• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

Ертеңгі күнде есеміз кетпесін десек...

913 рет
көрсетілді

Жастар проблемасы төңірегіндегі ойлар Бір замандарда “жастар – біздің болашағы­мыз” деген сөз жиі айтылушы еді. Сол тұрғыда, яғни ел болашағының дұрыс өсіп-жетілуі үшін бел­гілі бір жұмыстар да жүргізілетін. Әсіресе, сол кезде қоғамда билік құрған коммунистік пар­тия жастар бөгде бір ағымдардың ық­па­лын­да кетіп қала ма деген қауіппен өскелең ұрпақ ара­сында өз идеологиясының үстем болуына үл­кен күш салды. Осындай қатаң қадағалаудың әсе­рінен де ол уақыттарда жастардың қандай да бір теріс жолға түсіп кетуі сияқты көріністер жоқ­қа тән еді. Енді компартия үстемдігінен құтылдық, соны­мен бірге оның идеологиясы да келмеске кетті. Мұндай еркіндік өзгелерден гөрі жастар үшін өте-мөте қолайлы болған сыңайлы. Қы­зар­ғанға құмар, жылт еткенге еліктегіш жас буын қазіргі күні не істеймін десе соны істеуге құ­қылы болып отыр. “Жығылғанға – жұ­ды­рық” дегендей, бүгінде тым көбейіп кеткен түн­гі клубтар мен голливудтық сапасыз ком­мер­циялық фильмдер де жеткіншектердің теріс тәр­бие алуына айтарлықтай үлестерін қосуда. Сол сияқты, кәсіпкерлеріміздің демалыс орын­да­рын немесе спорттық-сауықтыру кешендерін емес, кафе-ресторандар мен дүкендер қатарын көбей­тумен әуестенуі де жастар үшін жайлы жағ­дай жасайтындай жаңалықтар емес. Бұ­рын­ғы жастар кітап оқыса, қазіргі жастар компью­тер­лік ойындарға көбірек көңіл бөледі. Оның үсті­не ендігі жерде қай жолдың дұрыс, қай жол­дың бұрыс екенін айтып, ақ пен қараның ара жігін ажыратып беріп жатқан да ешкім жоқ. Өмір­ге деген бүгінгі көзқарас тұрғысынан кел­ген­де ненің жақсы, ненің жаман екенін дәл ба­сып айту да мүмкін емес. Айта бастасаң, де­мо­кратияны алдыға тосып, сен неге менің құ­қы­ма қол сұғасың, не істеп, не қоятынымды мен өзім білемін дейді. Жеткіншектердің на­ша­қорлыққа, жезөкшелікке салынып, түрлі діни сек­таларға кіруі, жастар арасындағы қыл­мыс­тардың өршуі осындай етек жайған еркін­дік­тің салдары. Неге екені белгісіз, бүгінгі ата-ана­лар­дың да өз балаларына жасайтын жақ­сы­лық­тары, шабылып-шашылып үйлену той­ла­рын өткізуді былай қойғанда, зауыттан шық­қа­нына 10-15 жыл болған ескі-құсқы шетелдік ав­томәшинелерді сатып әперуден әрі аса алмай қалды. Жастардың жағдайы туралы 2005 жылғы бүкіл­әлемдік баяндамада келтірілген мәліметтер бойынша, 1995 жылға қарағанда 2005 жылы жас адамдар (15 пен 24 жас арасы) саны 1,02 мил­лиар­дтан 1,15 миллиард адамға дейін өскен. Қазіргі кезде жастар дүние жүзі халқының 18 па­йызын құрайды екен. Жастарға қатысты мәселелерді зерттеуші ғалымдардың пікірлеріне сүйенер болсақ, олардың алдында шешуді қажет ететін көптеген про­блемалар бар. Осылардың ішінен бесеуі ерекше бөліп аталған. Сөз ре­тінде Қа­зақстанда жас­тар проб­лемасына арналған зерттеулердің жеткілік­сіз­дігіне байланысты көп жағдайда ресейлік мамандардың мәліметтеріне сүйенуге тура келетінін ескерте кетпекпіз. Олардың біріншісі “Қайда тұ­рамын?” деген проблема. Мұның, яғни пәтер мәселесінің бірнеше қырлары бар. Біріншіден, жастар барлық уақытта және барлық жерде бірдей қоғам­ның қамтамасыз етілген бөлігі бола бермейді. Өйткені, олар өмір сүруді енді ғана бас­таған, негізінен ата-аналарының табыстары есебінен күн көріп жүрген қоғамдағы жеке тап бо­лып та­былады. Ал ата-ана өмірге деген көз­қарас­тарына немесе материалдық жағдай­ла­ры­на бай­ла­нысты балаға, үйленгеннен кейін жас отба­сына жеке пәтер керек пе деген мәселені үнемі оңтайлы шешіп беріп отыра алмайды. Көп­теген жағдайда ата-ананың өз балаларының талап­тарын қанағаттандыруға қауқарлары да жет­пей жатады. Жастардың өзінде боса-болмаса ақша жоқ. Ал несие алайын десе, бір жа­ғынан тұ­рақты жұмысы, қомақты табысы болмаған­дық­тан оларға банктер несие бере қоймайды, екін­ші жағынан, амалын тауып не­сие алған күннің өзінде жастардың аса жоғары став­камен бері­летін кредиттерді төлеуді қал­талары көтермейді. Екінші проблема “Қайда және қалай оқи­мын?” деген сауалға келіп тіреледі. Жоғары білім­сіз, кәсіби даярлықсыз табысы жақсы жұ­мыс табу мүмкін емес. Сондықтан жастар­дың дені, дәлірек айтқанда, өз ертеңі туралы ой­ланғандары білім алуды мектептен кейін де жал­ғастыруға тырысады. Бірақ бұл ретте де ақша мәселесі алдан шығады. Өйткені, жоғары оқу орнына тегін түсу үшін тума талант болу керек. Ал ондай ерекшелік екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Жұрттың бәрі дарынды болып кеткен жағдайдың өзінде грант­тардың шектеулілігіне байланысты олардың белгілі бір бөлігіне ақылы түрде оқуға тура келер еді. Өмір жолын енді ғана бастағалы отыр­ған жас ондай қаржыны қайдан табады? Осы орайда емтиханнан немесе тестілеуден сүрін­бей өткендер ғана оқуды одан әрі жалғас­тыруға лайық деген пікірдің де сыңаржақ көз­қарас екенін мойындау қажет. Болашақта жақ­сы маман, іскер ұйымдастырушы болып шығу үшін сынақтарды 4 пен 5-ке тапсырып көзге түсу тіптен де міндетті емес. Өйткені, қан­дай да болмасын тест сұрақтарының адам­ның бой­ын­дағы бүкіл қабілет-мүмкіндіктерін ашып бере алмайтыны екінің біріне белгілі жәйт. Керек десеңіз, сынақтардан сүрінбей өтіп, оқу­ды ойдағыдай аяқтап шыққан кейбіреу­лердің кейін практикалық жұмысқа келгенде мүлде қабілетсіз болып шығып жатуы да әбден мүм­кін. Бұл жерде біз емтихан, тест сияқты сынақ­тардан өте алмаудың салдарынан жоғары білімге, дәлірек айтқанда, дипломға қолдары жетпей қалған жастардың арасында талай-талай іскер­лер мен дарындардың болуы мүмкін-ау дегенді айтпақпыз. Үшінші проблема “Қайда демаламын?” де­ген мәселе төңірегінде қылаң береді. Жастар­дың көңіл көтеретін, уақыт өткізетін орындар іздеуі табиғи жәйт. Бұл қай дәуірде де өскелең ұрпақ үшін өте маңызды мәселе болып саналған. Себебі, бос уақыттарын пайдалы өт­кізу­дің амалын таба алмай зеріккен жастардың теріс жолға түсіп кетуі оп-оңай. Нашақорлық, маскүнемдік, ұрлық, төбелес сияқты қылмыс­тар да дәл осындай себептерден, әсершіл, қызба мінез жастардың “екі қолдарын ал­да­рына сыйғыза алмауларынан” туындап жатады. Төртінші проблема “Қалай өмір сүремін?” деп аталады. Бұл жерде әңгіме табыс туралы бо­лып отыр. Тіпті дипломы болғанның өзінде еңбек стажы жоқ жас маманның жоғары жала­қы алатын жұмысқа орналаса қоюы екіталай. (Мәселен, жақсы жұмысқа шақырғандар ке­мін­де 5 жыл еңбек стажының болғанын та­лап ете­ді). Ал жастардың өмірдің барлық қы­зық­тарын көре жүріп емін-еркін өмір сүргі­лері келетіндігі аян. Оның сыртында қызмет бабында жо­ға­рылау жағын да ойлауы керек. Ал оның бәрі оңайлықпен іске аса қоятын шаруалар емес. Әсі­ресе, әркім өз күнін өзі көруі тиіс деген қағида белең алып тұрған нарық заманында бұл проблемалардың шешуі мейлін­ше қиын түйіндерге айналып отыр. Соңғы проблема “Қандай мақсаттарға ұм­ты­лу керек?” деген сауал төңірегінде тұйыққа тіреледі. Ресейлік мамандардың пайымдауын­ша, бүгінгі жастардың бойында, олардың ата-аналарында болғандай, нақты өмірлік бағыт-бағдарлар жоқ. Өйткені, қазір мемлекеттік деңгейде қалыптастырылатын ортақ мақсаттар да, жұртшылықты соған жұмылдыратын қуатты насихаттық мәшине де жоқ. Біздің әкелеріміз бен аналарымызда қоғам заңдылықтары туралы білімдер болды, олар қандай мақсаттарға қол жет­кізудің мүмкін екенін және қайсыларының мүмкін емес екенін алдын-ала білді, деп есеп­тейді ресейлік сарапшылар. Сірә, мұны да бүкіл ел халқын тек өзінің айналасына ғана топтас­тыруды мақсат еткен коммунистік партия жү­зе­ге асырды деп түсінген орынды шығар. Қа­зіргі заманғы жастарда ондай мүмкіндіктер жоқ. Өйткені, қазір елде партиялар да, бір­лес­тіктер де, түрлі ағымдар да көп. Оның сыртын­да қазіргі жастар бүгінгі партиялардың бұрын­ғыдай “коммунизм орнату” үшін емес, билікке таласу үшін құрылатынын да шетелдік пар­тия­лар тәжірибесінен көріп, біліп алған. Сон­дық­тан өмірден әлі өз орындарын тауып үлгермеген жас буынды қаптап кеткен саяси партиялар онша қызықтыра да қоймайды. Дүние жүзі бойынша жүргізілген көптеген зерттеулер жастардың саясатпен айналысуға онша құлықты емес екендерін анықтаған. Оның есесіне олар бәрін бір өздері ғана шешетін дәулетті де әмірлі ағаларды көре жүріп, олардың алдындағы өздерінің дәрменсіздіктері мен шарасыздықтарын сезінуге мәжбүр. Мұндай көрініс жастарды ашындырып, небір кездейсоқ әрекеттерге итермелейді. Жастар арасында етек жайған зорлық-зомбылық салдарынан Еуропада жыл сайын 15 мың адам өмірлерімен қоштасып, 300 мыңдай адам ауруханаларға түсіп жатады екен. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропадағы жастар арасындағы зорлық-зомбылық жөніндегі баяндамасында жастар арасындағы мұндай бейәлеуметтік мінез-құлықтардың алдын алуға болады деп есептейтінін мәлімдеген. Осы баяндамада атап көрсетілгендей, аталған проблеманың түп-тамыры қоғамның денсаулығында жатқан көрінеді. Мәселен, зорлық-зомбылықпен жасалған әрбір 10 кісі өлтірулердің 9-ы тұрғындары төмен немесе орташа табыс табатын елдерде орын алады екен. Жастар арасындағы зорлық-зомбылық тұрмыстары