Қаратоғайдағы қуаныш тойы
4-5 айда 15 тұрғын үй Алтайдың аспанмен таласқан алып шыңдары бір күннің ішінде ақ көрпесіне оранып шыға келді. Таңертең ерте сапарға шығар алдында жолшыларға хабарласып Күршімге баратын жол және Өміш асуына қар түсіп қалды ма деп қаупімізді білдіргенбіз. Айтқандай-ақ, қаладан 40 шақырымға шыға бере мүлдем басқа климатқа еніп кеткендей әсерде қалдық. Қар жауып, жол көктайғаққа айналған, әупірімдеп жүріп Өміш асуынан да өттік. Күршімдіктердің тағы бір проблемасы, өткел мәселесі. Қатты жел көтеріліп Бұқтырма теңізі буырқанып, бұйра толқындар ойнаған кезде әзірше жүріп тұрған екі баржамен өте шығу қауіпті-ақ. Ал екі паром түрлі себептермен жүрмей тұр. Күршім ауданында былтырғы жылдың соңғы айлары мен биылғы көктемге дейін күрделі жағдай орын алғанынан көпшілік хабардар. Қардың қалыңдығы бес-алты метрге дейін түсіп, көктемде күрт еріген кезде Бурабай, Күршім және Қалғұтты ауылдарында апатты жағдай туды. Қаратоғай ауылында оннан астам тұрғын үй істен шықты. Бурабайда көктемде болған кезде аудан әкімі Алтайбек Сейітовтің өзі бас болып, өзен бойына биіктігі екі метр тас қоршау жасап, апаттың алдын алғанын көзбен көргенбіз. Күршім ауылында да өзен бойына ұзындығы 15 шақырым тас қоршау орнатылып, ауыл тұрғындары төнген қауіптен құтылған, сын-сәтте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолғабыс жасап, ауданға бірнеше рет атбасын бұрды. Тасқыннан көп зардап шеккен – Қаратоғай ауылы. Бас-аяғы төрт-бес айда Қаратоғай ауылында жаңадан 25 пәтерлік 15 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Тұрғын үйлердің жан-жағы қоршалған, есік алды мұнтаздай таза. Бір пәтерге кіргенде сыңғырлап тұрған жаңа жиһазды көрдік. Теледидар, көрпе-жастық, үстел мен орындыққа дейін “Парыз” қоры арқылы барлық тұрғындарға тегін таратып беріпті. Дәрігерлік амбулаторияға кірсеңіз, риза боласыз. Ішінде тіс, гинекология, балалар дәрігеріне дейін бар. Дәріхана да бір бұрыштан орын теуіпті. – Қаратоғай ауылының кіреберісіндегі жолды, алты көпірді жөндедік. “Ауыз су” бағдарламасы бойынша 1, 2 шақырым жерге су құбыры тартылып, 8 құдық орнатылды. Жарық беретін 47 баған орнатылды. Сонымен бірге шалғайдағы Төсқайың ауылында да көп істер атқарылып жатыр. Ол жерде жеті көпір салынды. Болат Нұрасыл жетекшілік ететін компания Қаба өзені бойында құны 243 миллион теңге көпірдің құрылысын бастап кетті. Биылғы игеретіні 107 миллион теңге. Аудандағы 12 ауылдық округте көшелер абаттандырылып, ағаштар отырғызылды, барлық шағын ауылдардағы көшелер жөнделіп, жарық тартылды, ағаш қоршаулар жасалды. Күршім ауылында сегіз көше күрделі жөнделді. Маралды, Қалжыр, Боран, Ақсуат, Аманат, Жолнұсқау, Сарыөлең, Теректібұлақ, Қайнар, Шеңгелді және басқа ауылдарда да бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, жерасты суымен қамтамасыз етілді, – деп аудан әкімі Алтайбек Сейітұлы атқарған істерімен таныстыра кетті. Биылғы қыстың да қатал болатын түрі бар. Сондықтан да ауданда отын, көмір, жемшөптің мол қоры жасалуда. Алайда, көмір Қаражырадан (бес жүз шақырым жер) тасылатындықтан, оның бағасы ауданға жеткенше шарықтап кетеді екен. Көлікпен тасу қымбат, ал су арқылы тасудың да өзіндік проблемалары бар, дейді ауданның іскер азаматы Балғазы Қадылов. Ол өзінің онға тарта “Камазымен” Семейден көмір тасып, аудан жұртшылығының алғысына бөленіп жүр. “Ауыз су” бағдарламасы Аудан орталығымен іргелес жатқан Құйған ауылына келдік. Ауылдағы су құбыры ескірген соң оның жаңасын орнату қажеттігі туады. Аудан әкімі А. Сейітов әрі-бері шапқылап жүріп Құйған ауылында су құбырлары мен құбырғыларын қайта жаңарту жұмысын оң шешіпті. Құны 143 миллион болатын құрылыс ғимаратын Семейдегі А. Фоминов жетекшілік ететін “Спецпромкомплект” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алыпты. Аудан әкімінің айтуынша тендерге қатысушылар дау-дамай туғызып, соттасып, өз мүмкіндіктері болмаған соң ақыры жеңіліп тыныпты. “Соның салдарынан маңызды ғимарат құрылысын екі ай кешіктіріп алдық”, деп өкінді. Алайда, семейліктер аз сөйлеп, көп іс тындыратын азаматтар екен, бірінші желтоқсанға дейін су құбырын пайдалануға береміз деп білектерін түріп, құлшынып отыр. Су құбырын тарту оңай шаруа емес. Ертіс өзені бойынан бірнеше су тартатын сорғы коллекторы салынуда. Сол жерде су хлорландырылып, тазартылып, бес жүз метр жердегі үлкен ыдыстарға түзеді. Құрылыс шебері Антон Баштинский уақытпен санаспай еңбек етіп жатқандарын айтады. Бір тиімдісі, ауыл адамдары да еңбек етіп, әжептәуір пайда табуда. Сергей Подрябинкин, Юрий Милованов сияқты электрмен дәнекерлеушілер өз істерін сапалы орындауда. Ауылдың 38 жерінде құдықтар болады. Тұрғындар суды дәл үйлерінің жанына алады, несін айтасыз, бұл құйғандықтарға тамаша тарту, дейді ауылдың ақсақалдары. Құйғанда бір кездері су тегінге жекешелендіріліп кеткен бала бақшаның тоз-тозы шығып, иесіз қалған. Алтайбек Сейітов оның бұрынғы қожайынымен келіссөз жүргізіп, кері қайтарып алыпты. Енді ол жөнделіп, бір жағы бала бақша, екінші жағы демалыс орны мен мекемеге айналмақ. Бала бақшаның жанынан көрікті мешіт сән құрған. Екі мектеп салынуда Сонау 90-шы жылдары Зайсан зілзаласы кезінде Күршім ауылындағы орта мектеп қатты зардап шеккен. Ол кезде мектеп құрылысын қайта салу кейінге шегеріле берді. – Еліміздегі білім сапасы жоғары мектептер қатарына енген бұл білім ұясында өткен жылы шәкірттер ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде орта есеппен 96 балл жинаса, биылғы көрсеткіш – 101,4 балл. Былтыр мектептің бес баласы “Алтын белгіні” иеленсе, биыл алты шәкіртіміздің жұлдызы жанды. Отыз жыл бойы шешімін таппай келе жатқан мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев оңынан келтірді. 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды, оны аудандық мәслихаттың депутаты, облыста алты бірдей мектеп салып берген іскер азамат Ержан Сқақовтың компаниясы жүргізіп жатыр, – деді аудан әкімі. Жаңа мектеп орталықтан бой көтеруде. Қазір мұнда елуге тарта адам еңбек етуде. Құрылыс материалдары жеткілікті. Цементтің әр тоннасын көрші Серебрянкадан 14 мың теңгеден сатып алуда. Жаңа мектеп келер жылдың қыркүйегінде есігін айқара ашпақ. Ал Барақ батыр ауылындағы 132 орындық жаңа мектеп 16 қарашада пайдалануға берілмек. Оның құрылысын да жүргізген Ержан Сқақовтың “Өскемен-құрылыс” компаниясы екен. Бір қабатты ұзын мектептің ішіне ендік. Едендері тақтайланып, пластикалық терезе салынған мектеп іші әсем. Жаңа жиһаздар көздің жауын алады. Тіпті есіктердің өзі сапалы, сыртына әр сыныптың нөмірлері ілінген. Мектеп директоры Нұрмолда Райымханұлы ескі мектептің тозығы жеткенін, жаңа білім ордасын салуға көмегі тиген облыс, аудан басшыларына алғысын айтты. Прораб Берік Аманбаев құрылыста қажырлы еңбек еткен құйматасшылар Сағатбек Айтқожиннің, Александр Мензюктің, өңдеушілер Әсем Жиенжанованың, С. Долгопятьтің, тағы басқалардың жұмысына риза. Ал ауыл тұрғындары Г. Құсайынова, Н.