Жетекші кәсіпкерлер үндеуі
Мемлекет басшысының атына Н.Смағұлов, Р.Батталов, Е.Қалиев, А.Байтасов, К.Сатылғанов, С.Сейфуллин және тағы басқа еліміздің жетекші кәсіпкерлерінен үндеу келіп түсті. Үндеуде былай деп жазылған:
“Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, қазақстандық бизнес қауымдастығының өкілдері, Сіздің қылмыстық заңнама мен құқық қорғау жүйесін қылмыссыздандыру және ырықтандыру жөніндегі бастамаңызды қанағаттанарлық сезіммен қабылдадық.
Біз мемлекеттік әкімшілік жолмен бизнесті ырықтандыру кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қазақстандық іскерлік бастаманы нығайтады деп кәміл сенеміз.
Қылмыстық жүйені ырықтандырудың нақты көрінісінің мысалы ретінде біздің әріптесіміз Марғұлан Сейсенбаевтың Отанына оралуын, сонымен қатар, оның “Альянс Банк” АҚ басшылығы мен акционерлеріне қатысты қозғалған қылмысқа байланысты ақиқатты ашуға көмектесу жөніндегі талабын айрықша атап айтар едік. Марғұлан Сейсенбаев Қазақстан Республикасының игілігі үшін, міне, 20 жылдан бері бизнеспен шұғылданып келеді және біз істің нәтижесі шынайы әрі әділ шешілеріне сенеміз.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз мемлекеттің осы саладағы жүргізген реформалары бизнеске мүмкіндік туғызған тағы бір қадам екенін және тиісінше, өз Отанымыздың гүлденуі үшін бар күшімізді сарқа жұмсауға әзір екенімізді ұғынамыз”.