• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

Даналықтың даңғыл жолында

740 рет
көрсетілді

Даналықтың даңғыл жолы. Осы үш сөз бір-бірімен үйлесім тауып, сәтімен тіркескен ой тізбегіне айналғанда, тілегі түзу адамды елең еткізбей қоймайтын тәрізді. Сондай сапарға шыққанда жол серік етіп алатын асай-мұсайы да жолаушының тал бойынан жарастық тауып тұрар еді. Солардың екеу-үшеуін атасақ, былай болып шығады екен: бейтаныс жолдың бұралаң-бұрылыста­­рында тұйыққа тірелдірмей, тура алып шығатын тапқырлық; ұзақ жолдың бейнетіне шалдықтырмай, бойдағы қуат-жігердің көзін аша білетін табандылық; алда кездескен бел-белестердің биігіне қарай талмай ұмтылған таудай талаптылық. Осы үшеуі бір адамның бойынан табы­лып, өмір мұратына қарай ілгері бастап отыр­са, ақыр-аяғы даналыққа барып тіреледі екен. Бүгінде көзі тірі болса, сексеннің сең­гіріне шығып, ортамызды толтырып отырар қадір­менді досымыз Сапар Байжан-атаның ғұмыр сапарынан біз осыны көрер едік. Әттең, ол бүгін арамызда жоқ. Бірақ өткенге салауат, барға қанағат дейтін болсақ, бүгін сол досымыздың арты­на қал­дырып кеткен мол мұрасын, ша­ңы­ра­ғын шай­қалт­пай берік ұстап отырған бе­рекелі отбасын, ұлағатты ұрпақтарын көріп, имандылық пен инабаттылықтың тәубасына ден қойғымыз келер еді. Біз 1946 жылы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журналистика факультетіне бірге келіп түстік. Соғыстан кейінгі екінші оқу жылы ғой, адам деген ығы-жығы. Үстерінен сұр шинельдері мен иықтарынан погондары түспеген майдангерлер, соғыс кезінде әскерге жастары жетпей, еңбекке ерте араласқан ересектеу жастар, мектеп қа­быр­ғасынан жаңа шыққан жас үрпек тү­лек­тер. Әрқайсылары өз жолдарымен келіп, студенттік тізімге ілінген жұрт қазандай қайнайды. Солардың ішінде біліп келсе де, тек бейтаныс атына қызығып әуестікпен келсе де, әйтеуір журналистикаға түсушілер көп еді. Оның үстіне Мұхтар Әуезовтің “Қа­зақ фольклоры” мен Қажым Жұмалиевтің “Әдебиет теориясынан” беретін дәрістеріне, біздің студенттердің әзіл сөзімен айтқанда, көршілес филфактың “С” группасы келіп қосылғанда, көбімізге аудиториядан орын тимей, түрегеп тұратын да кезіміз болған. Бірақ, қысқы сессиядан кейін, кездейсоқ келгендерден арылып, шын журналист боламыз деген армандастар бірыңғайланып, бір-бірімізбен танысып-табысып қалғанбыз. Келесі оқу жылына келгенде шұрқырап кө­рі­сіп, мәз-мәйрам болдық. Сонда арам­ыз­­­дағы курстас үш жолдасымыз жоқ болып шық­ты. Әрқайсысы әр түрлі себеппен уақытында келе алмаған болулары керек, бір жылды өткізіп барып, үшінші оқу жылында олар бізден кейінгі курста оқуларын әрі қарай жалғас­тырды. Солардың бірі Сапар Байжанов еді. Осы орайда өзіміз оқыған жур­налистика факультеті жөнінде аз сөз айта кетсек, артық болмас. Оның арғы тарихы отызыншы жылдары құрылған КИЖ-ден (Қазақ журна­листика институтынан) басталады. Соғыс кезінде Қазақ университетіне факультет болып қосылған екен, алғашқы жылдары оқу мерзімі ескі тәртіппен төрт жыл болыпты. 