдіс-тәсілдер енгі­зіледі. Ғылым саласына келсек, біздің ғылыми-зерттеу институты үлкен орталық. Ұжымда мыңға жуық адам қызмет істейді. Барлық дис­пансерлер онкология кафедра­ларының клиникалық базасы болып саналады. Үш жылдан бері Ден­саулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен біздің орталық пен 16 онкодиспансер ғылыми бағдар­ламаға қатысуда. Онда ең озық диагностика тәсілдері, ең тиімді, ең нәтижелі ем жүйесі ұсынылады. – Қандай жетістіктеріңізбен мақтана аласыздар? – Мына бір екі жетістік жө­нінде айтпай кетпеске болмас. Өйткені, ол бір жағынан елдің де табысы. Жуырда қазан айында Душанбеде ТМД елдері онколог­та­рының VІ съезі өтті. Сол жиынға біз де бардық. Онда ТМД-дағы әріптестерімізге елімізде онкология саласындағы атқарылып жатқан іс-шаралар – қатерлі ісікті ерте анық­тау жөніндегі бағдарлама, нәтижелі де тиімді ем, Үкімет тарапынан жа­салынып жатқан қолдау мен қар­жылай көмек жөнінде айтқанда, бәрі таңғалды. Неге дейсіз ғой? Өзіңіз білесіз, Қазақстанда үш жыл­дан бері сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтау жөніндегі бағдарлама қызу жүріп жатыр. Енді келесі жылы тағы екі бағдарлама қосылғалы отыр. Ол тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтау бағ­дар­ламасы. Яғни, простота безі неме­се, қуық астындағы бездің қатерлі ісігін анықтау. Жыл сайын бас­тап­қы екі бағдарламамен миллионға жуық әйел қауымы тексерілді. Алла қосса, 2011 жылдан жыл сайын 3 млн. астам адам тексеруден өтпек. Әрине, жаңа істі қолға алып, тәжі­рибе жинағанша, оның өз қиын­дығы болып жатады. Қашанда алғашқы қадам – істі бастау қиын. Мұндай бағдарлама ТМД елдерінің бірінде жоқ. Сондай-ақ, 2006 жылдан барлық онкомекемелер бір протоколмен, бір идеологиямен жұмыс істеуде. Ол қандай протокол дейсіз ғой, дүние жүзіндегі ең нәти­желі, ең тиімді ем жүйесінің бәрін жинақтап, барлық мекеме­лерге енгіздік. Сол жиында “біз де басқа елдің емін енгіздік” дегендер болды. Рас, айту бар да, оны іске асы­ру бар. Екінші мәселе, шыны­мен де “сол протоколдар бар ма, жоқ па, оны қалай қамтамасыз ете алдық, сол емдерді қолдайтын, со­ны іске асыратын қандай бағдар­ламалар бар” дегенде, біз екі бағ­дар­ламаны алға тарттық. Барлық диспансерде химиялық препарат­тар, дүние жүзіндегі ең мықты сәу­ле­мен емдейтін аппараттар бір ті­зіммен Үкімет тарапынан қаржы­лан­дырылатынын айттық. Қазақ­станда жүргізіліп жатқан шара­лар­ды естігенде, олар біріншіден қыз­ғанды, екіншіден: “Қазақстан­дық­тар, жарайсыңдар! Біз сендердің тә­жірибелеріңді өзімізге алып, үйрену үшін келесі съезді сендерде өткі­зейік”, деп шешім қабылдады. Алла қосса, екі жылдан кейін ТМД елдері онкологтарының кезекті құрылтайы бізде өтпек. Бұл нені көр­сетеді? Ол ТМД елдерінің қа­зақ­стандық ма­мандарды бағалаға­ны, Елбасының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауы­мен үлкен ша­руалар жасалынып жатқанын мойындауы. Екінші жетістігіміз, ол да та­рихи маңызды оқиға. Біреу білсе, біреу біле қоймас, Еуропада он­ко­логия саласында алты кәсіби қоғам­ды біріктіретін онкологтар мектебі бар. Сол мектеп ТМД елдерінің арасында елдің ахуалын, мемлекеттің саясатын, онкология саласының қазіргі жағдайын, Үкімет