Қазақстандық ұялы байланыс операторлары қондырғыларын тиісті жиілікті өткізуге икемдеу жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал, желтоқсанның бірінен бастап, Байланыс және ақпарат министрлігі оларға 3G ресурсының жиілігін ЕҚЫҰ-ның Саммиті мен Азиада ойындары аясында уақытша қолдануға рұқсат береді.
Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы Ризат Нұршабековтің айтуынша, 1 желтоқсаннан бастап, Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары үшінші буынның байланысын қолдана алады, оның ішінде жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.
Комитет төрағасының айтуынша, министрлік 3G стандартын өткізу үшін раджиожиілікті пайдалануға төленетін төлемақы көлемін анықтау мақсатында Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізген болатын. Қазір бұл жоба Сенат қарауында.
Салық кодексі қабылданғаннан кейін ұялы байланыс операторлары 3G стандартын еліміздің барлық аймақтарында тарату мүмкіндігіне ие болмақ.
3G байланысы арқылы жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткіземіз. Сондай-ақ, vіdeo-on-demand (VOD) секілді жаңа қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігіне ие боламыз. 3G-дің мәліметтерді жеткізу жылдамдығы өте жоғары 144кбит/с-тен 2 мбит/ске дейін жетеді. (қазіргі 2,5 G байланысының мүмкіндігі 64-144 кбит/с), деп хабарлады Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.