Елбасы идеясы өзiнiң өмiршеңдiгiн көрсеттi
Көне дәуір естеліктері заманында сан қилы атауға ие болған қазіргі Арал теңізіне ежелден-ақ Сыр мен Әму еміне ағып жататынын айтады. Сайын даланы көктей өтетін егіз бұрымдай қос өзен осылайша сан ғасырлар бойы Аралдың айдынын толтырыпты. Кейінірек сан түрлі себептермен Әму басқа арнаға бұрылды. Сырдың да арыны тежеліп, Аралдың кемері кейін шегіне бастады. Аз жылда теңіз жағалауы жүздеген шақырымға жырақтап кетті. Атакәсіптен үміт үзген аудан тұрғындары жан-жаққа үдере көше бастады. Бұл Қазақ елі тәуелсіздік алған 90-жылдардың басындағы жағдай еді.
Көршілес қырғыз ағайындар осы аралықта «Тоқтағұл» су қоймасын ирригациялық жүйеден энергетикалық мақсатқа бейімдей қойды. Бішкектің бұл әрекеті халықаралық заңдылықтарға қайшы болғанмен, кезіндегі ортақ айдынға жеке иелік етіп қалған көрші талабымен келіспеске амал кем еді. «Кісідегінің кілті аспанда» деген, жаз айында «Тоқтағұлдың» әр тамшысын алтынға балап зорға босататын айыр қалпақты бауырлар қыс түсе артық суды Шардараға аудара салуды жиілетті.
Өз жеріне Арнасай бөгетін салып алған Өзбекстан да біздің басымыздағы қиындықты пайдаларына жарата білді. Дарияның төменгі сағасындағы халықтың тағдыры таразыға түскен сын сәтте ауадан да ақша жасап үйренген көршілердің қиын талаптарына көнуге тура келді. Шардараның шарасына сыймаған артық судың есебінен аз жылда көрші елге жалпы көлемі 38 млрд. текше метр болатын кішігірім теңізді қолдан жасап бердік. Түбі қайырланып, арнасы тарыла бастаған дария жағалауындағы жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бұдан басқа жолы жоқ еді. Солай бола тұрса да Қазақстан тарапының ұсынысымен құрылған Орталық Азия елдерінің су-энергетикалық консорциумы талаптары толық сақталмағандықтан, Қызылорда облысындағы елді мекендер мен егіндік алқаптарға төнетін қауіп жыл сайын ұлғая берді.
Ең алдымен Қызылорда қаласының іргесіндегі саяжай алқаптары мұз үстінен жүгірген қызыл судың астында қалды. Келер жылы Шиелі кентінің шет аймағын қоныстанған тұрғындар қараңғы түнде қауіпсіз аймаққа көшірілді. Іле-шала Сырдария ауданы дабыл қақты. Аудан орталығы Тереңөзек кентінің тұсындағы ұстасқан мұз қабаты қызыл судан минөт сайын қалыңдап, 10 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекеннің төбесінен төніп тұрды. Екі мыңыншы жылдардың ортасына қарай қауіпті аймақтар қатарына Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы мыңдаған тұрғыны бар ауылдар қосылды. Дарияның Қызылорда қаласын жанай ағатын 16 шақырымдық бөлігіндегі бөгеттің әр тұсы жылма-жыл сыр беріп, жағалауды бекемдеу жұмыстарына мекемелер қызметкерлері мен оқу орындарының студенттері тартылды. Бір сөзбен айтқанда, аймақ халқының қатарынан 4-5 жыл бойы қыстың көктемге ұласар мезгілін төтенше жағдайға дайындық қарбаласымен қарсы алуы көз үйрене бастаған көрініске айналып еді.
Әрине, сірескен мұздың көбесі сөгіле Қызылордаға шоғырланатын төтенше жағдай саласы мамандарының арқасында адам шығыны болған жоқ. Зардап шеккендердің материалдық шығыны облыстық, республикалық бюджеттерден бөлінген қаржылар есебінен өтелді. 2007 жылдың ақпанында облыс орталығына тиіп тұрған Сабалақ учаскесін су басып, оның тұрғындары үшін республика қазынасынан 1 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ бұлай жалғаса беруі мүмкін емес еді.
