• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қараша, 2010

Жем таңдамайтын жебірлер көші-қон саясаты мен тіл бағдарламасына бөлінген қаржыға да ауыз салуда

395 рет
көрсетілді

Мәселенің мәнісі “Жамбыл облысының про­ку­роры” деген жоғары лауа­зым­ды қызметке тағайындалған кадрлардың қызмет ауыстыруы кейінгі кездері тым жиілеп кетті. Атап айтсақ, соңғы төрт жыл­да облыс прокуроры кеңсе­сінің төріндегі былғары орын­тақтан Қ.Төлегенов, А.Кәрім, Е.Досановты көрсек, жақында бұл қызметке Б.Тайымбетовтің тағайындалғанына куә болдық. Әлбетте, ауыс-түйісте тұрған еш­теңе жоқ. Бірде бар, бірде жоқ байлық сияқты қызмет те қол­дың кірі. Дегенмен, аты-жөні атал­ған кадрлардың арасынан Қ.Төле­геновтің облыстағы еңбек өтілінің едәуір ұзақ болғанын айту қажет. Арасында, тіпті, Қызылорда облы­сына да бірер жыл прокурор болып келген. Жамбыл облысы прокура­ту­ра­сын бұрын да басқарған Әбдіқадір Кәрім өңір үшін “бөтен” адам емес болатын. Тіпті, ол кезінде арақ-шарап “магнаты” атанған атышулы Махмадовтың “мәмілесіне” де бас имей, тік мінез танытқан. Сон­дық­тан болар, жұрт оның прокурор бо­лып облысқа қайта оралуын жақ­сы­лыққа жорып, жемқор шенеу­нік­тер шоғыры арасынан бұрынғыдай тек қана “шабақтар” емес, енді тістері сойдиған “шортандар” да қар­маққа түсетін шығар деп үміт­тенген. Бірақ, ол бұл жолы облыс әкімдігі дене тәрбиесі және спорт басқармасына қарасты олимпиада­лық мектеп директорларының “жем­қорлығына” қатысты істерден басқа елеулі ештеңемен таныла алмады. Прокурордың өзі “жем­қорлар” деп жар салған директор­лар, “қасқыр да тоқ, қой да аман” дегендей, жұмыстарын әлі күнге дейін беймарал жалғастырып жа­тыр. Сонда прокурор мәлімдемесі жалған болғаны ма? Жемқорлар ештеңе болмағандай жұмыстарын жалғастыра беретін болса, құқық қорғау саласы оқалы қызметкер­лері­нің “табандылық”, “мундир абы­ройы” деген қасиетті ұғымдары өз мән-мағынасынан айырылмай ма? Ә.Кәрімнен кейін “облыс прокуроры” деген лауазымды қыз­метке оның бірінші орынбасары Е.Досан тағайындалып еді, оның да келуінен кетуі тез болды. Бірақ, ол сол аз ғана уақыттың өзінде халық­тың көзі мен құлағы саналатын өңір депутаттары алдына сыбайлас жемқорлыққа қатысты бір үлкен істі жайып салды. Яғни, ол: “Қа­зіргі таңда облыстық көші-қон де­партаментінің бастығы Тоқтағұлов­пен құрылған ұйымдасқан топ құ­рықталып, мемлекет қаржысын ысы­­рап еткені үшін қозғалған қыл­мыстық іс сотқа жолданғалы отыр. Тоқтағұлов департамент басшысы бола тұрып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, ірі мөл­шер­дегі қара­жатты иелену және ысырап етуге бағытталған қыл­мыс­тық топ құ­рып, жасанды құжат­тар­ды па­й­­да­ланып, оралмандарға бөлінген бюд­жеттік қаражаттан 58 млн. тең­ге­ні ысырап еткен”, деді. Проку­рор­дың көктемде жасаған мәлімде­ме­сінен бері, міне, жаз өтті. Күз де аяқталып келеді. Бірақ облыста бейнебір Тоқтағұлов деген шенеу­нік болмағандай, “оның жемқор­лы­ғына қатысты қылмыс­тық іс қоз­ғалды” деген мәлімдеме жа­салмағандай самарқау тыныш­тық бар. Прокуратурасы