• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

Өлеңтанудың өрісті өрнектері

879 рет
көрсетілді

Қазақ сөз өнерінің, оның ішінде өлең өрімінің өзіндік өзгешеліктері, тағылымды тарихы бар. Бұл бағытта алуан ізденіс, зерттеу еңбектері де көп. Осы тұста, атап айтқанда “Бі­лім” баспасынан Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Үсенова Айгүлдің “Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері” атты ғылыми монографиясы жарық көрді. Бұл жұмыста автор қазақ өлеңінің құры­лы­мдық жүйесінің әртүрлі мәсе­лелерін ғылыми зерделейді. А.Бай­тұрсынов, Е.Ысмайлов, Қ.Жұ­малиев, З.Ахметов, З.Қабдолов сияқты қазақ өлеңтануының негізін салушы ғалымдарға иек арта отырып, өлең құрылысының дамуының дәуірленуі, мазмұн мен түр сабақтастығы, қазақ поэзиясындағы көне дәуір поэзия үлгілерінің әуендік қырының жаңғыруы, қазіргі поэзиядағы дәстүрлі интонациялық жүйелердің көріну, жаңа жүйелердің пайда болуының алғышарттары сияқты өзекті мәселердің шешімін табады. “Қазақ өлең құрылысының даму кезеңдері” атты бөлімде өлеңнің құ­рылымдық жүйесінің даму кезеңдері айқындалса, “Қазақ өлеңінің құрылымдық бастаулары” атты тарауда жалпы қазақ поэзиясының құрылымдық негіздері анықталады. Ежелгі көне әдеби ескерткіштермен сабақтастығына баса назар ауда­ры­лады. Жыраулар толғауларының еркін айнымалы құрылымдық жүйесі қазіргі қазақ поэзиясының ерікті өлеңдерінің құрылымдық бастауы ретінде танылады. Қазіргі поэзияда негізгі үрдістердің біріне айналған тол­ғаулармен құрылымдық сабақтас­тығы талданады. Тәуелсіздік алумен қайта қауышқан көне түркілік са­рынның жаңа поэзияда трансфор­мациялануы сараланады. Кеше мен бүгін байланысына мән беріледі. “Абай мен Шәкәрім: өлең ырға­ғының арналық дамуы” атты тарауда Абай мен Шәкәрім өлеңнің құры­лымдық жүйесіне деген көзқарас­тары сөз болады. Абай да, Шәкәрім де өлеңнің ырғақтық жүйесін өлең түзуші өрнек қалпынан жоғары ба­ғалап, шығарманың ішкі болмысын терең танытудың кілті санап, өз шығармашылығында қазақтың өлшемдерін мақсатты түрде дамыта отырып, тұтас мазмұнның шынайы сипатын жаңа түр арқылы аша білді. Автордың пікірінше, ірі ақындар ауыз әдебиетінің мақал-мәтел, сана­мақ, жаңылтпаш сынды шағын жанр­­лар аясында көрініп жүрген өл­шемдермен тұтас өлеңдер жазып, ырғақтық-интонациялық жүйесін түрлендіру арқылы оның ішкі та­қы­рыптық-идеялық, көркемдік-бейне­лілік жүйесімен бірге сыртқы ин­то­нациялық-мелодикалық сапасын да жаңартты. Бұл тұстан да өлеңдегі өрнектің үлгілі үрдістері танылады. Жаңа ізденіс, көзқарас­тарға мән беріледі. “Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин өлеңдеріндегі мазмұн мен түр сабақтастығы” атты тарауда ақындардың өлең жүйесіне, оның ішкі семантикасына жақындай түс­кені, яғни олардың өлеңдеріндегі маз­мұн мен түр сабақтастығы ғылы­ми тұрғыда жүйеленеді. Зерттеушінің пікірінше, Мағжан мен Сәкен өлең­дерінде идеялық айырмашылықтар байқалғанымен, өлеңнің құрылым­дық жүйесіне олардың көзқарастары ортақ. Мағжан да, Сәкен де өлеңнің ішкі сарайын ашуда сыртқы ырғақ­тық-интонациялық, дыбыстық жүйе­ні үйлестіре құру шеберлігімен кө­рінеді. Мағжан жеке лирикаларын, Сәкен саяси лирикаларын жүрекке қон­дырып, санаға сіңдіріп қана қоймай, көзге елестетіп, бейнелі суреттер жа­сауда оның құрылымдық жүйесінің маңызы зор. Көркемдік құпиясы да назар аудартады. Қасым Аманжолов пен Сырбай Мәуленов шығармашылығындағы лирикалық өрнектерге қатысты ал­ған­да, қос ақынның өмірдегі бай­ла­ныс арналары мен өнердегі рухани туыстық үндестіктері нақтылы талдау жүйесін құрайды. Қасым жүйесін тапқан он буынды өлшемнің қол­да­нысқа енуі қазақ өлеңі үшін үлкен олжа болғаны, қазіргі поэзияда бұл өл­шем дәстүрлі он бір буынды өл­шем­мен қатар белсенді қолданыста жүргені зерделенеді. Қасым мен Сыр­байдың ақындық әлемі, көр­кем­дік мұраттары, стильдік даралықтары сараланады. “Жұмекен мен Мұхтар: ерікті өл­ең мәнерінің екі үлгісі” атты та­рауда Жұмекен Нәжімеденов пен Мұхтар Шаханов өлеңдерінің ырғақтық-ин­тонациялық жүйесі ғылыми са­рап­таудан өтіп қана қоймай, олардың үлгісіндегі ақындардың шығарма­ларының ырғақтық-интонациялық композициясы да талданады. “Өлең құрылысының даму үр­дістері мен теориясы” атты бөлімде қазіргі қазақ өлеңіндегі құрылымдық даму үрдістері, поззияның табиғи да­му жолы теориялық негізде қа­ра­лады. Әдеби-ғылыми мәні ашылады. Бөлімнің “Қазіргі өлең құры­лы­сы­ның теориялық мәселелері” тарау­ында қазіргі өлеңтанудың бағыттары айқындалып, бірқатар осы саладағы ғылыми еңбектерге талдау жасалады. Қазір поэзияның жекелеген даму кезеңдерін арқау етіп, талдау жасай­тын ғылыми жұмыстар баршылық. Олардың басты жетістіктері – ғы­лыми ізденіске негіз болған кезең ақындарының құрылымдық жүйесін­дегі жаңалықтар мен даму үрдістерін дөп басып, тани алғандығында. Қазақ өлеңі құрылымдық жүйесі саласының негізін салушылардың бірі академик З.Ахметовтің осыдан қырық жыл бұрын жазылған тео­рия­лық тұжырымдары қазіргі өлеңдердің ырғақ жүйесіндегі кей мәселелерді толықтыруды қажет ететіндігі бай­қалады. Ол қазақ өлеңінің табиғи даму үдерісінде пайда болған мы­на­дай тұжырымдар: қазіргі қазақ өле­ңін­де бунақтағы буын сандары төрт буынмен шектелмей, алты, жеті, тіп­ті сегіз буынды бунақтардың пайда болуы; өлеңдегі тыныс белгілер жүйесінің эмоционалдық, интона­ция­лық маңызының артуы; жаңа ұйқас түрлерінің пайда болуы; ұй­қас­тардың дыбыстық сапасындағы де­грам­матизациялану, буындар асси­метриясы дәстүрден тыс ырғақтық жүйе түрлерінің көбеюі; шумақ түзі­лісіндегі симметриялардың болмауы; шумақсыз өлеңдердің ырғақтық-интонациялық композициясының түрленуі сияқты мәселелер қазіргі қазақ өлеңдерінің даму деңгейін анықтайды. “Қазіргі өлең құрылысының даму үрдістері” атты тарауда соңғы отыз жыл көлемінде өлеңнің құрылымдық жүйесінде көрінген даму үрдістері анықталса, “Дәстүрлі ырғақтардың даму үрдістері” атты алғашқы тарау­да қазіргі ақындықта жаппай үрдіс алған дәстүрлі өлшемдердің тасымал арқылы екі немесе бірнеше тармаққа жіктелу құбылысына мән беріледі. “Қазіргі поэзиядағы жаңа ырғақ­тық сабақтастықтар” тарауында жаңа ырғақтық сабақтастықтардың түрлері анықталса, “Қазіргі қазақ өлеңіндегі ұйқас” атты бөлімде поэзиядағы өлшемнің бір негізі – ұйқастардың да түрленуі байыпталады. Тұтастай алғанда, автор поэзия құ­рылысы мен табиғатын бүгінгі зер­де тұрғысынан ғана қарастырмайды, кезеңіндегі көрнекті әдебиетшілер тарапынан жасалған ізденістердің межесімен байланыста зерделейді. А.Үсенованың “Қазіргі қазақ өле­ңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері” атты зерттеуі өлең өне­рі­нің табиғаты мен тағылымын тың­ғылықты зерделеп, терең ашады. Мысал-деректері, талдау жүйесі дәс­түрлі арналардан бастау алады. Қа­зіргі әдеби үдерістің даму бағыт-бағ­дарымен байланыста, сабақтас­тық­та кеңінен көрінеді. Зерттеу маңызы, құндылық қырлары осында болып табылады. Рақымжан ТҰРЫСБЕК, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.