Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бойына қан жүгірткенін төрағалық барысы айқын көрсетіп берді. Үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанына белгіленген саммит әлемдік қоғамдастықтың назарын Қазақстанға ерекше аударып отыр. Біздің еліміз тек жер асты байлығына ғана емес, сонымен қатар, жер үсті қазынасына да ие екендігіне, ашып айтқанда, адамдарының рухани жағына да бай екендігіне көз жеткізілуде. Елдегі татулықтан, төзімділік пен келісімнен артық ештеңе жоқ екендігіне әлем жұртшылығы ерекше ден қойып отыр.
Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы мәртебелі төрағалығы Қазақстанның посткеңестік кеңістіктегі дамуы жөнінен алда келе жатқан елдердің санатында екендігін көрсетіп берді. Жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы барысында Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Полад Бюль-Бюльоғлы өз сөзінде мынадай ойды ерекше ашып көрсетті: “Егер ЕҚЫҰ өзіне мүше Мемлекет басшыларының Саммитін он бір жылдан бері өткізбесе, Қазақстан тек өзінің жұмысымен көпшілікті мойындатып ғана қоймай, саммитті өткізуге бастамашы ретінде Ұйымға мүше елдердің барлығын өзіне шақыра білді”.
Бұл – өте маңызды. Өйткені, үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанына жоспарланып отырған саммит еліміздің мәртебесін көтеріп, мемлекеттің басында жүрген азаматтардың, турасын айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделін де арттыра түседі. Саммитті өткізе отырып, біз ел беделімен қатар, өзімізге де жұмыс істейтіндігімізді несіне жасырайық. Еліміз халықаралық инвестиция тартуға мүмкіндік алады. Инвестиция дегеніміз не? Ол – халық игілігіне қызмет ететін жобалар. Яғни, еліміз құрметті, өркениетті болуға қадам басып, халқының тұрмыс жағдайын жақсартуда қолдау табады.
Егер тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ жері көптеген халықтардың ары-бері қатынауына ерекше қолайлы аймақ болды. Батыс Еуропадан бастап Азияның барлық аймағынан дерлік Қазақстан аумағы арқылы көптеген халықтар сауда-саттықпен және өзге де мақсаттармен өткенін білеміз. Осының өзі қазақ жерінде өзге ұлттарға деген төзімділік пен келісім қағидаттарының сонау бір дәуірлерде қалыптаса бастағандығын көрсетеді. Кеңестік кезеңде индустрияландыру, соғыс, тың игеру сияқты науқандарда Одақта тұрып жатқан өзге ұлттар өкілдері Қазақстанға жаппай тартыла бастады. Осы ретте қазақ халқының қонақжай, бейбітсүйгіш екендігін ерекше айта кеткен жөн. Қазақ халқының сондай жақсы қасиеттерінің арқасында көптеген ұлт өкілдері, соның ішінде өзім де бармын, Қазақстанда өзіміздің өмір сүру ортамызды, Отанымызды таптық. Бүгінгі таңда Қазақ елі көпұлтты республикаға айналып, мұнда көптеген этнос өкілдері бақытты ғұмыр кешіп жатыр.
90-жылдардың ортасында Н.Ә.Назарбаев тарапынан жасалған Ассамблея құру идеясына қарсы болғандар да кездесті. Әйтсе де бұл қарсылықтар оның мәртебесіне және өзге де қырларына емес, аталған қоғамдық институттың қаншалықты маңызды екендігіне мән бермегендіктен орын алып жатты. Бүгінгі таңда сұрау салатын болсақ, онда халқымыздың көпшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясын толеранттылықты арттыруға, этносаралық келісімді нығайтуға қажетті институт деп тапқан болар еді. Бір мақсатқа жұмылған, яғни мемлекеттің нығаюына, халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға жұмыс жасайтын этносаралық татулық, бір-біріне төзімділік бүгінде Ассамблея арқылы да тек оң нәтиже беріп келеді. Елбасы өз сөзінде экономикадағы толағай табыстарымыз көп жағдайда қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында мүмкін болып отырғандығына ерекше назар аударды. Ассамблея жұмысының өзі осы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталғандығын орынды атап өтті.
