Ақтөбе қаласында құрылыс индустриясы қарқынды дамып келе жатқанын бұрындары да жазғанбыз. Осының дәлеліндей, облыс орталығында соңғы жылдары бой көтерген “Болашақ” шағын ауданында 114 пәтерлі жалдық тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа тұрғын үйден баспаналы болғандардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың өзі келді. Талай жыл баспананың тауқыметін тартқан ақтөбеліктердің қуанышында шек жоқ. Салтанатты сәтте сөз алған облыс басшысы соңғы алты жылда 1 600 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, осы кезеңде 2 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп отырғанын, жоспардың анағұрлым асыра орындалғанын жеткізді. Мұндай табыстың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты нәтижесінде мүмкін болғанын атап көрсетті. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін облыс орталығындағы 12 Б шағын ауданында тағы да екі тұрғын үй пайдалануға берілмек. 96 пәтерлі жалдық және 129 пәтерлі ипотекалық тұрғын үйлерде қоныс тойлары тойланатын болады.
Содан кейін Елеусін Наурызбайұлы жаңа үйден баспаналы болғандарға пәтер кілттерін тапсырды. Жалпы, бұл жолы пәтерлер тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне тіркелген азаматтарға, көп балалы отбасыларға, ауған соғысына және Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысушыларға, зейнеткерлерге, мұғалімдерге, оралмандарға, мүгедектерге берілді. Алғашқылардың қатарында пәтер кілті қолына тиген Өзбекстаннан атамекенге қоныс аударған ерлі-зайыпты Орман Балсеріков пен Несібелі Балжанованың қуанышы қойындарына сыймауда. Олар бес бала тәрбиелеп өсіріпті. Бәрі де ат жалын тартып мінер азамат болған. Балалары үйленіп, қыздары тұрмыс құрған бақытты отбасы. Отағасы Орман Балсеріков атамекенге оралғандарына еш өкінбейтінін, Елбасының және елдің қамқорлығын жете сезініп отырғандарын айтты. Облыс басшысы жаңа қоныстанған Әлия Төрениязованың пәтерінде болып, Ресейден ата-бабасының туған топырағына оралған қарындасымызға ас үй жиһазын көрімдікке ұсынды.
2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытудың бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйдің 70 пәтері бір бөлмелі, 44-і екі бөлмелі. Тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 328,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Жалдық тұрғын үйді “Аспан-Плюс” ЖШС қысқа мерзімде салып, Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берді. Осы бағдарлама аясында салынған жалдамалы тұрғын үйлер көлемі 28,7 мың шаршы метрді құрайды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.