ЕҢСЕЛЕНЕ БЕР, «ЕГЕМЕНІМ»
Әр оқырманның жүрегіне ыстық өз сүйікті басылымы болады десем, маған «Егемен Қазақстан» сондайлық газет. Мен кезінде «Социалистік Қазақстан» аталған онымен Алматыдағы №12 мектептегі оқушы шағымда-ақ достасқан едім. 20 жасымда майданнан оралған бетімде қайта сағына табыстым. Отанымыздың бас газетінің тұрақты оқырманы болып келе жатқаныма, міне, 60 жылдан асып қалыпты. Содан әр күн сайын таңертеңгілік оны қолыма алмай, көңілім орнықпайтындығы әбденгі әдет. Ел тынысының жыршысына қашанда ризамын. Әсіресе, ұстаз, әдебиетші ретінде ұлттық сана-сезімді, дүниетанымды кеңейтуге, рухани ойды байытуға, өркениетті үрдістерге ұмтылдыруға ұстанған берік бағытына ризамын. Сондықтан оқырмандары көп болуына тілеуқорлығымды Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі ұзақ жылғы ұстаздық қызметімде әріптестерімді, шәкірттерімді оны жаздырып алуға тарту арқылы танытып жүрдім. Бүгінде аты да, заты да өзгерген газеттің мемлекеттік мүдде тұрғыдағы үні, елді биіктетудегі көтерген жүгі аса салмақты. Басылым бұл мақсаттан шығып келеді. Тәлімгерлік беделінің өсе түсуін, сөзінің қонымдылығын жыл сайын оқырмандары қатары толығуынан сезінеміз. Соңғы он жылда біздің облысымызда таралымы 8 есеге артып, 12 мыңнан асуы соған бір айғақ. Тынымсыз ізденіс үстіндегі, ел шежіресінің айнасы, парасаттылық пен салиқалықты ту еткен «Егеменім», еңселене бер. Қаби ЛЕКЕРОВ, ғалым, соғыс және еңбек ардагері. ҚАРАҒАНДЫ. * * * Жеделхат«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановқа
Тоқсан жылдан астам тарихы бар еліміздің бас газетін қасиетті Қарқаралы ауданының жұртшылығы сүйіп оқиды. Өңірімізде еліміздің тыныс-тіршілігі мен қол жеткен табыстарын баяндап отыратын бас газетімізді оқитындар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Биылғы жылы жазылу науқаны да өте жоғарғы деңгейде жүріп жатыр. Бұған сіздің биылғы жылы қазан айындағы Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовпен кездесуіңіздің де өзіндік әсері болғаны сөзсіз. Баспасөзге жазылу науқаны аяқталғанша «Егемен Қазақстан» газетінің аудан бойынша таралымын 1000 данадан асырамыз деген сенімдеміз. Сержан АЙМАҚОВ, Қарқаралы ауданының әкімі. Қарағанды облысы. * * * Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуы мен еліміздегі реформалардың іске асуына “Егемен Қазақстан” газетінің қосқан үлесі айрықша болғаны алдағы жылдарда айқын аңғарыла беретіні даусыз. Бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігінің қадірін жас ұрпаққа ұғындыруда да ел газетінің қадамына барша оқырман куә болып келеді. Әсіресе, биылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалықтың және Ұйымның Саммитін өткізудің қазақстандық тағылымын жан-жақты талдап көрсетуде “Егеменнің” еңбегі ерекше көрінді. “Егемен Қазақстанның” қай тақырыпты да, қай мәселені де терең зерделеп, зерттеп жазатыны қызықтырады. Бұл оқырмандармен арадағы ежелгі байланыстың үзілмеуінің алтын көпірі іспетті. Біздің Махамбет ауданында да “Егеменнің” күнделікті нөмірін күтіп отыратын, газетте жарық көрген мақалаларды қызыға оқитын оқырмандар қатары сиреген емес. Алдағы жылы да солай болатыны анық. Қазірдің өзінде 2011 жылға 800-ге жуық адам жазылды. Газетке жазылу әлі де жалғаса береді. Өмірзақ ЗИНУЛЛИН, Махамбет ауданының әкімі. Атырау облысы. * * * Біздің ұжым қай-қай істе де ұйымшылдық пен бірлік танытып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Сондықтан да болар жұмысымыз жемісті, тұрмысымыз келісті. Аурухана дәрігерлері мен медбикелері – өздерінің міндеттеріне адал жандар. Олар өз істеріне жауапкершілікпен қарап, кәсіби мамандығына қатысты білімдерін көтеріп, әлемдегі және елдегі оқиғалар мен жаңалықтарға үнемі құлақ түріп жүреді. Ал мұндайда бұқаралық ақпарат құралдарының көмегі көп екені даусыз. Сол себепті де біздің ұжымда баспасөзге жазылудан ешкім шет қалмайды. Кәсіби мамандығымызға байланысты басылымдармен бірге «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» сияқты қазақ газеттерін алдырамыз. Соның ішінде біз үшін еліміздің бас басылымы – «Егеменнің» орны бөлек. Біздің ұжымдағы 40 адам жаңа жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетін алдырып оқитын болды. Аққали ОРАЗАЕВ, Қобда аудандық орталықтандырылған ауруханасының бас дәрігері. Ақтөбе облысы.