Көптеген шет мемлекеттер халқымыздың татулықта және өзара түсіністікте өмір сүруіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін лайықты бағалап қана қоймай, үйренуге де болатын жақтары бар екендігін айтып, қызығушылық танытуда. Мен бір мысал келтіре кетейін. 2007 жылы Парижде болған кезімде Францияда тіркелген көптеген елдердің елшілері алдында баяндама жасауыма тура келді. Сонда Қазақстандағы ұлттық саясатты, полиэтностық кеңістіктегі ұлттар өкілдерінің еркін өмір сүріп, бір-бірімен тату тұруы жайын сөз еткен кезімде бір ел өкілі орнынан тұрып: “Мен өз премьер-министріме сізді елімізге шақыру туралы өтінішпен шықсам, сіздерде бұл мәселенің шешімі қалай табылып жүріп жатқанын айтып бере аласыз ба?” деген ұсынысын жеткізді. Мұны да біздің ұлтаралық татулыққа, өмір сүру салтымызға деген қызығушылықтан туындағандықтан көрініс берген жәйт деп түсінуіміз қажет. Өйткені, көптеген елдер Қазақстанның этносаралық татулық пен өзара түсіністік моделіне қызығушылық танытып жүр. ТМД елдерін айтар болсақ, Ресей мен Беларусь өз ассамблеяларын құру кезінде, әрине, өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, қазақстандық тәжірибені басшылыққа алғаны белгілі. Көршілес Қырғызстанның өзі орын алған оқиғалардан кейін өзінің этносаралық қарым-қатынас институттарын құра бастады. Сондықтан қазақстандық этносаралық татулық моделі қазіргі жағдайда қажеттілікке айналып отыр деп нық сеніммен айта аламын.
ЕҚЫҰ Лунд ұсынымдарында этностық азшылықтың жалпымемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне және қоғамның саяси өміріне қатыса алуы шаралары нақты жазылса, Қазақстан бұл үдеден де шығып келеді. Егер Лунд ұсынымдарына көз жүгіртер болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының онымен толық сәйкесетіндігін көреміз. Ассамблеяның 1995 жылы консультативтік-кеңесуші орган ретінде құрылуы барлық этностық топтардың пікірін ескере келе, коллегиалық негізде ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге үлес қосуға болатынын көрсеткен және мемлекеттің ұлттық саясатты дамытуының айтарлықтай нұсқасы бола алатынын айғақтаған үдеріске айналды. Сонымен қатар, ҚХА этносаралық қарым-қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың инфрақұрылымын және институттық үдерістің басталғандығын көрсетіп берді. Мұның барлығы Қазақстан халқы мен Ассамблея мүшелері көріп жүргендей, қазақстандық басшылықтың елдегі бейбітшілік пен келісімді құрудағы басымдықтарының салмақты екендігін дәлелдейді.
Посткеңестік кеңістіктегі біздің көршілеріміздегі орын алған этносаралық қақтығыстарды еске түсірсек, әсіресе, оның маңызы артады. ТМД елдерінің кейбіріндегі этностық кикілжіңдер әр түрлі этностық топтардың өзара ықпалдастықта тұрақты дамуына үміт артпайынша және жұмысқа қабілетті үндесу институтын құрмайынша жүзеге аспайтынын көрсетті. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстан халқы Ассамблеясы алғашқы болып қоғамдық үнқатысудың тиімді тетігіне айнала білді. Осы орайда Ассамблея беделінің артуы оның мемлекеттік маңызы бар саяси мәселелерді шешуге қатысуымен де байланысты. Мәселен, 1995 жылы елде Парламент болмаған кезде көпұлтты Қазақстан халқының өкілетті ұйымы ретінде өзін дәлелдей алды. Нәтижесінде қоғамдық орган мәртебесін иемденген ҚХА Қазақстанның полиэтностық мозаикасындағы тілдер мен мәдениеттерді дамытуда ұлттық азшылықтың құқықтарын қамтамасыз ету құралына және этносаралық қарым-қатынастарды реттейтін айрықша үнқатысу алаңына айналды.
