• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2010

Төрағалықтың тамаша табысы – жасампаздықтың жарқын жеңісі

419 рет
көрсетілді

Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын,  Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда ҰЛЫ ОТАНЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ЖЕТІСТІГІ Құрметті отандастар! Біздің еліміздің әрбір азаматы әлемдік қо­ғамдастық үшін де айрықша маңызды оқи­ға – ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер және үкіметтер басшылары Саммитінің жұ­мысын ерекше мақтаныш және толқыныс сезімімен бақылады. Еуропаның географиялық шекарасынан мыңдаған шақырым қашықта жатқан Азия кеңістігіндегі Еуразия кіндігінде тұңғыш рет, жаңа мыңжылдықта бірінші рет өткі­зіл­ген ЕҚЫҰ Саммитінде әлемдік тарихтың ба­рысын және еуразия континентінің әрі қа­рай даму жолын айқындайтын қазіргі ке­зең­дегі жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәсе­лелері қаралды. Әлемдік өлшемдегі форумның Қазақстан тәуелсіздігінің және оның болашаққа ұмты­лы­сының символы болып табылатын жас әрі керемет астанасы Астана қаласында өтуі ерекше қуаныш. Саммиттің арқасында әлем «Астана Рухын» сезініп, оның көпэтносты және біртұтас халқын таныды. Біз барша әлемге бейбітшіл, өркениетті даму мен прогресс мұраттарына арқа сүйейтін ел ретінде белгіліміз. Орталық Азия елдерінің көшбасшысы ретінде әрі салмақты халықаралық тәжіри­бе­сімен Қазақстан әлемдік саясаттың белсенді мүшесіне, бейбіт бастаулар мен конструктивті бастамалардың, ауқымды ин­те­гра­циялық үдерістердің локомотивіне айналды. ЕҚЫҰ Астана Саммитінің өткізілуі және 11 жылдан кейін бірінші рет ЕҚЫҰ-ның тарихи Астана декларациясының қабылдануы – бұл Қазақстан Президенті, Ұлт Көшбас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке еңбегінің, оның толассыз беделі мен үлкен саяси ерік-жігерінің лайықты бағасы, «Назарбаев жетістігі формуласының» ха­лықаралық мойындалуының айғағы. Саммиттегі өз сөзінде Мемлекет бас­шы­сы қазіргі әлем дамуының өткір мәселелерін көтерді, еуразиялық қауіпсіздіктің кешенді жүйесін құруды, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын модер­низа­циялаудың нақты мақсаттарын, міндеттері мен өлшемдерін алға тартты. Президент ЕҚЫҰ бойынша әріптес­тері­мізді Қазақстанның Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын қабылдау тура­лы бастамасын қолдауға шақырды, Ауған­стандағы түйінді реттеудің кешенді страте­гиясын әзірлеуді, Қырғызстандағы өткір этносаралық қарама-қайшылықтарды және саяси дағдарысты еңсеріп, экономика мен бей­біт өмірді қалпына келтіруді жақтады. Есірткі транзиті, жасырын көші-қон, адам сау­дасы, сон­дай-ақ жаппай қырып-жою қа­руын тарату қатеріне назар аударды. Мемлекет басшысы қазіргі қауіптер мен қатерлерге лайықты жауап беру үшін жұмыс өлшемдері ретінде – қаржы-экономикалық қауіпсіздікті және «Жаңа онжылдықтағы тө­зімділікке» бағдарламалық құжатын бірлесе әзірлеу арқылы конфессияаралық төзім­ді­лікті жеке өлшемге бөліп шығарып, ЕҚЫҰ-ның себеттері мен институттары санын ұл­ғайтуды ұсынды. Президент ЕҚЫҰ-ның Маас­трихт стратегиясын келісілген валюта-қар­жы сая­са­тының, экономикалық ынтымақ­тас­тық пен интеграцияның қағидаттарын бейнелеуге болатын «Маастрихт-плюс» құ­жатымен толықтыруды ұсынды. Ол ЕҚЫҰ құрылымында энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер, Экологиялық форум, сондай-ақ Қарусыздану және қаруды таратпау саласында арнаулы форум құруды ұсынды. Су проблемаларын құқықтық реттеу мақсатында Президент «Су және құқық» бағ­дарламасын әзірлеуді ұсынды. Транс­ше­каралық қылмысқа, есірткі трафигіне және жа­сырын көші-қонға қарсы күресті үй­лестіру үшін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер ми­нистр­лері деңгейінде кеңес қалып­тас­ты­руды, қақ­тығыстардың және әлем эконо­микасындағы келеңсіз үдерістердің алдын алып отыру үшін орталығы Астанада орна­ласқан ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік институтын құруды ұсынды. Бірнеше күн бойы Астанаға ЕҚЫҰ ке­ңістігі елдері ғана емес, бүкіл әлем назарын тікті. Бұған Саммитке қатысушылардың құ­рамы дәлел бола алады, жиынға ЕҚЫҰ-ға қа­тысушы елдер мен әріптес елдердің 73 рес­ми делегациясы, сондай-ақ БҰҰ, ЕО, ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдардың өкілдері, 500-ден аса үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Саммит жұмысын 1000-нан аса отандық және шетелдік журналистер, ғаламдық жетекші телеканалдар, газеттер мен ақпарат агенттіктері таратты. Саммит қатысушыларының барлығы елімізге ең жоғары ұйымдастыру деңгейінде өткізілген кездесулер үшін ықыластарын біл­дірді. Бұл – біздің ұлы Отанымыздың сөзсіз жеңісі, өз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қар­саңындағы Қазақстан халқының қажыр­лы еңбегінің нәтижесі. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының ЕҚЫҰ-ны іргелі өзгерту жө­нін­дегі бастамаларын толық қолдайды және жаңа қауіпсіздік архитектурасының негізгі элементі ретінде этносаралық келісім рөлін атап көрсетеді. Саммитте қабылданған ұйымның негізгі қағидаларын растаған Астана декларациясы ЕҚЫҰ-ның түбірлі қайта құрылуының бас­талғандығын білдіріп, барлық Еуроат­лан­ти­калық және еуразиялық кеңістіктегі қауіп­сіз­діктің тиімді құрылымының жаңа сапалы кезеңін бастайды. Ассамблея Саммиттің халықаралық Мә­дениеттердің жақындасуы жылы өткізіл­ге­нін және Қазақстанның өркениеттер үнқаты­суын, халықтар мен діндер арасындағы тү­сіністікті тереңдетуге ықыластылығын атап өте отырып, Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың ЕҚЫҰ қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру бағытында жариялаған бастамалары, оның еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастырудағы рөлін нығайтуға ықпал етеді деген сенімін білдіреді. Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді барлық күш-жігерлеріңізді еліміздің әрі қарай қарқынды дамуына, халықаралық беделін нығайтуға және оның бейбітшілік пен толеранттылық мұраттарының белсенді жүргізушісі ретінде берік бекітілуіне бағыттауға шақырады. Біз – Қазақстан халқының бірлігі, то­леранттылығы және біртұтастығы ежелгі қазақ жерінде құрылған біздің мемлекет­тілігіміздің түпқазығы және көпэтносты Қа­зақстанның болашақ ұрпақтары мен тарих игі­лігі үшін прогрессивті дамуының кепілі болатынына сенімдіміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі.