• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Астана форумы дайын шешімдер Саммиті болмайды

453 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемнің барлық дерлік аумағына хабар тарататын танымал “Euronews” телеарнасына сұхбаты Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Астана Саммитін өткізу жетістіктеріне қалай жеткенін жан-жақты айшықтап берді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

АСТАНА ФОРУМЫ ДАЙЫН ШЕШІМДЕР САММИТІ БОЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың танымал “Euronews” телеарнасының тілшісі Константино де Мигельге сұхбаты – 2010 жылдың қаңтарындағы ЕҚЫҰ қоғамдастығына өзіңіздің бейнеүндеуіңізде Сіз төрағалықтың ұраны – Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік деп жария еттіңіз. Бұл айтарлықтай оң қабылданды. Қазақ­стан өзінің төрағалығы кезеңінде аталған ұрандарға толық көлемінде сәйкес бола алды ма? – Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы­мыз­дың ұраны жақсы қабылдануының себебі – ол Ұйымға барлық мүшелердің Ван­ку­верден Владивостокқа дейінгі ұлан-байтақ кеңістіктегі сұраныстарын айғақтайды. Бірінші – біздің барлығымыз бір-бі­рімізге сенімді қажетсінеміз. ЕҚЫҰ елдері алдында тұрған қауіпсіздік саласындағы проблемалар көпқырлы және күрделі. Бұл проблемаларды түсіну мен оларды шешу жолдарын таңдаудағы біздердің арамыз­дағы айырмашылық та айтарлықтай. Қазақстанның көзқарасынша, ЕҚЫҰ қоғамдастығы сенім мен бірлікті көрсетуге міндетті – қазіргі қиындықтарды еңсеру­де, міне, дәл осы қажет. Осыған байла­ныс­ты Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалық стратегиясы қатысушы мемлекет­тер арасындағы келісім мен сенімді қа­лыптастыру үшін жағдай жасаудан тұрады. Оның үстіне сенімді ортақ қауіпсіздік негізделетін маңызды құрамдас ретінде қарастырған жөн. ЕҚЫҰ кеңістігінде сенім ахуалын қал­пына келтіруге Қазақстан төрағалығы дәйекті ұсынған “Корфу үдерісі” маңызды үлес қосты. Бұл үлес ЕҚЫҰ тұғырнама­сын­да келешектегі еуразиялық қауіпсіз­дік­ке қатысты бірлікке жету үшін ашық, тұрақты, кең ауқымды және жан-жақты қамтылған үнқатысудан көрінді. Мен “еуразиялық” анықтамасын кездейсоқ қол­данып отырған жоқпын, өйткені, бү­гінде еуропалық немесе азиялық қауіп­сіздік туралы бөле-жара айтуға болмайды. Қазіргі заманғы қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді қаперге алатын болсақ, ЕҚЫҰ-ға қатысушы бірқатар елдердің аумағы Азияда орналасқан, ал Қазақстан төр­ағалығы еуроатлантикалық және еур­азиялық кеңістіктегі қауіпсіздік туралы әңгіме қозғап жүр. “Корфу үдерісі” аясында жұмысты одан әрі жалғастыру үшін консенсустық са­лаларды анықтауда прогреске қол жеткізілді. Осының барлығы ортақ қыр көрсету­лерге байланысты сенім мен оның әсерін қабылдауда жақсы жағдай туғызады. Ұранның екінші элементі – дәстүрлер ЕҚЫҰ-ның негіз қалаушы қағидалары мен құндылықтарына жақындықты білдіреді. Өкінішке қарай, бүгінде ЕҚЫК/ЕҚЫҰ-ның негіз қалаушы құжаттарында көрсетілген қағидалар мен міндеттемелер әлі де болса толық көлемінде сақталмай келеді. Күш қолдануды жанжалдарды шешудің құралы ретінде қарас­ты­ру тоқталмай отыр, мемлекеттер арасындағы қарсы тұрушылықтар қатері аласталған жоқ. Кәдімгі қару-жарақ түрлеріне ба­қылау жасау үдерістерінде тоқы­рау байқалады. Трансұлттық қатерлер айтар­лық­тай қауіп төндіріп отыр, көптеген жанжалдар шешілмеген күйінде қалып келеді. Осыған байланысты Астана Саммитінде ЕҚЫҰ-ның барлық қағидалары мен міндеттемелерін қайтадан қуаттау, сонымен қатар, жаңа, болашаққа бағдарланған күн тәртібін бекіту қажет деп са­наймын. Еуроатлантикалық және еур­азиялық саясатта айтарлықтай өз­герістерді жүзеге асыру үшін олар­дың жолдарын инновация­лық тұрғыдан сараптау қажет. Дәстүрлер дегенде біз, сондай-ақ әр халықтың тарихи және мәдени ерекшеліктерін есепке алу қажеттілігі деп түсінеміз. Мұны қазіргі контексте біздің Ұйым құрылған мақсаттарға қайта оралу – Еуропаны жалпыға ортақ және қауіпсіздіктің барлық қырларына теңдестірілген қадам жасау негізінде бөлу желілерінсіз құру үшін жасау қажет. Үшінші элемент – ашықтық бойынша, ол халықаралық қаты­нас­тарда қосарланған стандарттар мен бөлу желілерінен еркін барынша ашықтықты, қыр көр­сету­лер мен қауіпсіздік қатерлеріне қарсы бағытталған ынтымақтастықты меңзейді деп айтар едім. Үстіміздегі жылдың қазанындағы менің Францияға сапарым барысында біз Париж Хартиясы қабылдануының 20 жылдығына арналған конференция өткіздік. Оған сол оқиғаларға тікелей қатысқан адамдар келсе, араларында Францияның экс-президенті Ж.д’Эстен, Францияның сыртқы істер экс-министрі Р.Дюма, ГФР-дің сыртқы істер экс-министрі Х.Д.Геншер болды. Жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясына қол қою ЕҚЫК-нің форумнан трансформация­ла­нуы­­на жол ашып, оны белсенді қызмет етуші құрылымға айналдырды және де ол Хельсинки Қорытынды актісінің заңды жалғасы болды. Аталған тағдыршешті құ­жат көп жағдайда жалпыеуропалық қауіп­сіздіктің ұзақ мерзімді перспективаларына арналған сұлбасын айқындады. “Қырғи-қабақ соғыс” кезеңінде Хельсинки үдерісінің негізінде екі полюс – АҚШ пен Кеңес Одағы арасында қалыптасқан тепе-теңдікті сақтау негізін­дегі еуроатлантикалық тәртіпті ұстап тұру мүдделері жатты. “Темір қабырғаның” құ­лауымен, Варшава блогының күйреуімен және КСРО-ның ыдырауымен бұл үстем идея да жоғалды. Қорытындысында біздің Ұйым бұ­рын­ғы кеңістіктік бағдарын жоғалтып, дер кезінде қайта құрыла алмады және инер­ция­ның жетегінде кетті. Биполярлы қарсытұрушылық іс жү­зін­де аяқталған сәттен бері, яғни 20 жылдан соң да Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі халықаралық қатынас құрылымы баяғыда өткен дәуірдің барлық негізгі белгілерін сақтап қалып отыр. ЕҚЫҰ-ның негізін қалаушылар еуро­атлантикалық және еуразиялық қауіп­сіз­дік­тің жалпы архитектурасына үйлесімді кіріккен тамаша ұйым құрғаны сөзсіз. Алайда, өмір бір ор­нында тұрмайды. Тұрақты­лық­қа жаңа қыр көрсету­лер пайда болады, қауіп-қатерлердің мазмұны түрі жағынан өзгереді, тер­роризм, саяси және діни экстремизм, есірткі бизнесі сияқты түсініктер интерна­ционаланады. Біздің барлығымыз өзі­нің ықпалы мен ауқымы жөнінен теңдессіз эконо­ми­калық дағдарысты бас­тан өткерудеміз. Халық­ара­лық қоғамдастықтың қо­лынан “со­зыл­малы” жан­жалдарды рет­теу келмей отыр. Әлем картасында Ауған­стан қаны сорғалаған жара түрінде қалып келеді. Біздің барлығымыз үшін Қырғызстандағы өт­кір ішкі саяси дағдарыс теңдессіз қыр көрсету бол­ды. Біз қауіпсіздік құ­рылымдарын бұзатын үде­рістерге иілмелі түрде, дер кезінде және тепе-тең­дік­пен ықпал етуге міндет­ті­міз. Біздің мақсатымыз қауіп­сіздікті нығайтып, оны қазіргі заман шын­ды­ғына сәйкес келтіруден тұрады. Ұранның төртінші эле­менті төзімділік – мәде­ниет­­аралық және өрке­ниетаралық үнқатысуды нығайту жөніндегі жаһандық трендтерді айғақтаса, бұл жәйт қазіргі әлемде барған сайын үлкен маңызға ие бола түсуде. 29-30 маусымда Астанада ЕҚЫҰ-ның төзімділік және қысым көрсетпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конферен­ция­сын өткізу біздің үлкен ортақ табы­сымыз болды. Бұл форум ұлтаралық және конфес­сия­аралық келісім саласында тәжірибе ал­масудың маңыздылығын жарқын көрсетіп берді. Қазақстан қазіргі заманғы әлем құры­лысы және оның одан арғы эволюциясы перспективасының шешуші мәселелерін түсінуде Шығыс пен Батыстың жақын­да­суын белсенді ілгерілетіп келеді. Менің бастамам бойынша Астанада Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ла­рының съездері тұрақты түрде өткізіліп жүр. Астана Саммиті барысында біздер өткеніміз туралы естеліктердің, қазіргі заманғы Еуропа мен Еуразиядағы ұлттар татуластығының, төзімділікті ілгері жыл­жытудың, нәсілшілдікпен, антисемитизм­мен және ксенофобиямен күрестің ма­ңыз­дылығын іс жүзінде дәлелдеуге тиіспіз. Өкінішке қарай, біз ЕҚЫҰ мемлекет­терінде байқап жүрген тілдік, миграция­лық, діни, мәдени, білім беру саясатын­дағы өзгерістер ұжымдық деңгейде тиісті дәрежеде сараланған жоқ. Біз бірігіп соңғы бірнеше жыл беде­рін­дегі төзімділік саясатындағы өте сал­мақты ілгері жылжуларды ортақтандыру үшін жұмыс істеуге тиісті екенімізге сенімдімін. Мен “ЕҚЫҰ: жаңа онжылдықтағы тө­зімділікке” деп атағанды жөн көріп отыр­ған ортақ құжатқа шығуымыз қажет. Төзімділік тақырыбы кең мағына­сын­да алғанда Қазақстанның 2011 жылғы Ислам Конференциясы Ұйымына төраға­лығы барысында да басты назарда болады. – ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті осыдан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда өтті. Сол уақыттан бері ЕҚЫҰ тұрақты түрде Батыс-Шығыс желісі бойынша қарсы тұ­рушылыққа байланысты төменге құлды­рап келді. Сіз көп жағдайда түрлі, кейде тіпті қарама-қайшы мүдделердегі 56 елдің басшысын Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы бастамаңызды қабылдауға қалайша көндіре алдыңыз? – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның саяси менеджері ретіндегі төрағалығы Ұйымға қатысушылардың барлығының пікірлері мен мүдделерін есепке алу қажеттігінен шығып отыр. Қазақстан ЕҚЫҰ кеңістігіндегі түрлі құрылымдардың белсенді қатысушысы және өзге де “бәсекелес” ұйымдарға кіре­тін мемлекеттермен тығыз әрекеттестікте бола отырып, Іс басындағы төраға лауазымында ешкімді алаламайтын бағыт ұстануға болатынын және солай істеу қажет екенін айғақтап берді. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің барлығымен консультациялар жүргізудің арқасында ұлан-байтақ ЕҚЫҰ кеңіс­ті­гінде пікірталас ауанын түбегейлі өзгер­туге, сөйтіп, Астанада жоғары деңгейдегі кездесу өткізу мәселесін консенсустық не­гізде шешуге қол жеткізілді. Оның үсті­не, біздің төрағалығымыздың басында бұл идеяның шындыққа айналатынына сен­гендер көп бола қойған жоқ. 2010 жыл Екінші дүниежүзілік со­ғыстың аяқталғанына 65 жыл, Хельсинки Қорытынды актісіне 35 жыл және жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясына 20 жыл толуымен ерекшеленді. Сондықтан өзіміздің қатысушы мем­ле­кеттермен консультацияларымызда біз екпінді еуроатлантикалық және еур­азиялық нұсқалы біртұтас және бөлін­бейтін қауіпсіздік қоғамдастығын құру ЕҚЫҰ-ның барлық, яғни жаңа, бола­шаққа бағдарланған күн тәртібіндегі қағидалар мен міндеттемелерді қайта бекітуді талап ететініне түсірдік. Жаңа күн тәртібін жасау жоғары деңгейдегі тиісті саяси ерік-жігер бар болған жағдайда ғана мүмкін. Оның үстіне, біз Астанадағы Саммитте ЕҚЫҰ-ның ұлан-байтақ жауапкершілігі аймағындағы геосаяси қатынастарды шы­найы “қайта құруға” ден қою бүгінде әлем­де болып жатқан осындай үдерістерді тиімді толықтырады дегенге назар аударттық. Біріншіден, жекелеген мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда. Бұған жарқын мысал ретінде Ресей мен АҚШ-ты келтіруге болады. Екіншіден, жаһандық және өңірлік көпқырлы саяси және экономикалық үдерістер шеңберінде. Бұл жерде мен бірінші кезекте “Үлкен жиырмалықты”, Еуропа Одағын, НАТО-ны, Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағын меңзеп тұрмын. ЕҚЫҰ-дағылардың барлығы оның жауапкершілігі аймағындағы жалпыға ортақ бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу жаһандық қауіпсіздікті нығайта­ты­нымен келіседі. Мысалы, егер Астана Саммитінде қауіп­сіз­діктің жаңартылған архитектурасы ту­ралы уағдаластыққа қол жеткізілетін болса, онда ядролық қарулану мен оларды қыс­қартуға бақылау саласында сезінер­лік­тей про­греске жетеміз деп батыл есептеуге болады. Егер елдер ынтымақтастықтың өзге де маңызды қырларында мәмілеге жете алатын болса, онда климаттың өз­ге­руі сияқты шетін мәселені шешуде де осындай оң ахуал қалыптасатыны кү­мәнсіз. Егер біз өзіміздің еуропалық және еуразиялық “ауламыздағы” проблемалы аймақтарымызды бітістіре алсақ, онда әлемнің саяси картасындағы “ыстық нүктелерді” тыныштандырудағы өзара іс-қимылымыз қазіргіден перспективалы бола түсер еді. Біздің саммит шақыру туралы бас­та­мамызда келесі бір маңызы айтарлықтай мәселе ретінде Қазақстанның бүкіл әлемге “ислам, прогресс және демократия сыйыса алатынын” көрсетуге ұмтылы­сы­мызды айтқан болар едім. Біздің бұған мұсылман тұрғындары басым тұратын, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды табысты жүзеге асырып келе жатқан, демократиялық қо­ғам­дастыққа дәйектілікпен интеграция­лану үстіндегі ел ретінде моральдық құқымыз бар. Саммит өткізуді бұдан әрі кешіктіру­дің зияндылығын біз қазіргі кездегі са­лыстырмалы түрде алғанда қолайлы гео­сая­си жағдайды қолдан шығарып алу мүмкіндігімен түсіндірдік. Еуропалық қауіпсіздік түсінігі туралы айтқанда оның іс жүзінде “Ванкуверден”, бірақ “Владивостокқа дейінгі” емес, “Бе­лостокқа дейінгі” кеңістікті ғана қамти­тын барлығымыз үшін аса негативті сце­на­рийді жүзеге асыру мүмкіндігі де жоқ емес. Ал мұндай сценарийде ЕҚЫҰ түп­кі­лік­ті летаргиялық ұйқыға кеткен болар еді. Осы аралықта егер ЕҚЫҰ-ға қаты­сушы барлық елдер конструктивті қадамға барып, саяси көрегендік таныта білмесе, онда саммиттің пайдалылығы туралы еш­қан­дай дәйектемелер оң нәтиже бермес еді. Консенсусқа қол жеткізуде Хатшы­лық­тың және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның жеке басының, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның барлық институт­тарының мықты қолдауы мен тер төге атқарған жұмысы үлкен үлес қосқанын атап өткім келеді. – Сіздің көзқарасыңызша, төрағалық кезеңінде Қазақстан үшін қандай қыр көрсетулер негізгілер болды? – Қазақстандық төрағалық үшін ең басты қыр көрсетулердің мәні сол, оның нәтижесі ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерден алған сенім несиесін қаншалықты табыс­ты ақтай алатынымызға байланысты болмақ. Шынайы болайын – біздің әріптесте­рі­міз Қазақстанға Іс басындағы төраға­лық­тың жауапкершілікті өкілеттігін сеніп тапсыра отырып, осындай күрделі құ­ры­лымды жеткілікті деңгейде тепе-тең және тиімді басқара алатынымызға қатысты күмәнді көңіл-күйде болуы әбден ықти­мал еді. Жауапкершілік аймағына 56 ел кірсе, оның ішінде 4 ядролық держава бар екенін де естен шығармау керек. Және мұндай күмәнмен қараушылық­ты түсінуге де болатын еді. Оның үстіне Қазақстан Ұйымға төр­аға­лық етіп отырған алғашқы постке­ңес­тік, басым негізде азиялық және мұсыл­ман мемлекеті болып табылады ғой. Әрине, біздің еліміз өзінің белсенді сыртқы саясатымен жақсы танымал, мо­дератор және бітімгер атағына ие, түрлі интеграциялық пішіндердің “қоз­ғалт­қышы”, тұтас бір халықаралық бастама­лардың авторы ретінде беделі бар. Бірақ ЕҚЫҰ-ға төрағалық – ол, әсі­ресе әлемдегі мейлінше қарапайым емес саяси және экономикалық ахуалдар аясында, мүлде өзгеше деңгейдегі және ауқымдағы сынақ. Сонымен бірге, Қазақстанның Ұйым төрағасы қызметіне келуін ЕҚЫҰ-ны соңғы уақыттың тиесілі оң тенденциялары арнасында “қайта демдеу” үмітімен де байланыстырды. Өз төрағалығымыздың бағдарламасын әзірлей және оны кейіннен іс жүзіне асыра отырып, біз “скептиктердің” қауіп­терін сейілтіп, “оптимистердің” дітте­гендерін ақтауға тырыстық. Бізге оның айтарлықтай дәрежеде орайы келді деп үміттенемін. Әрине, саммит шақыру жөніндегі қа­зақ­стандық ұсыныс бойынша консульта­циялар оңайлықпен жүре қойған жоқ. Бірақ жоғары деңгейлі кездесу өткізу туралы консенсустық шешім қабылдау – бар болғаны істің жартысы ғана. Біз қазақстандық төрағалықтың нәти­желілігі туралы ортақ пікірдің, бірінші кезекте, біздің Астана Саммитінің ұйым­дас­тырушылық та, мазмұндық та мәсе­ле­лерін қаншалықты табысты орайластыра алатындығымызға байланысты болатынын түсінеміз. Біз жоғары деңгейлі кездесудің мазмұн­дық бөлігіне айрықша назар аударатын боламыз. Ыстамбұлдан кейінгі көп жыл­дық үзілісте ЕҚЫҰ кеңістігінде жинақ­талып қалған проблемалық мәселелердің қатпарлары өте-мөте көп. Оларды “шайып тастау” соншалықты оңай емес. Барлық қиындықтарға қарамастан, түптеп келгенде біздің ең бір өткір деген мәселелердің өзінде де өзара тиімді тұ­жырымдарға қол жеткізетінімізге сенімім мол. Мен өзімнің бұл пікірімде 11 жылдық үзілістен кейін Астана Саммиті Ұйымның сапалық жаңаруына, оның ХХІ ғасырдағы өмір шындықтарына бейімделуіне бастау болады деген біздің бүкіл әріптесте­рі­міз­дің мүдделіліктерін басшылыққа алып отырмын. Саммитті мазмұн жағынан толықтыру тұрғысында Оңтүстік Кавказ бен Приднестровьедегі дау-жанжалдарды рет­теуге ықпал етудің қазақстандық төраға­лық үшін тағы бір елеулі сынақ болғанын атап өтер едім. ЕҚЫҰ-ның Минск тобы шеңберінде Таулы Қарабақ жағдайын реттеу бойынша белгілі бір қозғалыстың болғанын атап өту мен үшін қуанышты жәйт. Биылғы жылдың қазанында соңғы 5 жылда алғаш рет ЕҚЫҰ қолдауындағы халықаралық сарапшылар тобы жергілікті жердегі гуманитарлық ахуалға баға беру үшін Таулы Қарабақта болды. Біз Армения мен Әзірбайжан әскери тұтқындар алмасып, ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағаларының және Ха­лық­аралық қызыл крест комитетінің көме­гімен қаза болғандардың мүрделерін қай­таруға келіскен президенттер Д.Мед­ведевтің, С.Саргсянның және И.Алиевтің бірлескен мәлімдемелерін қуаттаймыз. Үстіміздегі жылы Приднестровье мә­се­лесі бойынша “5+2” форматындағы тұрақ­ты да толықтай сындарлы үнқаты­суды жолға қоюдың сәті түсті. Келіссөздердің қолайлы ахуалы және халықаралық араағайындардың күш-жігері халықтардың тұрмыс-тіршілігінің түрлі салаларындағы практикалық мәселелер бойынша қызметтестіктің қарқын алуына жағдай жасайды. Мәселен, 1 қазанда, 2006 жылдан бері алғаш рет, Приднестровье арқылы Кишинев пен Одесса арасындағы жолаушылар темір жол қатынасы қайта қалпына келтірілді. Грузин мәселесі бойынша Женева пікірсайысы шеңберінде тараптар ара­сын­дағы қарым-қатынастардың біртіндеп қалыпқа түсе бастағанын және өзара тиімді шешімдерді іздеуге деген талпы­ныс­ты атап өтуге болады. Біз ұзаққа со­зылған үзілістен соң, 28 қазанда Қақтығыстардың алдын алу және реттеу жөніндегі механизмнің оңтүстікосетиялық мәтіндегі жұмысының қайта қалпына келуін қуаттаймыз. Осы күш-жігердің бәрі, түптеп кел­генде, созылмалы дау-жанжалдар салда­ры­нан әлі күнге дейін зардап шегіп келе жатқан қарапайым азаматтардың игілігі үшін жанжалдасушы тараптардың сенім деңгейлерін арттыруға және позиция­ла­рын жақындастыруға жағдай жасауы тиіс. Сөз жоқ, Қырғызстандағы дағдарысты да назардан тыс қалдыра алмаймын. Бұл жағдай біздің бәріміз үшін, әсіресе осы елдің жақын саяси және экономи­калық әріптесі ретіндегі Қазақстан үшін күтпеген әрі күшті сынақ болды. Осынау күрделі, көп астарлы ішкі сая­си ахуалды реттеу жөніндегі біздің төр­ағалығымыздың іс-қимылы шынымен де көп жағдайда атап айтарлықтай сипатқа ие болды. Бізге жиі-жиі күтпеген бағытта өріс ал­ған жағдайларда іс-қимылдар жасауға тура келді. ЕҚЫҰ шеңберінде жауапты мәлім­де­мелер мен шешімдер қабылданды, халық­аралық күш-жігер жергілікті жерде үйлестірілді. Осының бәрі өте өткір цейтнот жағдайында орын алды. Президенттер Д.Медведев және Б.Обамамен бәріміздің уақтылы және үйлестірілген іс-қимылдарымыздың, БҰҰ, ЕО және өзге де халықаралық ұйымдар тарапынан болған тиімді қолдаудың және Қырғызстанның көп ұлтты халқының ерік-жігері мен кемеңгерлігінің арқасында бұл елдің азамат соғысына кіріп кетуінің алдын алудың сәті түсті. Қырғыз дау-жанжалының бейберекет дамуы Орталық Азияның бүкіл өңірлері үшін ең бір болжауы қиын зардаптар әкелер еді. Ауғанстанның соғыс қимыл­дары аймағындағы бүлдіргіш террорлық күштер өзінің өңірдегі ықпалын кеңейте түсу үшін Қырғызстандағы жағдайды пайдаланып қалуға кетәрі болған жоқ. Сонда да болса, тіпті 10 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін де түпкілікті тұрақтылық туралы айтуға әлі де ерте. Іс басындағы билік пен Қырғыз­стан­ның көп ұлтты халқы дағдарысты жойып, жасампаз арнаға қайта оралу үшін, то­лыққанды үкіметті қалыптастыру үшін қарышты қадамдар жасалуда. ЕҚЫҰ мұндай оң үдерісті қолдап қана қоймай, сонымен бірге қалып­тасу­дың осынау маңызды сатысында Қыр­ғыз­станға практикалық көмек көрсетуді жал­ғастыра беретін болады. Экономикалық және гуманитарлық ықпалдастықтағы мә­селелер, сол сияқты құқық тәртібі мен ұлт­аралық жанжалдардың алдын алу мә­селелері неғұрлым басым сипатқа ие болмақ. Әлемдік қоғамдастықтың Қырғыз­стан­ға көмек беру жөніндегі күш-жігерін үйлестіру мақсатында алдағы жылдың ба­сында Алматы қаласында менің басшы­лы­ғыммен халықаралық арнайы донор­лық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. – Көптеген адамдар қазірдің өзінде алда тұрған саммиттің “тарихилығы” туралы айтуда. Бірақ, Сіздің ойыңызша, оның шынымен де тарихи болуы үшін жоғары деңгейлі кездесудің негізгі нәтижелері қандай болуы керек? – Астана Саммиті тек бір жағдайда ғана нағыз тарихи саммит бола алады. Ол 56 мүше мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларына ЕҚЫҰ тек “қырғи-қабақ соғыс” кезінде ғана емес, сонымен бірге бүгінге дейін де қазіргі заманғы жаһандық саясат пен экономи­каның жанды бітіміне тығыз кіріккен белсенді дамып келе жатқан құрылым екенін іс жүзінде дәлелдей алғанда ғана мүмкін болмақ. Осынау көкейкесті міндетті шешудегі табыс кепілі – ЕҚЫҰ шеңберінде қор­да­ланған проблемалар мен қарама-қай­шы­­лықтарға саламатты, салқынқанды және прагматикалық