Үкіметтің селекторлық кеңесі осы тақырыпқа арналды
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен басталған кешегі селекторлық кеңесте мал шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Бұл селекторлық кеңес те әдеттегідей онлайн режімінде өтті. Бірінші мәселе бойынша малдәрігерлік бақылау жүйесін жетілдіру туралы баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Өскемен қаласында тұрып жасады. Себебі, осының алдында ғана еліміздің шығыс өңірінде мал шаруашылығын дамыту мәселесіне қатысты республикалық деңгейдегі үлкен семинар өткен еді.
Ақылбек Күрішбаевтың айтуы бойынша, 2002 жылы ветеринария жүйесіне жүргізілген реформа осы қызметтің негізгі түрлерін бәсекелестік ортаға беруіне байланысты мемлекеттік бюджет мойнынан біраз жүкті түсірген болатын. Мұнан кейін еліміздің Бүкіләлемдік сауда ұйымына және Кеден одағына өтуге әзірлік жасап, өз заңдылықтарын осы ұйымдар талаптарына сәйкес бейімдеуіне байланысты ветеринария қызметі едәуір өзгерістерге түсті. Қазіргі күні ауылдық жерлерде мал соятын алаңдар ашу, сондай-ақ мал дәрігерлерімен қамту жұмыстары белең ала бастады. Еліміздің ветеринариялық жүйесі халықаралық стандарттарға және Халықаралық эпизоотиялық бюроның талаптарымен едәуір дәрежеде үйлестірілді. “Ветеринария туралы” заңға өзгерістер енгізілді.
Дегенмен аталған заңның талаптарын орындау ісінде жергілікті жерлерде әлі де олқылықтар жеткілікті екендігін жасыруға болмайды. Соның ең бастысы ветеринариялық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты болып отыр. Бүгінгі күні елімізде штаттық қызметтің 13 пайызы мамандардың жоқтығынан бос тұр. Мұның өзі ветеринариялық саладағы іс-шараларды дер кезінде және сапалы жүргізуге, сонымен қатар қауіпті мал ауруларымен күрес ісінде едәуір кемшіліктердің орын алуына ықпал етуде.
Сондай-ақ әлі де көптеген елді мекендерде заң талабына сәйкес мал соятын орындар ашылмай отыр. Ашылғанның өзі дұрыс жұмыс істемеуде. Мәселен, жуықта 1353 осындай нысанға жүргізілген тексеру олардың 125-і мамандардың жоқтығынан жұмыс істемей тұрғандығын көрсетіп берді.
Жалпы, қазіргі күні елімізде бар 7 066 ауылдық елді мекеннің 3 094-інде немесе 44 пайызында ветеринар мамандар жоқ. Ал басқаларында бір маманға келетін жүктеме өте үлкен.
Осыған байланысты министр аталған мәселені шешудің бір жолы ретінде жергілікті атқару органдарына коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындарды құруды ұсынды.
Баяндамашының сөзінде және баяндаманы талқылау барысында аталған салаға мемлекеттің қатысушылығын арттыру мәселесі көп айтылды. Себебі, көп мәселе қаржыға тіреліп отыр. Мәселен, заң бойынша әрбір ауданда міндетті түрде коммуналдық қазыналық кәсіпорындар құруы қажет. Оларды құрып жарақтандыру үшін 35 миллиард теңге қажет екен. Мұның 24,5 миллиард теңгесін жергілікті бюджеттен алу көзделінеді.
Екіншіден, Халықаралық эпизоотиялық бюроның талаптарына сәйкес еліміздегі малдардың барлығы ветеринарлық-профилактикалық шараларға тартылуы қажет. Осы үшін әр жыл сайын екі рет мал қаны диагностикалық тексерулерден өтуі керек. Оған 1,9 миллиард теңге қосымша қаржы талап етіледі.
Сонымен қатар, облыстар мен аудандарда қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған ветеринариялық зертханалар болуы керек. Бүгінгі күнге дейін осындай зертхана 11 облыс пен бір ауданда салынды. Жыл соңына дейін 8 ауданда ашылуы тиіс. Ал жалпы алдыға осындай 106 зертхана салу және оларды құралдармен жабдықтау міндеті қойылған. Бұл шараға 10 миллиард теңгедей қаржы қажет. Сонымен жинақтай айтатын болсақ, ветеринария саласын дұрыс жолға қою үшін алдымыздағы 3 жылда 61 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет етіледі. Мұның 33 миллиард теңгесін республикалық бюджеттен, 28,1 миллиард теңгесін жергілікті бюджеттен алу көзделіп отыр.
Мұнан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің шұғыл шаруамен кетуіне байланысты селекторлық кеңесті өткізу тізгіні Өскеменде отырған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің қолына көшті.
