Әннің құдіреті туралы Абайдан асырып айтқан адам жоқ болу керек. Ұлы ақын “Әннің де естісі бар, есері бар” дейді. Қазақ осының естісіне құлақ түріп, есеріне мән бермеген, ән деп бағаламаған. Содан да болу керек аспандағы аққумен үндескен, алтын ғасырлардан бізге жеткен әуендердің халқымызбен бірге жасап, заманмен жаңарып келе жатқаны. Жасыратыны жоқ, қазір әнші де көп, ән де көп. Бірақ, әуені тарсыл-гүрсіл, орынсыз айқау-шуға толы, егіз қозыдай әнсымақтар көбейіп, оны орындайтындардың біразы жұлдызбын деп жұлқынып жүр.
Жұрт шын қабылдап, жүрегіне ұялатпаған ән деп жүргендердің қызыл-жасыл қызуы жылдар өте келе жыраға сіңген судай ұмыт болатыны анық.
Теңіз түбінен сүзіп алған маржандай асыл әуендер ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ұрпақтардың рухын оятып, санасына сәуле түсіріп, көңілінің көкжиегін кеңіте беретіні шүбәсіз. Бұған уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өмір өткелінде өкпесін өшірмей өрлігімен танылған айтулы арғы жауһарларымыздан бір мысал келтірер болсақ, Ақан серінің “Құлагері”, Біржан салдың “Ақ сисасы”, Естайдың “Қорланы”, Мәдидің “Қарқаралысы” – осылайша жалғаса беретін ұлт руханиятының арқаулары ойымызға орала береді.
Біз неге бұлайша әңгіме желісін тереңнен қозғап отырмыз дегенге келсек, алдағы айтқан парасатты әуендерді жалғастырып келе жатқан азамат туралы ой өрбітер тұста алыптардың өнердегі ұлылығы еске түсе берген еді. Ол – халықтық дәстүрдегі әндердің әдемі үлгісін қалыптастырған, Астанадан алыстағы ауылда жүріп-ақ қарапайым қасиетімен келісті туындылар жазып, қалың жұртты тәнті еткен, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Мұратхан Егінбаев. Сазгердің қай шығармасын алсаң да қазақтың қара домбырасымен ұштасып, әншінің үнімен ажары ашылып, өз тыңдармандарын баурап алады. Ұлттық нақыш, бұйдасын үзіп, бұзылмаған халықтық қалып әдемі үйлесім табады.
Өзінің таңдаған мамандығы сәулетшілік пен композиторлықты күймеге қосқан қос тұлпардай қатар алып жүріп, небір айтулы әндерді өмірге әкеліп, халықтың игілігіне айналдыруы – оның талантын көрсетеді. Әсіресе, өткен ғасырдың 80-ші жылдары сазгердің “Үш арыс” әні ерекше ілтипатқа бөленді. Кері заманның кесірі, зұлмат дәуірдің зұлымдығы қазақтың сүт бетіне біткен кереқарыс қаймақтарын қалқып алып, қара түнекке қамап, артынан жер жастандырғаны тарихтан мәлім. Сол алапат дәуірдің құрығына ілініп, құрбаны болған, әр қайсысы ұлтымыздың бір-бір дәуіріндей дара ұлдары, бойларына қазаққа тән қасиеттердің бәрі дарыған дарындары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин туралы көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған сол “Үш арыс” әні 80-ші жылдардың ортасына қарай сахна төрінен, теледидар бетінен, радиодан берілетін концерттерден бір рет те түскен жоқ. “Кең даланың кемеңгер перзенттері” деп биік рухта асқақтап барып, “Ақсұңқарын, дауылпаз бұлан ерін, Күйші дала құс қанат Құлагерін, Үш арысын қайтарып құшағына, Ардақтайды салтанат құрады елім” деген шумақ айтылғанда шыңға қанат қаққан қырандай әуелеп барып, “Тар кезеңде бірлесіп, Бар қатерді бір кешіп, Еңіреп туған елім деп, Қазақтың ірілері – Абайдың інілері: Сәкен, Ілияс, Бейімбет” деп түйіп тастайтын тұсы рухыңды өсіріп, жан дүниеңдегі қалғып кеткен ой ұшқындарын оятатын. Отаншылдық сезіміңе нәр құйып, арыстардың азапты өміріндегі ақиқатқа көз жеткізгендей болатынсың. Сазгердің әнінің құдіреті, ақынның сөзінің алымы осындай жақсы шығармада танылатынына бұл туынды дәлел-дәйек болары айдан анық.
Үш арыстан басталған алаштың ардақтылары туралы Мұратхан Егінбаев ондаған әндер жазды. Батырлық пен батылдықтың, ақылдың айбыны болған халқымыздың жақсы мен жайсаңдарына, бағландарға арналған шығармалары да бір төбе. Олардың қатарында “Асанқайғы”, “Абылай”, “Қаракерей Қабанбай”, “Райымбек баба”, “Махамбет”, “Шоқан”, “Құрманғазы кемеңгер”, “Абайым”, “Жамбыл ата” туралы көркемдігі келісті, тәрбиелік мәні жоғары, тарихтың әр кезеңінен сыр тартқан, елі мен жерін жаудан қорғап, ұрпағына өлмес мұра қалдырған әндерімен қатар, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбанына айналған Қайрат Рысқұлбеков туралы “Қайраттың азасы”, “Желтоқсан таңы” секілді туындыларын жазып, жұртшылыққа ұсынды. Бұл елдің елдігін танытатын, халықтың қадірін арттыратын, пәс көңілді зорайтып, түскен ұнжырғаңды көтеретін патриоттық әуендер қазақ даласының төрт бұрышына түгел жетті десек, артық айтқандық емес.
Ұшып-қонған жеңіл әуеннен алыс жүретін Мұратхан Егінбаевтың соңғы кездердегі шығармалары тәуелсіз Қазақ елінің бақ пен бағына, шаттығы мен шалқар даласына, Арқа төсіндегі айбыны асқан Астанасына арналған. Мысалы, ақын К.Салықовтың өлеңіне жазылған “Біз қазақпыз – азатпыз”, “Есілдегі Астана”, Ш.Уәлихановтың сөзіне жазылған “Астана – Ақорда” әндері сол сөзімізге мысал болса керек. Оның имандылық, ибалылық туралы белгілі ақын Сәкен Иманасовпен шығармашылық бірлікте жазған туындылары, жыр дүлдүлі Мұқағали Мақатаевтың отты да ойлы өлеңдеріне домбыраның екі ішегін тербеп отырып шығарған әуендері тыңдаған адамның жүрек қылын тербемей қоймайды.
Бүкіл саналы ғұмырын ел ішіндегі сәулет өнерін дамытуға арнаған айтулы өнер иесінің әуезді әндерін қазақтың тума таланттары Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Рамазан Стамғазиев, Майра Нұркенова, т.б. өнердің туын көтеріп, өрісін кеңейтіп, өркенін өсіріп жүрген шын дарындардың орындап жүргенінің өзі сазгердің қарымының ерекше екенін дәйектейді. Оның мықты туындылары өз Отанымызда ғана емес, шетелдіктерге де кеңінен таныс. Тіпті, отаншылдық рухтағы әндері оқулықтарға еніп, ұл мен қыздың бойына нәр беруде.
Ол көптеген ән байқауларына қатысып, жүлдегер атанған. Тәуелсіз елімізде жарияланған бәйгелерде бағы жанып келеді. Айталық, 2001 жылы “Жаңа ғасырға – жаңа ән” байқауында “Абылай хан” атты туындысы гран-приді иеленсе, 2004 жылы “Елім менің” атты туындысы үшінші жүлде алыпты. Осы секілді қол жеткен табыстарын тізе берсек, әңгіме желісі біраз жерге ұзары анық. Халық таныған, жұрты қадірлеген, ұрпағы сыйлаған азамат туралы қазақ өнерінің айтулы өкілдерінің бірі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мыңжасар Маңғытаевтың мына бір жүрекжарды сөзін қалың қауымға ұсынсақ, Мұратхан Егінбаевтың бүкіл өнердегі болмысы айқындалары сөзсіз. “Мұратхан Егінбаевтың шығармашылығына зер сала үңілер болсақ, оның дәстүрлі әндер шығаруға жақын екенін аңғаруға болады. Оның шығармаларын ести отырып қазақтың кең-байтақ даласын, мұрныңды жарар жусан иісін, сонда туып, халқы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтарды көріп-білгендей сезінетінің бар. Оны Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сияқты халық композиторларының ізін жалғастырушы деп қарауға болады”, – дейді көрнекті композитор.
Сөз соңында айтарымыз, мұраты мығым Мұратхан Егінбаев бүгінгі жеткен биігім ертеңгіге өлшем емес деп ұлтымыздың ұлылығын, жұртымыздың керемет қасиеттерін, тарихта аты қалған алыптарын, Алаштың ардақты ұлдары мен қыздарын алдағы уақытта ән әуезінде өрнектеуді мақсат етіп отыр екен. Оның ел алдындағы есебі болып есептелетін, бүкіл шығармасын қамтыған кеші елордадағы Президенттік мәдениет орталығында алдағы сәрсенбіде өтеді. Оған халқымыздың ән өнерінің айтулы өкілдері қатысып, жұртшылықты Егінбаев туындыларымен сусындататын болады.
Сүлеймен МӘМЕТ.