• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2010

Шырайы кірген Шығыс

502 рет
көрсетілді

Облыста көктемгі су тасқыны зардаптарын жоюда ауқымды істер атқарылуда Задында сауаптың үлкені ха­лық үшін қызмет ету дейді үлкендер. Бұған даналардан шыққан «бірінші өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген қа­натты сөздерін қосып үңілсек, мұның дені жұрт қамын жеп, ел үшін еңбек етіп жүрген ел ағаларына баса айтылған сөз екенін аңғару қиын емес. Шығыс Қазақстан облысында орын алған биылғы алапат су тасқыны табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарды әбігер­ге салса, оның өңір басшысы үшін де айтарлықтай сын бол­ғаны белгілі. Басшының іскерлігі мен қажырлылығы да осындай сын сағаттарда көрініс береді. Су тасқынынан зардап шеккен Тар­ба­ғатай, Зайсан, Күршім секілді бірқатар аудандардағы суға кеткен тұрғын үйлер мен көпір­лер­дің айналдырған төрт-бес айдың ішінде қалпына келтіріліп, аз ғана уақытта адам танымастай құл­пырып қайта түлегенін көр­генде риза болмасқа лажың жоқ. Осының бәрінде қалпына келтіру жұмыстарының күн-түн демей ба­сы-қасында жүрген облыс әкі­мі Бердібек Сапарбаевтың тікелей үлесі бар. Мұның барлығын біз республикалық БАҚ өкіл­де­рі­нің басын қосып, атқарылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс игі жұмыстарды көрсету үшін облыс басшылығы арнайы ұйымдастырған пресс-тур бары­сын­да көруге мүмкіндік алдық. Жуанның жіңішкеріп, жіңіш­ке­нің нағыз үзілер шағында Шы­ғыс Қазақстан жұртының шыр­қын бұзған табиғи апат жалпы алты жүзден астам тұрғынды бас­панасыз қалдырса, 1947 ірі қара, 9509 ұсақ мал, 235 жылқы суға кетіп, соның салдарынан 299 адам таяқ ұстап қалған. Жұрт бо­лып жұмылудың арқасында қазір мұның барлығы да қайта қал­пы­на келтіріліп, зардап шеккен ха­лық бейнебір еш қиындық бол­мағандай, шат-шадыман өмір кешуде. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен Тарбағатай ауданын­да­ғы Жантікей мен Көкжыра ауылдарында заманауи үлгіде са­лын­ған көздің жауын алар әсем үйлерге қоныстанған тұрғындар қуанышын бірге тамашалаған об­лыс басшысы мұның барлы­ғы­ның бірінші кезекте Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасын жүзеге асыру мақ­са­тында Үкіметтің белсенді іс-қимылдар көрсетуінің арқасында жүзеге асырылғанын атап көр­сет­ті. Сондай-ақ, ол тұрғындардың мал басын көбейтуі қажеттігін де назардан тыс қалдырмады. Барды ұқсата білу қажеттігі кезек күт­тір­мейтін мәселе екенін де ха­лық­тың қаперіне салды. Жоғары­дағы атал­ған аудандардың тасқын су шайған ауылдарындағы пайдалануға берілген тұрғын үйлер мен мектеп, аурухана секілді бірнеше әлеуметтік нысандар ба­ры­сы­мен, сондай-ақ құрылысы енді басталған нысандар мен аяқталу мерзімі тақау нысандардың жұ­мыстарын журналистермен бірге тамашалады. Осы күні Қызыл Кесік ауы­лындағы үлкен көпірдің ашылу сал­танаты болды. Тұрғындар қуа­­нышында шек жоқ. Көп ба­лалы ана Бақытхан Меребаева осы көпір тек ұрпақ игілігіне қыз­мет етсін, енді көпіріміз сын­басын деген аналық ақ тілегін айтса, төртінші сынып оқу­шысы Ерасыл Төкенов көпірді салған «Зайсан» ЖШС- ға өзінің балғын тілегін ризашылықпен жеткізді. Зайсан ауданындағы Тасбастау ауылындағы мәз-мейрам кө­ңіл-күй де жаңа қоныс тойын тойлауға дайын тұрғындарды сер­пілтіп тастағандай. Осы іс-ша­ралардан соң аудандық мәде­ниет үйінде жергілікті жұртпен жүздескен Б.Сапарбаев олар­дың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Мұ­нан кейін журналистер атал­ған мәдениет үйіндегі аудан оқу­шы­лары дайындаған озық үлгідегі қолөнер бұйымдары мен мектептер дайындаған қо­сал­қы шаруа­шылық өнімдері­мен танысты. Сон­дай-ақ, бұ­йырт­са, жуырда өн­дірісін бас­тай­тын ұн зауыты мен сүт зауы­ты да аудан халқына өз өнім­дерін ұсынып қана қой­май, біраз адамды жұмыспен қамтиын деп отыр. Барақ батыр (Күршім ауда­ны) ауылындағы күрмеуі көптен бері шешілмей келген, 1986 жылдан бері апатты жағдайда деп танылған орталау мектептің орнына бүгінде жап-жаңа мектеп барлық керек-жарағымен ауыл игілігіне ұсынылды. Соны­мен қатар Қаратоғай ауылында бой көтерген аурухана да ауыл жұртшылығын қуанышқа бө­леу­де. Күршім ауылында қазіргі таңда 600 орындық мектеп-гим­назияның жобалық-сметалық құ­жат­тары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қоры­тын­дысын алыпты. Бүгінгі күні гео­дезиялық зерттеулер жасалып, іргетас қалау жұмыстары ат­қа­рылуда. Осы тұста Күршім мек­теп-гимназиясының (директоры Советхан Ысқақов) биылғы бітірген 29 түлегі ҰБТ- да 102- ден орташа балл жинап тү­гелдей грантты жеңіп алғанын, сонымен қатар 5 түлек алтын белгі иегері атанғанын ерекше атап көрсету ләзім. Осындай түлектер ұшырған алтын ұя мек­теп басшылығы мен ұжы­мына облыс әкімдігі тарапынан қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейтіні кәдік. Облыста еліміздің үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ин­дуст­рия­ландыру картасы жаса­лып, тұрақты кеңес құрылған. Жалпы, облыста 481,1 млрд. теңгені құрайтын 22 инвес­ти­ция­лық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 450,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба рес­публи­калық индустрия­ландыру карта­сына енсе, биылғы жылы оның 146,8 млрд. теңгені құрайтын 5 жобасы іске асқан. Ағымдағы жылдың қатаң кли­маттық жағдайларына қара­мас­тан, егін шаруашылығы са­ла­сы да жақсы көрсеткіштерге ие болып отыр. Осы жылы егілген ауылшаруашылық дақыл­дарының жалпы мөлшері 1030,0 мың гектар болса, соның ішінде астық 473,0 мың гектарды құ­раған. Ылғал сақтағыш техноло­гияны қолдану мен егін шаруа­шылығын дұрыс жүргізе білудің арқасында 589,4 тонна астық жинау мүмкін болған екен. 2009-2010 жылдың қатаң қы­сына қарамастан, мал шаруа­шы­лығы да тұрақты дамуда. Оның өнімінің мөлшері он айдың ішінде 103,4 пайызды құраса, мал еті шаруашылықтың барлық түрлерінде 5,9 пайызға, ал сүт мөл­шері 2,3 пайызға өскен. Атал­ған өнімнің мөлшерін арт­тыру мақсатында облыста 215 арнайы мал ұстау алаңдары және 52 сүт фермалары құрыл­ған. Малдың табиғи сапасын арттыру мен оның өнімділігін жоғарылату мақсатында аймақта 137 арнайы шаруашылық құ­рыл­ған. Көктемгі су тасқыны­нан қырылған мал санын қайта қалпына келтіру бойынша жұ­мыстар әлі де жүріп жатыр. Осы мақсатта республикалық бюд­жеттен бөлінген 350 млн. теңге мөлшеріндегі қаржы есебінен жеке тұлғаларға мал сатып алу­ға жеңілдетілген несиелер берілуде. Қазіргі уақытта мөлшері 149,2 млн.теңгені құрайтын 213 жеңілдетілген несие берілген. Республикалық және об­лыс­тық бюджеттен су тасқынынан қираған тұрғын үйлерді қал­пына келтіруге жалпы сомасы 8 млрд.теңге бөлініп, бүгінгі таң­да бар­лық жөндеу жұмыс­тары аяқ­талған. 3,5 айдың ішінде зардап шеккен барлық аудандарда 535 үй тұрғызылып, 3 мектеп пен 4 аурухана салынса, бұдан тыс зардап шеккендерге 25 үй мен 83 пәтер сатып алынған. Осы орайда көктемгі су тас­қы­нынан зардап шеккендерге қо­ғам­дық ұйым­­дардың да қолдау көрсет­кенін айтып өту қажет. Елімізде атал­мыш жағдайға бейжай қараған бірде-бір жан бол­маған шығар, сірә. Көрсетілген мате­риалдық кө­мек, жан-жақтан жіберілген азық-түліктер, киім-кешек, тұр­мыс­тық техника – осы­ның айға­ғы. Осы мақсатта құ­рыл­ған «Па­рыз» қорына 568 млн. теңге, ал «Қасиет-бірлік» қо­ры­на 36 млн.теңге қаржы келіп түскен. 2010 жылы облыста 52 әлеу­меттік-мәдени және әкімшілік- шаруашылық нысандарды іске қосу жоспарлануда. Соның ішінде 10 білім беру, 9 ден­сау­лық сақ­тау, 2 әлеуметтік сала ғи­марат­тары, 14 тұрғын үй құры­лысы, 8 инженерлік қамтамасыз ету ны­сан­дары, 8 көпір мен жол, 2 гидро­техникалық құрылғы пайда­лануға берілетінін айтып өту керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақ­тың кә­сіп­орындары әлеу­меттік инфра­құрылымды дамытуға 5,5 млрд. теңге мөлшерінде қаржы бөлген. Ағымдағы жылы мемле­кеттің және жеке меншіктің қар­жысына 640 орынға арналған 3 мектепке дейінгі оқыту кешені салынса, «Казцинк» АҚ Өске­мен қала­сында балабақша мен теннис орта­лығын халық игілігіне ұсын­ды. Осылайша шығыс өңіріндегі шы­рай­лы істер өз жалғасын табуда. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Шығыс Қазақстан облысы. _______________________ Суреттерді түсірген Ғылымбек СӘБИТОВ.