• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2010

Өмір мұраты

983 рет
көрсетілді

Көрнекті селекционер-ғалым, Қазақстан Рес­­публикасы Ұлттық ғылым академиясының, Ре­сей Ауыл шаруашылығы және Украина Аграр­лық ғылым академияларының академигі, «Егін­шілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институты» республикалық мемлекеттік кә­сіпорны дәнді дақылдар селекциясы, генетика бөлімінің меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Рақым Алмабекұлы Ора­залиевтің есімі тек республикамызда ғана емес, одан тысқары жерлерде де кең танымал. Ға­лым­дар қауымы мен ауыл шаруашылығы мамандары ортасында ол өзінің қыруар ғылыми жетістіктері мен ғана емес, көбіне-көп ең басты астық да­қылдарының 73 аудандастырылған жоғары өнім­ді сұрыпының авторы ретінде беделді. Рақым Оразалиев 1935 жылдың 8 желтоқ­санында Алматы облысы Қаскелең ауданының «Каменка» ауылында дүниеге келген. 1954 жы­лы Алматы қаласындағы таңдаулы 30-шы орта мектепті бітірді. Өмірдің қыры мен сырын түсіне бастаған жасөспірім жігіт халық берекесі мен дәулеті болып табылатын ел ризығы астық жолында еңбек етуді мақсат тұтып, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агрономия фа­культетіне оқуға түседі. 1960 жылы инсти­тут­ты жақсы бітіріп, еңбек жолын Тал­дықорған об­лысы Алакөл ауданының «Қызыл Ту» ұжым­ша­рында бір жылдан астам бас агроном болып бас­тады. 1961-1964 жылдары ау­дандық ең ірі Ильич атындағы тәжірибелік-көр­некі кеңшарының бас агрономы, директордың бірінші орынбасары қыз­­метін атқарды. Осында жүргенде-ақ ол ғы­лыми тәжірибемен айна­лы­сып, білімін молай­туға талпынды. 1964-1966 жылдары Қаскелең ауданының Ораз Жандосов атындағы кеңшарында бас агроном болып жұмыс істеп жүргенде астық да­қыл­дарының сұрыптық технологиясын жетілдірумен шұғылданды. Өндірісте ұштаған тәжіри­бе­сін теориямен байланыстыруға ұмтылдырған талап оны ғылым жолына жетеледі. Ғалымдардың ішінен ол өсімдіктердің жаңа түрлерін шығарып, табиғатты өзгертуге мүмкіндік туғызатын селекция ғылымын сөйтіп таңдады. Осы мақсатпен өмірлік мұрат ұстанып, тә­жірибе жинақталған жас ғалым Украинаның Одес­са қаласындағы Бүкілодақтық селекция­лық-генетикалық институттың аспирантурасына түсті. Бұл институт кезінде Кеңес Одағы мен Эко­но­микалық Өзара Көмек кеңесі елдерінің өсімдіктер генетикасы мен селекциясы, әсіресе астық да­қылдары селекциясы бойынша ең ірі және беделді ғылыми-теориялық орталығы еді. Бұл институтта есімдері әлемге белгілі көрнекті селекционерлер, өсімдіктердің классикалық се­лек­циясының негізін қалаушылар қатары қалың еді. Институттағы белгілі селекционер, Социа­листік Еңбек Ері, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, академик Ф.Кириченко аспирант Р. Оразалиевтің зерттеу жұмыстарына жетекшілік етті. Ол тәжірибе нәти­желерін теориямен негіздеуде қабілеттілік таныт­ты. 1970 жылы кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты. Қорғалған ғылыми жұмыс сол жылы КСРО-дағы селекция саласының ең үздік жұмысы деп танылды. Аталмыш институт бас­шы­лығы ізденімпаз жас ғалымға осы ғылыми орталықта жұмыс істеуге бірнеше рет ұсыныс жасаса да «күш-жігер, білімімді Қа­зақ­стан ғылы­мының дамуына пайдалансам» деген шешімін өзгертпеді. Қазақ КСР Ауыл шаруа­шылығы министрлігі жанындағы Ғылым басқар­масының бас­тығы, академик Ш.Шолтыровтың ұсынысымен ол Шығыс селекциялық орталығы негізделіп жатқан Қазақ егіншілік ғылыми-зерт­теу инсти­ту­тына қыз­метке жіберілді. Ғалымның 1970 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі ғылымдағы еңбек жолы еліміздегі ауыл шаруашылығы ғы­лымының осы ірі орта­лығымен тығыз байланыс­ты. Рақым Алма­бекұлы институт қабырғасында ірі ғалым-селек­ционер, азамат және қоғам қай­рат­кері болып қалыптасты. Көп жылдар бойы (1970-2010 ж.ж.) институттағы ең ірі бөлімнің бірі – бидай селек­циясы бөлімін бас­қарды, Шығыс селекциялық орта­лығы жетек­шісінің орынба­са­ры (1974-1978 ж.ж.), (1978-1983 ж.ж.) институт ди­ректорының ғылым жө­­ніндегі орын­басары және ор­талық­тың басшысы болып қызмет істеді. Р.Оразалиевтің келуімен жұ­мысы жанданған Шы­ғыс селек­ция­лық ор­талығында қо­мақты се­лек­циялық-генетикалық зерт­­теулер қар­қындап жүргізіле бастады. Ға­лымның атсалысуымен респуб­ли­камыздың түр­­лі климаттық-топырақ­тық ай­мақ­та­рын қамтитын он шақты эко­ло­гия­лық пункттер жүйесі аш­ыл­ды. Бұл аталған жерлерде көптеген будандық популяциялар мен линиялар сынақ­тан өткізіліп, жергілікті және әлемдік ғылыми қауым үшін қажетке жарады. 1975-2000 жылдарға дейін көпжылдық ге­не­тика-селекциялық «ОПАКС» бағдарламасы жа­зылып, іс жүзінде Қазақстандағы дәнді да­қыл­дар селекциясымен шұғылданатын мекемелерде іске асты. Соның арқасында әр түрлі климаттық аймақтарда сұрыптар шыға бастады. Осы бағдарламаның авторы әрі жетекшісі де профессор Р.Оразалиев болды. Табиғи дарындылығы мен табанды еңбегі ар­қасында Рақым Алмабекұлы еліміздегі өсім­діктер селекциясы саласының ең ірі маманына айналды. Жоғары білімдарлығы, жан-жақты біліктілігі зерттеушілік талантымен ұштасуы оның бас-аяғы 45 жыл ішінде қолданбалы және тео­риялық генетика мен селекцияның көптеген маңызды мәселелерін шешуіне жағдай туғызды. Осы жылдар ішінде негізі қаланып дамыған ғылымдағы Р.Оразалиев мектебінің орны өзге­ше. Академик Рақым Оразалиевтің жетекшілік етуімен 61 ізденуші кандидаттық, докторлық еңбектерін қорғап, жоғары ғылыми дәрежелерін алды. Оның шәкірттерінің көпшілігі, ғылым кандидаттары, ғылым докторлары, академияның корреспондент-мүшелері, профессорлары. Атап айтқанда, белгілі профессорлар О.Кершанская, О.Шегебаев, И.Нұрпейісов, Б.Набиуллин, В.Ма­каров, А.Искаков, А.Сейітқожаев, А.Кохме­то­ва, Б.Надиров, А.Тұдықұлов, К.Булатова, К.Кона­пья­нов, Н.Пак, М.Жүнісова, В.Новохатин, Ж.Оспанбаев, К.Баймағамбетова, К.Қожахметов, К.Абдуллаев, М.Құдайбергенов, Ж.Қожабаев, М. Есім­бекова, С.Нұрбеков және басқалар. Р.Оразалиевтің ерекше қабілет-қажыр­лылы­ғы­мен бидай сұрыптарының белгілі бір аймақ­тарға ғана бағытталып шығарылатын агро­эко­типтерінің көрсеткіштері (критерийі) жасалды. Қазіргі кезде осындай нәтижелерге негізделген селекциялық жұмыстар еліміздің әр аймақ­та­рын­да жүргізіледі. Ғалымның көп жылғы еңбек­тері жемісін беріп, 1966-2010 жылдар аралы­ғында ол әріптестерімен, шәкірттерімен бірлесіп жалпы астық дақылдары бойынша 170-ке жуық сұрып пен қалыптасқан үлгілер шығарды, оның 70-тен астамы мемлекеттік тізілімге енгізіліп, әр түрлі аймақтарда аудандастырылды. Өмірінің көп жылын селекцияға сарп етіп 1-2 сұрып шы­ғар­ғанына да шүкіршілік ететін селекционерлермен салыстырғанда Р.Оразалиев еңбегінің аса жемістілігі тайға таңба басқандай көрінеді. Күздік бидайдың – Прогресс, Алма-Атинская полукарликовая, Богарная-56, Комсомольская-1, ОПАКС-1, Қарлығаш, Жетісу, Южная-12, Стек­ло­видная-24, Эритроспермум-350, Пиро­трикс-50, Наз, Сапалы, Юбилейная-60, тритикале – Таза, Алия, Нуреке, Қарасай, Майра, Дербес, Раусин, Жадыра, Егемен, Рамин, Алмалы, Арап және Алмалы; жаздық бидайдың – Казахстанская-10, Казахстанская-15, Казахстанская-17, Казах­стан­ская-19, Казахстанская-25, Лютесценс-32, Лю­тес­ценс-73, Лютесценс-90, СКЭНТ-2, СКЭНТ-3, Ильинская, Надежда, Алем, Жеңіс, Арай, Актю­бинская-39, Алмакен, Степная-50; қатты би­дай­дың – Алуа, Наурыз-2, Наурыз-6, Гордей­фор­ме-254, Ка­зах­­станский янтарь; сұлының – Ка­зах­станская-70, Ар­ғымақ, Тю­мень­ская голозерная; күз­дік арпаның – Бе­реке-54; кү­ріштің – Пак Ли, Оп­ытное, Заря, Суаг; сояның – Вита; бұршақтың – Шал; чечевицаның – Алибар; нұқаттың – Камила, соф­лордың – Центр-70; емдік шөп­тердің – Ма­рель, Райгаубек, Шұ­бартал, т.б. сұ­рыптары Қазақстан және ТМД елдерінде кең көлемді қамтып, 4,0 млн. га жерге себіліп отыр. Ауыл шаруашылығы ма­мандарының бұл сұрыптарға деген сұранысы үлкен. Рақым Оразалиев ғылыми ең­бек­теріндегі сорт, линия, агроэ­ко­тип ұғымдарына берген анықтамалары ғалым­дардан қолдау тауып, биологиялық термино­ло­гияға енгені қомақты үлес деп бағаланды. Елі­мізде алғашқы болып ол генотип пен қоршаған ортаның өзара әсерлесуі мәселелерін зерттеп, осы құбылысқа анықтама берді, сондай-ақ трансгрессия заңдылық­та­ры­ның алгоритмін жасады. Р. Оразалиев жасаған будандық бидай моделінің өзіндік ерекшеліктері бар, ол бидайдың егжей-тегжейлі зерттелінген сандық белгілерін өнім­ділік, қысқа төзімділік, құрғақшылық пен ыс­тыққа төзімділік, веге­та­циялық мерзім ұзақтығы сияқты белгі көрсет­кіштерді құрайды. Қысқа сабақтылықтың Rht-rht (1-13 гендері), Ne-ne - некроз гендері, Wrn–wrn вегетациялық мерзім гендерінің тұқым қуала­ғыштығы зерттелді. Ге­не­тикалық-биохимиялық көрсеткіштер бойынша әріптестерімен бірігіп жүргізілген пионерлік жұмыстар таңбаланған белоктарды (глиадин, глютенин) вертикальды диск электрофорездеу әдісімен жүргізілді. Қа­зіргі кезде осы әдіспен қазақстандық сұрыптық, коллекциялық, селек­ция­лық материал анықта­лып, генетикалық фор­муласы шығарылып тізбеге тіркелген соң Ұлт­тық генофондқа тапсырылып отыр. Сонымен қа­тар бидайды бидайықпен, қара бидаймен алшақ будандастыру жұмыстары да жолға қойылып, соның нәтежесінде трити­каленің жоғары өнімді, аязға төзімді Таза және Балауса сорты алынды. 1990-1992 жылдары Р.Оразалиев білікті маман ретінде қайта құрылған Қазақ ауыл шаруа­шылығы, селекция мен егіншілік, орман, су шаруашылығы, агроэкология мәселелерімен академик хатшы ретінде айналысты, 1992-1995 жылдары вице-президент қызметін атқарды. Р.Оразалиевтің ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегінің бағалануының ерекше белгісі 1992 жылы Қазақ Ауыл шаруашылығы ғылым ака­демиясының және Украина Аграрлық ғылым академиясының академигі, ал 1998 жылы Ресей Ауыл шаруашылығы ғылымдары академия­сы­ның шетелдік мүшесі болып сайланды. Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының вице-президенті қызметінде Р.Оразалиев Қазақ­станның агроөнекәсіп кешенінің 1995-2000 жыл­дары дамуының концептуалды бағдарламасын жасауға белсене қатысумен бірге еліміздің 8 облысында жаңа ғылыми орталықтар ұйым­дас­тырды. Осылайша Қазақ АШҒА жүйесінде Агроөнеркәсіп кешенін ғылыми тұрғыдан бас­қару үшін облыстарда ғылыми-өндірістік орта­лықтар ашылды. Ғалым Р.Оразалиев білімі мен тәжірибесін селекция мен генетиканы дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар агроэкология және дәрілік шикізат тәрізді жаңа маңызды бағыттағы жұмыстардың жолға қойылуына да пайдаланады. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының күйзеліс жағдайын жете білгендіктен академик Р.Ора­залиев Қазақ АШҒА академиясындағы жоғары лауазымды қызметтен бас тартып, дамып-өр­кен­деуіне көп уақыт бойы өзі атсалысқан Қазақ егін­шілік ғылыми-зерттеу институтын 1995-2003 жылдары басқарды. Ғалымның жетекшілігімен жүргізілетін ауыл шаруашылығы және академиялық зерттеулер те­реңділігімен және көлемділігімен қашанда ерекшеленетін. Рақым Алмабекұлының негізгі ғылы­ми еңбектері классикалық селекцияға қомақты үлес болған теориялық және әдістемелік мәсе­лелердің кең көлемін қамтиды. Ол өз шәкірт­терімен бірігіп жасаған селекциялық үрдістің негізгі кезең­дерінің моделі боп табылатын бағдар­ламасы мен алгоритмдер тек Қазақ­стан­ның ғана емес, Орта Азияның, Украинаның, Ресейдің, Моң­ғолияның, Молдавия­ның селекционерлері мен био­логтары үшін де көмекші құрал болып табылады. Рақым Оразалиев өсімдіктердің гендік қорын жасау туралы ұлттық бағдарламаны негіздеп, әлемдік флораның табиғи алуан түрлілігін ан­ық­тау, Ұлттық гендік қор құру туралы мәселені жан-жақты көтерді. Р.Оразалиев мектебі астық тұқымдастардың ауқымды коллекциясын жинақ­тап, жүйеледі, сонымен қатар түрлі елдер ара­сында ұрықтық плазма материалымен алыс-беріс жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың алдында осы мәселені егжей-тегжейімен дәлелдеп беріп Ұлттық гендік қор қоймасын салуға рұқсат алды. Үлкен біліктілігі мен еңбекқорлығы арқасын­да ғалым селекция, генетика, физиология, иммунитет, өсімдік шаруашылығы, биотехнология, гендік инженерия, биометрия, сондай-ақ агроэ­кология саласында жүргізілген жан-жақты зерттеулері бойынша 700-ден астам ғылыми еңбегін жариялады, оның 15-і монография және жинақ­тар, 24-і әдістемелік ұсыныс, 73-і аудандас­тырылған сұрыптар. Р.Оразалиев ғылыми-ұйымдастырушылық жұ­­мыс­тардың нағыз ұйытқысы. Оның жетекшілік етуімен селекция, өсімдік шаруашылығы, өсімдік қорларының генофонды, агроэкология мен дәрілік шикізаттар бойынша 15 рет халықаралық конференция, симпозиум мен кеңес өткізілді. Профессор Р.Оразалиев Қазақстан дән тех­нологиясы мен ғылыми комитетінің, Генетиктер мен селекционерлер қоғамының, Агроэкология мен қоршаған ортаны қорғау туралы үйлестіру кеңесінің төрағасы, Ұлттық ғылым академиясы төралқасының мүшесі, «Асыл тұқым» респуб­ликалық тұқым шаруашылығы ассоциациясы пре­зиденті, биоресурстар жөніндегі халық­ара­лық кеңес мүшесі, ҚР Білім және Ғылым министрлігі ғылым қоры ауыл шаруашылығы ғылым­дары секциясының төрағасы, ҚР ҰААЗО бюро мүшесі, «Агромеридиан», «Вестник сельскохозяйственной науки Казахстана» және «Жаршы» журналдар редакциялық алқасының мүшесі, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Панфилов, Ала­көл, Қордай, Меркі және Т. Рысқұлов, Жуалы аудандарының құр­метті азаматы. Республика Үкі­метінің нұсқауы­мен Рақым Алмабекұлының жетекшілік етуімен «Селекция жетістіктері тура­лы» Заң негізделді. Ірі маман ретінде ол агро­өнерқәсіп кешені салаларын дамыту мәселелері туралы Үкімет қаулыларын дайындауға белсене қатысты. Ғылымдағы жетістіктері үшін ғалым Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет» ордендерімен, Н.Ә. Назарбаевтың, Н.И. Вавиловтың ескерткіш медалімен, сондай-ақ көптеген халықаралық сый­лық­тардың иегері, ҚСРО-ның үздік ізденушісі, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальдарымен, сандаған елдердің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қазір академик Рақым Оразалиев рес­публи­камыздағы басты егіншілік институтының дәнді дақылдар бөлімін басқаруда, шә­кірт­терімен бірге биіктен биікке жетіп, бар бай­лық­тың басы –бидайдың жаңа сұрыптарын екшеу жұмыстарын жалғастыруда және елімізге қажет­ті білімді де білікті мамандар дайындауда. Серік КЕНЕНБАЕВ, «ҚазАгроИнновация» АҚ президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Қилыбай Медеубеков, ҰҒА академигі.