1950 жыл­дан бастап жаңа бағдарлама бойынша 5 жылға созылды. Сон­дық­тан 1949 оқу жылында оқу бі­ті­рушілер болған жоқ. Біздің алды­мы­здағы курс бесжылдық оқудың алғашқы түлектері болды. Фа­куль­теттің шын мәнісіндегі жур­налист кадрлардың ұстаханасына айнал­ға­ны да сол тұс болатын. Соның айқын дәлеліндей, бізден бір жыл ілгергі курстың алты бірдей түлегі тура “Социалистік Қазақстанның” аппа­ратына қалдырылды. Олар: Бекділда Абдуллин, Пернебек Бей­сенов, Әбіраш Жә­мішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Балғабек Қы­дыр­бекұлы, Төлеубай Ыдырысовтар болатын. Барған беттерінен аға газеттің ша­ңы­рағынан берік орын тепкен бұл аза­маттар бара-бара редакцияның жетекші шығармашылық әлеуетіне айналды. Ұзақ жыл сонда үзбей қызмет істеген Балғабек досымыз бас газеттің редакторына дейін өсті. Олардан кейінгі біздің курстың да бірсыпыра түлектері респуб­ли­калық га­зет-журнал редакциялары мен кітап бас­паларында қызметке қалдырылды. Ал бізге тетелес курстың үлкен бір легі со­ғыстан кейін жаңадан үлкен көлеммен жиілеп шыға бастаған “Лениншіл жасты” дүрілдетіп алып кетті. Олардың ішінде Ұзақ Бағаев пен Сапар Байжанов журналистік қыз­меттің қыр-сырын сатылап мең­ге­ре жүріп, ақыры олар да еліміздегі ең үлкен бас­пасөз ордасы, осы күн­гі “Еге­мен Қазақ­станның” бас ре­дак­то­ры­на дейін көтерілді. Ал Кә­­кім­жан Қазыбаев болса, Қазақ­стан Ком­­партиясы Орталық Ко­ми­­те­тінің хат­шысына дейін жо­ға­рылап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Егер соғыстан кейінгі ондаған жыл­дар­дың тарихын жинақтап ай­тар болсақ, осы мерзімде Қазақ мем­лекеттік университетінің жур­налистика факультетінен шыққан тү­лек­тер Қазақстандағы орталық, облыстық, ау­дан­дық басылым­дар­дың басшылық қыз­ме­тін түгелдей дерлік қамтамасыз етті. Журфак түлектерінің қатары­нан әр жыл­дары республикалық, облыстық деңгейдегі жауапты мемлекеттік, қоғамдық лауазымды қайрат­кер­лер, жоғары атақ, дәрежелері бар ғылыми қыз­меткерлер шықты. Солардың барлығын бірдей санамалап жатпағанмен, Тауман Амандосов, Тұрсынбек Кәкішев, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов сынды ұзақ жылдар бойы универститеттің өзінде ұстаздық еткен профессорларды атап айту орынды болмақ. Тағы да жинақтап айтсақ, осы жылдары журналистика факультетінің түлектері же­місті еңбек үдерісінде көсілген көсемсөз бен есілген еркін ойлы толғамдарды ұштастыра жүріп, том-том тағылымды жинақтарын жа­рыққа шығарды. Бүгінгі жазбамызда арнайы сөз болып отырған Сапар бауырымыздың бір өзі Байжан-ата деген әсерлі атпен артына жи­ырмадан астам кітап қалдырды. Соның таңдамалы үш томы сүйікті жары Күләш Бейсенбіқызының қамқор ұқып­тылығымен 2005 жылы автордың 75 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген-ді. Соларды Сапекеңнің көзі болмаса да, кө­ңілде жарқын бейнесі қалған қазіргі күн­дер­де сағынышты сезіммен парақтап отырсақ, не бір толымды ойлар мен толғамды сөз­дер­дің үлгілерін көреміз. Олардың барлығын бір­дей тәптіштеп айтып жеткізу мүмкін емес. Тек кейбір жинақтарындағы айдарлы тақырыптарын атап өтсек те көп-көп ойдың ұшығын ұстап қала­мыз. Үш томдықтан кей­інгі бір-екі жинағын ол “Құштарлық қуаты”, “Өткеннен – мұр­а­ғат, өркенге – ұлағат” деп атапты. Ал олар­дағы толымды тарау та­қырыптары