Қай кезде де ұлт зиялыларының ұстаханасы болып келген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі филология факультетінің орны бөлек екендігін ешкім жоққа шығар алмас. Кешегі Алаш арыстары тоғысқан, дарынды қазақ ақындары тырнақалды өлеңдерін шабыттана оқыған, жастықтың қызығы мен шыжығы болған мекен ғой бұл!
ҚазҰУ қалашығының құдіреті сол, ауылдан Алматыға арман қуып келген қазақтың талай қара баласы бүгін танымал жазушы, ғалым, елжанды азамат ретінде аманат арқалап жүр.
Мына аласапыран, алмағайып кезеңдерде ұлт болып даралануымыз, мемлекеттік тілдің тағдыры қай кездегіден де көкейкестірек болып тұрғанда осы факультеттің бүгінгі тынысын, бұлқынысын білуге әрқайсымыз мүдделіміз. Егер биыл мемлекетіміз қазақ тілі мен әдебиеті бойынша 300 білім грантын бөлсе, оның 200-і – Ұлттық университеттің, осы факультеттің еншісінде. Ендеше, 200-ге тарта «Алтын белгі» иелері, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары филфакта тоғысты дей беріңіз. Біз филология факультетінің деканы, профессор Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫМЕН осы тұрғыда әңгіме өрбіткен едік.
– Қансейіт Әбдезұлы, қайта құру жылдары балапан басына, тұрымтай тұсына тарап, қиналған кезеңдерде гуманитарлық салалар сансырап қалғандай болып еді. Уақыт бәрін өз орнына қоя бастаған секілді. Сіз осыны сезінесіз бе? Жалпы, қазақ руханиятының қайта бой көтеріп, тәуелсіздігіміздің арқасында жаңа кезеңде жаңаша жарқырап көрінуінде ұлттық университеттің алатын орны айрықша ғой. Осы орайда ой өрбітсеңіз.
– Қоғам өміріндегі, оның ішінде жеке ұлттың өркендеуіндегі ұлттық университеттің орнын айтқаның өте орынды. Мысалы, кішкене шегініс жасасақ, өткен ғасырдың 30 жылдарының ортасында қазақтың қаймағы болған арыстарымыз, руханиятымыздың көшбастаушылары репрессияға ұшырап, ұлтымыздың болашағына енді қалай қам жасаймыз деген тұста, құдай қолдап, 1934 жылы осынау Қазақ ұлттық университеті ашылды. Алаштың бас көтерер азаматтары, қайраткер ұл-қыздары осынау университет төңірегіне топтасты.
Ұлттық саясаттың қайнар бұлағы да осы университет болды. Ұлттық ғылым мен білімнің іргетасы да осы шаңырақта қаланды. Әлемдік деңгейдегі ғылымның үздік жаңалықтары да осы университеттен бастау алып жатты. Иә, ұлтымыздың кемеңгер қаламгері, әлем таныған саңлақ жазушы Мұхтар Әуезовтің отыз жылға жуық табан аудармай осы университетте сабақ бергендігі неге тұрады?! Сабаққа келіп жүріп, әйгілі “Абай жолы” роман-эпопеясын жазды. Қазақ фольклорының тарихынан кайталанбас лекциялар оқыды, “Абайтану”, “Алаштану” атты жаңа ғылыми курстың негізін қалады. Факультетте сол 50-60-жылдары оқыған, Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдаған, тағылым-тәрбиесін алған қаншама буын қазақ жастары кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлері атанды. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері қаншама?!
Соның арқасында университет те қазақ ғылымы мен білімінің, руханиятының, әдебиеті мен өнерінің көшбастаушысына айналды. Қарашаңырақ ҚазҰУ-дің бүгінгі аяқ алысы да замана көшінің алдында десем, қателеспеймін. Осы университеттегі қарашаңырақ факультетті, яғни тіл және әдебиет факультетін сегіз жылдан бері басқарып келемін. Университетте көп өзгерістер жасалды. Ең бастысы, уақыт талабына сай бейімделуді одан әрі жалғастырып келеміз. Қазір біз тек қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын ғана емес, екі шет тілінен аудармашылар даярлайтын болдық. Аталған мамандықтар бойынша магистрлер мен PhD докторларын да дайындау үстіндеміз. Осылайша туған тілін ардақтаған қазақ баласы жаңа мамандықты да меңгеріп, өзінің қалауымен жақсы қызметтерге орналасуына мүмкіндік жасадық.
Осының барлығы университет басшыларының жүргізіп жатқан жұмыстарының жемісі. Республикамызда жоғары оқу орындары арасында барлық рейтингтер бойынша бірінші орында тұруымыз осының айғағы. Мемлекеттік білім беру стандарттарына толық жауап беретін білім бізде ғана беріледі. Студенттің пән таңдауына байланысты ұстаздар да лекцияларын соған лайықтап даярлайды. Әлемдік тәжірибе біздің университетке де енді. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дің барлық факультеттері биылғы оқу жылынан бастап эксперименттік оқу бағдарламаларына көшті. Бұл бағдарламалар әлемдік білім беру тәжірибелерінің ең озық үлгілерінің негізінде жасалды. Оқу пәндерінің 60 пайыздан астамын енді студенттер өздері таңдап, болашақ жұмыс орындарына ең қажетті білімді осы арнадан іздейтін болады. Биылғы жылдың өзінде ғана мыңға жуық “Алтын белгі” иегерлері, халықаралық және республикалық Әл-Фараби атындағы олимпиадалардың жеңімпаздары конкурста жеңіп алған гранттарымен ҚазҰУ-де оқуға талап білдіруі көп нәрсені аңғартады. Шын білім беретін оқу ордасын ендігі қазақ жастары адаспай таңдайтынына көзіміз жетті.
Ендеше, университетімізде жүзеге асып жатқан осынау игіліктерден біздің факультет те тыс қала алмайды. Филология факультетінің өзінен ұстаздар мен студенттердің шет елдерге барып білімін көтеруі үйреншікті құбылысқа айналды.
– Филология факулътетінің негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті. Қазір біздің ұлттық мұратымыз да көкейкесті мәселеміз де мемлекеттік тілді дамыту болып тұрғанда, қабылданып жатқан бағдарламалар, жасалынып жатқан іс-шаралар көңіліңізден шыға ма?
– Қазақтың перзенті болғандықтан, бұл мәселе менің де қабырғама батады. Осы тұрғыда Елбасымыздың бастамасымен “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жасалуы Қазақ елі үшін ерекше маңызды болмақ. Бұл жоба қазір барлық аймақтарда талқыланып жатыр. Жобамен таныса отырып, менің де көп нәрсеге көңілім толды. Әрине, туған тілімізді төрімізге шығару жолында көп кедергілерді әлі жеңе алмай жатырмыз. Он тоғыз жылдың ішінде қазақ тілі шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейіне көтерілді десек, өзімізді өзіміз алдағанымыз.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ тіліне деген ұмтылыс, қызығушылық жалғыз қазақ отбасыларында ғана емес, басқа да ұлт өкілдерінің санасында да үлкен серпіліс туғызып еді. Олар мемлекеттік тілді өз ұл-қыздарына үйретуді парызымыз деп санап және олардың болашағының да мемлекеттік тілді игеруіне тікелей қатысты екенін сезініп, қазақ мектептеріне қарай жаппай бетбұрыс жасалған. Сонан соң қазақтардың өздері ұл-қыздарын қазақ мектебіне емес, орыс мектебіне оқуға беріп жатқандарын көрді де, осынау игілікті үдерістің өркендеп кетуіне жол ашылмай қалды. Біз өзіміз жасаған қателіктің зардабын шегудеміз.
Тағы да айта кетер жәйт, мемлекеттік тіл саясатын бірден-бір іске асырушы мамандар дайындау мәселесіне көп мән берген жөн. Нақтылай түссем, “қазақ тілі және қазақ әдебиеті” мамандықтарына берілетін грант санын арттырса, мемлекеттік тіл мәселесінің шешілуіне үлкен сеп болар еді. Бүгін оларға деген сұраныс қоғамдық ортада өте жоғары болып тұр. Жыл сайын осынау мамандыққа 100 және одан да көп балл жинаған талапкерлер, әсіресе, алыс ауылдардан келген жеткіншектеріміз конкурстан өте алмай, өз қалаған оку орындарына қолдары жетпей отыр. Яғни, мемлекеттік тілді оқытатын, үйрететін, насихаттайтын болашақ мамандарымызға мемлекет тарапынан қаржыны аямай бөліп, нақты қамқорлық жасасақ, Елбасы қойған талаптарды орындауға мол мүмкіндіктер ашылар еді. Мектепте 11 жыл оқып, мемлекеттік тілді меңгермеген баланың тәрбиесіне бірінші кезекте ата-ана кінәлі. Ал қазақ тілі пәнінің қаншалықты тиімді, сапалы өтетіні мұғалім үшін ғана емес, ұлт үшін де сын. Сондықтан да мұғалімдер өз беделін түсірмеуге өздері де күш салуы керек, талап етуі тиіс. Сонда ғана ілгерілейміз. Жалпы, кемшілікті ортадан, қоғамнан іздегеніміз жөн. Теледидар, радио, жарнама тағы басқа... барлығы орысша. Қазақ мектебінде оқитын баланың орысша сөйлеуге бейім тұратындығын осыдан байқауға болар. Мұның бір ұшы өзімізге де тиетін секілді. Ешкімнен ештеңе талап етпейміз, “тіліміз қайда кетер дейсің” деген ойды санадан сызып тастай алмай келеміз. Немқұрайдылық пен жайбарақаттылық тағы бар. Ілгеріректе зиялыларымыз республикалық басылымдарға сұхбаттар беріп, ұлтқа ой салатын, санасын сілкитін мақалалар жазып тұрушы еді. Қазір бұл да сиректеп кеткеніне налимын.
Қазір биліктегілердің біразы зиялы азаматтардың балалары. Тілге шорқақ. Әкелері мен аналарының не жазып жүргенін оқи алмаған ұл-қыз туралы не айтуға болады?! Осыдан соң өзіміздің де ұлттық жауапкершілікті терең сезіне алмауымызды қалай жасырып қаламыз? Патриоттық сезімді, акция мен концерттер ұйымдастыру арқылы оята алмаймыз, ұлттық рухты ояту үшін сананы ояту керек. Ол өз балаңды ана тілінде тәрбиелеуден басталуы тиіс.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын университет жанынан Абай институты құрылған еді. Қарашаңырақтың осы қадамы жемісті ме? Әлде үй ішінен үй тіге беру, университеттер жанынан балалатып институт, колледж, мектеп аша беру үрдіске еніп кетті ме?
– Шын мәнінде, Абай институтын ірі де іргелі оқу ордаларының жанынан ашпасақ, қайдан ашамыз. Себебі, Абай ұлағаты – ұлтымыздың жүретін жолы, Абай өсиеті – болашағымыз, бағыт-бағдарымыз. Абай мұрасына қаншама рет қайта оралсақ та көптік етпейді.
Тарихқа көз салсақ, сонау өткен ғасыр басында Алаш арыстарының барлығы Абайға атбасын бұрған, Абай тақырыбын бірде-біреуі айналып өтпеген. Себебі, Абай мұрасы ұлтымыздың жаны мен рухы екендігін барлығы терең түсінген. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіровтен бастап, кешегі М.Әуезовке, Қ.Сәтбаевқа, З.Қабдоловқа дейінгі қайраткерлеріміздің барлығы қолына қалам ұстаған сәттен бастап, Абай шығармаларына бір соқпай өте алмаған. Қалам қуаты жеткен жеріне дейін барлығы да Абай даналығын қазақ оқырманына ұғындыруға тырысты.
Ақиқатында осы институтты ашуды біз көптен күткен едік. Институтқа Абай есімінің берілуінің астарында үлкен мақсаттар жатқаны анық. Абай мұрасының ауқымында біз енді гуманитарлық ғылымдардың барлық саласындағы іргелі мәселелерді қамтып зерттеуге мүмкіндік алдық. Соның ішінде қазақ тарихы, археология, этнография, этнология, ұлттық философия, ұлттық психология, этнопедагогика, т.б. іргелі гуманитарлық ғылымдардың бүгінгі барлық жетістіктерін кең қамтып жинақтайтын іргелі зерттеулер жазу және соларды жарыққа шығару ойымызда бар. Яғни, университетіміздегі гуманитарлық ғылымдар саласын өркендету, жаңа белеске көтеру мақсатында осындай үлкен бір серпіліс әкелетін ғылыми-зерттеу құрылымы керек еді.
Сонымен бірге, Абайдың осыған дейін асығыс, үстірт, сапасыз аударылған туындыларын әлем тілдеріне қайта аудару, соларды қайтара ой елегінен өткізу сынды міндеттерді де алдымызға қойып отырмыз. Осыған дейінгі Абайтануға байланысты шыққан соқталы, сүйекті зерттеулерді қайта бір електен өткізіп, он томдық таңдамалыны оқырманға ұсынсақ деген ой бар. А.Байтұрсыновтан бастап, айтулы ғалымдардың елеулі еңбектерін қайтара жарыққа шығарсақ, көптік етпес еді. Мысалы, сонау жетпісінші жылдары қоғамды елең еткізген, Абайды жаңаша толғаған Тәкен Әлімқұловтың “Жұмбақ жан” атты зерттеу-эссесі бүгін таптырмайтын дүниеге айналды. Неге осындай құнды дүниелерді бүгінгі жас буынға кайтара бір ұсынбасқа. Осы орайда Абай институтының жанынан екі айда бір рет шығып тұратын ғылыми журнал да осындай олқылықтардың орнын толтыруға көп септігін тигізері анық.
Бір сөзбен айтқанда, Конфуций институты, Гете институты сынды жаһандық ғылыми-зерттеу, рухани-танымдық орталықтар сияқты Абай институты да қазақтың туын көтеріп, ұлттық руханиятымыздың бір ұстынына айналар деген сенімдемін. Біздің филология факультетінде ғана еңбек ететін 40-қа жуық ғылым докторы мен профессорлардың өзі осы институттың зерттеу жұмыстарына белсене араласуда.
– Сіз Тәкен Әлімқұлов шығармашылығын үзбей зерттеп келе жатқан әдебиеттанушы ғалымсыз. Соңғы кезде сирек суреткердің жаңа шығармалары, құпия қолжазбалары табылуда. Хабардар боларсыз?
– Тәкен Әлімқұлов қазақ прозасын әлемге танытқан шынайы суреткер еді. Шығармалары көзі тірісінде-ақ оқырман ықыласына бөленген, қаламгерлік шеберлігімен, суреткерлігімен, өзіндік стилімен, ең бастысы, тіл құнарымен көзге түскен сирек таланттарымыздың бірі. Қайталап айтсақ, Тәкен Әлімқұлов шығармалары қазақ халқының өнер көшімен бірге ілесіп, шаршамай, шашасына шаң жұқпай, уақыт озған сайын қырлана түсіп, ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын жарқырай көрінетініне күмән жоқ. Оның әңгіме, повесть, романдарындағы Абай, Махамбет, Ақан сері, Қорқыт, Ықылас, Тәттімбет. Сүгір, Сейтек, Сәкен, Әбікен Хасенов, Төлеген Момбеков сияқты, тағы да басқа өнер иелерінің образдары қазақ әдебиетіндегі қадау-қадау көркем тұлғалар ретінде қала береді. Оның басты себебі – бұл тұлғалар көркемдік биігінен табылды, заман шындығымен, уақыт тынысымен үндес, сабақтас сомдалды. Саясатқа бой алдырмады, саяси ортаға бейімделмеді.
Тұтастай айтсақ, Әлімқұловтың қаламынан қазақ әдебиетіне аз мұра қалған жоқ. Жарияланып үлгермеген, жазушы қоржынында қалып қойған құнды дүниелердің өзі бір төбе, бөлек әңгіме. Дегенмен, мәселе санда емес, сапада. Сапа болғанда көркемдік сапаны айтамыз. Осы сапасымен қаламгер шығармалары бізді қызықтырады.
Алыстан қол бұлғап, жақындағанда жалынан сипата бермейтін сирек қаламгерлік бақытқа Тәкен Әлімқұлов көзі тірісінде қол жеткізді. Көзі тірісінде-ақ қазақ оқырманының назарын өзіне аударды.
Қуанатыным – бүгінгі таңда Т.Әлімқұлов шығармашылығына жаңаша бір көзқарас қалыптасып, жаңаша бетбұрыс басталды. Мен мұны жақсы ырымға, жақсы нышанға балаймын. Талантты қаламгерлеріміздің барлығы да осындай бағаға лайықты. Мысалы, кезінде қазақ прозасын өркендетуде аянбай еңбек еткен, жарқырап көрінген Х.Есенжанов, З.Шашкин, Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, І.Есенберлин, Б.Соқпақбаевтардың шығармаларын терең зерттедік, көркемдік құндылығын шынайы көрсете алдық деп айта алмаймыз.
– Осы жоқтың орнын толтыруға жасалып жатқан нақты әрекет бар ма?
– Өкінішке қарай, біздің бүгінгі қоғамда туған әдебиетіміздің құнды мұраларын жас ұрпақтың санасына, зердесіне жеткізу ісі жеткілікті деңгейде емес. Біз университетімізде әдебиет тарихын оқытқан кезде, әсіресе, қазақ руханиятына шынайы олжа салған қалам қайраткерлеріне қайтара бір оралып, солардың қаламынан туған құнды мұраларды көбірек құнттауға зер салудамыз. Осыған байланысты туған әдебиетіміздің үш мың жылдық тарихын жаңаша толғайтын, жаңаша кезең-кезеңге бөліп оқытатын оқу бағдарламалары мен жаңа буын оқулықтарды біздің профессорлар соңғы он жылдың көлемінде қайта жазып, студенттерге ұсынды. Әсіресе, студенттер мен магистранттардың таңдауы бойынша дайындалатын жаңа элективті оқу курстарының маңызы осы орайда ерекше. Ең зәру тақырыптар мен ең талантты қаламгерлеріміздің әдеби мұрасын қамтып түсіндіретін білім бағдарламалары алдыңғы қатарға шықты. Филология факультетін бітіретін студенттеріміз бен магистранттарымыз негізінен осындай қаламгерлердің туындыларын оқып, зерттеп, білім нәрімен сусындайды. Сондықтан да соңғы жылдары біз оқытып жатқан студенттер қатарынан мерзімді баспасөзде шығармалары жарияланып жатқан талантты жастардың есімдері таныла бастады. Бір қуаныштысы, солардың бірнешеуі газет-журналдарда жарық көріп, алғашқы аяқ алысын, қалам қуатын таныта бастады. Осы дәстүр болашақта да жалғасады деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.