Бүгінгі таңда халықаралық ұйымдар әлемде орын алып жатқан мәселелерді шешуде тек мемлекеттерге емес, сондай-ақ, барша әлемдік тәртіпке өз септігін тигізе алатындай маңызды рөлге ие болып отыр. Олардың құзырына мемлекеттер арасындағы тиімді халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты дамыту сияқты бастамалар кіреді. Сондықтан, Қазақстан үшін соңғы жылдары халықаралық пішіндегі бастамаларына қолдау табу және оларды алға тарту өзекті болып отыр. Бұл бағытта біз әлемдік деңгейде серіктес тауып, 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығын жүзеге асырдық. Асырып қана қоймай, алдымыздағы жылдың 1-2 желтоқсанында осы Ұйымның Саммитін өткіземіз. Еліміздің халықаралық деңгейдегі дәрежесі бұдан кейін де өсіп, 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесіне (СІМК) төрағалық етуге дайындалудамыз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе.
Өйткені, Ислам Конференциясы Ұйымы ислам әлемінің басты үкіметаралық органы ретінде әлемдік қоғамдастықта ерекше орын алып отыр. ИКҰ бүгінгі күні Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка континенттерінен 1,5 миллиардтан астам тұрғыны бар 57 мемлекетті біріктіре отырып, БҰҰ-дан кейінгі ең ірі халықаралық ұйым болып табылады. Бұл ұйым 1969 жылы құрылған уақытынан бастап барлық мүше мемлекеттердің саяси мәселелерімен қатар, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени сипаттағы түрлі мәселелерді шешумен айналысып келеді.
Ұйымның ұстанған негізгі мақсаты – мұсылман елдерінің өзара қарым-қатынастарын тереңдете түсіп, нәсілдік кемсітушілікті және отарлаудың барлық түрлерін жою, әділдікке негізделген халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажет шараларды қолдану, қасиетті жерлерді қорғау және мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты қолдау, саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және ғылыми салаларда ынтымақтастықты бекіту.
Трансаймақтық деңгейде ХХ ғасырда дами бастаған мұсылман мемлекеттерінің ынтымақтастығы бүгінгі күнде жоғары деңгейде жүргізілуде.
Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымымен ынтымақтастық қарым-қатынастары еліміздің ұйымға мүше болып кіруінен бері дамып келеді. Қазақстан зайырлы мемлекет бола тұрса да, бүгінгі таңда ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Еліміздің тарихы мен рухани мәдениеті мұсылман әлемімен ғасырлар бойы сабақтас әрі тамырлас болып келгендігі тарихи шындық. 1995 жылдан бері ИКҰ-ның мүшесі ретінде Қазақстан бұл ұйымның іс-шараларына белсене араласып, оның әлемдік қоғамдастық алдындағы беделінің өсуі мен ислам әлемінің абыройлы форумы ретінде бұдан былай да нығая беруіне атсалысып келеді.
Сауд Арабиясының Мекке қаласында 2005 жылғы 7-8 желтоқсанда Сауд Арабиясының королі Абдалла бен Әбдел Әзиздің бастамасымен ИКҰ-ның саммиті өтті, оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары да қатысты. Бұл саммит өтерден бұрын ислам әлемінің ғалымдары мен ойшылдары мұсылман қоғамдастығының алдында тұрған жаһандық мәселелерді талқылап, мәдени, саяси, төніп тұрған қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша бірқатар ұсыныстар жасады.
Осы ұсыныстарды ескере келе, саммит барысында ИКҰ қызметінің 2006-2016 жылдарға арналған 10 жылдық жоспары қабылданды. Сонымен қатар, бұл жоспарда толеранттылық құндылықтарын бекіту, экстремизм мен зорлық-зомбылықтан бас тарту және терроризммен күресу сияқты маңызды мәселелер айқындалды.
Сондай-ақ, кедейшілік, сауатсыздық, аштық көп орын алған Африка елдерінің мәселелеріне тиісінше назар аудару қажеттігі айтылды. Қазақстан ұсынысымен жоспарға бұл мемлекеттерге экология саласында және қаражаттық көмек көрсету қажеттігі туралы, сонымен қатар, өркениеттер үнқатысуы шеңберінде дінаралық үнқатысуды дамыту және қолдау туралы ережелер кірді. Сонымен бірге, республикамыздың экологиялық зардапқа ұшыраған аймақтарына (Арал теңізі мен Семей полигоны аймағы) қатысты мәселелерді қарастыру сияқты бастамалары осы ұйым тарапынан қызу қолдау тапқанын айта кету қажет.
Қазақстан ИКҰ аясында ынтымақтастықты дамыту бойынша Ислам Даму банкі (ИДБ) және түрлі саладағы консалтингтік және қаржылық ұйымдармен байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлуде. ИДБ ИКҰ жанынан құрылған халықаралық қаржылық институт болып табылады. Шариғат қағидаларына негізделген бұл банктің қызметі мемлекеттердің, мұсылман қоғамдастығының экономикалық және әлеуметтік дамуын қолдауға бағытталған. Бүгінгі күнде банктің акционерлік капиталы 42 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Қазақстанның жылдар бойы орнатқан дипломатиялық қарым-қатынастары арқасында 1997 жылы Алматы қаласында ИДБ-нің аймақтық бөлімін ашу туралы шешім Қазақстанның Ислам Даму банкімен әрі қарайғы ынтымақтастық қарым-қатынасына ерекше мәртебе берді. Сонымен қатар, жеке секторды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Ислам корпорациясына кірді. Бұл Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік берді.