мен алым­ды аңдату айдарла­ры­ның өздері-ақ оқырман ойын ілгері жетелеп, еліктіріп отыратынын сүйініп айта аламыз. “Таңдамалының” бірінші кітабындағы “Замандас туралы толғауда” топталған “Жі­гер­лі талант”, “Жазушы қолтаңбасы”, “Де­рек­тілік – дәйектілік мәйегі”, “Қуаты күшті нұрлы сөз”, “Дарын әлемі – Кенен сыр”; екінші томдағы “Жұмбағы мол сырлы әлем” айдарына топтасқан “Қияңқы тағдыр”, “Әке”, “Ар көпір”, “Ойтолғақ”; үшінші том­дағы “Өмір елестері – Уақыт белестері” деген топ­тамада тіркелген “Санаңмен са­ра­ла”, “Есіл заңғар”, “Арғымақ аттың бел­гі­сі...”, “Нар тәуекел” сияқты туындыларды әрбір оқырман терең тебіренбей оқымас деп ойлаймыз. Өйткені оларды қолға алған бойда-ақ: “Адам не үшін өмір сүреді?”, “Өмірдің мәні не деп ойлайсыз?”, “Достықты сіз қалай тү­сінесіз?”, “Достық пен махаббат арасында шек­ара бар ма?”, “Сіз қайсысын қасиет, құ­дірет тұтасыз?” деген сұрақтар алдыңнан көлденең тартылар еді. Сонда сен, оқырман, ойланбай көр. Ойлансаң-ақ болды, келесі кітабыңның кіріспесіндегі автордың қайтар­ған мынадай жауабына сөзсіз қол қоясың: “Адам болып тудың ба – адамға лайық ісің болсын! Қолыңнан келсе, күн асқан сайын, жыл асқан сайын суалып, қуарып бара жатқан Арал теңізін сақтап қалуға қайрат көрсет! Алматының алқызыл апорты сынды атақ-даңқы жер жарған алма, алмұрт сорт­тарын шығар... Ата-анаңның, ел-жұртыңның үкілі үмітін ақта... Дүниеге бекер келіп, бе­кер кетпе... Артыңда жақсы із қалсын, ұр­пақ-жұрағатың айта жүрер іс қалсын”, – деген ақыл-кеңесіне имандай ұйисың және солар­дың бәрін оның өзі мүлт жібермей орындап отырғанына шексіз сенесің. Өйткені ол шындықтың өмірге қандай жолдар арқылы келетінін айқын білді және сол өзі таңдаған жолмен таймай да, талмай да жүріп отырды. “Әр жазушы, – деп жазған ол, – халық алдындағы, тарих алдындағы азаматтық парызын әртүрлі жолдармен өтейді. Біреулер халқының ертедегі ерлік шежіресін тәптіш­теп зерттеп, ой көзімен таразылап, халқына, келер ұрпаққа сабақ есебінде өз түсінік танымын, тұжырымын айтуға тырысады. Біреулер арғы-бергі қаһармандар ішінен өзі ұнатқан, пір тұтқан бірер ерен адамның өмір жолын егжей-тегжейлі зерттеп, соның елеулі бір сипатын, ерлігін, азаматтығын ұрпақ­тар­ға үлгі етіп, тарихта қалдыруды мұрат етеді. Енді біреулері бүгінгі өзі өмір сүрген дәу­ір­дің елеулі құбылыстарына суреткерлік көз­бен зер сала үңіледі, өз замандастарының іші­нен типтік қаһармандар табады да, солар­дың өмірін творчествосына арқау етеді, ай­наласындағы адамдардың бойындағы ізгі қасиеттерді паш етіп мадақтайды, ұнамсыз, келіссіз атаулыны шенеп, мінейді. Сөйтіп, күнделікті өмір ағымына жедел ықпал етуді, келер ұрпаққа өз дәуірі, өз замандастары жайлы ескерткіш қалдыруды мақұл көреді”. Осы орайда Сапардың артына қалдырып кеткен осыншалықты мол да құнарлы мұ­расын ол ұзақ жыл­дар бойы тынымсыз тыңғы­лықты түрде ат­қарған лауазымды жа­уап­ты мін­­деттерді абы­роймен ат­қару ке­зіндегі жемісті шы­ғар­ма­шылық жұ­мыс­­пен ұш­тас­тыра біл­ген­ді­гін ер­екше сүй­і­ніш­ті се­зіммен айтуға ту­ра ке­леді. Ол “Социалистік Қа­зақстанда” табаны кү­рек­тей он жыл редактор болды. Сонда