• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

Төзімділіктің қазақстандық тәжірибесі

635 рет
көрсетілді

“Біздің бұл сессияны ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лығымыздың “Сенім, Дәстүр, Ашық­тық және Төзімділік” дейтін ортақ ұра­ны­мен өткізуіміз кездейсоқтық емес. Өт­кен 15 жылда орасан зор жұ­мыс жүр­гізілді. Біз күн өткен сайын адамдар ара­сындағы СЕНІМДІ нығайта бердік. Біз Отан тағдыры үшін ортақ жауапкерші­лік­тің жаңа ДӘСТҮРІН қалыптастырдық. Біз этносаралық және конфес­сия­аралық қатынастарда АШЫҚ­ТЫҚТЫ қамтама­сыз еттік. ТӨЗІМДІЛІК Қазақстанды та­бысты да сенімді дамытудың маңызды фак­торына айналды. Бұл қағидаттар біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да сая­сатының рухын бейнелейді”, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 20 қазанында Аста­на­да өткен Қазақстан халқы Ассамблея­сының XVІ сессиясында сөйлеген сөзінде. Біз Елбасының сөзін жайдан-жай кел­тірген жоқпыз. Қазақстан халқы Ассам­блеясының кезекті сессиясы 2010 жылдың айтулы оқиғаларының бірі болды. Мінберден сөз сөйлеген көптеген делегаттар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының барысында көтерілген мәселелерге баса назар аударды. Мәсе­лен, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың этносаралық қатынас мәселе­лері­не арналған ғылыми-зерттеулер жүйесін дамыту идеясын алайық. Шы­нында да біздің төзімділік моделіміз ЕҚЫҰ сияқты азулы құрылымға ауадай қажет. Өйткен себебі, қазіргі кезде ескі және жаңа Еуропада байқалып отырған мультикультурализм дағдарысы өршіп келе жатқанда этносаралық келісімнің моделіне кім-кім болса да қызығып қа­райды. Сондықтан да, ЕҚЫҰ-ның Аста­надағы Саммитінде талқыланатын тақырыптар­дың бірі – осы төзімділік қағидаттары болмақ. Қазіргі кезде біздің еліміздің этнос­аралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын жаһандық мәсе­лелерді шешуде пайдалануға болатынын көптеген сарапшы-мамандар айтып жүр. М.Ломоносов атындағы ММУ-дің пост­кеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу жөніндегі ақпарат­тық-сараптамалық орталығының бас дирек­торы Алексей Власовтың айтуын­ша, Қазақстан этносаралық келісімнің даму бағытын құрып, тізбесін жасап, соны жүзеге асырудың механизм­дерін құрасты­руда. Ресейлік сарапшының пікі­рінше, кез келген интеллектуалдық өнім­нің авторы болады. “Сондықтан бұл мо­дель­ді жаңа мемлекетті дамыту­дың ішкі факторларын саяси тәжіри­бесін дамытуға негіз етіп алған Ұлт Көшбасшысы “Нұрсұлтан Назарбаев­тың моделі” деп атаудың еш артықтығы жоқ”, – дейді Алексей Власов. Ассамблеяның сессиясында Елбасы Н.Назарбаев былай деді: “Әлемде діни төзбеушіліктің артуы байқалып отыр. Бұл діни қасиетті заттарды өз­ара жария түрде келеке етуден, атап айтқанда, қасиетті кітаптарды өртеуден, храмдар мен мола­лар­ды қорлаудан, қандай дін дұрысырақ деген дау­лардан көрініс беруде. Осының бәрі, өкінішке қарай, жоғалмапты, кері­сінше, әлемді бү­гін де дүрліктіруде. Кей­бір елдерде ұлттық біріз­ділік­ті сақтаудың радикалды әдіс­тері барған сайын жиі пайдаланылуда. Жаһандануға деген мұн­дай көз­қарас тіпті ең дамыған еуропалық елдерде көптеген этностық ми­грант­тар мен азшылықтың мүдде­лерін қозғап отыр. Өзара реніштер көбейіп, этнос­ара­лық алыстаушылық пен адам­дардың бір-біріне сенбеушілігі өсе түсуде. Азия мен Африка елдерінен мономәдениетті және монокон­фес­сиялы Еуропаға тартқан кө­ші-қон арнасы мұндағы мұсылман тұр­ғын­­дар­дың санын жетіден қырық мил­лион адамға дейін өсірді. Осы азшы­лық­пен өзара қарым-қа­тынас проблемасы батысеуро­па­­лық елдер күн тәртібінің аса ма­ңызды мәселесіне айналуда. Ал аме­рикалықтар үшін бұған дейін беймәлім бо­лып кел­ген флоридалық пастордың Құранның екі жүз данасын өртеймін деген мәлім­демесі күтпеген оқиға болды. Мұндай мәлімдемелер мұсылман әлемін­де әсіре­теріс, жауап көз­қа­растар туын­да­туда. Мұн­дай өркениетті жіктеліс үл­кен шиеленіске соқтыруы мүмкін. Батыста және мұсылман Шы­ғы­сында барлық ізгілікті ойдың күштерін екі тараптағы да экс­тре­мистік көріністерді бейтараптан­дыру үшін біріктіру міндеті өзекті бола түсуде”. Сонымен қатар, Елбасының жиі-жиі қайталайтыны – жер бетіндегі тұтас мем­лекеттердің құлауына ұлттық мүдде­лер­дің қақтығысы себеп болуда. Сон­дық­тан да, күллі әлем Қазақстанның басты жетістіктері – этносаралық тату­лық, бей­бітшілік пен тұрақтылық екенін мойын­дап отыр. Президенттің өзі атап айт­қандай, бұл – біздің тұрақсыз әлемдегі үлкен жеңісіміз. Бүгінгідей жер-жаһан үлкен өзгерістердің табал­дырығында тұрғанда “Астана рухының” ЕҚЫҰ кеңістігін дүр сілкіндіруі кездейсоқтық емес. Нұрсұлтан Назар­баев Ассамблея­ның сессиясында сөйле­ген сөзінде: “Мен қазірдің өзінде әлем та­ри­хы­на еніп келе жатқан Астана Рухы ұғымы саналуан­дық­тағы се­нім, ке­лі­сім, төзімділік және бірлік қағи­даттарына негізделген әлем ор­нық­тырудағы жалпыға ортақ ұм­ты­лыс­тың символы болатынына сенімдімін”, деп мәлімдеді. Яғни, ЕҚЫҰ-ның Аста­на­дағы Саммиті қарсаңында жиі айты­лып жүрген “Астана рухы” дегеніміз – өзара сенімнің жаңа кеңістігі ғана емес, бұл тұтас халықтар мен әртүрлі дін өкіл­дерінің арасындағы татулық, сыйластық қатынастардың қажеттілігін жете түсіну. Ал Астана Саммитінен қандай нә­тиже күтеміз? Ең алдымен, ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу – Қазақстанның үлкен жетістігі. Жаһандық деңгейдегі мұндай сам­митті өткізу – еліміздегі ұлтаралық бей­бітшілік пен келісімнің нәтижесі. Олай болса, мұндай рухани құндылықты алдағы уақытта көзіміздің қарашығын­дай сақтауымыз қажет. “Бірлік бар жерде – тірлік бар”. Қазақстандықтар бүгінгі бір­лігінен ажырамайтын болса, кез келген айтулы мақсатына қол жеткізеді. Бұл тұрғыдан алғанда, сам­мит өткізу – бар­лық қазақстандық­тардың, яғни Қазақ­стан халқының ортақ жеңісі екені даусыз. Екіншіден, бұл дайын шешімдердің саммиті болмауы тиіс. Керісінше, бұл жаңа механизмдерді іске қосатын пәтуа­лы жиын болуы керек. Ең маңыздысы, бейбітшілік белдеуі болып табылатын Қазақстан – өркениеттер үнқатысуын, төзімділікті дамытуға, этносаралық және дінаралық үнқатысуды нығайтуға бел­сенді үлес қосып жүрген ел. Соның дәлелі – қазақ топырағында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары­ның үш құрылтайы өтті. Екінші құрылтайды өткізу үшін достық пен түсіністіктің белгісіндей болған Бейбітшілік және келісім сарайын салдық. Қазіргі таңда Батыс үшін де, Шығыс үшін де өркениеттердің үнқатысуы аса маңызды. Олай болса, Астана Саммиті ЕҚЫҰ-дағы төзімділік­тің қазақстандық тәжірибесін өзгелерге үлгі етсе артық болмас. Төлен СҰЛТАНБЕКОВ.