қолайсыз саналатын елдерде тұрмыс деңгейі жоғары елдерге қарағанда 7 есе көп болып шыққан. Соған қарағанда қылмыстардың дені тек ақша үшін ғана жасалады деген қағида да шындықтан алыс болмаса керек. Еуропадағы жастар арасындағы өлім деңгейі бойынша рекордтық көрсеткіш Ресейге тиесілі екенін айта кеткен жөн. Одан кейінгі орын­дарда Албания, Қазақстан, Белоруссия, Ук­раина, Қырғызстан, Грузия, Өзбекстан сияқты елдер тұр. Бұл тұрғыда Еуропадағы жағдайы неғұрлым жақсырақ ел Германия болып табылады екен. Осы келтірілген мысалдан соңғы жиырма жыл көлемінде қоғамымызда орын алған өзгерістердің, яғни нарық қаты­настарына көшудің посткеңестік мемлекеттерде тұратын жастар өміріне қаншалықты әсер еткенін айқын аңғаруға болады. Сарапшы­лардың бағалауынша, қылмыстық ортаның “жасаруы”, жасөспірімдердің аса ауыр қылмыстарға баруы қоғамдағы жүйелі рухани дағдарыстың айғағы болып табылады. Өкінішке қарай, жоғарыдағы мысал көрсет­кен­дей, Қазақстанда да жастар арасындағы жағдай көңіл көншітерліктей емес. Құқық қор­ғау органдарының мәліметтері бойынша өткен 2009 жылдың 11 айында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған 5 мың қылмыс тіркелген. Олардың 1,2 мыңы ауыр және аса ауыр қылмыстар. Бұл ретте жүргізілетін есептіліктің өмір шындығымен үнемі сәйкесе бермейтінін, оның сыртында алыс-алыс ауылдарда болып жа­татын үлкенді-кішілі құқық бұзушылық­тар­дың мүлде тіркелмейтінін де ескерген жөн. Жастар проблемасы туралы сөз қозғай оты­рып, олар тарапынан жасалатын қылмыстармен қатар, олардың түрлі діни секталарға қосылып, күмәнділеу қадамдарға барып жүрулерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Бір қарағанда ешкімге зияны жоқтай көрінетін осынау діни ағымдардың түпкі ой-ниеттерінде нендей пиғылдардың жатқанын ешкім де дөп басып айтып бере алмайды. Өмірлік мақсаттар тұрғысынан алғанда кез келген қоғамның ертеңі болып табылатын жастардың қандай да бір діни ағымдарға ілесіп, уақыттарын босқа өткізгендерінен гөрі, өздері үшін де, ел үшін де пайдалы іс қылғандары әлдеқайда тиімдірек болар еді. Бұл мәселенің әсіресе, егемендігінің іргетасын енді ғана бекітіп жатқан Қазақстан сияқты мемлекет үшін маңызы орасан зор. Егер мәселенің ақиқатына келер болсақ, діни ағымдар мен секталардың өзі қандай да бір ел халқының арасына іріткі салып, оларды уақыт талабына сай алға қарай даму жолынан тайдыру мақсаттарын көздейді. Кез келген діни ағым мен сектаның артында бүлдіргіш күштер тұр. Және олар нақа осал да емес, белгілі бір қаржылық топтарға арқа сүйеген, өздерінің өрмекшінің торындай шырмауықтарын дүние жүзінің бірқатар елдеріне таратқан күштер. Оларды, керек болған кезде ақшаны да оңды-солды шаша отырып, батыл қимылдататын да сол күштер. Өркениетті дамудың жолына жаңадан түскен, заңдары мен қоғамдық институттары жеткілікті дәрежеде жұмыс істей алмай тұрған елдердің адамдары ондай күштердің ықпалына тез түседі. Ағымдар мен секталар өз қатарына тарту үшін әдетте өмірлік көзқарастары әлі қалыптасып