Ал 2003 жылы оңтүстік астанамызда 55 мемлекеттен 600 делегат қатысқан Банк жетекшілері кеңесінің 28-ші отырысы өткізіліп, ортақ жобалар жүзеге асырыла бастады. Бұл отырыс ТМД елдеріндегі ИКҰ мен ИДБ өткізген алғашқы жоғары деңгейлі іс-шаралардың бірі болды. ИДБ-нің президенті М.Алимен болған кездесуде Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстанның экономикасын индустрияландыру жоспарын жүзеге асыруда ИДБ-ге үлкен үміт артатындығын атап өтті. Осылайша, ИДБ-нің ауылшаруашылық және инфрақұрылымдық салалардағы жобалар кірген Алматы – Гүлшат автожолы, Қарағанды – Астана жолының жөндеу жұмысы, Сызғанов атындағы Хирургия орталығына қаржылық үлес, Қазақ гуманитарлық заң университетінің жаңа ғимаратының салынуы сияқты 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламалары қолға алынды.
Қазақстан ИДБ-мен қарым-қатынасы шеңберінде өз ауқымын кеңейтіп, араб экономикалық дамуының Кувейт қоры, Сауд даму қоры және Абу Даби даму қоры, тағы басқа да араб қаржы құрылымдарымен ынтымақтастық орнатуға қол жеткізді. Мұндай қадамдардың, әрине, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік жағдайын жаңа деңгейге көтеріп, ілгері басуына өз үлесін қосатындығы сөзсіз.
Мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту халықтың рухани деңгейін, білім мен ғылым саласын дамытуға да кең жол ашпақ. ИКҰ-мен экономикалық ынтымақтастықта білім беру, мәдениет, ғылым және технология салаларындағы байланыстарды дамыту маңызды болып табылады. ИКҰ-ның арнайы Білім беру, ғылым және мәдениет бойынша ұйымының (ИСЕСКО) қызметі мүше мемлекеттер арасында білім беру жүйесін жетілдіру, жаңа технологияларды пайдалану, ислам құндылықтары мен мәдениетін дамыту істеріне бағытталған.
Қазақстанның ИСЕСКО-мен ынтымақтастық қарым-қатынасын жүргізуге ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиясы өкілетті. Еліміз ұйымның ИСЕСКО Ұлттық комиссияларының оқу семинарлары, ИСЕСКО-ның Бас конференциясы мен Атқару кеңесінің сессиялары сияқты барлық маңызды іс-шараларына қатысып келеді. ИСЕСКО-мен тығыз байланыс орнату Қазақстанға мәдени мұра ескерткіштерін қалпына келтіру мен сақтау, ислам әлемінің тарих және мәдениет, тіл дамыту салаларындағы зерттеулері бойынша тәжірибе алмасу сияқты ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кеңінен мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ислам әлемі мен Қазақстан алдында маңызды мәселелердің бірі – бейбітшілікті сүюге, төзімділік пен шыдамдылыққа баулитын шынайы ислам құндылықтарын халыққа жеткізіп, болашақ ұрпақты осы қағидатта тәрбиелеу мақсаты тұр.
Қазақстанның гуманитарлық саладағы маңызды жетістіктерінің бірі – ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету. Яғни, діндер мен халықтар арасында үнқатысуды дамыту уақыт талабы болып отыр. Қазақстан үшін толеранттылық қағидаты – саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қағидат болып саналады.
Мінеки, Қазақстанның ИКҰ шеңберіндегі осындай қызметі мен іс-шараларын қарастыра келе, Қазақстанның 2011 жылы ИКҰ СІМК-ға төраға ретінде сайлануы мұсылман қоғамдастығы тарапынан елімізге көрсетілген үлкен сенім мен атқарып келе жатқан қызметімізге жоғары баға болып табылады деп ойлаймыз. Алдағы төрағалыққа дайындық жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарай келе, бұл іс-шараның биылғы жылғы ЕҚЫҰ төрағалығынан кейінгі еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының биік шыңы болатынына кәміл сенеміз.
Еуропаның күретамырына айналған ЕҚЫҰ-ға алғаш мұсылман елі – Қазақстанның төрағалық етуін мұсылман қоғамдастығы жаһандану заманындағы ортақ жетістік деп бағалады. Әсіресе, ксенофобия мен исламофобия, нәсілдік кемсітушілік нашақорлыққа қарсы тұру мәселелері бойынша ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасында кеңінен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік туып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, біздің еліміз осы беделді еуропалық Ұйымға жетекшілігін ИКҰ-мен, яғни ислам әлемімен ынтымақтастық орнату үшін барынша тиімді пайдалануы тиіс.
Осылайша Қазақстан Батыс пен Шығыс өркениеттерінің де бір арнада дамуына мүмкіндік жасап, халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін нығайта отырып, оны бұдан да биік тұғырға көтере беретініне сенімдіміз.
Л.ҚАЛЫБЕКОВА, Мәдениет министрлігі Діни істер комитеті мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының қызметкері.