бар, соты бар, қарапайым халықтың көзі мен құлағы саналатын депутаттар бар және ІІД бар, бәрі жабылып “бірдеңе” шығаратын шығар деп ойлаған пенделер бүгінде “қарға қарғаның көзін шұқымайды, аяғы сиырқұйымшақтанып кеткеніне қарағанда, құқық қорғаушылардың да сыры белгілі болды”, деген ренішпен, қолын бір сілтегендей. Сөйтіп, жамбылдықтар көкейін­дегі “Тоқтағұлов ісі немен аяқтал­ды?”, “Бәлкім, ысырап болған 58 млн. теңгеге оның қатысы болмаған шығар?” деген сауалдар жұмбақ күйінде жұтылып қала берді. Ба­сы­мызға “мүмкін көші-қон департа­мен­ті бастығы түк болмағандай орынтағында әлі отырған шығар” деген ой келіп, жақында кішігірім “журналистік тексеру” жүргізу ниетімен аталмыш департаментке телефон шалдық. Сөйтсек, Тоқта­ғұ­ловтың қызметтен кеткеніне бес-алты ай болып қалыпты. Қайда кетті? Не үшін кетті? Ақ па, қара ма? Жеген ақшасын мемлекетке қай­тарды ма, жоқ па? Жоғарыда айт­қанымыздай, ол жағын құқық қор­ғау органдары әлеуметтен әлі жа­сырып отыр. Құқық қорғау ор­ган­дарын қорғаным деп ойлайтын ел-жұрттың сенімі мен құрметіне бұдан кейін қалай селкеу түспесін енді? Сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жауапкершілікке өт­кен жылы облыста 219 қызметкер тар­тылыпты. Оның 40-ы мемлекет­тік органдардың, ал 8-і облыстық дең­гейдегі басшылар екен. Кейбі­реу­лерінің атын атап, түсін түстеп беру­ге болады. Мысалы, 8 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын 11 мемлекеттік сатып алудың заң­сыз шешімдері жойылып, сыбайлас жемқорлыққа жол берген облыс әкімдігі құрылыс басқармасы бас­тығының орынбасары Н.Махашов, білім басқармасы бастығыны­ң орынбасары Б.Оразәлиева, кәсіп­кер­лік басқармасы бастығының орынбасары Б.Балтабаев, энерге­ти­ка және коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасы бастығының орын­басары М.Төлеулиев пен Б.Қырық­баевтар тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылған. Жемқорлық сипатын­дағы қылмыс “қаһар­ман­дарының” жалпы “контингентіне” көз салсақ, олардың ішінде әкім­дер­ден бастап, денсаулық, білім, салық, әділет, ке­ден, ІІД сияқты сала қызметкерлері де құмырс­қадай қаптап жүр. Жебірлердің жемсау толтыру үшін жем таңдамайтыны да таң­қал­дырады. Мысалы, “отқа салса жан­байтын, суға салса батпайтын” М. Ноқрабеков деген бір шенеу­нік­тің аты-жөні облысқа жақсы белгілі. Бірақ оның жемқорлыққа қатысты қитұрқы әрекеттерге бір иығын беріп жүретінін білетін басшылар “әй, сен тағы бірдеңені бүлдіріп, ұятқа қалдырып жүрер­сің” демес­тен, қолына “май шел­пегі” болмаса да “шай ішерлігі” бар кезекті қыз­меттің мөрін ұстата салады. Мы­са­лы, ҚР Президен­тінің 2001 жылдың 7 ақпанындағы Жарлығымен бе­кітілген “Тілдерді қолдану мен да­мытудың 2001-2010 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарлама­сы­ның” орындалуына, оның ішінде бюджет­тік қаражат­тың мақсатты жұмсалуы­на байла­нысты облыс прокуратурасы тек­се­ру жүр­гізіп, 2 млн. 898 мың тең­генің мақ­сатсыз жұм­салғанын анықтаған. Бұл заң­сыз­дыққа “байқа­май қалып” жол бер­ген баяғы