Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының сот-құқықтық реформа саласын жетілдіруге бағытталған Жарлығын іске асыруды көздейтін заң жобалары қаралды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, “Құқық қорғау қызметі туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметі және сыныптық шен, әскери және арнаулы атақтар беру, әскери қызметшілердің және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерінің нысанды киім киіп жүру құқығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”, кейбір заңдарға прокуратура органдарының қызметін жетілдіруді қарастыратын толықтырулар енгізу туралы, еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне бизнес пен жеке меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобаларының топтамасы да бірінші оқылымда талқылауға шығарылатын болды.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті “Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясын ратификациялау туралы” заң жобасын, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын екінші оқылымда қарау жөнінде ұсыныс жасады.