тарапынан қандай көмек көр­сетілуде, маман ретінде білік­тілігі қай дәрежеде екенін байқап, зерттеп отырады. Міне, сол беделді ұйым ТМД елдері арасында өзде­ріне 5 жылға стратегиялық әріптес ретінде Қазақстанды таңдап, Елба­сының атына хат жазды. Енді олар өз қаржыларына Еуропадағы мық­ты деген диагностикада болсын, емдеуде болсын мамандарды бізге жинап, оқытады. Сөйтіп, Қазақстан ТМД елдері бойынша алаң болмақ. Бұл да шетелдік мамандардың отандық онкологияны бағалап, мойындағаны. Болмаса еуропа­лықтарды білесіз, олар тектен текке келмейді. Егер олар сенбесе, не­месе елдің жағдайы нашар, онко­логия саласында күрделенген мәсе­лелер шаш етектен болса, “осы мәселені шешеміз” деп алға ұмытылған мамандар болмаса – олар жоламайды. – Жақсы екен, бірақ бұл бір жағынан үлкен жауапкершілік қой... – Үлкен жауапкершілік екенін білеміз. Сол үшін де дайындықты бастап жібердік. Біз Еуропа деңгейіндегі тәжірибені әкелу үшін 30-ға жуық маманды оқуға жіберіп алдық. Онда тек конференцияларға қатысып қоймай, баяндама жасап қайтты. Сондай-ақ, ағылшын тілін білетін мамандардың санын көбей­тудеміз. Сол себепті бір жылдан бері біздің институтта барлық кли­ни­калық конференциялар ағыл­шын тілінде өтеді. – Мамандарыңызға қиын тиіп жатқан жоқ па? – Әрине, қиын. Бірақ, қинала­тын жастар емес, олар біріншіден, алғыр, не нәрсені болса да қағып алады. Оның үстіне ағылшын тілін мектепте оқыған. Қиналғандардың ішінде мен де бармын. Төраға ретінде конференцияны жүргізуге тура келеді. Жігіттер болса: “Жәке, бізді аямайсыз ба? Бес жыл бойы конференцияда бәрімізді қазақша сөйлеттіңіз, енді ағылшын тіліне қинап жатырсыз” деп. “Жігіттер, одан не ұтылдыңдар? Отыз жыл орыстың арасында жүрген мен де қазақша үйрендім. Міне, бес жылдың ішінде барлығың қазақша сөйлеп кеттіңдер. Сендердің ара­ларыңда ағылшын тілін нашар біле­тін мен. Қазақ қабілетті халық. “Көш жүре түзеледі” деп, басшы ретінде алдыларыңа түстім. Сөйтіп, бір жылдың ішінде мен де сөйлеп кеттім. Өйткені, жігіттерге өзім үлгі болғым келді. Жалпы, адам жазы­ламын деп ұмтылса, жазылады, үйренемін десе, үйренеді. Сөйтіп, ағылшын тілінде сөйлейтін маман­дар санын көбейттік. Жігіттерге айттым: “Мерейтойға келетін шет­елдік қонақтармен ағылшын тілінде сөйлейсіңдер”, деп. Қонағын құдайындай күткен халықпыз ғой, қазір үлкен дайындық үстіндеміз. – Бүкіл мәселені шешіп қой­маған шығарсыздар, алдарыңызда қандай проблемалар тұр? – Әрине, проблема бар. Ең алдымен біздер маман ретінде осы салада бәсекелес болғымыз келеді. Ол үшін күнделікті еңбек етуіміз керек. Институтта бөлімше мең­герушілері аптасына бір рет дәрі­гер, екі рет медбике, үш рет сани­таркамен кездесіп, оларға дәріс оқиды, екіншіден өз араларында жиі кездесетін мәселені талқы­лайды. Ондағы мақсатымыз, мед­колледж бітірген жас мамандарды тәрбиелеу. Өйткені, операция жасалған соң, мәселе күтімге тіреледі. Дұрыс күтім болмаса асқынулар саны көбейеді. Ол, әсіресе, түнгі уақытта жиі кездеседі. Медбике де адам. Шаршайды. Бірақ, сол шаршағанның өзінде мықты дайындық жүргізілсе, олар қатені аз жібереді. Ал жұмыстың қалай орындалып жатқанын сапа жөніндегі сарапшылар тексереді. Тағы да қосымша мониторинг