тұрғыда талдау жасау. Біздің қазіргі бар оң істерді табанды түрде бөліп алып, бекіте түсуіміз, Ұйым ал­дында тұрған сынақтар мен қатерлерге сәйкес келетін іс-қимылдарды белгілеп алуымыз қажет. Біз өзіміздің кездесуімізді ЕҚЫҰ-ның бірегей және бөлінбейтін қауіпсіздігін ны­ғайтудағы, қазіргі бар дау-жанжалдарды шешу мен жаңаларының алдын алудағы тиімділігін күшейте түсу үшін пайда­лануымыз қажет. Ол тиімділік трансұлттық қатерлер­мен, экономикалық және экологиялық проблемалармен күресте, Ұйым жауап­кер­шілігі аймағында адамның құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз етуде қажет. Сонымен қатар, Астана форумының дайын шешімдер саммиті болмайтынын да айқын түсінген жөн. Біз “Ванкуверден Владивостокқа дейінгі” қауіпсіздік кеңістігі тұжырым­да­ма­сынан еуроатлантикалық және еур­азия­лық қоғамдастықтың бірегей де бө­лінбейтін қауіпсіздігін құруға қарай табан­дылықпен қозғалудың жаңа стратегиялық бағыты мен іс-қимылдар жоспарын белгілеу мақсатын алға қойып отырмыз. Ол ортақ құндылықтар, принциптер мен міндеттемелер негізінде құрылған, қауіпсіздіктің бөлу сызықтары мен түрлі деңгейлерінен ада қоғамдастық. Астанада бізге қарапайым қарау-жа­рақтарға жалпыеуропалық бақылау орнату режімін нығайту саласындағы нақты мақсаттар мен міндеттерді алға қою қа­жеттілігі тұр. Яғни, ол сенім мен қауіпсіздік шара­ларын нығайту, терроризмді, жаппай қы­рып-жоятын қару-жарақтар таратуды, ұйымдасқан қылмысты, адамдар саудасы мен есірткінің заңсыз айналымын, ки­берқылмыс пен жеңіл және отты қару­лар­ға байланысты проблемаларды қоса алған­дағы трансұлттық қауіп-қатерлерге жауап беру. Ауғанстан мен Қырғызстандағы тұрақ­тылыққа ықпал жасауға, және, тиісінше, дәстүрлі еуразиялық өлшемді толықтыра түсетін қауіпсіздіктің жаңа еуразиялық компонентін бекітуге деген біздің берік ұстанымымызды тағы да атап көрсету орынды деп санаймын. Еуроатлантикалық және Еуразиялық қоғамдастық қауіпсіздігінің ұзақ мерзімді жоспарын жасаудың дәл өзінен мен “Хельсинки рухына” жаңаша жарқын кел­бет пен қуат беретін “Астана рухы­ның” квинтэссенциясын көріп отырмын. Тағы бір басымдық – дау-жанжал­дардың алдын ертерек алу мен жоюдың, дағдарыстарды реттеу мен жанжалдардан кейінгі қалпына келтірулердің ұжымдық тетіктерін жетілдіру. Оны жасау қажет, өйткені ЕҚЫҰ кеңістігінде ондаған ықтималды дау-жанжалдық өңірлер бар. Сол сияқты ЕҚЫҰ-ның экономи­ка­лық-экологиялық себетінің басымдық­тарын да қарау қажет. Ол ең алдымен, қаржылық-эконо­ми­калық әлем құрылымының жаңа моделін құру, сол сияқты ЕҚЫҰ кеңістігіндегі экологиялық апаттарға, бірінші кезекте Арал апатына, ұжымдық іс-қимылдар қалыптастыру жөніндегі біздің күш-жігерлеріміз болып табылмақ. Астанада біздің Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясына деген берік ұс­танымымызды тағы да айғақтай түсуіміз қажет. Адамның құқықтары мен негізгі бос­тан­дықтарын қорғау мен ынталандыру мем­лекеттік басқарудың негіз қалаушы мақсаттарының бірі және қазіргі заманғы тәртіптің негізі болып табылады. Адам құқықтары мен еркіндіктерінің идеалдары мен құндылықтарын, толе­рант­тылық пен ашықтық стандарттарын біз бәріміз санжылдық қиналыстар арқы­лы қалыптастырған болатынбыз. Бұл оларды біздің осы саладағы саясаты­мыз­дың мызғымас негізіне айналдырады. ЕҚЫҰ-ның үшінші себеті бойынша да біз толеранттылық пен қысым көрсетпеуді нығайту жөнінен міндеттемелер қабылдауды ұсынамыз. – Биылғы жылы Қазақстан негізінен еуропалық ұйым саналатын ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Келер жылы Сіздің ел бүкіл ислам әлемін қамтитын Ислам Конференциясы Ұйымына төраға болады. Сіздің ойыңызша, Қазақстанның осы ұйымдардағы жетекшілігін өзара түсіністікті жақсарту және Шығыс пен Батыс арасында “көпір орнату” үшін пайдалану шындықпен қаншалықты сәйкеспек? – Шілде айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Толеранттылық пен  кемсіт­пеу жөніндегі жоғары деңгейлі кон­фе­ренциясы ұлтаралық және конфес­сия­аралық келісім саласындағы тәжірибе алмасудың қаншалықты маңызды екенін көрнекі түрде айғақтап берді. 2010 жылды “Мәдениеттерді жақын­дас­тырудың халықаралық жылы” деп жа­риялап отырған жағдайда бұл өте-мөте көкейкесті. Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде этностар мен конфессиялардың орасан сан түрлілігінің бейбіт және толерантты өмір сүруінің өзіне тән айрықша тәжі­ри­бесін жинақтады. Осындай талас тудырмайтын артық­шы­лық біздің елімізді Батыс пен Шығыс­тың, Еуропа мен мұсылман әлемінің үн­қатысуы үшін ең бір қолайлы алаңдардың біріне айналдырады. Төрағалық, араағайындық функция­лар­ды орындау үшін көбіне-көп процеске қатысушылардың бәрі кімнің ұстанымы салқынқанды екеніне сенімді болса, соны таңдайды. Сондықтан да біздің шетелдік әріп­тестеріміз Қазақстанды, осындай жәйттің АӨСШК мен ЕҚЫҰ, келесі жылы ИКҰ жағдайында орын алатынындай, азиялық та, еуропалық та бірлестіктерге төрағалық етуге нағыз лайық кандидат ретінде қарайды. Оның сыртында Астананың, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезін шақыру барысында өзіміз жинақ­тағандай, мұндай жұмыста аса зор тәжі­рибесі бар. Оның сыртында, біз “Ортақ әлем: сан-алуандық арқылы дамуға” деген атпен Батыс пен мұсылмандық Шығыс­тың сыртқы саясат ведомстволары бас­шы­ларының конференциясын да алғаш рет өткіздік. Соңғы жылдардың көптеген оқиғала­ры “өркениеттер түйісуі” деген теорияны біздің есімізге табанды түрде салып келеді. Олар 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ-тағы теракт, одан кейін Лондонда, Мадридте, Мәскеуде, Бесланда, Ташкент­те және ЕҚЫҰ кеңістігінің өзге де бірқатар қалаларында болған террорлық актілер. Швейцариядағы мұнаралар туралы референдум, бірқатар еуропалық елдердегі мультикультурализм саясатының дағдары­сы туралы әңгімелер, хиджабқа тыйым салу туралы пікірсайыстар мен “кари­ка­туралық жанжалдар”. Осыған АҚШ-тағы “Граунд Зеро” белгісіне таяу жердегі мешіті бар мұсыл­ман орталығын тұрғызу төңірегіндегі сөзталастар, Құранды өртеу қатері және басқа да көптеген оқиғаларды қосайық. Мұсылман әлемінің былайғы қалған әлеммен қарым-қатынастар қиындығы әлемдік саясаттағы ең басты проблема­лар­дың бірі болып қалып отыр. Қарым-қатынастар күрделілігі бір біріне деген кү­діктен, саяси және идеологиялық экспан­сияға қатысты өзара айыптаулардан көрініс табуда. Түптеп келгенде осылардың бәрі әске­ри-саяси жанжалдарға әкеліп соқтыруда. Мұсылман әлемі батыс қоғамының көз­қарасында бірінші кезекте оның ра­дикалды бөлігімен астастырылып, үрей тудырады. Ең бастысы – себептерді түсіну, осы қиындықтарды еңсерудің шынайы жолдарын ұсыну. Біздің алдымызда аса маңызды екі міндет тұр. Бірінші міндет – исламды дін ретінде құбыжықтандырмай саяси идеология ретін­дегі діни фундаментализмге қарсы тұра білуге үйрену. Екінші міндет – батыс пен мұсылман әлемінің арасында ашық та әділ үн­қа­тысуды жолға қою. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы осы ізгілікті мақсаттарға қызмет ететін болады. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.