• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қараша, 2010

Дәл осындай стиль қажет

434 рет
көрсетілді

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде екі дөңгелек үстел өткізілді. Оның бірі – біздің еліміздің және Ресейдің сарапшы ғалымдары мен саясаткерлері және шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері қатысқан “ЕҚЫҰ – еуразияшылдықтың жаңа өлшемі” тақырыбына арналса, екіншісі – университеттің заманауи зерттеулер институтының ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясының қолдауымен “Қазақстан Республикасындағы астыртын көші-қон және оны төмендету шаралары”  тақырыбына арналды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуі – елімізді төрткүл әлем алдында жаңа қырынан та­ны­тып, ірі халықаралық деңгейде өз орнымызды нақтылаған, әрі жауапты жүк артқан міндет болды, деп отырысты ашқан университет ректоры, заң ғылымдарының док­то­ры, профессор Бақытжан Әбді­райымов алғашқы сөзді ҚР Сырт­қы істер министрлігінің Сыртқы саяси сараптау және болжау комитетінің кеңесшісі Александр Синяговскийге берді. Биылғы жыл Еуразия құрлы­ғы­ның тарихындағы бірнеше ай­ту­лы оқиғалардың жылы болды, деп бастады сөзін ол. Фашизмнің тізе бүккенінің 65 жылдығы, ЕҚЫҰ-ның – 35, ал Париж Хартиясы­ның 20 жылдығы сынды маңызды даталармен өріліп отыр. Шешен төрағалық уақытында Ұйымның жаңартылған күн тәртібі мен ескі­сін жандандыру, қауіпсіздікті қам­тамасыз етудің базалық мәселелері мен ынтымақтастықты кеңейтуде еліміздің ЕҚЫҰ-ның үш өлшемін, яғни үш себетін қатар алып жүрге­нін алға тартты. Өзіміздің емес, ха­лықаралық деңгейдегі сарапшы­лар­дың пікірлеріне сүйенсек, Қазақстан алға қойған міндеттерін орындауда жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Тіпті соңғы 5 жылдың ішінде алғаш рет дер кезінде ке­шік­тірмей Ұйымның ішкі бюджеті қабылданды, деген министрлік өкілі осыдан кейін жыл ішінде ат­қарылған жұмыстарды жиналған­дар­дың назарына салды. Шынымен де, бір жылға жет­пейтін уақыт ішінде-ақ жүргізілген жұмыстар көңіл тоғайтады. Өт­кі­зілген бірнеше конференциялар, созылмалы кикілжіңді аймақтарға қатысты атқарылған сапарлар нә­тижесінде атқарылған жұмыстар, экологиялық мәселелер, есірткі айналымы, Ауғанстан мен Қыр­ғыз­станға қатысты Төраға ел жаса­ған қадамдар, өзге халықаралық ұйымдар – АӨСШК, ИКҰ мен арада көпір қызметін атқару дейсіз бе, толып жатқан жұмыстардың бар­лығы осындай ой түюге жете­лейді. Шешен сөзінің растығын, шетелдік сарапшылар жоғары ба­ға­лап отыр деген ойын бұдан кейін сөйлеген украиндық және ресейлік саясатшылар мен ғалым­дар жалғастырды. Украинаның Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі, профессор Петр Токарь Қазақстанда өтетін сам­митке әлем жұртшылығы көз тігіп отыр, деді. Жыл басынан бері қаншама жұмыстар атқарылды. Егер ЕҚЫҰ-ның осыған дейінгі төрағаларымен салыстырғанда Қа­зақстан өте үлкен жұмыс жүргізді. Үш өлшемді қатар алып жүруімен қатар Төраға елдің атқарған жұ­мыс­тарынан-ақ Еуропа мен Азия­ны ешқашан бөліп қарастыруға бол­майтынына көз жеткіздік. Және де ЕҚЫҰ тарихындағы 6 саммитке бүгінгі көзбен қарасақ, оның бүгінгі жаңа қауіп-қатер­лер­ге лайықты жауап бере алмайты­нын көреміз. Ал Қазақстан осы мә­селелерге қаншалықты жауап­кер­ші­лікпен келудің үлгісін көрсетті. Біздің Украина да 2013 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығынан үміткер ел. Егер тізгін сенімі тапсырылған жағдайда біз Қазақстан жинаған үлкен тәжірибеден үйренгіміз, оны зерттегіміз келеді, деді профессор Токарь. Ресейдің Демография, мигра­ция және аймақтық даму инсти­ту­тындағы бақылаушылар кеңесі­нің төрағасы, сарапшы Юрий Круп­нов ойлары кесек шықты. Ме­нің ойымша, Қазақстан төраға­лығында Ұйымның саясаттануы қатты азайды. Біз нақты конс­трук­тивті ойлар мен мәселелерді, на­қыл айтуды емес, кім-кіммен де ұғы­нысуға ұмтылған көңілді көр­дік. Осындай стильдің пайда бо­луы болашақта ЕҚЫҰ-ның жұмы­сына өте қажет. Бәріңіздің есте­рі­ңізде болар, өткен ғасырдың 90-шы жылдары ЕҚЫҰ-ның мүше елдердегі кейбір жағдайларға қа­тыс­ты орынсыз, қатты пікір айта­тыны. Міне, осындай оқыс ойлар айтып қалу енді Қазақстанның сал­мақтанған төрағалығы арқа­сын­да артта қалады деп сенемін. Себебі, ЕҚЫҰ-ның жемісті жұ­мысы үшін осындай стиль өте қа­жет. Міне, осылайша, шығыстық үлгі о баста еуроатлантикалық, еуро­палық болып құрылған Ұйым­ның жұмысына жаңа леп берді. Сол себептен ЕҚЫҰ қағидаттары Қазақстан төрағалығы тұсында қалай атқарылып жатыр дегенмен қоса, Қазақстан төрағалығы Ұй­ым­ның өзіне не берді дегенді сөз ету де маңызды. Ал қайсыбір елдің лидерлікке жетуі оның халқының санына байланысты емес, сол елдің әлемдік маңызды мәселе­лер­ді қаншалықты орынды көте­руін­де жатыр. Қазір проблеманы күшпен, қарумен шешер заман емес. ЕҚЫҰ-ның өзінің “қырғи-қабақ соғыс” уақытында дүниеге келгені белгілі. Ол кездегі жағ­дайды бүгінмен салыстыруға келмейді. Сондықтан да Ұйым­ның қазіргі уақытта тек еуропа­лық қана емес, еуразиялық сипат алғанын естен шығармауымыз керек. Әрине, бұл түсінікке толық жету үшін уақыт та қажет шығар. Алайда, осыдан 16 жыл бұрын Президент Нұрсұл­тан Назарбаев ұсынған Еуразия­лық идея өзінің өмір сүруге толық құқығы бар екенін көрсетуде, деген ресейлік сарапшы әрі қарай Ауғанстан мәселесіне ойысты. Осыдан 35 жыл бұрын ЕҚЫҰ жұмысының бастауында Берлин­нің екіге бөлініп тұруы қандай алаңдатса, қазіргі күнгі осындай бас қатыратын нүкте Ауғанстан бо­лып отыр. “Мызғымайтын бос­тандық” операциясы жүргізілге­ніне 9 жыл болды, былайша айт­қанда, қарумен, майданмен ауған ауруын жеңеміз дегенге. Ал бірақ өмір шындығы нені көрсетті? Осы уақыттың ішінде Ауғанстан­нан сыртқа шығарылған есірткі 40 есеге ұлғайған. Ендеше, күш оған қарсы күшті алып келетінін естен шығармай, өзге жол ізделуі тиіс. Ресей Федерациясы Әлемдік даму институтының директоры Серафим Мелентьев сөзінен кейін модератор ой айтуын ұсынған академик Жабайхан Әбділдин пікірі Юрий Крупновпен бір арнаға тоғысқандай көрінді. Ауған халқын сыртқы күштер – Кеңес Одағы мен АҚШ дәстүр­лі еңбек үдерісінен жаңылдырды. Онда жылдар бойына қолына қару ұстап атысқа үйренген тұтас буын қалыптасты. Енді ол адамдарды бірден бейбіт өмірге шақыру, экономиканы өркениетті жолмен дамытуға үйрету көп күшті талап етеді. Міне, сондықтан, экономи­ка­сы дамыған елдер Ауғанстанның жаңа даму жолына түсуіне үлкен қаржы бөлулері қажет. Халыққа өнім өндіре алатын жағдай туғы­зып, адамдар адал еңбек арқасын­да дұрыс тіршілік ете алатын­ды­ғына сенім туғызу керек. Бұл үшін ешқандай қаражат аяуға болмай­ды. Қырғызстанда да мемлекеттің әлеуетін көтермей, халықтың тұр­мы­сын жақсартпай, жағдай қалып­қа өзінен-өзі келеді деуге бол­май­ды. Халықтың басына түскен әлеуметтік қиындықтар билікті үздіксіз заңсыз жолмен ауыстыруға алып келуі мүмкін, деді академик Жабайхан Әбділдин. Екінші дөңгелек үстел отыры­сында да мазмұнды ойлар, құнды пікірлер айтылды. Халық көші-қо­нының өзектілігі аталған тақы­рыпты еліміздің ұлттық қауіпсіз­дігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың біріне айналдырып отыр, деді жиналғандар. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.