деге­німіз бар. Мәселен, соңғы үш айда бұрынғы мәселелер азайып келе ме, жоқ па, соны бақылайды. Сон­дай-ақ скринингті орталықтандыру мәселесі, ең бастысы, өлім санын азайтып, ерте диагностикалау мен емдеудің қазіргі заманға лайықты, тиімді жүйесін жүзеге асырып, үлкен нәтижелерге қол жеткізу. – Конференцияға қанша елден қонақтар келеді деп күтілуде? – Жиынға жер-жерден дүние жүзінің ең мықты деген 50-ге жуық онколог маманы келмек. Онда бүкіл Еуропаның жетекші мемле­кет­тері, Азиядағы, Жапония, Корея, Израиль, Сингапур, т.б. ел­дердің осы саладағы аса білгірлері бас қоспақ. Жапонияда асқазанның қатерлі ісігі бірінші орынға шыққанмен, оларда басқа елдерге қарағанда сырқатты ерте анықтау көрсеткіші өте жоғары. Өйткені, жапондықтар ұлттық деңгейде бағдарлама енгізіп, дүниежүзін таңқалдырған ел. Қонақтар ара­сында сол бағдарламаға жетекшілік жасаған профессор Т.Ендо бар. Сүт безі қатерлі ісігінің профессоры, Еуропадағы маммография маман­дары қоғамының президенті Марко Рассели, Халықаралық қатерлі ісікке қарсы одағының президенті Ф.Кавалли, Еуропадан жатыр мой­нының қатерлі ісігіне қатысты 6 жетекші хирург, т.б. мамандар ке­леді. Сондай-ақ, келер жылы басталатын простота безі қатерлі ісігінің алдын алу бағдарламасына орай Еуропаның ең білікті деген ғалымдарын шақырдық. Олардың арасында Германиядағы үлкен бағ­дарламаның үйлестірушісі, профес­сор Ф.Шредер бар. Медицинада урологтар: жалпы урология және онкоурологтар болып екіге бөлі­неді. Жаңа жылдан енгізілетін бағдарламада екеуі бірігіп бірге ша­руа жасамақ. Сондықтан еліміздің барлық урологтары қосымша ПСА тесті арқылы, яғни лабораториялық көрсеткіш бойынша облыс деңгейінде сол жобаға қатысады. – Мерекелік жиында шақыртса келтіре алмайтын білікті мамандар бас қосатын көрінеді, басқа да мәселелер қаралатын шығар?.. – Әрине. Мереке дегеніміз ол сылтау ғана, оған тек бір сағат уақыт бөліп отырмыз. Жиынға Алматы қаласының әкімі, депу­тат­тар, Денсаулық сақтау министрі қатысады, сондай-ақ басқа да салалық министрлерді, Тұңғыш Президент қорының президенті Дариға Назарбаеваны да шақырып отырмыз. Бағдарлама бойынша қонақтар өз лебіздерін білдіреді, сонан кейін үш күн бойы бас көтерместен жұмыс жасаймыз. Дә­ріс­тер оқып, операциялар жасалы­нады. Шара аясында 4-5 шеберлік кластары өтеді. Қазақ мұндайда айтпай ма, “мұрнынан шаншы­лып” шаруа жасаймыз. Меніңше, дәрігер үшін жақсы, нәтижелі жұмыстың әрқайсысы той, мереке. Өзімнің қолымнан күнде қан­дауырым түспей ота жасаймын. Өте қиын да күрделі операция үстінде әртүрлі жағдайлар кездеседі. Ер­теңгі күні операциядан кейін науқасыңның көңіл-күйі көтеріңкі, клиникалық көрсеткіштері жақсы болып шықса, одан артық қуаныш жоқ. Онкологияның жетістігі – елдің де жетістігі, абыройы. Сөйтіп, мерейтойды пайдаланып, үлкен жұмыс атқарғалы жатырмыз. – Әңгімеңізге рахмет. Қазақстанда соңғы 5 жылда  онкологиялық ауруларда тұрақтылық байқалған. Мәселен, 2005 жылы  29153 мың науқас болса, 2009 жылы 29071 адам ауырған.  Онкологтарды қуантып отырғаны, бес жылда өлім көрсеткішінің динамикасы азайып, 100 мың адамға шаққанда 114-тен 107-ге төмендеген. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.