үлгермеген, өзінің дербес ұстанымдары жоқ, ерік-жігерлері мықты емес, білім-түсініктері таяз, айтқанға көнгіш адамдарды іздейді. Ал буыны бекіп үлгермеген жастар дәл сондай адамдар тобына жатады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожаның жоқтығына көздері жеткендіктен бе, олар өздерінің пиғылдарын да жасырып жүрген жоқ. Халық арасында елдің туын, гербін, гимнін мойын­дамаңдар, әскерге бар­маң­дар, ата-аналарыңды тыңда­маңдар деп ашықтан-ашық уа­ғыз тара­туы осы сөзімізге дәлел. Ең қатер­лісі, осындай бүлдіргіш күштерге қарсы жүргізіліп жат­қан принципті де тиянақты жұмыстар жоқ. Осы орайда бұрыннан өзі­міз­ге жақсы таныс, өкінішке қарай, соңғы жылдары ұмыт бола бас­та­ған “бос уақытты ұйымдас­тыру” мәселесінің “іштерінде арыстан ойнап жатқан” жастар үшін атқаратын рөлі ерекше. Бірақ нарық заманы бұл орайда да өз кедергілерін алға тосып отыр. Ол – бос уақытты өткізетін орындардың бә­рінің ақылы болуы. Жоғарыда атап көрсет­кеніміздей, өмір жолын енді ғана бастаған, әлі жеткілікті жалақы табуға қол жеткізе қоймаған жастар үшін ақылы демалыс орындарына бару­дың өзі бір мұң. Мәселен, елордадағы спорт сарайларына бір кіріп шығу үшін ғана 300-500 теңге ақы төлеуің керек екен. Спортпен ойла­ғандай дәрежеде айналысу үшін ондай орын­дарға тұрақты түрде барып тұру қажет екенін ескерсек, жинала келгенде 500 теңгенің өзі едәуір ақша болып шыға келеді. Оның үстіне жастардың спорттың сыртында, өзге де көңіл көтеретін жерлерге барып тұрғылары келетіні айтпаса да түсінікті. Бір қарағанда жоғарыда айтылған сома онша көп те ақша емес тәрізді. Бірақ, табыстары аз, оның үстіне көңіл көтеру­ді бір-екі түрлі ғана шара деп түсінбейтін, яғни азғантай қызықты қанағат тұтпайтын жастар­дың “әй, қойшы, соны” деп қолдарын бір сілтеулері үшін соның өзі де жетіп жатыр. Нарықтық қатынастарға құрылған қоғам­ның өзіне тән көптеген проблемалары бар екендігі белгілі. Олардың негізгісі – адамдар үшін ақшаның ең басты құндылыққа айналуы. Мұның өзі мінез-құлықтардың, өмірге деген көзқарастардың түбірінен өзгеруіне әкеліп соқтырды. Сонымен бірге, бір жағынан, арамыздан шыққан азды-көпті байшікештердің “шайқап ішіп жүрген” тоқ тіршілігі сондай дәулетке қол жеткізе алмай қалғандардың көз­құр­тына айналса, екінші жағынан, “біз неге солардай болмаймыз?” деген сауалды күн тәр­тібіне қояды. Міне, осы проблемаларды шешу үшін, адал еңбекақымен байлыққа қол жеткізе алмайтынын түсінген жас адам қандай да бір оқыс әрекеттерге баруға мәжбүр болады. Ал оның соңы әдетте секталардың со­ңынан еру сияқты қателіктерге, қылмыстық қадамдарға ұрын­ды­рып жатады. Ең өкініштісі сол, бұрындары жиі айтылатын “бақыт байлықта емес”, “алтын алма, алғыс ал” деген сияқты сөздерді бүгінде айта алмайсың. Олай айта бастасаң, “сен қай заманда өмір сүріп жатырсың” деп жастар өзіңді күлкіге айналдырады. Еліміздің заңдарын бұзбай-ақ, теріс қадамдарға бармай-ақ дәулетті өмір сүрудің жолдарын табуға болады ғой дейін десең, жастар “ол ақылыңды