Ноқ­ра­беков бо­лып шық­ты. Неге “бая­ғы”? Өйт­кені, “Мем­лекет­тік тілді оқыту ор­­­та­лығы” деген ме­ке­менің ди­рек­торы деген кішігірім лауазымға қол жеткізген ол бұдан бір жыл бұ­рын дәл осы сипаттағы заң бұзушы­лық­қа жол беріп, бюд­жет қаржысын “Я – вор в законе” деген сияқты мем­­­­­ле­кеттік тілді дамытуға мүлде қа­тысы жоқ тағы басқа да қилы-қилы қажетсіз кі­таптарды “са­тып алумен” мәшһүр болып, тәр­тіп­­тік жа­уап­кершілікке тартылған болатын. Өңірлердің экономикалық жә­не қаржы дағдарысынан шығуы үшін облысқа республикадан бөлінген қаражаттарды заңсыз жұмсау да тыйылмай отыр деуге болады. Әсі­ресе, “Жол картасын” жүзеге асыру бары­сында лауазым­ды тұлғалар қызмет­терін теріс пай­да­ланып, бюд­жеттен бөлінген қа­ражатты ысырап етуде. Ол үшін неше түрлі айла-шарғы­ларды ойлап табады. Мысалы, Мой­ын­құм ауданындағы Биназар ауыл­дық округінің әкімі О.Үйсімбаев біреуді жалған түрде жұмысқа ор­наластыру жолымен “Жол карта­сын” жүзеге асыруға бө­лінген бюджет қаражатына ауыз салған. Облыс прокурорлығына Б.Тай­­­ым­бетовтің тағайындалуы өңірдегі лауазымды шенеуніктер арасын­да­ғы сыбайлас жемқор­лық­тың түп та­мырына балта ша­бы­ла­тынына сен­діреді. Жақында об­лыс­тық проку­ратура үстіміздегі жыл­дың 9 айында ұйымдасқан қыл­мыстық топ құру мен оған же­тек­шілік ету жөніндегі фактісі бой­ын­ша 2 іс қозғалғанын, оның бі­ре­уі сөз басында айтылған Тоқта­ғұ­лов ісіне байланысты екенін ха­барлады. Ол іс қазір сотта қара­лып жатыр екен. Екіншісі – арақ-шарап “магнаты” атанған С.Мах­ма­дов­тың қылмыстық тобына бай­ланыс­ты іс. Оған жақында ай­ып­тау үкімі шығарылыпты. Полиция бөлімдерінің жедел із кесу қызметкерлері өз жұмыста­рының көрсеткіштерін жақсарту, яғни қылмыстың ашылуын көбей­ту мақсатында болған қылмысты “бол­мады” деп жазуды әдетке ай­налдырып алғаны да ашық ай­тыл­ды. Мысалы, прокуратураның қар­сы тексеруі барысында облыстық ІІД жедел із кесу орталығы қыз­мет­­кер­лерінің 14 қылмыстық істі жасыр­­ғаны әшкере болды. Облыс тәртіп сақшылары арасында аза­­маттардың конституциялық құқы­ғын аяққа басу фактілері де орын алған. Мысалы, үстіміздегі жыл­дың 27 маусымы күні Т.Рыс­құ­­лов атын­дағы ауданның про­куратура қызмет­кер­лері Б.Иман­құ­лов деген азаматты уа­қыт­ша оқ­шау­лау каме­­расынан босат­­қан. Полиция қыз­мет­­керлері оны 5 сағат бойы ешқан­дай негіз­сіз қамауда ұстаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық қауіпсіздікті сақтау­да­ғы басты міндеттердің бірі ре­тін­де еліміздің 2030 жылға дейінгі стра­тегиялық даму бағдарлама­сын­да және Елбасының өткен жылғы 22 сәуірдегі Жарлығында ерекше көр­сетілген. Сондықтан облыс про­­­ку­ра­тура органдары сыбайлас жем­қор­лық пен басқа да қыл­мыстық әре­кеттерге қарсы күресін белсенді ат­қарады, сөйтіп, орын алған құқық бұ­­зушылықтарды дер кезінде ан­ықтап, оларды бол­дыр­мау мен жою үшін тәжірибелі қыз­меткерлерден тұратын жедел жұ­мыс топтарын құру тәсілін кеңінен қол­данады деп сенеміз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.