Екінші мәселе бойынша Қазақстанда ет экспортын дамыту жайы сөз болды. Осы мәселе жайында баяндама жасаған “КазАгро” холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков еліміздің ірі қара мал шаруашылығындағы жағдайға кеңінен тоқталып, еліміздегі ет экспортының төмендеп кету себептерін ашып көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі күні Қазақстанға көршіміз Ресейдің рыногына кіру ерекше маңызды болып отыр. Бұған Кеден одағының пайда болуы біршама қолайлы жағдай туғызатыны анық.
Дегенмен, ендігі кезекте Ресейдің ет импортына қоятын талаптарына жауап беруіміз қажет. Соның бірі ірі қара етін ірі партиялар бойынша жөнелту болып табылады. Ал бұл талапқа ірі қара санын арттырған және мал тұқымын асылдандырған, халықаралық ветеринариялық талаптарды сақтаған елдер ғана жете алады. Мәселен, қазіргі күні АҚШ-та 99 миллион, Аргентина мен Бразилияда 51 миллионнан, Ресейдің өзінде 21,6 миллион, Канадада 16,2 миллион мүйізді ірі қара малы бар екен. Ет импорттаушылар осындай ірі өндіруші рыноктармен әріптес болуды қалайды. Қазақстан да осындай жағдайға ұмтылуы қажет. Бізде әзірге мүйізді ірі қара 6 миллион бастың айналасында болып отыр. Ал ет экспортының көлемі жылына 2 мың тоннаның деңгейінде қалыптасты. Бұл өте төмен көрсеткіш.
Осы олқылықты еңсеру үшін осыдан біраз бұрын “ҚазАгро” холдингі Ресейге ет экспортын жылына 60 мың тоннаға дейін жеткізуді межелеп, осыған орай тиісті жобаларды жүзеге асыруға кіріскен болатын. Асылжан Мамытбеков жоғарыдағы межеге қол жеткізу үшін елімізде кем дегенде 300 мың бас мүйізді ірі қараның бордақылауда тұруы қажеттігін айтты. Осы мақсат үшін елімізде кемінде 60 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуі қажет. Бұл Қазақстанның қолынан келеді. ал холдинг өз тарапынан мал азығын дайындаушылар үшін қажетті техникалар лизингін ашуға әзір.
Жалпы, қазіргі күні еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылу үстіндегі индустриялық жобалардың маңызы зор болып отыр. Осыған жақсы мысалды Ақмола облысында жұмыс істей бастаған екі тауарлы сүт фермасының көрсеткіштерінен байқауға болады. Осы екі ферманың өзі ғана бүкіл облыста өндірілетін сүттің 15 пайызын береді екен. Сол секілді ірі қара малын бордақылайтын әрбір алаң іске қосылған сайын еліміздің ет экспорттау жағдайы да жақсара түспек. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров осы бағыттағы облыс тәжірибесін ортаға салды.
Облыстағы ірі аграрлық құрылымдардың бірі “Родина” фирмасының басшысы Иван Сауэрдің сөзі де өтімді шықты.
– Бұрын мал шаруашылығы туралы айтқанда өлген адам жайында әңгіме қозғағандай көбінесе өткен шақпен сөйлеуші едік. Енді міне, бұл мәселе жуықта ғана Парламент сағатында қаралса, онан кейін Өскеменде осыған қатысты үлкен жиын өткізілді. Бүгін енді Үкіметтің селекторлық кеңесінде қаралуда. Осының барлығы мемлекеттің мал шаруашылығына, ет экспортына ерекше назар аудара бастағандығын көрсетіп, мені қуантып тұр, – деді И.Сауэр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ғылыми инновациялық орталығының басшысы Айбын Төреханов өз сөзін елімізде биылғы жылдан бастап, қолға алынған мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция мәселесіне арнап, осы істің түйінді мәселелерімен болашағы туралы жан-жақты әңгіме қозғады. Мал тұқымын асылдандыру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін аталған істе алға кеткен елдердің тәжірибесіне тоқтала келе, ескеретін мәселелер туралы ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Кең ауқымды селекцияны жүргізуге оның негізгі буындарының бірі болып табылып отырған “Асыл түлік” АҚ-тың әзірлігі туралы баяндап берді.
Селекторлық кеңесте қаралған үшінші мәселе Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен көтерілген осы облысқа қатысты жәйттерге арналды. Онда облыс әкімі Үкіметтің алдына облыс экономикасын одан әрі дамытуға қатысты және қысқа әзірлік мәселесіне байланысты бірқатар мәселелерді қойды. Олардың барлығы назарға алынып, ретімен шешілетін болды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.