Қожабаева, Р.Қасеновалар да білім ордасының тез аяқталуына өз үлестерін қосуда. Екі мектепті салып жатқан Ержан Сқақовқа ауыл тұрғындары риза. Аудан әкімі А. Сейітов “Балапан” бағдарламасын іске асыру бағытында мектепке дейінгі жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеумен толық қамтамасыз ету мақсатында 5 шағын орталық ашылғанын, былтыр және биылғы оқу жылында 25 шағын орталыққа 470 баланың қабылданғанын, балалардың ыстық тамақпен қамтылғанын тілге тиек етті. Экономика өрлеу үстінде Расында да, ауданның біраз шаруа қожалықтарының иелерімен әңгімелескенде, мал басының бірнеше пайызға ұлғайып, ірі қара 65 мыңнан асқанын, қой мен ешкі санының 210 мыңға, жылқының 16 мыңға жеткеніне көз жеткіздік. “Азамат” шаруа қожалығы “Қаба” асыл тұқымды жылқы қожалығы, “Бөкенбай”, “Көкжал”, “Арын”, “Айтқожа” қожалықтары асыл тұқымды ірі қара мен қойды өсіріп, мал санын көбейткен. Қазір ауылдарда 13 қолдан ұрықтандыру пункті бар. Қаратоғайдағы қасапханада қашанда қауырт қимыл. Ауданда мал бордақылау алаңдары, бірнеше қасапхана, үш асыл тұқымды омарта шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Тағы бір игілікті іс, Күршімнің іргесіндегі балық зауытының өнімдері жақында Мәскеудегі Еуростандарттау комитетіне жіберіліпті, патент алған соң халықаралық аренаға шықпақ. Әр сенбі сайын Күршім ауылында жәрмеңке өтіп, шаруашылық құрылымдары мен жеке адамдар тауарларын арзан бағаға саудалайды. Өскемен мен Семейде өткен жәрмеңкелерде 12,6 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланған. – Аудан халқының ертеңге деген сенімі кімді болса да алға жетелейді. Қазір қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Әркім шамалары келгенше тіршілік етіп жатыр. Уранхай ауылында клуб жөнделіп, балалар демалатын орындар ашылды. Күршімде де осындай демалыс орны жұмыс істеп тұр, әр ауылда көшелер абаттандырылды, жарық тартылды. “Жол картасы” бойынша 23 жоба белгіленген, олар жүзеге асуда. Теректі ауылындағы су құбырын жөндеу, бес мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 12 ауылдық округтің елді мекендерін абаттандыру, электр бағаналарын орнату, жол жиектерін құйматасқа қондыру, жерді тегістеу, көшелерді жөндеу, тротуарлар құру, қоршау орнату жұмыстары орындалды. Боранда, Қалжыр мен Күршімде, басқа ауылдарда атқарылған игілікті іске көпшілік риза. Күршімде 6,7 шақырымға асфальт төселді. Қысқасы, Күршім көркейіп, сәндене түсті. Жаңа қонақүй, сауда орындары мен дәмханалар салынып жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлік те дамып келеді. Шағын кәсіпкерліктен ғана 101 миллион 380 мың теңге салық түсті, – дейді аудан әкімі А. Сейітов. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.
•
13 Қараша, 2010
Көркейген Күршім
1039 рет
көрсетілді