Менің пайымымша, алдағы саммит барысында көптеген ел басшылары біздегі ұлтаралық татулық пен өзара төзімділік үдерістеріне жіті назар аударатыны анық. Өйткені, қазіргі әлемде толеранттылықтың жетіспей жатқаны айқын сезілуде. Өзара төзімділік пен келісім болмаған жерде тұрақтылық та болмайтындығын уақыттың өзі анық көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінен этностық мүдделерді қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы Парламент Мәжілісіне тоғыз депутаттың сайлануы айтарлықтай жетістік болды. Сондай-ақ 45 конфессия мен 130-дан астам этностық топтар өмір сүріп жатқан елімізде этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді институты болып табылатын көпұлтты Қазақстан халқының мүддесін білдіретін Ассамблея мәртебесі Ата Заңмен бекітілді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, 34 елде парламенттің кіші палатасында ұлттық азшылық өкілдері үшін (бірден он орынға дейін) заңшығарушылық квота берілсе, солардың ішінде Италия, Финляндия, Дания, Португалия, Хорватия, Румыния, Словения, Үндістан және Пәкстан сияқты елдер де бар. Ал этностық азшылықтың жоғары палатадағы өкілдері болуын қарастыратын нормалар 17 елде заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіліпті. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе мынадай қорытынды шығаруға болады: ҚХА құру және оған жаңа функциялар беру бірқатар қазақстандық заңнама көзқарасынан қарағанда да және ЕҚЫҰ мен БҰҰ-ны қоса алғанда беделді халықаралық ұйымдардың бірқатар халықаралық нормативтік-құқықтық актілерімен алғанда да өзінің заңды екендігін көрсетеді. Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің Парламентте болуын қамтамасыз ету көпұлтты Қазақстанда этносаралық тұрақтылықты сақтаудың және толықтай алғанда прогрестің бір базалық шарты ретінде елімізде халықаралық демократиялық нормаларды ұстанады.
Бүгінгі таңда Қазақстан дінаралық және этносаралық қарым-қатынастар саласындағы үндесу мен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі өзінің тәжірибесімен бөлісе алады және өзгелерге үлгі боларлық елге айналды. Көптеген халықаралық маңызды шаралардың Қазақстанда, әсіресе, оның елордасы Астанада өтуінің өзі әлемдік қоғамдастықтың бізге деген риясыз сенімі деп нық сеніммен айта аламын. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен еліміз басты демократиялық шарттарына қарсы келмейтін еуразиялық құндылықтарымен Еуропаға жол тартса, олар да өз құндылықтарымен Қазақстанға өзіндік ықпалын тигізуде. Мысалы, осыған дейін өткен діндердің құрылтайы өркениеттер үнқатысуының кеңейе түсуі мен қазіргі әлем құрылысының негізгі мәселелеріне тереңдей енуіне ерекше үлес қосты. Сонымен қатар, жақында өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы әлемдегі орын алып жатқан құбылыстардың байыбына баруға өзіндік септігін тигізді десек, артық айтқандық емес. Одан кейін Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясы бәріміздің басымызды қосып, алдағы тұрған міндеттерге ерекше ден қойдырды. Қазақта “Береке басы – бірлікте” деген қанатты сөз бар. Олай болса, елімізде өтіп жатқан әрбір шараның артында үлкен стратегиялық маңыз бен елді өркениет жолына бастайтын қадамдар тұрғанын көруге болады.
Қорыта айтқанда, Ұйымға мүше елдер басшыларының бізге атбасын бұруы байырғы қазақ жерінде өркениет көшінің бір пұшпағы жатқанына көз жеткізді. Қазақстан халықаралық қоғамдастық алдында этнос өкілдерінің төзімділік пен келісімде өмір сүріп жатқанын паш ете алады. Ең бастысы, саммит елге, оның басшысына деген сенімді одан әрі нығайтады. Ендігі мәселе біз ел болып оның абыройлы да өз деңгейінде өтуіне бар күшімізді салуымыз керек.
Лиеонид ПИТАЛЕНКО, Парламент Мәжілісінің депутаты, Беларусь этномәдени бірлестігінің төрағасы.