бізге емес, анау жағалай жайпап ішіп-жеп жатқандарға барып айт” деп тағы да бетіңнен қағады. Жоғарыда өзіміз айтып өткен сан-алуан діни ағымдар мен секталар да қалталары жұқа жұртты бірінші кезекте іздейді. Сөйтіп, оларды ақшамен қызықтырады. Болмаса біздің жолымыз ең әділетті жол деген сияқты жалаң сөзбен, құрғақ идеямен жастарды соңына ерте қою мүмкін емес екенін олар жақсы түсінеді. Осы айтылғандардан шығаратын қоры­тынды, бүгінде “айналайын, ақылды бол, теріс жолға түспе”, деген жалпылама сөзбен жастарды өнегелілікке шақыру тіптен де мүмкін емес. Қазіргі уақыттың сұранысы нақты істі талап етеді. Ол іс, біріншіден, заңның әр бабының сақталуын қатаң қадағалаудан, екіншіден, жастардың жағдайына тиянақты көңіл бөлуден көрініс табуға тиіс. Мемлекет заңдарының орындалуын қамтамасыз ету арқылы елде тәртіп орнатып, теріс пиғылды түрлі ағымдар мен ұйымдардың талтаңдай басуына тыйым салынатын болса, жастардың бос уақыттарын өткізулеріне қолайлы мүмкіндіктер туғызып, жұмыспен қамту арқылы олардың әлдебіреулердің айтқандарына еріп кетулерінің алдын алуға болады. Егер адамның тұрақты жұмысы, тұрмысына жеткілікті жалақысы бар болса, ондай адамдарды бәзбіреулердің өз қатарына шақырған үгіт-насихаттары онша қызықтыра да қоймайды. Қандай да болмасын бір мәселе төңірегінде өзімізше ойланып, өзімізше зерделеп-зерттеп үйренбеген біз қоғамда болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға да біреулердің айтулары бойынша баға беруді әдетке айналдырып алдық. Кеңес өкіметі жаман болғандықтан құлап қалды деген сөзді, содан бір талай заман өтіп, талай жағдайлардың ұшырасқанына қарамастан, әлі күнге дейін бәріміздің жамырай қайталай беруіміз соның дәлелі. Егер біз өз беттерімізше топшылай алатын болсақ, ешқандай мемлекеттің, тіпті оның экономикалық жағдайы өте нашар болған күннің өзінде де, сыртқы бір күштер әсер етпесе, өздігінен жалп етіп құлап қалмайтынын әлдеқашан түсінген болар едік. Әлемде кедейшілікте, тіпті жоқшылықта өмір сүріп жатқан, даму жағынан мешеу қалған елдер аз емес. Солардың ешқайсысы құлаған жоқ, тіпті құлайтын да түрлері көрінбейді. Оларды құлату үшін соған мүдделі күштер пайда болып, олар ел ішінде іріткі салуы керек. Сонда ғана мемлекеттің, тіпті ол белгілі бір дәрежеде қауқарлы болғанның өзінде, іргетасының ыдырай бастары күмәнсіз. Олай болса, ел ішіне кіріп алып өздерінің жымысқы әрекеттерін дүниетанымдары солқылдақтау саналатын жастар арасында іске асырып жүрген діни секталар мен ағымдардың, өзге де мақсат-мүдделері күмәнді ұйымдардың сондай арам ниеттерінің жоқтығына кім кепіл бола алады? Өскелең ұрпақ жаңа ғана бүршік жарып өсіп келе жатқан жас шыбық тәрізді. Егер сол өскіннің өзегіне құрт түсіп кетпей, еліне пана болатындай жапырағын жайған мәуелі бәйтерекке айналсын десек оған ерте бастан дұрыс күтім керек екендігін де естен шығармаған жөн. Сонда ертеңгі күнде есеміздің кетпейтініне деген сенім де беки түспек. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.