Кеңес Одағының керегесі қисаймай тұрған кездің өзінде әлденеше мәрте көтеріліп, 9 рет арнайы қаулы қабылданған нысан тәуелсіз Қазақстанның су-энергетикалық дербестігі үшін аса қажет еді. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Көксарайдың жобасы қолға алынды. Иә. Көршілеріміздің Сыр бойы халқының тағдырын саудалауынан құтылудың жалғыз жолы Көксарай су реттегішінің құрылысын салуды бастау болатын. Тек Қазақстанның су-энергетикалық тәуелсіздігін көздеген нысан жобасы бұрынғы кеңестік нұсқадан бөлек жасалды.
Жасыратын несі бар, алғашында Көксарайдың айналасында екіұдай пiкiр өрбіді. Стратегиялық нысанның қатар жатқан екі аймақ – Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарына тигiзер пайдасы мен тарттырар залалы жайлы талас ұзаққа созылды. Айналып келгенде барлық талас-тартыстан елдiк мәселе үстем шығып, 2008 жылдан бастап Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Арыс ауданының аумағынан су реттегiш құрылысы салына бастады.
Жалпы аумағы 46 мың гектарды алып жатқан нысанның алғашқы қадасы қағылған сәтте Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов су мамандары мен аймақ ақсақалдарын бастап барды. Осы сапар еліміздегі индустриялық жобалардың алғашқысы саналатын Көксарайдың Сыр өңіріне қажеттілігі жөнінде толымды әңгіме айтылды. Көп ұзамай ғасыр құрылысы атанған Көксарай басында құмбыл қимылдап жатқан құрылысшылар қатарын 1000-ға жуық қызылордалық толтырды. Осылайша стратегиялық нысан төңірегінде қисынсыз қауіп пен дәйексіз долбар айтқандардың аптығы басылып, жоқ жерден саясат іздегендердің екпіні саябыр тапты.
Елбасы идеясы өзінің өміршеңдігін көп ұзамай көрсетті. Үстіміздегі жылдың 18 наурызы күні Қазақстанның көршілеріміз алдындағы су-энергетикалық тәуелділіктен арылуының алғашқы қадамы жасалды. Қазақстан халқы Ұлыстың ұлы күнін қарсы алудың әзірлігін жасап жатқан осы күні стратегиялық нысанның бірінші кезеңінің тұсауы кесілді.
Осы күні Көксарайға көршілес Өзбекстан еліне жасаған сапарынан оралған Елбасы ұшағы қонып, Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық нысанды ресми түрде іске қосты. Мол судың гүрілі мен көңіл толқытар сәтке куә болған халықтың қуанышты үні қатар естілді. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы су реттегіштің ең алдымен Қызылорда облысы тұрғындарының қауіпсіздігі үшін салынғандығын, қыста мол суды жиып алып, жазда деңгейі төмендеп кететін дария арнасын толтыратын нысанның негізгі жұмысы Кіші Арал теңізінің ауқымын ұлғайтуға арналатынын баса айтты.
Бар тіршілігін дария арнасымен байланыстырған өңір халқы осы жылы-ақ Көксарайдың кереметіне көз жеткізді. Ең әуелі айдынына қыс мезгілінде дария арнасына жөңкілер 1 млрд. текше метр суды іркіп қалған Көксарай қызылордалықтарға төнген анық қауіпті сейілтті. Әйтпесе көктемгі мол су мен жиі жауған жауын-шашын ылғалы арнасы тарылған өзен жағалауындағы жұртқа біраз әбігер салары сөзсіз еді. Екіншіден, жылда дария деңгейін бір барлап алып, егін салатын диқан қауымы биыл құлашты кеңге салды. Стратегиялық нысанға жиналған көлем есебінен жазда дария арнасына тасталған су деңгейі 1 мың текше метрге жетіп, аймақтағы негізгі өнім – Сыр салысы былтырғыдан 7 мың гектарға артық егілді. Жалпы өнім себілген алқапты 72 мың гектарға жеткізіп, егіншілер қара күзде әр гектардан 48,6 центнерден өнім жинап, соңғы 25 жылда болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Биыл қамбаға 376 мың тонна күріш құйған Сыр диқандары осы мол табыстың төркінін Көксараймен тығыз байланыстырады.
Ботабай, Нәнсай, Көксу сынды үлкен су арналары арқылы биыл облыстағы жайылымдық аймақтарға 111,6, ал Ақлақ су тоспасына дейінгі көлдерге 460 млн. текше метр су жіберілді. Осыған байланысты қазір облыста балық өсіруге жарамды 140 көлде балық шаруашылығын дамытудың қадамдары жасалып жатыр. Мамандар осыған дейін қолға алынған бағдарламаны жүзеге асыруға Көксарайдың көп көмегі тиетінін айтуда.
Соңғы жылдары ғана питомниктерде 95 мың бекіре мен 27 мың қаяз шабағы өсіріліп, Кіші Арал мен Қамыстыбас көлдер жүйесіне жіберілді. Бір кездері тартылып кеткен көлдердің қайта толтырылуы балықтың құрып кеткен 13 түрін қайта көбейтуге жағдай жасап отыр. Аймақтың табиғат қорғаушылары қазірдің өзінде қаяз бен Арал пілмайы секілді бағалы балық түрлерін өсірудің мүмкіндіктері туралы айта бастады.
Жаңа ғасыр басында қолға алынған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасына байланысты Қараөзек бөгеті, Ақлақ, Әйтек су тораптары салынды. Аңқасы кепкен Аралдың қазақстандық бөлігі суға толтырыла бастады. Мол су ұлы теңізге ауып кетпес үшін Көкарал бөгеті тұрғызылды. Кіші Арал идеясы осылай пайда болды. Қазір ондағы су көлемі 27 млрд. текше метрге жетті. Шегінген теңізбен бірге ғайып болған 70-ке жуық көлдің жартысы қайта толды. Байырғы қоныста тіршілік жанданды, атакәсіптен қол үзіп қалған 2 мыңнан астам балықшы теңіз төсіне қайта шықты.
Бұрын экологиялық апаттың кіндігі саналған өңірге жасаған сапарларының бірінде тұрғындармен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мен Арал халқына көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын», деп толқи айтқан жүрекжарды сөзі күллі әлемге тарап кетті.
Қалыпқа келе бастаған өңір микроклиматы аймақ тұрғындары арасындағы аурушаңдық деңгейін көп төмендетті. Биыл облыс дәрігерлері бұрын көрсеткіші орташа республикалық деңгейден жоғарылап кететін туберкулез ауруының 21,8 пайызға азайғанын жария етті. Қатерлі ісік пен қан тамырлары ауруларына шалдығушылар қатары төмендеп келеді. Мамандардың бізді қуантқан тағы бір дерегі – облыста демографиялық өсім бар, орташа өмір сүру ұзақтығы ұзарып келеді. Осы жаңалықтың барлығы Мемлекет басшысының бастамасымен дер кезінде қолға алынған «САРАТС» жобасының жемісі. Биыл пайдалануға берілген Көксарайдың тиімділігіне көз жеткізген сырбойылықтар стратегиялық нысанды «САРАТС»-тың заңды жалғасы деп біледі.
Көксарайдың басты кереметі – биыл Кіші Аралға құйған дария суы 8,2 млрд. текше метрге жетті. Сонау бір жылдары Аралдан 150 шақырымға шегініп кеткен теңіздің қала іргесіне жетуіне 18 шақырым қалды. Мамандар дерегінше жыл сайын теңіз айдынын орта есеппен 2 млрд. текшеметр су толтырып тұрмақ.
Жағалауынан су қашып, ағайын абдырап қалған жылдары «Аралдың табанынан су кеткенмен, жұртының жүрегінен жыр кеткен жоқ» дейтін еңсе көтерер ел сөзі айтылып еді. Мемлекет басшысы күллі сырбойылықтардың осы үмітін «САРАТС» пен Көксарай арқылы сенімге жалғастырды.
Өзіміз түгіл өзгенің де өзегін талдырмаған Арал шалқары қайта оралып келеді. Теңіздегі тіршілік хабаршысы – шағала шаңқылы тым жақыннан естіледі…
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, журналист.
ҚЫЗЫЛОРДА.