Елбасының Алматыдағы кешегі жұмыс сапары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында тәмамдалды. Ұлттық өнердің қайнар бұлағы, кәсіпқой музыканттардың ұстаханасы болған ұжым Мемлекет басшысының алдында атына сай өнер көрсетіп қана қоймай, айта жүрерліктей тағылымды сәттерді бастан өткерді.
“Заманға сай саз керек” деп Елбасы айтқандай, осынау ұлттық консерватория қай жағынан алсақ та мемлекетіміздің мақтанышы, музыкалық деңгейіміздің өлшеуіші іспетті. Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев сынды өнер тарландары композиторлықтың, вокалдық өнер, фортепиано, оркестрлік, хор мен дирижерліктің мектебін қалыптастырған оқу ордасы еліміздің жоғары музыкалық білім беру жүйесіндегі жетекші рөлге ие.
Ұлы Отан соғысы жылдарында, дәлірек айтқанда, 1944 жылы негізі қаланған консерватория қазіргі таңда өз биігіне көтерілді. Сөзіміз жалаң болмасын, мұның айғағы кешегі студенттердің кішігірім концерті. Аты кішігірім демесеңіз, халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүрген жастар деңгейі биік тыңдаушыларын тамсантып, жиналғандардың жансарайын серпілткен сәттер болды.
Өнерді бір кісідей сүйетін, өнерді бір кісідей бағалайтын Мемлекет басшысы сахнаға ризашылықпен көтеріліп:
– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы – қазақтың өнері мен музыкасының қарашаңырағы. Осы жылдар ішінде 8 мыңнан астам маман дайындап, бүкіл Қазақстанға, дүние жүзіне аты шыққан оқу орны бола білді. Кеңес Одағының әртістері, батырлары, еңбек ерлері осы шаңырақтан шықты. Халықтың інжу-маржан әндерін жинап, паш етіп жүрген де осы консерватория. Мен сондықтан әрқашан консерваторияға көңіл бөлетін боламын. Мен соңғы рет бұл оқу ордасына 1996 жылы келдім. Сол кезде де айтқан болатынмын. Адам өнерге бет бұрып, сұлулыққа, әдемілікке жақын болу үшін алдымен экономика түзелуі керек. Халықтың әл-ауқаты жөнделіп, дүниесі, жүрегі, тірлігі жақсы болатын болса, сонда ғана музыкаға, спортқа, басқа да салаларға көңіл бөледі. Ал бұл – елдің рухы. Елдің рухы биік болмай, мықты тәуелсіз ел орнамайды. Халқы аз болсын, көп болсын, рухы биік елді ешкім жеңе алмайды. Рух деген елдің тарихы, елдің тілі, елдің дәстүрі. Елдің музыкасы анамыздың сүтімен қанға сіңген ұлттық тәжірибеміз, тәрбиеміз болып саналады. Оның ең үлкені, әрине, мәдениет, музыка, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
“Алдымен – экономика, содан кейін басқасының бәрі болады деген қағидамен талай жұмыс жасалды”, деген сөзін Елбасы музыка мен өнер саласында атқарылып жатқан іргелі, ілкімді тірліктермен дәйектеді. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша музыка саласына үлкен көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті. “Қаншама том-томымен әдеби кітаптар, музыка саласының кітаптары шығып жатыр. Музыкамыздың тарихы жаңартылып, таспаларға жазып, түсірілуде. Музыканың тарихы қайта зерттеліп, әуендер таспаға өшпейтіндей жазылу үстінде. Осының барлығы – мемлекеттің өнерге деген қамқорлығы”, деді Президент.
Егер Елбасы мәдениет барлық кезде мемлекет назарында десе,– оның зәредей жасандылығы жоқ. Бұл қамқорлықты өнер сүйетін ел де, өнерге қызмет етіп жатқан қауым да жақсы біледі.
Мемлекет басшысы бүгінгі таңда елімізде 50 театр, 164 мұражай жұмыс істейтінін атай келе:
– Астана қаласы салына бастағаннан бері алдымен өнерге қатты көңіл бөлдім. Пирамида ғимаратында үлкен керемет театр жұмыс істейді. Жақында, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай, 3500 орындық Қазақстан орталық концерт залы, Академиялық опера және балет театры ашылады. Қазір Өнер институтын салып бітірдік. Бұл бәсекеге түсетін оқу орындары болады, – деді.
