Барыс жылы тарихи оқиғаларға толы болуымен есте қалатыны анық. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі әр қазақстандықтың мақтанышы. Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Толеранттылық ұғымдарын насихаттаған Астана Саммитінің де діттеген мақсатынан көрінгені көңіл өсірді.
Осы саммитте ұлтаралық келісім, татулық, халықтар достастығы, елдердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы басты назарда болды. Өйткені, бұл бүгінде бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отырған проблемалар. Ал оларды әлемдік қоғамдастық осындай үлкен жиындарда қол жеткізілген уағдаластықтар нәтижесінде ғана еңсере алатыны ақиқат.
1989 жылы 20 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған Бала құқықтары туралы конвенцияда: «Мемлекет баланы зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғауға және оның құқығын қорғау үшін тиісті шараларды қолдануға міндетті және әрбір бала өмір сүру құқығына ие, мемлекет оның өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге міндетті», деп атап көрсеткен. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде өскелең ұрпақтың жарқын болашағын, бейбіт өмір сүруінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың білім алуына барлық жағдай жасау ең негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Алқалы жиында бұған қатысты өзекті мәселелер қаралып, балалардың құқығын қорғаудағы түйткілді мәселелердің талқыланғандығы да бізді қуантты.
Әрине, әлем елдерінде аса ауыр жағдайларда өмір сүріп жатқан балалар бар екендігін және мұндай балалар ерекше көңіл бөлуді қажет ететіндігін мойындай отырып, баланы қорғау және оның үйлесімді дамуы үшін әрбір мемлекет халқы атсалысуы тиіс демекпін. Ал өз елімізде атқарылып жатқан осы бағыттағы игілікті жұмыстар басқалардың назарын аударып, ойлантары анық.
Өңірде балалардың құқықтарын қорғау туралы кешенді шаралар ұйымдастырылып, оларға қоғамның, отбасының қолдауы мен қорғауын сезіндіру мақсатында тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынып, алаңсыз өмір сүру мүмкіндігіне жетіп отыр. Ал өз жұмысын табысты қорытындылаған саммит нәтижесінде әлем елдері прогреске қол жеткізіп жатса, оның әсері балаларға да оң ықпалын тигізетіні анық.
Гүлнәр ЕРМЕКБАЕВА, Алматы облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры.