ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҚ ТАБЫС ЕТІЛДІ
8 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов және осы палата депутаттарының қатысуымен өткен салтанатты шарада Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Сергей Миронов Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткерлері Еркеғали Рахмадиев пен Жабайхан Әбділдинге ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Древо жизни» (Өмір ағашы) халықаралық сыйлығын табыс етті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Аталған халықаралық сыйлық сазгер, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, бірқатар халықаралық және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Еркеғали Рахмадиевке ұзақ жылғы шығармашылық қызметі үшін және академик, философия ғылымдарының докторы, профессор, Парламент Сенатының үш шақырылымының депутаты Жабайхан Әбділдинге саяси белсенділігі мен заң шығару қызметіндегі еңбегі үшін берілді.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Сергей Миронов сөз сөйлеп, қонақжай Қазақстан жерінде осындай құрметті миссияны атқарып тұрғанына қуанышты екенін айта келіп, Еркеғали Рахмадиев пен Жабайхан Әбділдинді халықаралық сыйлықты алуымен құттықтады. «Древо жизни» халықаралық сыйлығының өнер, ғылым, мәдениет, саясат және спорт саласын дамытуға айрықша үлес қосқан, құрметті жасқа жетсе де, қоғамдық және саяси өмірге атсалысып, белсенді еңбек етіп жүрген азаматтарға берілетінін жеткізді.
Халықаралық марапатқа ие болған Еркеғали Рахмадиев пен Жабайхан Әбділдин ризашылығын білдірді. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен мәдени байланысты дамытудағы қызметтерін жоғары бағалады.
* * *
ӘРКІМ ЗАҢ КӨМЕГІН АЛУҒА ҚҰҚЫҚТЫ
Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Қазақстан адвокаттарының одағымен, Сорос-Қазақстан қорымен, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығымен және Құқықтық саясатты зерттеу орталығымен бірлесіп «Білікті заң көмегіне құқық және адвокатураның тәуелсіздігі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Отырысты аталған комитет хатшысы, Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова ашып, Қазақстан Республикасы адвокаттар одағының төрағасы Әнуар Түгел, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының адам құқықтары бойынша кеңесшісі Штефан Бухмайер, Сорос-Қазақстан қорының «Құқықтық реформа» бағдарламасының директоры Аида Айдарқұлова сөз сөйледі.
«Кейінгі заңшығарушылық бастамаларда адвокатураның тәуелсіздігін қамтамасыз ету жолдары» деген тақырыптағы бірінші сессияда адвокатура мәселелері бойынша кейбір заң шығарушылық актілерге түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы авторларының бірі, Әділет министрлігінің құқықтық көмек көрсету және тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары Жанат Еліманов баяндама жасады. Канаданың Саскачеван университетінің профессоры Памела Джордан Қазақстандағы құқықтық мамандықтар реформаларының халықаралық стандарттары мен негізгі жолдары жайында сөз сөйледі.
Қазақстан Конституциясы 13-бабының 3-тармағында: «Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі» деп жазылған. Дөңгелек үстелде осы ізгілікті ережені іске асыру тәртібі мен тәсілдері туралы айтылып, республикалық бюджеттің есебінен көрсетілетін білікті заңгерлік көмек жүйесін жетілдіру проблемасы талқыланды. 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында ең бірінші кезекте табыс деңгейі төмен адамдарға құқықтық көмек көрсету жүйесін жақсарту қажет екені көзделеді. Ал, кейбір азаматтар құқықтық мәдениетінің төмендігінен қажет болған жағдайда адвокатты қалай табу керектігін де білмейді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар адвокатура мәселелері бойынша кейбір заңшығарушылық актілерге түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын, адвокаттық қызметке баратындарға лицензиялар беру жолдары мен адвокат болу үшін сынақ мерзімінен өту, адвокаттық қызмет жолға қойылмаған ауылдық жерлердің тұрғындарына көмек көрсету жайын талқылады. Оның жұмысына Жоғарғы Соттың судьялары, Бас Прокуратура мен мемлекеттік ұйым өкілдері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.
* * *
ОРАЛДА ОҢДЫ ІСТЕР БАР
Көрген, көңілімізге түйген жәйттер хақында бірер сөз
Жуырда ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев бастаған депутаттар Батыс Қазақстан облысында болып келдік. Біздің сапарымыз Астанада Саммит өтіп жатқан тұста болды.
Батыс Қазақстан облысының аудандары мен Орал қаласындағы өнеркәсіп орындарында кездесулер өткізгенімізде, тұрғындармен жүздескенімізде, барлығы да Астана Саммиті туралы жүрекжарды пікірлерін білдірді. Қазақстанның әлем алдындағы рөлін ерекше сезініп отырғандарын жеткізді. Астана Декларациясының қабылдануы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі беделінің өте жоғары екенін байқатып отыр.
Ал енді сапарда көрген, көңілімізге түйген жәйттерге тоқтала кетейін.
Батыс Қазақстан – еліміздің ауыл шаруашылығы дамыған және өнеркәсібі жолға қойылған өңірлерінің бірі. Ресей Федерациясының бес облысымен, атап айтқанда, Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен шектеседі. Облыстың сыртқы сауда айналымында Ресей Федерациясы негізгі әріптес болып табылады. Көрші елдің шекаралас аудандарымен де тығыз байланыс орнатылған.
Биылғы қаңтар-тамыз айының нәтижесіне сүйенсек, облыс өнеркәсібі 793,1 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Республикалық және аймақтық индустрияландыру картасы аясында инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Облыста соңғы жылдары әлеуметтік проблемаларды нақты шешуге бағытталған көптеген жұмыстар атқарылды. Олардың ішінде, ең алдымен, таза су, газ жүйесі, жол мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Газ жүйесін дамыту бағдарламасына сәйкес соңғы үш жылда 902 шақырым газ құбыры тартылған.
Маусым айының 12-13-інде облысқа жұмыс сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Облыс келер жылы да Қазақстанның Индустрияландыру картасына енгізілген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа өндірістер ашу, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатын ұстанып отыр.
Облыс орталығы – Орал экологиялық таза қалалардың бірі. Ондағы «Зенит» және Батыс Қазақстан металлургия зауыттарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Төтенше жағдайлар министрлігі және шекаралық қызметтің тапсырыстары бойынша жаңадан жасалып жатқан кемелерді көрдік. Зауытта жасалған катерлер мен кемелердің бәрі де Каспий теңізінде күзетте жүр. Тұрмысқа қажетті катерлер мен кемелерді жасап, ешқандай қысылмай шетелге де шығаруға болады.
Бұрын бір әріптесім «Зауыт жұмысшылары ереуілге шығайын деп жатыр» деп депутаттық сауал жасайтын еді. Қазір оның бірі де жоқ. Жер қойнауын пайдаланушы шетелдік және отандық компаниялардың өзіміздің зауыттарға тапсырыс беру көлемін де арттыруға баса мән бергеніміз жөн. Өйткені, жергілікті кәсіпорындардың жер қойнауын пайдаланушыларға қажетті өнім түрлерін шығара алатындай тәжірибелері мен мүмкіндіктері бар екенін көзбен көрдік.
Дегенмен, облыста шешімін күтіп тұрған проблемалар да бар. Облыс әкімі бізге елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге баса назар аударылып отырғанын айтты. Қазір облыстың 82 пайызы газбен қамтылған. 2011 жылы Бөкей ордасы ауданының Бисен, Жәнібек ауданының Ақоба, Теректі ауданының Сарыөмір және Жайық өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерге газ құбырлары тартылады. Оған барлығы 2 млрд. 792 млн. теңге қаржы қажет. Жобалық-сметалық құжаттары дайын, сараптамадан өткізілген. Осыған республикалық бюджеттен қаржы бөлуді сұрайды.
Келесі мәселе – автокөлік жолы. «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» автомобиль жолына (76-113 шақырымы) күрделі жөндеуді аяқтау үшін 2 млрд. 030 млн. теңге қажет, Деркөл ауылынан Орал-Тасқала-Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолды жөндеу жоспарланып отыр екен. Жобаның кұны – 1 млрд. 82 млн. теңге. «Алғай – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу» жолын (71-73-ші шақырымы) Қараөзен ауылына кірме жолымен жөндеу үшін 986 млн. теңге қажет. Барлығы – 4 млрд. 098 млн. теңге. Тиісті қаражаттың республикалық бюджеттен бөлінуіне ықпал жасауымызды сұрады.
Мен өткен сессияда азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Соның нәтижесін Оралдан көргендей болдым. Айталық, Оралда қанттың бағасы – 166 теңге, облыс бойынша орташа бағасы – 187 теңге. Күнбағыс майы Оралда – 230, облыс бойынша – 285 теңге. Күріш Оралда – 153, облыста – 170 теңгеден, жоғары сортты бір қап ұнның бағасы Оралда – 3250, облыста – 3305 теңгеден, ұнның бірінші сорты қалада – 2600, облыста – 2769 теңге, сиыр еті Оралда – 650, облыста – 707 теңгеден, қой еті Оралда – 650, облыста – 565 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, сүт Оралда – 110, облыста – 131 теңге, тұз Оралда – 25, облыста 32 теңге тұрады. Жоғары сортты ұнның наны Оралда – 50, облыста – 55 теңге, ұнның бірінші сортынан дайындалған нан Оралда – 40, облыста – 50 теңге. Басқа да күнделікті қажетті азық-түлік өнімдері тұрақты бағасын сақтап отыр. Бұл көрсеткіштер бүкіл республика көлемі бойынша ең төмен екені анық.
