• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

Отанымызды сүйеміз

374 рет
көрсетілді

Елімізде Ата Заңымызға енген өзгерістерге сәйкес конституция­лық құқыққа ие Қазақстан халқы Ас­самблеясына биыл 15 жыл толды. Осы атаулы датаға және 370 мыңдай украиндықтарды бірік­тіре­тін “Қазақстан украиндарының ра­дасы” заңды тұлғалар бірлесті­гі­нің 5 жылдығына орай өткен сенбі, жексенбі күндері украин этномә­дени бірлестіктері өнерпаздары арасында 5-ші республикалық фестиваль болып өтті. Фестиваль алдымен “Отан қор­ғаушылар” монументіне гүл шоғын қоюдан басталып, ертеңіне “Жас­тар” сарайы өнерсүйер қауымға лық толды. 9 облыстың, 2 қалалық – барлығы 15 этно-мәдени бір­лестіктің өнерпаздары көпшіліктің назарына ұсынған өнер кеші кө­рер­мендерді де, фестивальге қаты­сушыларды да желпінтіп тастады. Қатысушылардың жас шамала­ры да әркелкі. Мектеп оқу­шы­сы­нан зейнеткерге дейін көрігін қыз­дырған фестиваль қорытын­ды­сы бойынша бас жүлдеге Атырау об­лысындағы “Довира” этно­мәде­ни бірлестігінің “Фуэте” хорео­графиялық тобы ие болса, бірінші орынды ақтаулықтардың “Альтаир” атты халықтық би ұжымы, ал екін­ші және үшінші орындарды Қос­та­най облысы, Затабол кентіндегі “Боярыня” ұлттық-фольклорлық ан­самблі мен астаналық “Оберег” ЗТБ-нің “Друзи” вокалды ансамблі иеленді. Қазақстан – Отаным деп ән шырқап, би билеген этномәдени бірлестіктер мүшелері үзіліс уақыт­та­рында арнайы ұйымдастырылған ұлттық қолданбалы өнердің көр­ме­сін де тамашалады. Ағаштан, бал­шық­тар, темірден жасалған бұйым­дар әсемдігімен көздің жауын ала­ды. Ал жиналғандар қыз-келін­шек­тер қолынан шыққан тоқыма бұйымдар тұсында қалай көбірек аялдап қалғандарын да байқамай жатты. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Юрий Тимощенконың айтуынша, бірлес­тік­тер Украинада тұратын қазақ диаспорасымен де жиі қатынасып, хабарласып тұрады екен. Украинада 10 мыңдай қазақ бар, бір ғана Киевтің өзінде 1,5 мың қазақ тұ­рады, олардың “Достық” атты және Харьков пен Қырымдағы “Бірлік” орталықтарымен байланысымыз жақсы. Оның осылай жолға қойы­луына біздің еліміздегі Украина елшілігі қолұшын беріп келеді, дейді ол. Фестивальді тамашалаушылар қатарында ҚХА Хатшылығының, Парламент Сенаты мен Мәжілі­сі­нің, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Мәдениет министрлігі мен қалалық әкімдіктің адамдары және шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері болды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.