“Сіздердің басты міндеттеріңіз – мәдениетті бұқара арасында насихаттау, қоғам ішінде өнердің абыройын көтеру және менеджерлер дайындау”, – дегенде Елбасы Ұлттық консерваторияның музыка саласындағы жетекшілік орнын меңзейді. Елбасы халыққа қажет мәдениеттің өз деңгейінде ғана емес, бәсекеге де қабілетті, әрі қаржы да таба алатындай халде болу керектігін айтады. Кәдімгі орындаушыларды, таланттарды музыкалық училищелерден де табуға болады деген Мемлекет басшысы музыкалық менеджерлер дайындау мәселесін текке көтеріп отырмағанын өнер саласының майталмандары түсінеді.
Сахнада түрлі музыкалық аспап көтерген жастарымыздың өнеріне ғана емес, елжандылығына да келешегіміз тәуелді екенін тұспалдаған Елбасы әлемдегі болып жатқан үрдістерге, келешегі бұлыңғыр кеңістікке, жаһандануға, алмағайып заманға жұтылып кетпес үшін өнерде де бәсекелі өз бет-бейнеміздің болуы қажеттігін шешіле отырып тарқатты.
Шіркін-ай, уақыт болып жатса, дәл осындай концертті ең болмаса екі сағат тыңдар ма еді, дейтін Елбасының қалжыңына екі күндік концерт қоюға шамалары жететінін әзілмен жеткізген консерватория жетекшісінің де сөзінде шындық жатыр.
Экономика түзеліп, ел еңсесін көтерген кезеңдерден бері консерватория халықаралық музыкалық ұйымдармен етене жұмыс жасап келеді. Әлемнің әр шалғайындағы байқаулардан да олжасыз қайтқан емес.
Ал Елбасына уақыт бөліп келгендігі үшін алғыс білдірген аталмыш оқу орнының ректоры Жәния Әубәкірова:
– Біздің студенттеріміз бен ұстаздарымыз барлық биік сахналарда үлкен жетістіктерге жетуде. Сіз әрқашан талантты адамдарға үлкен үлгі көрсетіп жүрсіз. Біз де сіздің үлгіңіз бойынша үлкен жетістіктерді бағындыруға ұмтыламыз. Біздің барлығымыз әрі музыкант, әрі ұстаздармыз. Сіздің мәдениетке деген әкелік қамқорлығыңызға үлкен алғыс білдіреміз. Сізбен және біздің өркендеу үстіндегі мемлекетімізбен мақтанамыз, – деді шынайы тебіреніп.
Реті келіп тұрғанда айта кетелік, 1944 жылы Алматы қаласында Мемлекеттік өнер институты болып құрылған оқу орны кейіннен Мәскеу және Ленинград консерваторияларының үлгісінде Алматы консерваториясы болып өзгертілді. 1945 жылы оқу орнына ХІХ ғасырдың атақты күйшісі Құрманғазы Сағырбаевтың есімі берілді.
Бүгінгі күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы екі оқу корпусында орналасқан. Оқу орнының студенттері мен оқытушыларына – кең оқу аудиториялары, 170 орындық камералық зал, 236 орындық кіші концерт залы, спорт залы, оқу залы, сынып абонементі қызмет етеді. Қазіргі уақытта 500 орындық үлкен орган залының құрылысы аяқталды.
Консерватория түлектері еліміздің барлық шығармашылық ұжымдарында, сонымен қатар, білім мекемелерінде қызмет етеді. Ұлттық консерваторияның түлектері және де Ресей, Германия, Грекия, Голландия, Израиль, АҚШ, Франция, Чехия, Канада, Корея, Қытай және т.б. жақын және алыс шетелдердегі кәсіби ұжымдарда табысты жұмыс жасап жүр. Соңғы үш жыл ішінде консерватория қабырғасында 50-ден астам халықаралық және 200-ден астам республикалық конкурстардың лауреаттары дайындалды.
Әр сәті, әр сағаты санаулы Мемлекет басшысы осынау өнер ордасына тағы қашан жолы түсері белгісіз. Бірақ, белгілі нәрсе – Елбасы ұлттық консерваторияда аз уақыт болса да ұмытылмастай тағылымды оқиғаның себепшісі болғаны анық.
Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.