Жайық өңірінде жаңа бастамалар көп екен. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда жасап жатқан ауқымды істерін республикамыздың барлық өңіріне де үлгі ретінде ұсынса, тәжірибелер алмасу жұмыстары жүргізілсе, өте орынды болар еді деп есептейміз.
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты.
* * *
СЫР ӨҢІРІНДЕ БОЛДЫ
Қызылорда облысында болған кезінде депутат Құттықожа Ыдырысов «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалында тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдаса, депутат Мұрат Әбенов те осындай шараны партияның қалалық бөлімшесінде жүргізді.
Қабылдауда қала тұрғындары өздерін толғандырып жүрген жер телімдерін бөлу, зейнетақы, тауарларға бағаның өсуі, қоғамдық көлік, жол жөндеу, әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін көтерді.
Парламент депутаттары 29 қарашада Байқоңыр қаласында болып, ғарыш саласындағы қазақстандық кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесіп, Мәжіліске енгізіліп жатқан «Ғарыш қызметі туралы» заң жобасын талқылады. Сонымен қатар, «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру» жобасымен танысып, Байқоңыр қаласының тұрғындарымен жүздесті және оларды жеке мәселелерімен қабылдады.
Мәжіліс депутаттары сапарлары барысында Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде Қызылорда облысында индустриялық картаға енген инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің жол құрылысы жұмыстарымен де танысты.
Тұтастай алғанда, халық қалаулылары өңірде 10 күн болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары мен мемлекеттің дағдарыстан кейінгі даму кезеңін түсіндірді.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.
* * *
АУЫЛДЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының 10 ауылында сайлаушылармен кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Үржар ауданының Қарабұйрат, Тасбұлақ, Алтыншоқы, Қабанбай, Қарабұлақ, Көктерек, Келдімұрат, Қаратұма, Елтай, Шолпан ауылдарының тұрғындарымен кездесті. «Жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандарды аралап, жұмыстың іркіліссіз жүріп жатқанына мән берді. Соның ішінде Үржар ауылындағы орталық ауруханаға, спорт кешені ғимараттарына, мүмкіншілігі шектеулі балаларды сауықтыру орталығына барды. Алтыншоқы, Елтай және Шолпан ауылдарындағы ауылдық амбулаторияларды, сонымен қатар, Қаратұма, Келдімұрат және Науалы ауылдарындағы жаңадан салынып жатқан мектеп ғимаратын аралап көрді.
Кездесулер барысында депутат Елбасының халыққа Жолдауына, Парламенттің заң шығару қызметі мен «Нұр Отан» партиясының халықтық тұғырнамасының орындалуына, үдемелі индустриялық-инновациялық даму және Ақбұлақ бағдарламаларына жан-жақты түсінік берді. Сайлаушылар тарапынан қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселелер де жауапсыз қалған жоқ.
Үржар ауданының тұрғындары халықаралық маңызы зор мәселе – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін, осы Ұйым Саммитінің Астанада өткізілуін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі деп бағалайтындықтарын білдірді.
Н.Сабильяновтың Үржар ауданындағы кездесулері барысында ауыл тұрғындары депутаттың жеке қабылдауында болып, өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.
* * *
ПАВЛОДАР ӨҢІРІН АРАЛАДЫ
Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманқос Өтегенов пен Елубай Оразалинов Ақсу қаласында болып, халықпен кездесті. Кездесуге Ақсу қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов қатысты.
Халық қалаулылары дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаға түсініктеме беріп, Үкіметтің бағаны және инфляцияны ырықтандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралары туралы айтты. Елубай Оразалинов Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде көзделген жұмыстардың маңызын түсіндірді. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі қабылдаған стратегиялық бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңінің аяқталуына байланысты 2010 жылғы 1 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бекітілгенін қаперге салды. Ол елдің он жылдық кезеңге арналған негізгі стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Аманқос Өтегенов Мәжілісте талқыланып қабылданған заңдар жөнінде жан-жақты түсінік берді. Мұнда ол республикалық бюджеттің негізгі бағыттары бойынша қаржыландыру қалай болатындығын әңгімелеп берді. Әлеуметтік салаға қаржының көп бөлінгенін атап көрсетті.
Мәжіліс депутаттары кездесуге қатысушылардың қойған сауалдарына жауаптар берді. Оларға негізінен зейнетақы, азық-түлік тауарларының бағасы, бала тәрбиесі, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту сияқты жәйттер төңірегінде сұрақтар қойылды.
Кездесуді Мәжіліс депутаттары былай қорытындылады: «Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің мазмұнды әрі жоғары деңгейде өткені баршамызды қуантып отыр. Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге танымал ел болды. Лайым ұзағынан сүйіндірсін!».
Сәбира САҒЫНАЙ.
Павлодар облысы.
* * *
ӨЗ АЗАМАТТАРЫМЫЗҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТАЙЫҚ
Бүкіл әлемді дүрліктірген Хиросима мен Нагасаки оқиғаларынан кейін ядролық соғыс болған жағдайда пәрменді күшті жарылыстар ойрандары, радиацияның таралуы, биологиялық зақымданулар салдарын жан-жақты зерттеу өріс алды. 1949 жылы 29 тамызда Кеңес Одағында тұңғыш рет ядролық қару сынақтан өтті. Атом қаруы жобасы бойынша полигон құру үшін тек Қазақстанның жер бедері жерасты ядролық жарылыстарды көтере алатын болып, елімізде полигон құрылды. 1949 жылдан 1989 жылға дейін сыналған ядролық қарулар күші Хиросимаға тасталған бомбадан 2 500 есе асып түсті.
Күні бүгінге дейін Кеңес ғалымдарының өткізген сынақтарының нәтижесі құпияланған. Ал зақымдалған жер көлемі 304 000 шаршы шақырым екенін ескерсек, жауап белгілі емес пе?
Иә, адамзат өмiрiндегi қолдан жасалған сұмдықты тоқтату үшін атқарылған көп жұмыстарды атап өту керек, ол: сынақ полигонының жабылуы, ядролық зарядты жою, ядролық қаруларды сынауға тыйым салу және олардан бас тарту.
Өкiнiшке қарай, шыңыраудан шыққан шындық жүзі еш өзгермейді: 40 жылдан бері ауа мен адамдар денсаулығын нашарлатқан полигон аумағында бүгінге дейін радиоактивтi фон сағатына 10-20 миллирентгенге жетедi екен. Дегенмен, бұған қарамастан, полигон аумағында адамдар өмiр сүріп жатыр. Адамдардың тағдыр мен биліктің әдiлетсiздiгінен азап шеккендері жасырын емес. Мысалы: ядролық сынаулардан зардап шеккендер саны 1 323 000 адам деп белгіленгенімен, олардың құқығын растайтын куәлiктер тек 1 057 000 адамға берілген.
Ал жергiлiктi мемлекеттік билік туа біткен жарымжандықты ядролық сынаулар салдарына жатқызбай, орташа алғанда оларға жәрдемақы ретінде 15 000 теңге төленсе, 22 000 теңге танылған мүгедектерге беріледі екен. Бұл қазіргі қымбатшылық, нарық заманында қырық шоқпыттың қай жыртығын жамауға жетеді екен?!
Чернобыль атом-электр стансасындағы апаттан зардап шеккендер біздегі полигоншылардан артық жәрдемақы алады. Сондай-ақ, І, ІІ топтағы мүгедектерге тіпті мемлекеттік емханаларда емделу тегін емес көрінеді. Ал қажетті мамандардың жоқтығынан елімізде сәулеленуден пайда болған аурулар емделмейді, шетелдерге де квота қарастырылмаған. Ресей мен Украина сияқты көршi елдерде Чернобыль мүгедектері тегін ем қабылдайды және 400-600 АҚШ доллары аралығында жәрдемақы алады.
Бүкіл әлем бойынша тек Қазақстанда ғана бұрынғы Ядролық сынақ аймағында адамдар өмiр сүреді және аталмыш аймақты ауылшаруашылық мақсаттарында қолданады. Осыған орай, сынақ аймағында тұратындарға сәл де болса да өмірін жақсарту үшін 1992 жылдың 18 желтоқсанындағы «Семейдегi ядролық сынақтар полигонында өткізілген ядролық сынау салдарынан зардап шеккендерді, азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Заңды қайта қарастыру керек сияқты.
Ал кезінде Чернобыль апатына қатысқан 32 мың адамнан бүгінде 7000 жарымжан қалғанын ескере отырып, олардың да жағдайын мүмкіндігінше жақсарту жайы қарастырылуы тиіс.
Жарымжандар әкімдіктер мен өзге де әлеуметтік қорғауға арналған мемлекеттік мекемелер табалдырығын тоздырып, шаршады. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың пікірі бойынша, олардың мәселесiне ешкім не көмектескiсi, не байыбына барғысы келмейдi. Өз азаматтарымызға жанашырлық танытайық та.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты.