Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия ойындарына Қызылжар өңірінен қатысқан спортшылардың үшеуі жүлделі оралды. Владислав Поляков брасс әдісімен 100 метр қашықтыққа жүзуде күміс, эстафетада /4х100/ қола медальді олжалады. Евгений Эктов ұзындыққа үш мәрте секіруде екінші орыннан көрінді. Ал, Маргарита Мацко эстафетада /4х100/ күміс медальді иеленсе, 800 метр қашықтыққа жүгіруде алдына жан салмады.
Азиададан оралған жерлестерімізді облыс әкімі Серік Біләлов еліміздің абыройы мен даңқын асырып жүрген бір топ спортшылар мен жаттықтырушыларды қабылдап, құрмет көрсетті. Маргарита мен Евгенийге екі бөлмелі пәтердің сертификаты салтанатты түрде табыс етілді. Спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушысы, грек-рим күресінен спорт шебері, Сингапурде өткен жасөспірімдердің тұңғыш Олимпия ойындарының қола жүлдегері Ақан Баймағанбетов секілді дарынды тәрбиелеп шығарғаны үшін оның бапкері Қонысбек Түкенов те үш бөлмелі пәтерде қоныс тойын тойлайтын болды. Облыс әкімінің арнайы сыйақысы «Есіл» волейбол клубының ойыншыларына, балуандар Роман Мелешинге, Ақан Баймағанбетовке, велошабандоз Наталья Стефанскаяға, бишілер Кристина Григорьян мен Артур Сабитовке берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.