• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2010

Әлем өткен аптада

436 рет
көрсетілді

Реформа қажет Президент Дмитрий Медведев өзінің бейнеблогында Ресейдің саяси жүйесінде тоқырау белгілері барлығын мәлімдеп, бұл билік партиясына да, оппозицияға да қауіпті екенін айтты. Тоқыраудан құтылу үшін саяси реформа керек екен. Тоқырауға тос­қауылдың бір жолы оппози­ция­­­­­ның күшті болуы дейді президент. 31 жылдан кейін Ұлыбритания патшайымы Ели­завета ІІ Біріккен Араб Әмір­лік­теріне келіп, Әбу-Дабидегі шейх Заидтың мешітінде болды. Бұл мешіт – әлемдегі ең үлкен алты мешіттің бірі. Патшайым мешітке кіргенде, жергілікті дәстүрді сыйлап, аяқ киімін шешіп, бас киімінің сыр­тынан алтындаған шарф орағанын жұрт айрықша атап отыр. Ели­­за­вета ІІ бұл елде бұдан 31 жыл бұ­рын шейх Заидтың шақыруымен болған екен. Әскери жаттығу Сары теңізде Оңтүстік Корея мен АҚШ қарулы күштерінің жаттығуы басталды. Оның КХДР-мен даулы шекарадан 125 ша­қырым ғана жерде өткізілуінен де жаттығудың белгілі дәрежеде күні кешегі екі ел арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты арандату­шы­лық та сипаты барлығы аңға­рылады. Жаттығуға АҚШ-тың Джордж Вашингтон ұшақ тасығышы қа­тысады. Оның бортында 75 жой­ғыш ұшақ бар көрінеді. Үлкен бір әуежай дерлік. Кремль кімді қолдайды Белоруссия президенті және қай­тадан сайлануға үміткер Але­к­­­сандр Лукашенко өзінің екі оппо­ненті Владимир Некляев пен Ан­дрей Санников Ресейден қаржы­лай қолдау алып отыр деп мәлімдеді. Ол бұл жөнінде қолымызда факт бар дейді. Бірақ оның қандай екенін ашып айтпайды. Осыдан біраз бұрын шекарада Ресейден 200 мың доллар алып келе жатқан біреудің ұсталғаны жөнінде хабар болған. Оның кімге арналғаны белгісіз болып отыр. Ирландияға көмек Әлемдік қаржы дағдарысынан қатты зардап шеккен елдің бірі – Ирландия. Еуроодақ оған көмек қолын созды – ол бұл елге 85 мил­ли­ард еуродай қаржы көмегін бермек. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана Ирландия экономикалық тұрғыда ең дамыған ел саналып, “Кельт жолбарысы” атанған еді. Дағдарыс басталғанда, елдің банк жүйесі күйреп түсті. Оның қайта өрлеуіне жұрт күмәнмен қарайды. Ат құйрығын кесісті Африканың батысындағы шағын Гамбия мемлекеті Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзетінін мәлімдеп, мемлекеттік жүйе бойынша Гамбияда жүрген барлық ирандықтардың 48 сағат ішінде елден кетуін талап етті. Әңгіме мынадай екен. Осыдан екі апта бұрын Нигерияның БҰҰ-ға тапсырған баяндамасында Иранның Гамбия тұрғындарына жасырын түрде қару жеткізгені айтылыпты. Бұл соған жауап болса керек. Өздеріне ұнамаған Ауғанстанда қызық жағдай бол­ды. Елде өткен парламент сай­лауының нәтижелері БҰҰ са­рап­шылары тарапынан мақұлданған еді. Ал елдің бас прокуратурасы сайлау нәтижесін заңсыз санап, оны мақұлдаған БҰҰ-ға да сын айтып отыр. Оған да тоқтамай, кейбір сай­лау комиссиясының мүшелерін заңсыздыққа барды деп, қамауға да алған көрінеді. Кей жерде жаңадан дауыс беру қажет дегенді айтады. Ең биік тусырық Сәрсенбі күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның қатысуымен болашақ тусырықтың (флагшток) іргетасына болашақ ұрпаққа жолдау салынған капсула қойылды. Келесі жылы тұрғызылатын бұл тусырық әлемдегі ең биігі болмақ – оның ұзындығы 165 метр. Оған көлемі 30 да 60 метрлік ту ілінбек. Әрине, туды қадірлеген де жақсы ғой, бірақ бәсеке үшін жасап, ашқұрсақ елдің көп шығынданып жатқанын жақсы деу қиын-ау. Бұған дейін ең биік тусырық Бакуде болған екен. Оның биіктігі – 162 метр. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.