ол елі­міз­дегі ең беделді газеттің өзінен бұрынғы ұзақ жылдарда қалыптасқан ізгі дәстүрін жоғалтпау үстіне өз қаламы мен қабілетінің айқын ізін қалдыра білді. Оған дейін “Ле­ниншіл жас” төңірегіне топтасқан бір топ жі­герлі жастардың шабыт-дарынына тамы­зық бола білсе, соған жалғас жаңа құ­рылған “Мәдениет және тұрмыс” журналын аяғы­нан тұрғызуға үлес қосты. Одан кейінгі біраз жылын Орталық Комитетте жалпы баспасөз жұмысын үйлестіруде өз тәжі­рибесін та­лап­қа сай пайдаланды. Тіпті таза мемлекеттік мекеме саналатын Мұ­рағат басқармасының өзінде отырып, шаң басқан қалың томдардың арасынан Абай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ер­мұ­қан Бекмаханов сынды ұлы адамдардың өмірінен адамның жүрегін тебірентіп, сай-сүйегін сырқырататын жазбалар, “Абай және архив”, “Архив-айғақ” сынды деректі туындылар қалдырды. Мінекей, қадірменді досымыздың жоға­рыда аталған қыруар мұрасы осындай үлкен таланттың игі жемісі ретінде бізге аманат болып жетіп отыр. Соны бізге түп-түгел жет­кізген өмірлік серігі Күләш ханымға, аяу­лы балаларына алғыс сезімімізді білдіреміз. Табиғатында асып-сасуды білмейтін ол ұстамдылығының үстіне туралап келген қатерге қайыспай қарсы тұра алатын қайсар сабыр иесі еді. Сапекең өмірінің соңғы ке­зе­ңінде денсаулығы сыр беріп, дертті нау­қасқа душар болды. Сол кезде оның отба­сында адам таң қалып, шын сүйсінер­ліктей екі түрлі мінез байқалды. Бірі – оның өз шаңырағында күні бұрын үрей туғызып, ренішке қимайтын қымбат адамдарының көңілдеріне қаяу түсірмейін деген өз шыдам­дылығы болса, екіншісі – үлкен ұлы Ұланның қатерлі әке науқасынан секем алып, өз бетімен дәрігерлерден мән-жайды астыртын сұрап білгеннен кейін, дүние жү­зінің ең мықты деген дәрігерлерін іздестіре бастауы еді. Сол Ұлан әкесіне туралап келген бейдауа дерттің беті жаман екенін білген бойда-ақ Сапекеңді көндіріп, алыстағы Германияға алып ұшты. Сөйтіп, қайран әкенің өмірін азды-көпті мерзімге ұзарта алды. Ақыры, сұм ажал дегенін істеді. Қадірменді досы­мыз­ды о дүниеге алып кетті. Жазмыштан озмыш жоқ. Жар­қын бей­нең мен артыңа қалдырған мұраң халқыңның жүрегінде сақтала бе­реді, асыл дос. Сенің бұл дүние­ден атта­нарда ақ қағазға құйылған сы­рыңды оқып тебірендік. Өмірге ің­кәрлігіңді сен былай деп төгілтіп едің: “Өмірден кетсем де, көңілдерден кеткім келмейді. Іңкәр көңіл жү­ректерден төгілген әуезді ән болып қалғым келеді, үлбіреген нәзік ерін­дерден үздігіп айтылар лебіз болып қалғым келер еді... Нұр болып, жыр болып, ән болып, сыр болып, жү­рек­терден құйыл­ғым келеді; қау­ышқан қыз-жігіт нұрына толық­сы­ған ай болып үңілгім келеді, көк ас­паннан жымыңдаған көп жұлдыз­дар­дың бірі болып нұр шашқым ке­леді... Қоштасқым келмейді сенімен, оқырман бауырым... Ар­ман­дар ар­ыл­масын! Іңкәрліктен айны­майық! Елін сүйген, жерін сүйген ақеділ, атпал азаматтар алдында тағзым ете­мін, тағзым етемін. Өмірге құш­тарлық ортаймасын!”. Не деген жомарт жүрек, ізгі жан! Илаһи, сол тілектерің періштенің құлағына шалынып, түп-түгел қабыл болсын, иманың өзіңе мәңгілік жолдас болсын, абзал дос! Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ.