Бүгінгі таңда құқықтық реформа еліміздің саяси жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында ерекше орын алады. Әсіресе, қылмыстық-атқару жүйесін реформалау уақыт талабы. Өйткені, мемлекетіміздің ұстанған бағытына сай бас бостандығынан айыру орындарында қамау жағдайын әлемдік стандарттарға сәйкес жетілдіру, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану саласын кеңейту және ізгілендіру барысында қылмыстық саясатты жетілдіру маңызды мәселеге айналды. Міне, осы мәселелердің шешімін табу жолдарын қарастырған Әділет министрлігі журналистерге арналған брифинг өткізді.
Онда Әділет министрінің орынбасары Ә.Аманбаев пен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы С.Құсетов алдымен қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыс туралы әңгіме қозғады. Олардың сөзіне қарағанда, соңғы кезде ҚАЖК жүйесі туралы объективті емес сипаттағы жарияланымдар саны көбейіп кеткендіктен, бұл жұртшылықтың қылмыстық-атқару жүйесінің сеніміне кері ықпал етіп, әділет органдары жүйесінің имиджіне нұқсан келтіруде көрінеді. Сондықтан аталған тақырып бүгінгі таңда өте өзекті болып тұр, дейді олар.
Осыған сай Әділет министрінің орынбасары Ә.Аманбаев: “Біз барлық БАҚ-пен ынтымақтастық жасауға дайынбыз. Ынтымақтастығымыз ең алдымен, мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға бағытталған” – деп атап көрсетті. Бұл орайда министрдің орынбасары бүгінгі күні бастама алған пенитенциарлық жүйедегі өзгерістер бұдан бұрын жасалынғандарға қатысты кедергі келтірмейді, сонымен қатар, қылмыстық-атқару жүйесінің қазіргі жай-күйі де қандай дегенге шынайы баға беру қажет екендігін тілге тиек етті.
Мемлекетіміз ұстанған сындарлы саясат бойынша ҚАЖ-ды реформалаудағы басты міндет бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар санын азайту, сондай-ақ сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үрдісін қалыптастыру, яғни оларды бостандықтағы өмірге дайындау болып табылады. Ол үшін, алдымен, колониялардың шаруашылық қызметіне қатысты сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәсілін өзгерту қажет. Бүгінде мұндай тәсіл Германия, Франция, Швеция сынды елдерде кеңінен қолданылады.
Ал ҚАЖ комитетінің бастығы С. Құсетов заңнаманы өзгертуді талап ететін реформалаудан кейін қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарды ұстаудың жеке камералық түрі пайда болады дейді. Осыған сай ол журналистерге бұл жұмыстың негізгі бағыттарын атап көрсетті.
Александр ТАСБОЛАТОВ.