Кеше Кеден одағы комиссиясы мүшелері – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің, РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шуваловтың, БР Премьер-Министрінің орынбасары Андрей Кобяковтың, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Беларусьтің жауапты мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция өтті. Кеңес барысында Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (БЭК) уағдаластық-құқықтық базасын қалыптастыратын келісім құжаттары және ағымдағы жылдың 9-10 желтоқсанында Мәскеу қаласында өтетін ЕурАзЭқ Мемлекетаралық кеңесі отырысының барысында Кеден одағына мүше елдердің басшылары қол қояды деп жоспарланып отырған өзара келісім құжаттары қаралды.
Кеңеске қатысушылар құжаттардың басым бөлігі бойынша тараптардың ұстанымдары айқындалғанын және мемлекет ішіндегі келісім шаралары жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай ережелері, сондай-ақ бәсекелестіктің принциптері мен ережелерін және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу туралы құжаттардың мәтіндері келісілді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.